Анонс


«Музей ісіндегі бұқаралық-экскурсиялық жұмыстарды ұйымдастыру» атты семинар-кеңес өтті

Бейсенбі, 28 Шілде 2016 00:16
«Музей ісіндегі бұқаралық-экскурсиялық жұмыстарды ұйымдастыру» атты семинар-кеңес өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облыстық  мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі Қобда ауданы, Жиренқопа ауылы, «Қобыланды батыр» мемориалдық кешенінде «Музей ісіндегі бұқаралық-экскурсиялық жұмыстарды ұйымдастыру» атты  музей қызметкерлерінің облыстық семинар - кеңесін ұйымдастырып өткізді.

Семинардың мақсаты: Музейдегі көпшілік жұмыстың ең негізгісі болып табылатын экскурсияның танымдық бағыттағы құндылығын ашып көрсету, музей қызметкерлерінің өзара тәжірибе алмасуы және өзара пікір алысуы.

Бұл шараға 3 облыстық және 16 аудандық музейдің  ғылыми қызметкерлері мен экскурсия жүргізушілері қатысты.

 Семинар жұмысы «Қобыланды» мемориалдық кешенінің директоры А.Қалмағамбетовтың семинар - кеңеске қатысушыларды қарсы алып, Қобыланды батыр кесенесінде Батырға арнап дұға бағыштаудан басталды. Мұнан кейін ол кесене ішінде, «Даңқ» музейі және жалпы кешен бойынша ғылыми –тарихи негізде, әрі археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижелерінің нақты деректерін пайдалана отырып   экскурсия жүргізді. Музей қызметкерлері  кешен туралы көп мағлұмат алды. Кешенде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Семинар-кеңестің өту барысында облыстық тарихи – өлкетану музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары А.Ержанов «Жазба материалдарын пайдалануда деректерге сыни көзбен қарау» тақырыбында баяндама оқып, экскурсия жүргізуге дайындық барысында ескеретін жағдайларға тоқталды.

Мәртөк аудандық тарихи – өлкетану музейнің кіші ғылыми қызметкері Ұ.Осанова «Музей – тарих. Музей – тағлым. Жастар тәрбиесіндегі музейдің ролі» тақырыбында баяндамасында  музейде атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасап, шараға қатысушылармен ой бөлісті.

Шалқар аудандық тарихи –өлкетану музейінің экскурсия жетекшісі Г.Сейілова «Шалқар тарихын зерделеген музей» тақырыбында баяндама жасады. Ол «Бүгінгі күннің басты мәселесі музейге демеушілер тарту – музей қызметкерлерінің жұмыс жасаудағы шеберліктеріне тікелей байланысты» дей келе  өзі жинақтаған тәжірибесі бойынша музейге демеушілер тартудың жолдарын айтып берді.  

«Қала бойынша экскурсия жүргізу әдістері» тақырыбында сөз алған облыстық тарихи – өлкетану музейінің табиғат және экология ғылыми – зерттеу бөлімінің меңгерушісі М.Буханова қала бойынша экскурсия жүргізудің  әдісін баяндады. «Экскурсия жетекшісі портфелімен» таныстырды.

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалдық музейінің аға ғылыми қызметкері С.Тәжбенова «Экскурсия в мемориальном музее» тақырыбында баяндама жасап, мемориалдық  музейдегі экскурсия жүргізу жұмыстардың ерекшеліктеріне тоқталды.

Мұнан кейін сөз алған Ақтөбе облыстық тарихи – өлкетану музейінің экскурсиялық – бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі А.Сарыбай экскурсия түрлері, экскурсия жүргізудің әдіс – тәсілдеріне тоқталып, музейдегі түрлі бұқаралық шаралардың ұйымдастырылуы мен эксурсия жүргізушісіне қойылатын талаптар туралы айтып берді.

Ол «музей қызметінің сапасын музейге келушілер санынан да анық көруге болады» дей келе, бүгінгі күнгі ең өзекті мәселе - музейге келушілерді тартудың жолдарын айтып, көпшілікке ой салды.    

Сонымен қатар үлгі ретінде 2012 жылдың 2-ші наурызынан бастап музейде жұмыс жасап келе жатқан «Шолпы» қыздар клубының мақсаты, міндетімен таныстырып клуб жоспары, Ережесі, Тұжырымдамасының әдістемесін ұсынды.  

Баяндамашы сөзінің соңында «Экскурсияның танымдық бағыттағы құндылығы  экскурсоводтардың педагогика және психология негіздерін тәжірибеде меңгерулеріне, экскурсиялық іс барысында тиімді әдіс – тәсілдерді  шебер қолдана білулеріне тікелей байланысты. 

Музейдің беделін арттыратын экскурсия жүргізушісі болса, ол өзінің      білімін жан - жақты толықтырып, жаңалықты меңгеріп, келушілердің сұранысы мен қызығушылығына сай қызмет көрсетіп, өзін ұстауда тәрбиелілік және жоғары мәдениеттілік танытуы, келушілермен сыпайы қарым – қатынаста болуы керек. Сонымен қатар экскурсия өткізу әдісін меңгеріп, өз ісін сүюі керек», - деп тұжырымдама жасай отырып, музейдің бұқаралық жұмыстарының қай түрі  болсын музей қызметкерлері барлық жағдайда музейге келушілердің қызығушылықтарын ескергені жөн» - деп сөзін аяқтады.

Семинар жұмысы қорытындыланып, музей қызметкерлеріне Ақтөбе облыстық тарихи – өлкетану музейінің сертификаты табыстылды. Қатысушыларға «Музей ісіндегі бұқаралық – экскурсиялық жұмыстарды ұйымдастыру» тақырыбындағы әдістемелік құралдар, «Қобыланды батыр» фотоальбомы, Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Тіл – ұлттық қазына» қоғамдық қоры бірлесуімен жарық көрген «Ерліктің, еңбектің, достық пен бірліктің жеңісі», Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы ның мемлекеттік – әлеуметтік тапсырысы бойынша жарық көрген «100 нақты қадам – Қазақстан мемлекеттігін нығайтудың жаңа кезеңі» кітаптары сыйға берілді.

Сонымен қатар музей қызметкерлері семинардың екінші бөлімінде Жиренқопадағы Ешкіқырған өзенінің бойындағы Бесоба сармат ескерткіштерінде жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының куәсі болды. Астанадағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, археолог Ақан Оңғарұлы жұмыс барысын айта келе,б.з.б.6-5 ғғ.жататын қорғанның қазылуы, топографиялық картасын жасалуы туралы қысқаша түсініктеме берді.

Семинарға қатысушылар семинардан үлкен әсер алды, іздеген сұрақтарына жауап алды, жаңалықтармен танысты, ойларын ортаға салып бөлісті. Олар шараны жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан – ұйымдастырушылар – әдістеме бөлімінің аға ғылыми қызметкері Н.Сансызбай мен ғылыми қызметкер Г.Успановаға өз ризашылықтарын білдірді. 

           

                                                             Алмагүл Сүндетқызы Сарыбай -

                                        Ақтөбе облыстық тарихи – өлкетану музейінің       

                                экскурсиялық- бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі,

                                «Шолпы» қыздар клубын ұйымдастырушы, жетекшісі.  

5249 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper