Анонс


Сегізсәулелі маржандардың тасқа айналған табиғи қалдықтары (ФОТО)

Сәрсенбі, 17 Наурыз 2021 17:29
Сегізсәулелі маржандардың тасқа айналған табиғи қалдықтары (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстанның 300-ден астам аймағынан ежелгі жануарлар мен өсімдіктердің қазба қалдықтары табылған болса, 80 жылдық тарихы бар Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі мен музейдің Палеонтология бөлімшесі қорларында жинақталған 8000-нан астам палеонтологиялық коллекциялардың Атырау өлкесінен табылуы өлкемізде алып жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік еткендігінің бірден-бір дәлелі.

Каспий теңізінің солтүстік, солтүстік-шығыс жағалауымен ұштасып, ұланғайыр жер аумағын алып жатқан Атырау өңірі табиғи пайдалы қазбаларға ғана емес, сонымен қатар әртүрлі қайталанбас табиғи ландшафтарға да бай өлке. Атап айтсақ өлкеміздің аппақ таулы бор қыраттары табиғаттың қайталанбас керемет туындысы Құлсары қаласынан 60 км қашықтықта орналасқан Ақкерегешың қыраты мен Ақтөбе облысымен шекаралас жатқан Ақтолағай қыраты еш жерге ұқсамайтын ерекше, тамаша әлем.

 

Бар саналы ғұмырын Палеонтология саласын зерттеуге арнаған өлкеміздегі ең алғашқы зерттеуші маман және Палеонтология бөлімшесінің негізін қалаушы Юрий Александрович Пастухов 1986 жылдан бастап 30 жылға жуық уақыт осы Ақкерегешың және Ақтолағай борлы қыраттарына бірнеше мәрте экспедиция жүргізген болатын. Осы уақыт аралығында ол музейге көптеген ежелгі теңіз жануарларының тасқа айналған қазба қалдықтарының құнды қоллекциясын жинақтады.

1997 жылы Ю.Пастуховтовтың Ақкегершың үстіртіне жүргізген экспедициясы олжалы болып, ол музей қоры сегізсәулелі маржандардың тасқа айналған табиғи қалдықтарымен толықты.  

 

Сегізсәулелі маржандар - топтасып тіршілік ететін ішекқуыстылар класына жататын мұхит организмдері. Маржандардың екі түрі болады: жұмсақ маржандар және қатты маржандар. Қатты маржандар үлкен рифтер түзеді. Ал жұмсақ маржандар түкті болып келеді. Олар өте майысқақ және де мұхит суларында жүзіп жүреді. Маржан полиптер деп аталатын мыңдаған ұсақ жұмсақ денелі организмдерден тұрады. Полиптердің пішіні цилинр тәрізді, аузының айналасында мұрттары болады. Маржан полиптері теңіз түптеріндегі тастарға жабысып, көбейе бастайды. Олар әктастан баспаналар (қаңқалар) жасап, өздері сонда мекендейді. Бұл баспаналар бірігіп, үлкен маржандар түзеді. Маржандар түнде белсенді болып келеді. Полиптер баспаналарынан шығып, зоопланктондар деп аталатын микроскопиялық организмдермен қоректенеді. Маржандар мұхит ағысымен жүзіп бара жатқан зоопланктондарды мұрттарының көмегімен ұстайды. Жұмсақ маржандар маржан рифтерінде қатты маржандармен бірге болады. Қатты маржандарға қарағанда олардың қатты кальций карбонатты қабықтары болмайды. Олардың жауларынан қорғайтын миллиондаған жіп тәрізді мұртшалары болады. Сонымен қатар, олардың өздерін қорғап тұратын күшті улары болады.

Өткен  күндердің  үнсіз  айғағындай  болған өзге де жануарлар мен өсімдіктердің Атырау жерінде де тіршілік еткен көрермендеріміз музей экспозициясынан ғана көре алатындығы сөзсіз.

 

Э.Ихуанова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің өнертанушысы

 

640 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper