Анонс


Қазақстан музейлерінің үздік экскурсоводтары (ФОТО)

Сейсенбі, 21 Ақпан 2017 14:50
Қазақстан музейлерінің үздік экскурсоводтары (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

21 ақпан күні музейлер мен туристік мекемелер экскурсоводтардың халықаралық күнін атап өтеді. Бұл күнді экскурсоводтардың халықаралық федерациясы 1990 жылдан бастап ресми түрде бекіткен болатын. Қазіргі уақытта елімізде экскурсовод мамандарға сұраныс жоғары әрі олардың қызметі ерекше бағаланады. Осы атаулы күнге орай, kazmuseum.kz сайты Қазақстандағы үздік экскурсоводтардың тізімін ұсынады.

Райхан ИМАХАНБЕТ. Алматы қаласында орналасқан Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінің меңгерушісі әрі экскурсоводы. Ұлт ұстазының мұраларын музей қонақтарына ғана емес, қоғам арасында кеңінен насихаттап жүрген Райхан Имаханбетті көпшілік жақсы таниды. А.Байтұрсынұлының музей-үйін институциональдық дәрежеге дейін көтеруді мақсат еткен оның тілегін жуырда Үкімет басшысының орынбасары (экс-вице-премьер) Иманғали Тасмағамбетов қабыл алып, үкіметке арнайы тапсырма берген болатын.

Оксана ТАНСКАЯ. Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде 2013 жылдан бері экскурсовод болып жұмыс істейді. Халықаралық деңгейдегі бірнеше көрмеге гид ретінде де табысты қызмет етіп жүр. Ә.Қастеев музейінің қонақтары Оксананы музей маманы ретінде жоғары бағалайды. Сондай-ақ, Оксана қазақстандықтарға түрлі-түсті журналдарда шыққан материалдары мен телеарналардағы сұхбаттары арқылы кеңінен танымал.

Әнел КЕМАЛ. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің экскурсовод маманы. Музей қонақтарына қазақ тілінде экскурсиялық қызмет көрсетіп келе жатқан Әнел Кемал бүгінгі күні әлеуметтік желілерде де танымал.

Дәулет ҚАДЫРОВ. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-тарихи музейінің экскурсовод маманы. Ол Әскери-тарихи музейдегі экскурсиялық қызметін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа музей экспозициясын таныстырудан бастаған болатын. Дәулет бүгінгі күні әлеуметтік желілер арқылы танымал әрі музей қонақтарының оң пікіріне ие болып үлгерген жас экскурсовод.

Қуаныш ТЫНЫБЕК. Теміртау қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті мәдени орталығының экскурсовод маманы. Теміртауға барған қонақтар Президенттің мәдени орталығына міндетті түрде бас сұғады. Қуаныш Тыныбектің жүргізген экскурсиясын ерекше ынтамен тыңдап, ерекше әсер алғандықтарын айтады.

Айдана ЖАНБОСЫНОВА. Қазіргі уақытта Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде экскурсовод болып жұмыс істейді. Айдана қаладағы музейге ғана емес, Ұлытау-Жезқазған өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштеріне де экскурсия жүргізеді. Музейдегі «Жас археолог» үйірмесіне жетекшілік етеді.

Гүлмира АРЫСТАНБАЕВА. Отырар қорық-музейінде экскурсовод болып қызмет етіп келе жатқанына 10 жылға жуықтады. Музейдегі экскурсиямен ғана шектелмей, Оңтүстік Қазақстан облысындағы колледждер мен кәсіптік оқу орындарында музей саласы бойынша тақырыптық дәрістер оқып тұрады. Гүлмираның өзге әріптестерінен ерекшелігі – ол үш тілде еркін экскурсия жасай алады.

Алтын ОРЫНБАЕВА. Алматы қаласында жаңадан ашылған қала тарихы музейінің алғашқы экскурсоводы Алтын десек те болады. Музейдің ашылуына келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бата беріп, жұмысына сәттілік тілеген. Археология және этнология мамандығы мен өнер тарихы мамандықтары бойынша білім алған Алтын ғылыми жұмыстармен де шұғылданады.

Әсел АМАРҒАЗИЕВА. Есік мәдени-тарихи қорық-музейінің ғылыми қызметкері, экскурсоводы. Әріптестері Әселді музей ісі шығармашылығына берілген маман деп санайды. Ол құрастырған арнайы нұсқаулықтар мен әдістемелік қажетті құралдар музей қонақтарының көңілінен шығып жүр. Есік қорық-музейіне жолы түскендер Әселдің экскурсиясынан зор әсер алғандықтарын жиі айтады.

 

KAZMUSEUM.KZ: Барлық экскурсоводтарды мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылық табыс және өсіп-өркендеу тілейміз!

Музей мамандарын әдістемелік-ақпараттық тұрғыдан қолдауға арналған «KAZMUSEUM.KZ» қоры атынан  жоғарыда аталған экскурсовод-мамандарға арнайы сертификатымызды пошта арқылы жуырда жолдайтын боламыз.

 

4896 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper