Мерейтойлық шаралар барысында абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлер мен материалдар жинау, жұртшылықпен, әсіресе жастармен танымдық кездесулер өткізу және республикалық көлемде бірнеше конференциялар ұйымдастыру көзделген. Осының бәрінің, Ұлы Абай айтқандай, «өзіне ғана сенген, өзін екі жақтап алып шығар еңбегіне сенген», жазықсыздан-жазықсыз түрме тозағын бастан кешкен қайраткер-ғалымға деген құрметімізді толымды ете түсері анық.
Соған орай тілектес ағайынның қолдауымен Семейдегі Абай музейіне Қайымға қатысты да құжаттық және заттық жәдігерлер келіп түсе бастады. Солардың бірін Семей өңіріне жақсы танымал азамат, кезінде бүкіл Кеңестер Одағына дүркіреп, аты шыққан М.Әуезов атындағы совхоздың директоры, нарық заманында да сыбағасы толымды шаруашылықтың жетекшісі Амантай Мұқатаев әкеліп тапсырды. Бұл – Қ.Мұхамедхановтың 1988 жылғы 8 қыркүйекте жазған хатының түпнұсқасы. Әбекеңнің айтуынша, Мұхтар Омарханұлының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Ұлы жазушының ата-анасының зираттарының орындарын анықтап, басына кесене тұрғызу мәселесі көтеріледі. Өйткені, кеңестік аласапыран мен қып-қызыл атеизм тұсында бұған мүмкіндік болмағаны түсінікті. Бірақ, Мұхтар Омарханұлы өз айналасындағы жақындары мен шәкірттеріне ата-анасының қабірін көрсетіп кеткен екен.
Енді хаттың өзіне оралайық, «Қадірлі, Амантай! – деп басталады Қайымның М.Әуезовтің атамекені аумағына орналасқан шаруашылықтың басшысына жазған хаты. – Бұдан 45 жыл бұрын, 1943 жылы Мұхтар Әуезовпен Абай елінде болдық. Ел аралап, жер көру сапарымыз Аягөзден басталған. Осы сапарымызда Бөрілі, Тышқан, Аралтөбеде де болғанбыз. Бөріліде болғанымызда Мұхтар өзінің қыстауын, әке, шешесінің бейітін көрсетіп, көп әңгіме шерткен. Сол жолы Мұхтармен жүргенде естіп, білгендерімді, көргендерімді мүмкіншілігінше қағаз бетіне түсіріп отырған едім. Ол жазбаларымды өзімді тұтқынға алғанда, 1951 жылы, жазалау органы сыпырып алып кеткен. Бөрілі, Аралтөбе, Шиліөзек, Тышқанда болған кезде, Мұхтардың айтып, түсіндіруі бойынша, жазып алғандарымнан бірер бет сақталып қалыпты. Ол аман қалған бір бет қағазда Арымбектің, Омарханның – Мұхтардың қоралары (қыстаулары), Мұхтардың әке, шешесінің, ағасы Қасымбектің зираты, шартты түрде қағазға түсіріліп (сызылып) көрсетілген. Сол жазбаларымды, 1943 жылы жазылған қалпын сақтап, көшіріп, сенің сұрауың бойынша, жіберіп отырмын. Тұрағұл, Мекәйіл, Ақылбай қыстаулары, сол жердегі зираттар да көрсетіледі. Ағалық, достық көңілмен – Қайым Мұхаметханов».
Ғалымның осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын жолдаған сәлемінен хаттың Амантай Мұқатаевтың сұрауы бойынша жазылғаны көрініп тұр. Ол жоғарыда айтқанымыздай, сол тұста М.Әуезов атындағы совхоздың директоры ретінде осы аумақта орналасқан Ұлы жазушының ата-анасының басына кесене тұрғызу жұмысын қолға алып, Әуезовтің аманатын тікелей атқарып шыққан азамат. Мұны да біреу білсе, біреу біле бермейді.
Міне, Мұхтар Әуезовтің перзенттік парыз ретінде айтып кеткен аманатын, бірі – әдебиетші, бірі – шаруашылық басшысы, қос қайраткер осылай атқарған екен. Ал, Қайым Мұхамедхановтың абайтану мен мұхтартануға қосқан зор үлесі әдебиет сүйер қауымға жақсы мәлім.
Болат Жүнісбеков,
Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры