Құрамында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым хатшысы Арман Ержанов және осы жолдардың авторы сонымен қатар облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының қызметкерлері Абат Алпысбаев, Берік Абайұлы бар экспедиция далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Бірінші кезеңде Мәртөк ауданының аумағында орналасқан қазақтың көне қорымдары зерттелді. Аудан көлемінде Елек өзенінің екі жағалауы, Тәңірберген, Бұтақ өзендерінің бойлары қаралып, аз уақыттың ішінде 34 ескі тарихи қорым анықталып, Мәртөк ауданының аумағынан 194 құлпытас тіркеліп, аударылды. Олардың барлығы да қазақтың тас қашау өнерінің бірегей үлгілері болып табылады және олар өз заманының танымал тұлғаларына қойылған.
Зерттеу барысында тарихи тұлғалардың есімдері анықталды. Мәселен, Шекті руының Жекей тайпасының Жұбатай бөлімі Боранбайұлы Жатай би, Тама руынан Дауылбай мырза, Тама руы Суалай тайпасынан Хазірет Сарқұл Бозанбайұлы, Табын руы Жылқышы тайпасы Малқара бөлімі Көшербай баласы молда Жолбатыр, оның ұлы, молда Өмірқұл, Табын руы Майасар тайпасы, Аусан бөлімі Мырқынбай қажы Тұрғанбайұлы сол секілді, т.б.
Ең ескі құлпытас 1844 жылға тиісілі Ақтөбе қаласының жанында тұрған солтүстік айналма жолдың үстіндегі қорымнан тіркелді.
Қонысбай РАХБАЕВ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері