Министрлік бастамасына үн қосқан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі де «Карантин кезіндегі жәдігер» атты музейлік-эстаета жобасын бастады. Вирус пайда болғанша музейге легімен келіп, таным көкжиектерін кеңейтіп, тарихи-мәдени мұраларымыздан хабардар болып, көңілі қуанып кетіп жататын келушілер аяғы бүгінде сап тиылған. Еліміздегі барлық мекемелер бүгінде қашықтықтан жұмыс істеуге көшкен, көптеген өңірлерде карантин жарияланып, барыс-келіс, бейсауыт жүріс сап тиылған осынау шақта «Есік» қорық-музейі тарихи-мәдени мұрамызды Отандастырымыз арасында насихаттау үшін жоғарыдағы жобаны бастады. Музейлік эстафета жобасының басты мақсаты – еліміздегі кез-келген музейде келушілер назарынан қағыстау қалатын, алайда, өзіндік құны бар, тарихи маңызға ие жәдігерлерді насихаттау. Бір жәдігер тарихы арқылы көне замандардан жеткен күмбірді, сол замандардың сырын, құпиясын, ерекшелігін ұғындыру, тереңнен тартар тамырымыздың түп-төркінін түсіндіру.
«Есік» қорық-музейінің «Карантин кезіндегі жәдігер» музейлік эстафета жобасының шымылдығы 6 сәуір күні қорық-музейдің ғылыми қызметкері А. Чекиннің «Қола ауыздық» туралы шағын бейнесюжетімен басталды. Өз сөзінде ол ауыздық тарихын түсіндіре келе қорық-музей қорындағы бір ұшы дөңгелек, екінші ұшы үзеңгі пішіндес боп келетін ерекше ауыздық туралы, осындай артефакттерді зерттеуші ғалымдар туралы мәліметтерімен бөлісе келе кезекті эстафетаны әріптестеріміз «Таңбалы» Мемлекеттік табиғи тарихи-мәдени қорық-музейіне жолдады.
Бұл жоба қорық-музейлер арасында ғана жүргені дұрыс емес деп шешкен қорық-музей ұжымы келесі «Қола арқар» бейнесюжетін жариялай отырып эстафетаны іліп әкету жөнінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне ұсыныс жасады. «Есік» қорық-музейінің бөлім жетекшісі – Ә.Ж. Амарғазиева өзінің қола арқар туралы бейне сюжетінде аталмыш жәдігердің қорық-музейге қалай келгенін айта келе, осындай бұйымдардың таралу аймағына, оның мәні мен мағынасы тоқталып, әріптестерімізге табыс пен амандық тілей келе, болашақта жақсы күндерде жолыққанша деген тілегін де білдірді.
Досым ЗІКІРИЯ, «Есік» қорық-музейінің ғалым хатшысы