Анонс


Сирек кездесетін кітаптар музейі

Сәрсенбі, 06 Шілде 2022 00:36
Сирек кездесетін кітаптар музейі KAZMUSEUM.KZ -  

«Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ғимаратында орналасқан Сирек кездесетін кітаптар музейі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2010 жылғы 1-маусымдағы №35-ПР Бұйрығымен, «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жарғысына сәйкес ашылған. Құрылудағы мақсат – музей жәдігерлері мен жиынтықтарын сақтау, зерттеу және көпшілікке ұсыну, ғылыми, тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттау болып табылады. Музейдің негізгі міндеті – кітап күйіндегі жазба жәдігерлердің даму тарихын (алғашқы қолжазба ескерткіштерінен бастап қазіргі заманауи полиграфиялық үлгідегі нұсқаларына дейін) баяндау.

 Музейдің кітап қоры Орталық ғылыми кітапхана, танымал қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың сыйға тартқан жүздеген аса құнды кітаптары мен көне қолжазбалардың негізінде құрылды. Бүгінде музей қорында жинақталған 500-ден астам сирек кітаптар және қолжазбалардың жалпы хронологиялық шеңбері ХVІІІ ғ. бастап ХХ ғ. 40-шы жылдарына дейінгі аралықты қамтиды. Олардың қатарынан тарихи-мәдени, әрі ғылыми маңызы жоғары отандық және шетелдік қолжазбалар мен араб, латын, көне кириллица әріптерінде басылған баспа кітаптарын көруге болады.

   Музейдің тұрақты экспозициясы төрт негізгі бөлімнен тұрады:

«Қазақ даласының ежелгі жазба мұрасы»;

«Қолжазба – ғасырлар мұрасы»;

«Отандық алғашқы баспа өнімдері»;

«Латын графикасындағы Қазақстандық басылымдар»

Музейдің «Қазақ даласының ежелгі жазба мұрасы» атты экспозициялық бөлімінде ерте заманнан бастау алған көне түркілердің жазба мәдениеті баяндалады.

«Қолжазба – ғасырлар мұрасы» экспозициясында ортағасырлық қолжазбалар, Қазақ даласы мен Орта Азияда қолданыста кеңінен тараған әрі жарық көрген діни, тарихи, әдеби шығармалары қойылған. Бұл жәдігерлер арасынан ойшыл ғалым Наджм уд-дин Абу Хафс ибн Мухаммад ан-Насафидің (1067–1142) «‘Ақа’ид ан-Насафи» трактаты, Ханафи мектебінің ірі өкілі, Бұхаралық фақиһ ‘Убайдулла бин Мас‘уд бин Тадж уш-шари‘а ибн Ахмад әл-Махбуби әл-Бухаридің (1346 ж.қ.б.) «Мухтасар әл-Уиқайа» атты трактаты, Ибн Абул-Хадид  лақаб атымен танылған Изз уд-Дин Абу Хамид Абд ул-Хамид ибн Һибатуллаһ ибн Мухаммад ибн ул-Хусейн әл-Мадаинидің (1190–1258) «Шарху Наһж ил балаға» атты жазған түсіндірме еңбегі, Тимуридтер мемлекетінің ірі қайраткері, ғалым, ақын Камалуддин Хусейн ибн Әли әл-Уаиз әл-Кашифи әл-Байхаки әл-Сабзаридің (1436-1504) «Ахлақ мухсини» атты шығармасына арналған көшірме еңбегі, Самарқандтық парсы ақыны, лингвист Абдуррохман ибн Ахмад әл Жамидің (1414–1492) «Фауаид ул Уафия бихилл мушкилат әл-Кафия» сынды қолжазбалары және тағы басқа көптеген ғылыми-мәдени құндылығы жоғары мұраларды атап өтуге болады.

«Отандық алғашқы баспа өнімдері» экспозициясында Қазақстандағы ғылым мен мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан ұлы ағартушы ғалымдардың еңбектерінің алғашқы басылымдары, қисса-дастандар, оқулықтар, әдеби-шығармалар көрсетілген. Атап айтсақ, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ы. Алтынсариннің 1896 жылы Санкт-Петербургте басылып шығарылған «Хрестоматия жинағы» («Мактубат»), А. Байтұрсынұлының 1914 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралы. Қазақша әліппе» үлгісі негізінде 1993 жылы Бішкек қаласында жарық көрген нұсқасы, М. Жұмабаевтың 1923 жылы Ташкентте басылған «Бастауыш мектепте ана тілі», Б. Майлиннің 1926 жылы Ташкентте шыққан «Күлпаш» романы ұсынылған.

«Латын графикасындағы Қазақстандық басылымдар» экспозициясында қоғамдық-тарихи маңызы зор XX ғасырдың 20-40 жж. аралығындағы латын графикасында жарық көрген баспа өнімдері ұсынылған.

 Сирек кездесетін кітаптар музейінде тұрақты экспозициядан басқа атаулы күндер мен оқиғаларға орай кітап көрмелері ұйымдастырылып, орта және арнайы мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындарының студенттеріне арнайы тақырыптық экскурсиялар, лекциялар, әр түрлі дәрістер жүргізіліп тұрады.

 Мысал ретінде, Түркістан қаласындағы құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған заманауи «Farab Library» кітапханасында  «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапхана Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет қорынан Түркістан қаласының тарихына байланысты сирек кітаптар мен қолжазбалардан тұратын жылжымалы кітап көрмесі ұсынылды. Фарабитану және Қазақстандағы геомеханика ғылымының негізін салушы, тау-кен инженерлерінің ұлағатты ғалым-ұстазы Ақжан әл-Машанидің 115 жылдық мерейтойына және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 75 жыл толу құрметіне арналған Шәуілдірдегі «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби» музейімен бірлесіп ұйымдастырған «Ақжан әл-Машани» атты көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар мәдени және білім беру ынтымақтастығы аясында Мексика Елшісі Хосе Луис Мартинез Эрнандез Мексика елшілігінің консулы Эдуардо Вилла Молина және Алматыдағы Мексиканың Құрметті консулы Ерқанат Қожахметов мырзамен бірге «Ғылым Ордасы» ШЖҚ РМК мен Мексика елшілігінің арасындағы Қазақстан мен Мексика арасындағы байланысты нығайту мақсатындағы ықтимал ынтымақтастықты талқылау үшін «Ғылым Ордасы» ШЖҚ РМК мұражайлары мен Орталық ғылыми кітапханасына келді.

Музей көрме жұмысымен қатар, жинақтау және ғылыми-зерттеу ісімен де белсене шұғылданып келеді.

Болашақта музей көнеден бастау алған отандық жазба мәдениетті насихаттайтын ірі мәдени және ғылыми орталыққа айналуды көздейді және осы мақсатта ғылыми-ағарту, мәдени-қоғамдық іс-шараларды тынбай жүргізуге ниетті.

 

Асқар ЖИРЕНОВ, Сирек кездесетін кітаптар музейінің ғылыми қызметкері

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Халықаралық музейлер күніне арналған «Музейлер және Мәдени туризм» атты іс-шараның қорытындысы бойынша жинақ. – Алматы: 2012. -18 б.
  2. gylymordasy.kz сайты.

 

2663 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper