Музейге келуші қонақтар осы түні жергілікті өнерпаздар мен «Арқайым» нео-этно-фольктобының орындауындағы кәсіби әндерді (дәстүрлі аспаптардың сүйемелдеуіндегі, заманауи өңдеудегі көмей әуендері) концерт тамашалап, түрлі іс-шараларға ерекше ықыласпен араласты.
Бұл шарадағы басты оқиғалардың бірі ретінде - белгілі суретші-қалпына келтіруші, «Остров Крым» ғылыми-зертханасының жетекшісі, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Қырым Қасенханұлы Алтынбековтың «Сармат көсемі» көрмесінің ашылу салтанатын айтып өтуге болады. «Есік» қорық-музейі мен «Остров Крым» зертханасының арасында көптен бері жақсы байланыс орнаған. Соның айғағындай 2015 жылы қорық-музей қонақтары Қырым Алтынбековтың «Сармат абызы» туындысын тамашаласа, биыл «Алтын адамға» «Сармат көсемі» қонаққа келді.
Көрмеде Аралтөбе қорғанынан табылған сармат көсемі және Аржан 2 қорғанынан шыққан, қайта қалпына келтірілген тамаша әшекейлер арқылы көшпенді әлемнің өнерін паш етеді.
Сармат көсемінің өмір сүрген уақыты I-II ғасырлар деп есептеледі. Консервация, қайта қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары қалпына келтіруші Қырым Алтынбековтың жетекшілігімен «Остров Крым» ғылыми-зерттеу зертханасында (Алматы, Қазақстан) жүргізілді. Аталмыш жұмыстар Атырау облысындағы Аралтөбе қорымындағы (б.з.д. ІІ ғ. Экспедиция жетекшісі – З.С. Самашев) үш қорғанның бірінен табылған қазба жұмыстарының материалдары негізінде жасалды. Қорған тас-топырақ қабатынан жасалған, диаметрі – 40 м, биіктігі – 2 м. Қабірден ер және әйел адамдардың, екі жылқының сүйек қалдықтары, киімдерге жапсырылған алтын әшекейлер мен қару-жарақ табылған. Толықтай дерлік жойылып кеткен бұйымдарды бұрынғы қалпына келтіру үшін көптеген қажыр-қайрат пен сабыр керек болды.
«Остров Крым» ғылыми-зерттеу зертханасында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде сармат дәуірі ескерткіші кешенді түрде қайта қалпына келтірілді. Ол түпнұсқаға барабар деректер арқылы нақтыланды. Тонауға ұшыраған материалдар соған ұқсас археологиялық материалдар мен мәліметтер арқылы қалпына келтірілді. Сармат көсемі образы кей жағдайда жинақталған түрде болса да, тұтастай алғанда сол дәуірдегі билеушілердің киім-кешегін нақты көрсете алады.
Көрмеде одан басқа да б.з.д. IX-VIII ғғ. деп саналатын (археологиялық зерттеу жетекшісі - К. В. Чугунов) Аржан 2 (Тува) материалдары бойынша скиф дәуірінің әшекейлерді де орын алады. Олардың арасында бөкен бейнеленген шақа, көптеген аңдардың бейнесі оймышталған тамаша түйреуіштер, асқан шеберлікпен орындалған басқа да киім бөлшектері бар.
Көрмені бір көріп шығудың өзі ежелгі көшпенділердің жоғары мәдениеті, таңғажайып мифологиясы мен ерекше шеберлігі туралы көптеген мәліметтер береді.
Аталмыш көрме қорық-музейде 20.05.-20.07.2016 ж. аралығында көрермендер назарына ұсынылатын болады.
Осы жылғы іс-шараның басты тақырыбы – материалдық және рухани мұраға экологиялық тұрғыдан қарау болып табылады. Осы уақытқа дейін қорық-музей үшін өзекті мәселе - қорғау аумағындағы қоқыс болып қалып отыр. Іс-шара барысында қоршаған ортаны көңілдегідей етіп сақтау басты тақырыптардың бірі болды. Осыған орай Еуразия мәдени альянсы (Алматы) заманауи өнер нысаны атынан қазіргі заманғы белгілі қазақ суретшілері – Молдақұл Нарымбетовтың «Балбалдар» және Сәуле Сүлейменованың «Қалыңдық» көрмелері жұрт назарына ұсынылды. Олардың басты тақырыбы – қазіргі өркениет қоқыстары – көлік дөңгелектері мен целофан қалталар. Іс-шараға келушілер оларды лақтырып тастамай «целлофан кескіндеме» ретінде қалай қолдану керек екенін Сәуле Сүлейменованың жұмысынан көре алады. Сонымен қатар, Асыл Курманова пластик құтыларды қалай «пайдалы қоқысқа» айналдыру жолдарына арналған шеберлік кластарын өткізді. Ол картон қағаз, пластик құты, пенопласт сынды «қоқыстарды» үйге арналған жиһазға қалай айналдыруға болатынын іс жүзінде көрсетіп, талайлардың таңдайын қақтырды.
Мерекеге келушілерге музей залдары бойынша шолу экскурсиялар жүргізілді. Сонымен қатар, «Музей түнінде» лезде шығарылатын фото, «Алтын адаммен» бірге суретке түсу, ат арбамен қорық-музей аумағында серуендеу сынды келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлаған шаралар болып өтті. Келуші қонақтарға арнап «Есік» қорық-музейіне қолдау ретінде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы әкімшілігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен аудан өнерпаздары қызықты концерт қойды.
Оған қоса, сақ тақырыбына арналған кәдесыйлардың сатылымы, ұлттық ойындар, «Музей түні» шамдарын ұшыру сынды қызғылықты шаралар да ұйымдастырылды. Іс-шара сағат түнгі 24.00-г дейін созылды.