Анонс


Бейнелеу өнері коллекциясындағы Сергей Кукурузаның мұрасы

Сейсенбі, 16 Наурыз 2021 00:59
Бейнелеу өнері коллекциясындағы Сергей Кукурузаның мұрасы KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының бейнелеу өнері және қолданбалы өнер коллекциясында бірнеше өнер туындылары жинақталған. Соның ішінде өлкеге белгілі жергілікті және өзге де суретшілер – Пак Б.П, В.В.Тимофеев, А.М.Верещагин, Т.А.Нечеухин, Т.Телеушев, А.Ж.Өтеген Таналардың ерекше графикалық туындыларын атауға болады. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында біздің өлкеде өмір сүрген С.И.   Житников, А.И.Простев сынды белгілі суретшілердің естеліктерінде көрсетілгендей Ақтөбе жұртшылығы үшін бейнелеу өнері тансық болғаны және ұйымдастырылған көрмелерге қызығушылық аз екенің білеміз. Осы кезеңде украин халқының аяулы ұлы, ақын Тарас Шевченконың ізімен қазақ жерінде бар ғұмырын өткізген суретші, ұстаз Сергей Васильевич Кукуруза да Ақтөбеде өз қолтаңбасын қалдырған еді.

Сергей Васильевич Кукуруза 1906 жылы 3 ақпанда Украинадағы Приворотье ауылында дүниеге келген. 1979 жылы туған жерінде қайтыс болған. 1930 жылдары Киев Көркемөнер институтында оқып, профессор М.Бойчук әсерімен украин халық шығармашылығы мен орыс және византиялық өнеріне ден қояды. 1936-1940 жылдары В.И.Суриков атындағы Мәскеу Мемлекеттік Көркемөнер институтында білім алып, суретші-график мамандығымен бітіреді. Атақты графиктер А.И.Кравченко және М.В.Моториннен дәріс алған Сергей Кукуруза Ұлы Отан соғысындағы әскери қимылдарды сынағаны үшін 1941 жылы 7 жылға саяси лагерьге айдалады. Еңбекпен түзету саяси лагері Ақтөбе ферроқорытпа зауытын салу аумағында орналасқан. 

    1947 жылдан бастап Сергей Кукуруза Ақтөбе қаласында тұрақтап, бейнелеу өнерімен айналыса жүріп педучилищеде ұстаздық етті. Сөйтіп, оның өмірлік жолындағы маңызды шығармашылық кезеңі Қазақтанда өтеді, гравюралық туындылары да жаңа реңкке ие болады. Оның түсті гравюраға ауысуының бірден-бір себебі – ағаш жоқтығынан линолеумнен кесінді жасауына тура келіп, солай линогравюра туындылары басым болады. Бұл ретте оған түсті линогравюраның көрнекті өкілі Михаил Моториннің берген білімі мен тәжірибесі молынан әсер етті. Өзіндік пікірі бар суретшінің идеалы Тарас Шевченко болғанына оның 1961 жылдан бастап салған «Шевченко прощается с деревом», «Шевченко на берегу Арала», «Шевченко в гостях у акына», «Шевченко у башни Кармелюка» атты бірнеше графикалық туындылары дәлел.  

    Сергей Кукуруза Ақтөбедегі тұңғыш кәсіби суретші және осы өлкеде офорт, литография, линогравюра мен ксилография шебері атанды. Ол ағаштағы гравюра мен линолеумдегі түсті гравюра әдісін қатар қолдана алды, туындыларының көбі Ақтөбе мен Алматы қалаларының, дала пейзажы еді. Гравюра өнеріндегі суреттер тақтайшаға ойылған белгілі бір көріністің бояу арқылы қағазға таңбалануы арқылы пайда болады. Сергей Кукуруза өз жұмысында кескі құралдармен (резец-штихели) бірге баспа станогын да қолданған, оған қажетті ағаштарды Суретшілер одағы жіберіп отырғаның оқушысы Инна Клявина үнемі еске алады.

    

   

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының бейнелеу өнері коллекциясында Сергей Кукурузаның бірнеше туындысы сақтаулы. Атап айтсақ, гравюра және түсті линогравюралардан - «Разгром белых» (25х33), «Лампочка Ильича» (23,5х33), «Амангельдинцы» (33х20), «Стога сена» (29х18), «Вечер в степи» (31х21), «Обком КПСС» (29х18), «Шевченко в Карабутаке» (49х29), «Разведка земных недр» (31х18), «Политинформация» (17,5х11), «Первая борозда» (31,5х22), «Переезд через Каргалу» (30х19,5), «Целинный урожай» (32х14,5), «В полевом стане» (31х22), «Преображенная степь» (31,5х22), «Актюбинск. Общий вид на аул» (55х35), «Повесть о кукурузе в гравюрах» (30х41,6), «После дождя» (21х31), «Чабан Берде Бугумбаев из Карабутакского района» (33х44), «Актюбинск, 1960 год» альбомы. Бір қызығы, Сергей Кукурузаның гравюраларынан Ақтөбенің тарихи бейнесін, мысалы, «Дореволюционный Актюбинск» және «Вокзал» линогравюраларында 100 жыл бұрынғы провинциалды қаламыздың алғашқы көшелерінің бірі мен 1950 жылдардағы вокзал ғимаратын көре аламыз. Кукуруза туындылары көрер көзге түсінікті, оғаш емес, штрих пен екі түрлі рең: қара және қызғылт-сары түстер қолданылған. Бұған қоса, музей қорында Сергей Кукурузаның өзі қолданған құрал-сайманы да сақтаулы. Инвентарлық нөмірі ГКП – 4984 ағаш қорап (22,5х41 см) беті суырмалы тұтас әйнекпен жабылған, ішінде штрихталып сурет ойылып бетіне бояу жағылған клише-тақта (14х12х2 см) мен Renar France заттаңбасы ойылған темір жүзді ағаш сапты бір дана кескі құрал (9 см) және жүгері алқабында қыз суреті салынған «После дождя. С.Кукуруза - 62» жазуы жазылған қағаз бедерлеме бар.            

    Қазақ жеріне графика, гравюра, экслибрис ұғымдарын енгізіп, өмірінің соңына дейін бірнеше шәкірт буының тәрбиелеп, Ақтөбедегі тұңғыш кәсіби суретші атанған Сергей Васильевич Кукуруза ісін бүгінде Әнуар Өтеген-Тана, Инна Клявина сынды жергілікті суретшілер жалғастырып келеді. Ал мұрасын Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі сақтап отыр.

 

Дәурен ЖҰМАХМЕТОВ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозиционер маманы 

464 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper