Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының мұрасын, оның әдеби ортасын жасөспірімдер арасында терең білуге ынталандыру және насихаттау мақсатында өткен «Абайды оқы, таңырқа...» аймақтық білім сайысының ашылу салтанатын Абай қорық-мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Қайрамбаева ашып, қазылар алқасының төрағасы Т.Қабышев сайыскерлерді құттықтап, сәттілік тіледі, әншілер әнмен шашу шашты.
«Абай - дана, Абай - дара» атты ой толғау жазу, «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» тестін тапсыру және «Талап қыл артық білуге» деп аталатын билет сұрақтарына жауап беру кезеңдерін қамтыған сайысқа 70 оқушы жұмыстарын өткізген болатын. Олардың 49-ы екінші айналымға өтіп, қорытынды бойынша 1-орынды №27 мектеп оқушысы А.Закария, екінші орынды №15 орта мектеп оқушысы Б.Төлеубаев және №37 гимназия оқушысы А.Айбек, үшінші орынды №15 орта мектеп оқушысы З.Қадылбекова және №27 мектептен Б.Мейрамгалиева иеленді.
Сайыс жеңімпаздары, ұстаздары арнайы дипломдар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.