Анонс


Музейдегі эпистолярлық мұра: Нәсіреддин Сералиевтің Зейнолла Шүкіровке хаты

Сәрсенбі, 03 Маусым 2020 12:12
Музейдегі эпистолярлық мұра: Нәсіреддин Сералиевтің Зейнолла Шүкіровке хаты KAZMUSEUM.KZ -  

Сыр топырағынан шыққан дарынды ақын-жазушы Зейнолла Шүкіровке жазылған хаттардың әрқайсысы бір-бір эпистолярлық әдеби шығарма. Әр жазылған хат қазақ еліне белгілі тұлғалардың Зейнолла Шүкіровке деген көзқарасын, ішкі мәдениетін байқатады. Хаттарда әдеби тұлғалардың күйініші, сүйініші, өкініші, өмір мен саясатқа деген көзқарасы да бүкпесіз ақтарыла айтылған. Қазақ халқының маңдайы жарқыраған сөз өнері майталмандарының бірі, жазушы Нәсіреддин Сералиевтің хаты сөз болмақ.

Қызылорда облысы  Қармақшы ауданы  Қашқансу ауылында 1930 жылдың 25 қазанында дүниеге келіп, 1984 жылдың 20 қарашасында Шымкент қаласында дүниеден озған жазушы Нәсіреддин Сералиевтің 1963 жылдың 8 ақпанында Зейнолла Шүкіровке жазған хаты:

«Зеке! Сәлем бердік! Үй-отбасы тегіс аман ба, шешем қуатты ма? Қарындас, інішіктер қалай?

Зеке, Нәсіріңнің құдай атқан құнтсыздығын білесің ғой бұрыннан. Талай хабарласатын, талай хат салатын уақыт болды. Бірақ, не пайда, кейде бөспелік, кейде жалқаулық мойынға жар бермейді. Көңіл таза, өзіңізге шын тілектес, шын бауыр, дос екенімді қашаннан да сезесіз ғой. Ал мен сірә да өз көңілімді, сезім шапағатын ашық жеткізе алмайтын жанмын. Адамға деген сүйіспеншілігім де, наразылығым да әмәнда ішімде жатады. Өз сезімімді баяу ағатын тұнық өзенге балаймын (мақтанды дей алмассыз). Сізге деген көңілім, сүйіспеншілігім шалқар болғанмен соны жеткізе алмаймын.

Дүниеде не көп – дос көп. Әсіресе біз сияқты апайтөс, акеден жандарға олар табылғыш-ақ. Бірақ, соның бәріне жығыла, құлай сену бекершілік екен. Мен қасқа көйлегінің ішіне қанжарын тығып тұрған “жауды да” кейде дос көреді екенмін ғой. Осынша түңілетін ештеңе де жоқ, лайым аман болайықшы. Шын сөзім, сағынып жүрмін. Барғым-ақ келеді, бірақ ұшарға қанатым жоқ. Жазға салым барып қайтармын. Ептеп бір нәрселер түрткен боп жатырмын. Жұмыс көп, қол тимейді. Сіздің бір жола жазуды қызықтағаныңызға қуаныштымын. Егер денсаулық көтерсе, Қызылордаға келіп қайтыңыз, /Алдын ала хабарласып/. 8 мартқа әлгі кішкентай қызыңызға шағын вечер жасамақ ойымыз бар, шақырамыз, келіңіз.

Жаңалығымыз үлкен әжем /әкемнің шешесі/ 29 декабрьде қайтыс болды. Сол жұмыс та хат салуға қол тигізбеді. Өз шешем қазір ауруханада емделіп жатыр. Шарапат жұмысында, шапқылап жүріп жатыр. Іні-қарындастар аман. Алматыдан хабарсызбын.

Жолдасбекпен телефон арқылы сөйлесем, тапсырмаңызды айтармын. Мафруза апай туралы очерк жаздым, “Оңтүстіктен” көрініп қалар.

Басқа жаңалық жоқ.

Сәлеммен Нәсіреддин. 8/ІІ.1963»

Нәсіреддин Серәлиевтің Зейнолла Шүкіровтен 3 жас кішілігі бар. Хатты «Зеке!» деп бастауы да содан. «Шешем қуатты ма?» деп сұрайды Зейнолла Шүкіровтің анасының жағдайын... Мұның өзінен Зейнолланың анасын өзінің анасындай көретінін және Зейнолланы бауыр санайтыны байқалады. Зейнолла бауырына достық ұғымы туралы біраз шер тарқатады. Хатта «Дос. Достық» тақырыбы қозғалған. «Доспын» дегеннің бәріне сене беруге болмайтынын түсіндіргісі келгендей. Соған қарағанда Н.Серәлиевтің өмірде  достан түңілгені бар-ау. Зейнолланың шығармашылықпен айналысып жатқанына қуанып, өзінің де бекер жүрмегенін айтады. Зейнолланы құрмет тұтып, айтулы күнде үйіне қонаққа шақырады. Отбасындағы қуанышты және қайғылы хабарлармен бөліседі. Жары Шарапаттың күйбең тіршіліктің соңында жүргенін айтады.

Хатты жазған жылы, яғни 1963 жылы Нәсіреддин Серәлиев "Оңтүстік Қазақстан" газетінің Кызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметінде болған.

 

Әйгерім БЕККУЛИЕВА, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

1922 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper