Алматы музейінің ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін конкурстың мақсаты - жастарды патриотизмге, азаматтық жауапкершілікке, өз елін және Алматы қаласын сүюге тәрбиелеу.
Конкурс Алматы қаласындағы жалпы білім беретін мектеп, гимназия, лицейдердің жоғарғы сынып оқушылары арасында (9 – 11 сыныптар) қазақ және орыс тілдерінде өткізілді.
Аталған конкурс үш кезеңнен тұрды:
Бірінші кезең 5-14 қыркүйек аралығында өтті. Конкурсқа қатысушылар Алматы тарихы бойынша ұсынылған тақырыптардың бірінде очерк жазды. Жазылған очерктер комиссия мүшелерінің шешімімен Алматы музейінің сайтында жарияланды.
Екінші кезеңде үздік деп танылған 30 жұмыстың авторы арнайы дайындалған тест сұрақтарына жауап берді. Осы екі кезең нәтижесі бойынша үшінші кезеңге өтетін 15 оқушы анықталды.
Үшінші кезең 21 қыркүйек күні Алматы қаласының тарихына қатысты айшықты оқиғалар мен негізгі мәселелер туралы 15 қатысушының білімі мен біліктілігін анықтау мақсатында комиссия мүшелерінің қатысуымен арнайы сұхбаттасу өткізілді. Комиссия құрамында Алматы қаласы білім басқармасы маманы С.Р. Қапалбекова, Алматы музейінің ғылыми қызметкерлері Г.А. Билялова, Б.Қ. Бүркітбаева, Н.П. Чулакова болды. Оқушылар конкурс барысында терең білімімен, ұшқыр қиялдарымен көзге түсті. Үш кезең нәтижесі бойынша үздік деп танылған оқушылар мен олардың мұғалімдері Алматы қаласы музейлер бірлестігінің арнайы алғыс хатымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ең бастысы, мектеп ұстаздарының шәкірттерін қала тарихына құрметпен қарап, қала өміріне белсене ат салысуына күш салып жатқандықтары қуантты. Конкурсты ұйымдастырудағы күтілген нәтиже де осы болатын.
Толғанай Махамбетәли