Анонс


Қазақстан ғылымының тарихы музейі

Сәрсенбі, 27 Қыркүйек 2023 22:44
Қазақстан ғылымының тарихы музейі KAZMUSEUM.KZ -  

Еліміздегі ғылым тарихына арналған музей «Ғылым ордасы» құрамындағы Қазақстан ғылымының тарихы музейі 2010 жылғы 11 ақпан күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен құрылды. Музейдің негізгі мақсаты – Қазақстан ғылымының пайда болғаннан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі жай-күйін сипаттайтын және отандық ғылым және мәдениет салаларының қайраткерлері, олардың ғылыми, мемлекеттік, қоғамдық және мәдени қызметін сипаттайтын заттай, жазба, қолжазба, бейнелеу, кино, фото, фонодеректерді жинақтау, сақтау, зерттеу және көпшілікке ұсыну.

 Музей отандық ғылым саласының қалыптасу, даму тарихын көрсететін үш экспозициялық залдан тұрады:

1. Қазақстан ғылымының ежелгі дәуірінің қайнар көздері. Қазақстан ғылымының пайда болуы. XIX ғасырдың ағартушы-ғалымдары;

2. Кеңес дәуіріндегі Қазақстан ғылымының дамуы мен қалыптасуы;

3. Тәуелсіз Қазақстан ғылымы.

 «Қазақстан ғылымының ежелгі дәуірінің қайнар көздері» бөлімінде біз Қазақстан жерін әртүрлі тарихи кезеңде мекен еткен, отандық ғылым тарихына еңбек сіңірген тұлғалар және олардың еңбектері көрсетілген. Аталған бөлімде еліміздің территориясын б.з.д. І мыңжылдықта мекен еткен сақ тайпаларының мәдени мұрасы, көне түркі дәуірі жазба ескерткіштерінің фотосуреттерімен таныса аласыздар. Ортағасырларда ел аумағында өмір сүрген шығыстың ғұлама ғалымдарының еңбектері де музей төрінен орын алған. Әсіресе, «әлемнің екінші ұстазы» атанып кеткен Әбу Насыр әл-Фарабидың еңбектері ерекше қызығушылық тудырады. Одан әрі орта ғасырларда өмір сүрген шығыс ғұламаларымен таныс боласыз: Орта азиядағы тұңғыш негізін қалаған Ұлықбек, Еуропа елдерінде «Авиценна» есімімен танылған дәрігер – Әбу Әли Ибн-Сина, Мұхаммед ибн Мұса Хорезми, Әбу Райхан әл-Бируни, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари және сопылық ілімді дамытушы Қожа Ахмет Йасауи және олардың еңбектері музей төрінен орын алған. Музей қонақтарының ерекше қызығушылығын тудыратын – орта ғасырлық Отырар қаласының диорамасы. Көптеген деректерде Отырар қаласында Орта Азиядағы ең ірі кітапханалардың бірі болғандығы және оны әл-Фарабидің өзі жинақтай бастағаны жазылады. Музейімізде дәл осы Отырар кітапханасынан қаланың сауда көшесіне көрініс бейнеленген.

  ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушыларының ішінде Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин сынды ғұламалардың еңбектерін, фотосуреттері көре аласыздар. Аталған тұлғалардың қазақ қоғамының сауатын ашуға қосқан үлесі жайлы деректер өте көп.

  «Кеңес дәуіріндегі Қазақстан ғылымының дамуы мен қалыптасуы» аталатын екінші залымызда ХХ ғасырдың басында ағартушылық қызмет еткен Алаш қозғалысының өкілдері: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаев және т.б. еңбектерімен таныс боласыздар. Музейіміздің кеңестік кезеңдегі отандық ғылым саласының дамуына арналған экспозициясында ҚазақКСР Ғылым академиясының 1932 жылдан басталған тарихы көрсетілген. ҚазақКСР ҒА-ның негізін қалаушы және алғашқы президенті болған Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа жеке витрина арналған. Қазақстандағы металлогения мектебінің негізін қалаған ғалымның 1924 жылы жазған «Алгебра» оқулығы, ғылым жолында жазған еңбектері, фотосуреттері және т.б. жеке заттары көпшілік назарына ұсынылған. Экспозицида 1946 жылы Қазақ КСР ҒА-ның алғашқы академиктері мен мүше-корреспондерінің фотосуреттері мен жеке заттары, академияның бөлімдері де көрсетілген. Ғылым академиясының алғашқы аккадемиктерінің бірі, қазақ тілі білімінің негізін қалаушы Ісмет Кеңесбаевтың баспа машинасы ерекше қызығушылық тудырады. ХХ ғасырдың 40-жылдары Германияда өндірілген «Rheinmetall» баспа машинасы қазақ әліпбиі негізінде жасалған.

 Келесі ерекше экспонаттардың бірі – минералды тастардан жасалған пирамида түріндегі сувенир. Аталған экспонат Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техникалық ғылымдарының докторы, профессор, 1964-1967 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болған Шапық Шоқыұлы Шокинге тиесілі. Қазақстанда кездесетін 166 табиғи минералдардан құрастырылған сувенирдің академикке 1966 жылы инженер П.Н.Коморов сыйға тартқан. Сонымен қатар, музейімізде Ғылым академиясы ғимаратының кішірейтілген макеті де қойылған.

 1988-1994 жылдар аралығында Ғылым академиясының президенті қызметін атқарған математик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазиннің жеке заттары да бірегей болып келеді. Екінші экспозициялық залда академиктің салтанатты жиындарға киген академиялық мантиясы, отандық ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін бірінші президент Н.Ә. Назарбаев сыйға тартқан алтын сағаты, Киото университетінің профессорлары сыйға тартқан ноутбукты көре аласыздар. Айта кетерлік, бұл ноутбук Қазақстан жеріне келген алғашқы ноутбуктардың бірі болып тіркелген. Ө. Сұлтанғазин тұңғыш қазақ ғарышкері Т. Әубәкіров пен Т. Мұсабаевтардың ғарышқа ұшу бағдарламаларын дайындаумен айналысқан.

«Кеңес дәуіріндегі Қазақстан ғылымының дамуы мен қалыптасуы» залында әртүрлі жылдар аралығында ҚазақКСР Ғылым академиясын басқарған және қызмет еткен академиктер, ғылыми институттармен таныс боласыздар.

 Музейіміздің үшінші экспозициялық залы «Тәуелсіз Қазақстан ғылымы» деп аталады. Экспозицияда отандық ғылым салаларының егемендік жылдары жеткен жетістіктері көрсетілген. Үшінші залда отандық ғылым биология ғылымдары, техникалық ғылымдар және гуманитарлық ғылымдар деп жіктеліп қарастырылған. Витриналарда әр ғылым саласының жетістіктері, қазақстандық ғалымдар ойлап тапқан, ашқан жаңалықтармен таныс боласыз.   

 Бүгінгі таңда Қазақстан ғылымының тарихы музейі Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын отандық ғылымның қалыптасу және даму тарихымен таныстыруын жалғастыруда. Жыл сайын музей қоры қазақстандық белгілі ғалым, академиктердің заттарымен толықтырылуда. Сонымен қатар, музей қызметкерлері музейдің ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық бағыттары бойынша да жұмыстар атқаруда. Еліміздегі ғылым тарихына арналған жалғыз музейдің жас ұрпақтың өз тарихына деген қызығушылығын арттыруда, отансүйгіштікке баулуда, патриоттық сезімін арттырудағы маңызы зор.

 

Жанар СМАҒҰЛОВА,

Қазақстан ғылымының тарихы музейінің ғылыми қызметкері

954 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper