Семинар-тренингте Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінің директоры, ф.ғ. докторы, профессор Гүлмира Шалабаева «Гиперкоммуникация дәуіріндегі музей» тақырыбында дәріс оқып, өзі басқаратын музейдегі көрме, мүмкіндігі шектеулігі жандармен жұмыс, ақпараттық кеңістікті игерудегі жетістіктерін таныстырды.
«Музей саласындағы жаңа трендтер» тақырыбы аясында тренинг өткізген «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс мамандарға музейдің менеджменті мен маркетингінде маңызды болып саналатын музей сайтын жасау, жүргізу және сайттың мүмкіндіктерін пайдалану тақырыбын кеңінен түсіндірді. Мамандардың сұранысына байланысты аталған тақырыптағы әдістемелік құралдың электронды нұсқасы музей мамандарына таратылып берілді (алдағы күндері әдістемелік кітап түрінде жарыққа шығып, тапсырыс берген музейлерге таратылатын болады).
Ал, «Музей педагогикасы – инновациялық педагогикалық технология» және «Ұлттық музей қызметінің үлгісіндегі инклюзивті педагогика» тақырыбында шеберлік сыныптарын өткізген Құмар Жүнісов, Зухра Баянова тәрізді Ұлттық музей мамандарының жұмыстары да қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды. Аталған тәжірибелерді облыстар мен қалалардың музейлеріне енгізу туралы ұсыныстар айтылды.
Белгілі зергер, Ұлттық музейдің консервация бөлімінің жетекшісі Берік Әлімбайдың «Музей заттарын қайта қалпына келтіру және консервациялау» тақырыбында көрсеткен тәжірибелік жұмыстары көпшіліктің көңілінен шығып, алдағы уақытта мамандарды Ұлттық музейдің аталған бөлімінде іс-тәжірибеден өткізу мәселесі қарастырылды.
Семинар-тренингке қатысушы мамандар дәріс оқыған және тәжірибелік жұмыстарын көрсеткен білікті мамандарға ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта әріптестік байланысты одан әрі жалғастыру жөнінде уағдаласты.
Фотосуреттерді ұсынғаны үшін ҚР Ұлттық музейінің Баспасөз қызметіне алғыс білдіреміз.