Ұлттық музейде ашылған залда түркі халықтарының далалық мәдениетінен көрініс беретін жәдігерлер қойылған. Зал үш бөліктен тұрады.
1. Жазба мәдениеті.
Көне түркі өркениеті залындағы негізгі жәдігерлердің бірі ретінде жазба мәдениеттің бастауынан орын алатын Моңғолия аймағы, Орхан өзенің бойынан табылған Күлтегін жазуын атай аламыз. Күлтегін түркі қағанына арналып орнатылған құлпытас. Ең алғаш болып 1893 жылы Дания корольдік Ғылым академиясының мәжілісінде Вильгеньм Томсен әлемді дүр сілкіндіретіндей баяндама жасады. Ғалымның қорытындысы бойынша таста «Тәңір» және «Түркі» сөздерін анықтап берді. Дәл осы кезде академик В.В. Родлов өз бетінше ізденіп руна жазуының он беске жуық әрпін анықтады және жазудың толық нұсқасын оқып шықты. Ғалымдардың ұшан теңіз еңбегі нәтижесінде Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған ескерткіштері әлем назарын өзіне аударып, әлі күнге дейін құндылығын жоғалтқан жоқ [1].
2. Қағандар кешені.
Қағандар кешенінде Күлтегін қаған мүсінінің басының көшірмесі, тарих сахнасында Шығыс Түрік қағанатының, «Көк түрік жұртының көк семсері» атанған атақты қолбасшы. Қағандар кешенінің ортасында Ежелгі Түріктердің алғашқы ғұрыптық кешені Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Елеке сазы патшалар жазығында 2019 жылы алғашқы зерттеу жұмыстары басталды. Археологиялық экспедиция басшысы – тарих ғылымдарының докторы З. Самашев. Қағанның тас мүсінінің ең алғаш табылуы жайлы Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің Тарих факультеті, «Археология және этнология, музейтану» кафедрасының оқытушысы, т.ғ.д., профессор Ә.Т. Төлебаевтің естелігі. Ғалымның естелігінде алғаш болып тас мүсінді Тарбағатай ауданың музейіне өткізгенін айтады. 2014 жылы З.Самашев ҚР Ұлттық музей қорына Қағанның тас мүсінін тапсырды.
Қағандар кешенің тағы бір археологиялық жәдігері Қарқыстақ 1 қорымынан табылған Түркі қағаның антропологиялық мүсіні. Антропологиялық мүсіндегі тік төртбұрышты алтын пластинаның ортасында геральдикалық күйде бейнеленген құс көрсетілген. Түркі халықтарында аталған образдар тәңір хабаршысының символы іспетті. А. Досымбаеваның «Еуразиядағы түркі мұрасы» VI-VIII ғасырлардағы еңбегінде Түріктердің дәстүрлі дүниетанымында өзіндік мазмұны бойынша эпосқа және аңызға айналған бұл символдың егесі аспанның құт батасын алушы болды. Жалпы түрік халықтарында қаған хандардың ханы, бас хан деген ұғымға ие [2].
Тарихын білу, оның бастау алар кезеңдеріне үңілу, бүгінгі күнге қажетін табуға ұмтылу – барлық халықтарға тән құбылыс. Қазақ жері де түркі мәдениетінің орталығы саналады. ҚР Тұңғыш президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Түркі әлемінің бесігіне айрықша тоқталды. Елбасы өзінің мақаласында Қазақстан және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алатын орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің алтын бесігі саналады. Дəл осы өңірде біздің дəуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды. Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси жəне мəдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды. Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі жəне отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның жəне əлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты [3].
Дүниенің төрт бөлігіне жайылған Алтай тауы түркі тарихына бай. Бұған осы өңірден табылған тарихи-мәдени ескерткіштеріміз дәлел бола алады. Зал экспозициясында көрініс тапқан Қазақ Алтайының ортағасырлық көшпелілердің әлеуметтік – экономикалық және мәдени-хронологиялық аспектілерін жан-жақты қайта-қалпына келтіруге мүмкіндік беретін бірегей материалдар – Түйетас және Аян қорымынан табылған археологиялық жәдігерлер. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Қара Ертістің оң жағалауында орналасқан Түйетас қорымы. Қабір шұңқырдан жылқы табылды. Жылқымен қоса ат әбзелдері – жүген, ағаш, ертоқым, темір үзеңгі табылды [4]. Осы бір қимақ дәуіріне тән археологиялық мұраларымыздың түпнұсқасы мен қайта жаңғырған нұсқалары ел назарында. Залымыздың келесі бөлімінде Түркі әлемінің алтын бесігі Қазақ Алтайында орын тепкен Қарақаба қорымынан табылған жәдігерлер орын алған. Бұл Түркі заманындағы даңқты қолбасшылар, жауынгерлер, абыздар жерленген қорған екені анық. Бұл сөзімнің дәлелі ретінде табылған жәдігерлер мен жерлеу орнындағы мүрдені әспеттеп жерлеуін атай аламыз. Зерттеу жұмыстары барысында қару-жарақ, сонымен қатар музыкалық аспап табылды. Қимақ кезеңіне тән бұл жәдігерлер қайта қалпына келтіріліп ұлттық музей қорына тапсырылды. Табылған жәдігерлер садақ, қорамсақ, жебе, музыкалық аспап. Енді жәдігерлерге тоқталатын болсақ, музыкалық аспатың мойны ұзын, пішіні қайқы тәрізді, сопақ келген. Төменгі жағындағы шанағы ойылып жасалған[5]. Көне түркі өркениетінде маңызды орын алатын әскери қару жарақ түрлері қойылған. Садақ қорамсабы мен жебе түркілердің сапасы және бітімі жағынан сол уақыттағы алдыңғы қатарлы жетістік десек те болады. Бұған дәлел қыпшақ жауынгерінің қайта жаңғырған реконстуркциясының авторы – Кемал Акишев. Қыпшақ жауынгерінің қайта жаңғырған нұсқасына мән беретін болсақ өз заманында матералды мәдениетке бай болғанын байқаймыз. Түркі өркениетінің тамаша жәдігерлерінің бірі тас мүсіндер. Залымызда Көне Түркі тас мүсіндерінің ерекше өнер туындылары қойылған. Еліміздің әр аймағынан табылған теңдесіз жауһар саналатын тас мүсіндер бірнеше топтамалары зал ажарын кіргізіп, көне мәдениеттен сыр шертіп тұр. Ертеде түркілердің киім үлгілері мен шаш қою дәстүрі туралы қызықты мәліметті қытайлық тарихи жылнамалардан көруге болады. «Тан шу» жылнамасындағы мына бір тарихи мәліметте: «Тукюцзылар ғұрпы бойынша шаштарын таратып, жоғарыға түйіп жүретін болған». Шаштарын түйіп жүретін қытайлықтарға қарағанда түркілер шаштарын өріп жүретін болған. Шындығында да, ежелгі түркі тастарындағы мүсіндер мен кескіндеме суреттерде адамдардың шаштары 6-8 бөлікке бөлініп көрсетілген. Бұл туралы Моңғолия мемлекеттік университетінің археологы Довдой Баяр өзінің «Монғолия аймағындағы көне түркілердің тас мүсіндері» атты мақаласында жақсы сипаттап өткен [6].
Қорыта айтқанда, Көне түркі өркениеті залы барша түркі әлемінің далалық мәдениетіне тән құнды жәдігерлерді музей қонақтарына ұсынуға бағытталды.
Тарих сахнасында VI-X ғасырларда толыққанды мемлекет ретінде қалыптасып, түркі әлеміндегі теңдесіз өнер мен мәдениетке ие жауынгер халықтың мәдени-тарихи жәдігерлерін халық назарына ұсынып отырмыз.
Арман ҚҰРАМАНҒАЛИЕВ, ҚР Ұлттық музейі «Археология және этнография» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері
Әдебиеттер тізімі
1. Аманжолов А.С. Түркі халықтарының тарихы. I том. – 177 б.
2. Досымбаева А. Еуразиядағы түркі мұрасы VI-VIII ғғ. – Астана, 2012.
3. ҚР Тұңғыш президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы. – 2018.
4. Омаров Ғ.Қ., Бесентаев Б.Б. Шығыс Қазақстанның ортағасырлық көшпенділері, Түйетас және Аян қорымы материалдары бойынша. Ұлы дала: тарих пен мәдениет, Көне түркі әлемі III том. – Нұр-Сұлтан, 2019 ж.
5. Қазақбаев Ә. Қарақабадан табылған қобыз. «Халықаралық түрік диалектілерін зерттеу» журналы. – 2019 ж.
6. Довдой Б. Еуразиядағы түркі мұрасы VI-VIII ғғ. – Астана, 2012. – 96 б.