Анонс


Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қалыптасуы мен даму тарихынан

Сейсенбі, 27 Қазан 2020 22:15
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қалыптасуы мен даму тарихынан KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің даму, құрылу тарихына тоқталсақ, архив құжаттарында ол 1929 жылдың 25 тамызында өлке тарихын таныстыратын көрме есебінде қалыптаса бастағандығы, Қазақстан өлкесін зерттеу қоғамының Ақтөбе бөлімімен осы көрмеге ерекше назар аударылғандығы және болашақ музей ірге тасының  қалануына себепші болғандығы келтіріледі. Музей шағын мектеп музейі ретінде шаңырақ көтерген. Құжаттарда ол жергілікті басқару  жүйесіне қарасты «Жергілікті өлкетану музейі», «Округтік  өлкетану музейі» деп аталады. 1929 жыл мен 1934 жылдың шілде аралығында өлкетану музейі көлемі 6х6 шаршы метр болатын қала шетіндегі лайықталмаған ғимаратқа қоныс аударады. Өңделмеген ағаштан тұрғызылған ғимаратта қаржының тапшылығына байланысты жөндеу жұмыстары жүргізілмеген еді. Ұжым бұл ғимаратта ұзақ тұрақтамай, 1934 жылы миссионерлік шіркеу мектебінің ғимаратына көшеді. Осы жылдың желтоқсан айында Ленин көшесі бойындағы бұрынғы «Торговый синдикат» конторасының орнына қоныс аударады. Музейдің пайдалы алаңы өсіп, тақырыптық экспозицияға 250 шаршы метр бөлінді. 

Мекеменің бастау тарихында оның ұйымдастырушысы әрі басшысы болған Давид Трофимович Темушка музейдің дамуына үлкен күш жігерін жұмсаған азамат. 1929-1945 жылдар аралығында музей директоры есебінде қызмет атқарған  Д.Темушка сауатты, білімді әрі музейдегі атқаруы керек кез-келген істі өзіндік тындыра алатын жан есебінде танылды. Алайда Ұлы Отан соғысының басталуымен облыстық музей уақытша өзінің қызметін тоқтатады. Ел басына күн туған шақта музей қызметкерлері қолда бар жәдігерлерді сақтап, бейбіт кезеңге өткеннен кейін киелі мекеннің қызметін одан әрі жандандырды.

 Деректерде республика бойынша 1946-1950 жылдары жұмыс істеген 25 музейлердің қызмет етуінде өзіндік қиыншылықтардың орын алғандығын көруге болады. Әсіресе, ғимарат мәселесі көпке дейін шешілмей, аталған музейлердің 4-уі отырған жерлерінен қоныс аударса, 10 музейге күрделі жөндеу қажет болатын. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, 1948-1949 жылдары музейлерге 222 800 көрермен келіп, оның 71 500 экскурсияларға қатысса, 576 түрлі тақырыптарда лекциялар оқылып, 106 көрме ұйымдастырылған екен. 

 Ғимарат мәселесі Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі ұжымының алдында да күрмеуі қиын мәселелердің бірі есебінде тұрды. 1946 жылы Қалалық атқару комитетінің шешімімен өлкетану музейі қоныстанған ғимарат маман кадрларды дайындау еңбек резервіне беріледі. Уақытша Мәдениет үйінің екінші қабатына қоныстанған ұжым қыркүйек айында жергілікті биліктің араласуымен қаладағы Комсомольская №22 ғимаратына көшіріледі. Музейдегі тақырыптық экспозицияның орналасқан ауданы 120 шаршы метр құраса, кітапханасы мен қор сақтау бөлімі бір бөлмеде 16 шаршы метр жерде орналасты. Музей қызметкерлері мен канцелярия тар бөлмеде бар жоғы 12 шаршы метр жерде орналасуына тура келді.

 1950 жылға бекітілген штаттық кестеге сәйкес, облыстық музейде 6 қызметкер жұмыс жасаған. Ол бойынша облыстық музей директоры (К.С.Черников 1916 жылы туған), ғылыми қызметкер, есепші (А.С. Якубова 1918 жылы туған), күзетші әрі зал қараушы (Ф.П.Бусаров 1885 жылы туған), еден жуушы (Е.М.Ольшевская 1893 жылы туған), аула сыпырушы (Ф.В.Ольшевский 1892 жылы туған) қызмет етті.

 Музей директоры Константин Степанович Черников музейде экспонат жинақтауды ғана емес оның ғылыми-ағартушылық бағытын дамытуды жолға қоя білді. Әсіресе, өлкетану бағытында іс-шаралар қолға алынып, оқу-ағарту мекемелері, жергілікті өнеркәсіп ошақтарымен байланыс орнатылады. Мысалға, демалыс уақытында шынайы материалдық заттармен жұмыстар жүргізу арқылы оқушылар ғылыми ізденістерінің бағытын анықтай алып,  өлке тарихына қатысты экспонат жинақтауды үйрене бастады. Бұндай қадамдар олардың тарихи-мәдени мұраларды сақтауға әрі оларға қамқорлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған болатын. Қаз КСР Халық комиссариатының 1944 жылдың 8 шілдесінде шыққан қаулысы бойынша Ойыл ауданында Шығанақ Берсеевке арналған музей ашылып, ол 1953 жылға дейін жұмыс жасап тұрды. Кейін облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрамына қосылады.

 Музейдің тарихи құжаттар қорында сақталған деректер бойынша, Арынғазы ханның ұрпағы Ахметше Арынғазиев (1884-1968 ж. ж.) 1940-1941 жылдары музейде ғылыми қызметкер болып қызмет атқарған. Бұл туралы Ақтөбе қаласының тұрғыны Роза Ахметшеқызының әкесі туралы естелігінен белгілі болды. Роза Ахметшеқызы — оқу-ағарту ісінің үздігі, өлкетанушы, музейдің өркендеп, дамуына тілектес жандардың бірі.  Музей қорындағы  құжаттардан көрнекті мемлекет және  қоғам қайраткері, қазақ зиялылары қуғын-сүргінге түскен шақта жалған айыппен тұтқындалған Мырзағұл Атаниязовтың да (1899-1945 ж. ж.) 1944 жылы музейдің ғылыми қызметкері болып еңбек еткені белгілі болды.

 Облыстық музейдің ғылыми қорында сақталған құжаттарда соғыстан кейінгі жылдары халық шаруашылығының құрамдас бөлігі, жұмысшылар мен еңбекшілердің заманына қарай рухани өміріне нәр беретін музейлерге ерекше мән беріледі. Бұл бағытта облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ғылыми кеңесінің жұмысына ерекше назар аударылды. Ғылыми кеңес құрамында музей директоры, облыстық білім, Батыс Қазақстан геологиялық басқармаларының маманы, музейдің ғылыми қызметкері, Ш.Берсеев атындағы музей-үйінің директоры, облыстық газеттің тілшісі, облыстық жоспарлау комиссиясының өкілі бар болатын. 

 Тақырыптық экспозиция 3 бөлімді қамтыды. Атап айтсақ, табиғат, тарих және социалистік құрылыс бөлімдерінен тұрды. Экспозиция бөлімдерінен бөлек музейде кітапхана, архив және қор бөлімі бар болатын. Музейде бос орын болмағандықтан шеберхана мен арнайы лаборатория кабинеттері жұмыс жасамады. Түнге қарай облыстық музейдің залдары құлыпқа жабылып, күзетші қалып отырды. Бағалы экспонаттар сөрелер мен шкафтарда сақталды. Ғылыми зерттеу жұмыстары бағытында облыстық музей қызметкерлері залға қатысты музей экспонаттары мен тұрғындармен тапсырылған материалдық заттардың анықтамасын дайындап, дәрістер мен үйірме жұмыстарында кеңінен пайдалана білді. Ең бастысы, атқарылған жұмыстардың барлығы облыс және қала тұрғындарын музейге шақыру арқылы ғылыми және танымдық маңызы зор экспонаттар жинақтау жұмысына тарту болатын. Қор қызметінде экспонаттарды рәсімдеу жұмыстары жолға қойылып, оған тиесілі қосымша картотекалар мен экспонаттардың ғылыми анықтамалары дайындалды. Халықтық сәулет ескерткіштері мен қолданбалы өнерге қатысты жәдігерлер мен оларға тиесілі анықтамалар жинақтала бастады.  Музейдің  жаңа тақырыптық экспозициясының қалыптасуына сүбелі үлес қосқан қызметкерлердің бірі, 45 жылдан астам өмірі мен қызметін музейге арнаған Людмила Игнатьевна Чичаеваны атап өткен жөн. Ол — музейдің қалыптасып,  дамуында еңбегі сіңген азаматтардың бірі. Музей ісінің тәртібі бойынша алғашқы экспозиция жасақтағандардың бірі.  

 1950 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне сайлауы қарсаңында, В.И.Лениннің туған күніне «Жизнь и деятельность В.И.Ленина», Кеңес Армиясы мен Әскери теңіз флотының, Халықаралық әйелдер, Жеңіс, Баспасөз, Ұлы Қазан Социалистік төңкерісі, Қазақ КСР құрылған «1916 жылғы қазақтардың патшаға қарсы күресі», «Қазақстанды азат етудегі Куйбышев, Фрунзе және Фурмановтың орны», «Ақ гвардияшылар мен алашордашыларды талқандауда В.И.Ленин мен И.В.Сталиннің орны», «Сталиндік Конституция шуағы астында», Сталиндік Конституция күндеріне «Сталин жолдастың өмірі мен күрес жолы», «Социалистік егістік науқаны жеңімпаздарына салем» тақырыптарында дәрістер, жылжымалы және тұрақты көрмелер ұйымдастырылды.  Музей ұжымымен облыс және қала деңгейінде көлемді шаралар қолға алынғанмен де ғимараттағы жайсыздық та сезіліп отырды. 1950 жылы облыстық музейдің ғимараты облыстық мәдени-ағарту жұмыстар бөлімінің комиссиясымен тексеріліп, бұл мәселе халық депуттарының қалалық Кеңесі отырыстарында бірнеше рет көтерілген еді. 1951 жылдың 9 шілдесінде облыстық мәдени-ағарту бөлімімен құрылған арнайы комиссия мүшелері облыстық музейдің қайта жасақталып жатқан экспозициясын тексереді. Комиссиямен музейдегі экспозиция бөлмесінің тарлығы, қосымша маңызы бар экспонат қою мүмкіншілігінің жоқтығы, бөлініп отырған қаражат көзінің мардымсыздығы, келушілерге экспонат және материалдарды әсерлі етіп жеткізудегі қосымша жабдықтардың ескіргені атап өтіледі. Жаңартылған тақырыптық экспозицияда музей қызметкерлерімен Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысының кешегісі мен бүгініне, 1905-1907 жылдардағы Ақтөбедегі оқиғалар, 1916 жылғы А.Иманов бастаған Ұлт-азаттық көтеріліс, Азамат соғысы жылдарындағы Әліби Жангелдин экспедициясы мен оқиғаларға  қатысушылардың естеліктері бойынша материалдар жинақталды. Музейдің ғылыми қорына облыстағы өлкетанушылар мен облыстық мемлекеттік архив қызметкерлері, жергілікті басылым тілшілері де көмек берді. Мысалға, облыстық газет фото-тілшілері Ф.Терещенко, В.Николаев, Д.Карачун партия архивінің қызметкері П.И.Тхоренко, Қалалық партия комитетінің хатшысы Н.А.Кавешников, балалар дәрігері Л.Д.Темушка, педучилище мұғалімі М.Д.Руднева, Кеңес Одағының Батыры Сергей Васильевич Вавиловтың ата-анасы өңір тарихына қатысты материалдар тапсырған.

 Ертедегі жануарлар сүйектерінің табылуы музей келушілерінің өлкенің табиғаты мен жануарлар әлемін тануға деген қызығушылығын арттыра түсті. Мысалға, қала тұрғындары Дрямовпен Новоресей ауданындағы Ор өзенінің бойында ежелгі жануардың сынық бас сүйегі, ал Мәртөк жерінде жергілікті тұрғын Соляникпен табылған мамонттың тісі музейдің бағалы экспонаттарының қатарын толықтырды. Ересек қала тұрғындарынан бөлек өлке тарихына қызығушылық білдерген мектеп оқушылары да музей қорын толықтыруға үлес қосты. Мысалға, қаладағы №14 мектептің оқушысы Сичкаренко мен Васин азамат соғысы жылдарындағы мылтықты, №2 мектептің оқушылары Деркунский мен Макаров ежелгі көшпелілерге тиесілі қанжарды, Жұрын ауданындағы мектеп оқушысы Әкімниязов мамонт сүйегін қорға әкеліп тапсырған. Музей қоры өңір тарихына қатысты «Ақтөбедегі 1905 жылғы митинг», «Амангелді Иманов», «1919 жылдың 23 ақпанындағы Ақтөбені қорғау» картиналарымен, еңбек үздіктері Ш.Берсеев пен А.Заваритьконың суреттері мен оларға қатысты құжаттармен, С.М.Киров атындағы химия комбинаты, ферроқорытпа зауыты, «Химпласт» артелі, «Металлист» және №1 Қалалық өндірістік комбинаттан өнімдер мен олардың дамуына қатысты мәліметтермен, азамат соғысынан кейін темір жол жұмысшысы Шәкен Әлмұхамедов 1922 жылы негізін қалаған «1 май» артелінің тарихына қатысты деректермен, А.Простевтің картиналарымен толықты.

 «В.И.Лениннің өмір мен қызметі», «Өз өлкеңді таны», «Партия мен үкіметтің балаларға қамқорлығы», «Болашақ жастар — ел болашағы», «Баспасөз күні», «Облыстың астықты совхоздары», «Социалистік егін науқаны жарысының жеңімпаздарына жалынды салем», «КОКП-ның ХХ сьезді (облыс еңбекшілерінің жаңа табыстары)», «Облыстағы жаңа жерлерді игеру», «Кеңестік Конституция», «Ұлы Қазан Социалистік төңкерісі», ал қалалық әскери комиссариатында екі стендте «Санитарлық қорғанысқа дайынбыз» және «ГТО нормаларын тапсырыңдар», Пионерлер үйінде «Ақтөбенің кешегісі мен бүгіні», ал қысқы демалыс кезінде №11 мектепте «Партия мен Кеңестік үкіметтің балаларға қамқорлығы» тақырыптарында жылжымалы көрмелер ұйымдастырылған. КОКП ОК-нің «КСРО-дағы ауыл шаруашлығын одан әрі дамыту» шешімін орындау мақсатында облыстағы колхоз құрылысының дамуына үлес қосып келе жатқан ұжымдарды кеңінен насихаттау жұмыстары назардан тыс қалмады. Облыс көлеміне жемісті еңбек етіп келе жатқан ұжымдарда, мысалға, Мәртөк ауданындағы «Победа» колхозының мал фермасында, Ключевой ауданының «Красный колос» колхозында енгізілген автосуару, электрлендірілген қырқу және электрлендірілген суару туралы мәліметтер экспозицияға қойылды. Ойыл, Жұрын және Қарабұтақ жеріндегі озат шопандар, үздік МТС, колхоздар және совхоздар, осы салада еңбек етіп жүрген жылқышылар, Кеңестік ауыл шаруашылығына сүбелі үлес қосқан Социалистік Еңбек ерлері туралы мәліметтер мен суреттер жинақталып, экспозиция тақырыбы аясынан орын алды.

 1955-1961 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты Ақтөбе жерінде Ленинград Ғылым академиясы жанындағы Археология институтының В.С.Сорокин бастаған археологиялық экспедициясы жемісті жұмыс жасады. Облыстың солтүстік және батыс аудандарында жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде ежелгі көшпелілер мәдениетіне жататын көптеген олжалар табылып, экспедиция жұмысының қортындысы бойынша суретті альбом және ғылыми есебі музей қорына тапсырылды. 1962 жылы музей ұжымы Фрунзе көшесіндегі 62-үйге қоныс аударады. Ғимараттағы тақырыптық экспозиция аумағы 76 шаршы метр құраса, канцелярия 8 шаршы метрді алып жатты. 1961 жылдың сәуір айынан бастап, музей орналасқан ғимараттағы жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты экспонаттар Мира көшесіндегі (№65) мектеп-интернаттың гаражы мен жертөлесінде сақталған.

 1965 жылы музей директоры болып Рахила Сәрсенқызы Сәрсенова тағайындалды. Бұған дейін мемлекеттік қызметтерде жинақталған тәжірибесінің арқасында музей алдында тұрған күрделі мәселелерді қысқа мерзімде шешуге мәжбүр болды. Жаңа басшы алдында мәдениет ордасының материалдық жағдайын түзеу және жедел түрде музей жұмысын жандандыру талаптары тұрды. Жұмыстың сапалы әрі уақытында орындалуын қадағалап отыратын Рахила Сәрсенқызы әрбір азаматтың ортақ іске қосып отырған әрекеттерін әділ бағалайтын. Отыз жылдан астам тарихы бар делінгенмен де «бар жоғы екі-үш жәшік және төрт-бес аузы байланған дорбалы экспонаттары» бар ұжым алдында жаңа міндеттер тұрды. Ғылыми қызметкерлермен бірге білек сыбана кірісіп кеткен Рахила Сәрсенқызы қала және облыс тұрғындарымен байланысқа түсіп, жасақталуы керек экспозицияға материалдар жинақтай бастады. Сол кезде еңбек етіп, тер төккен жас мамандардың бірі, кейін 1980-2003 жылдары осы музейдің директоры болған Р.Ілиясова директордың кез-келген көлденең келген қиындықтарға қаймықпастан «жауап таба алатындығына» ризашылықпен еске алып келеді. Осындай қажырлы қайрат пен жұмсалған маңдай тердің арқасында облыстық музей тағы бір өтпелі кезеңнен өтті.

 Дәл осы жылдың мамыр айында облыстық музейдің ұжымына қала орталығындағы бұрынғы екі қабатты мейманхананың ғимараты ұсынылды. Ғимараттың жалпы ауданы 1500 шаршы метр болса, тақырыптық экспозиция жасақтауға 820 шаршы метр бөлінді. Ғимаратты музейге лайықтау мақсатындағы ішіндегі күрделі жөндеу жұмыстары 1965 жылдың 30 желтоқсанында ғана аяқталған. Музей ішін заман талабына сай қайта жасақтау РСФСР Көркем өнер қоры Орынбор шығармашылық-өндірістік шеберхасына тапсырылады. Қазан Социалистік төңкерісінің 50 жылдығы мен В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай маңызды мемлекеттік даталарды лайықты атап өту мақсатында облыс орталығындағы іргелі мәдениет ошағында көркемдеу-безендіру жұмыстары 1966 жылдың қаңтар айынан жедел түрде жүргізіле бастады. Залдар бойынша жаңа тақырыптық-экспозициялық жоспар құрылды. Жоспар бірнеше дүркін жергілікті атқару билігімен тексеріліп, республикалық музейдің ғылыми қызметкерлерінің бағалауынан кейін Қазақ КСР Мәдениет министрлігіне жолданады. Тақырыптық жоспарға сай облыстық музейде табиғат, Кеңестік кезеңге дейінгі өлке тарихы, Социалистік құрылыс кезеңіндегі Ақтөбе жері және картина галереясын ашу қолға алынды. Әсіресе Кеңестік кезеңдегі облыстың дамуын жете беру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Көп жылдар осы салада еңбек етіп, облыстық тарихи-өлкетану музейінің республика көлеміндегі іргелі мәдени ордасына айналуына жағдай жасаған ардагер Рысжан Ілиясова өз еңбегінде «Ең қиыны болашақ экспозицияның жоспарын жасау болды. Үлкен музейлерді көргенім, естігенім кейін музейдің алғашқы жоспарын жасауыма ұйытқы болды. Музейлерді көріп келгеннен кейін қордағы экспонаттар орын тауып, өз дәуірінің белгілі дерегіне айналып, сөйлей бастады»,  — деп еске алды.

 Қаражаттың бөлінуіне қарай Мәскеу қаласынан құстар мен аңдардың тұлыптары, Петропавловск қаласындағы көркемсурет шеберханасы арқылы «Мұз басу дәуіріндегі адамдардың үңгірі», суретші Техмачевтің «Бірінші армияға көмекке аттанған Жангелдиннің керуені» картинасы, «В.И.Лениннің кабинеті», «Целинная степь» сынды макеттері алынған. Жаңа экспозицияны жасақтауға облыстағы іргелі өндірістік кәсіпорындар мен мекемелер атсалысты. Мысалға, тақырыпқа сәйкес Ақтөбе облысының геологиясына байланысты осы саладағы барлау мекемелері арнайы карта дайындап, пайдалы қазбалардың үлгілерін ұсынса, іргелі кәсіпорындардың бірі ферроқорытпа зауыты пеш макетін жасатуды, «Большевик» зауыты электр қырықтықтары мен өзге де электр бұйымдарын дайындап тапсыруды өз мойындарына алады. Сондай-ақ облыстағы іргелі мекемелер «Актюбнефтеразведка», «Актюбрентген», ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы, облыстық су және орман шаруашылығы басқармасы, С.М.Киров атындағы Ақтөбе химия комбинаты және басқалары музейдің жасақталуына өз үлестерін қоса бастады. 

 Облыстағы дөң кен өндіру басқармасымен алынатын шикізаттың түрлері, «Актюбнефтеразведка» тресімен мұнай өндіру қондырғысы және өнім түрлері, «Актюбрентген» рентген аппаратурасы, стабилизатор, жергілікті өнеркәсіп және тұрмыстық қызмет көрсету басқармасымен жарты киіз үй, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен топырақ картасы, мал тұқымдарын жерсіндіру картасы, егіс алқаптарының картасы, облыстық гидрометеорологиялық обсерваториясымен метеорологиялық станцияның макеті, борогигротермометр, радиозонд, ауыл шаруашылық тәжірбие станциясымен Еділбай және Цыгай қой тұқымдарының тұлыптары, жүн сорттары, зиянкес шыбын-шіркейлердің коллекциясы, астық тұқымдары, тыңайтқыштардың түрлері, «жел эрозиясымен күрес» макеті, облыстық су шаруашылығы бөлімімен Тамдыкөл суару жүйесінің макеті, «Актюбжилстрой» тресімен панельді үйдің макеті, Қазақ темір жолы Ақтөбе бөлімімен темір жолдағы тепловоз-вагон макеті, облыстағы темір жолдар картасы тапсырылған.   Ашылғалы отырған музейге көмек беру мақсатында Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің 1966 жылдың 2 ақпанындағы «Облыстық музей туралы» шешімінен кейін жергілікті еңбек ұжымдарының социалистік құрылысты нығайтуға қосып жатқан үлестері мен қол жеткен табыстары туралы мәлімет беретін заттары музей экспозциясынан орын ала бастады.

 1967 жылдың 6 маусымында облыстық тарихи-өлкетану музейінің ашылу салтанаты өтіп, оған Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қатысады. Жасақталған экспозиция өз уақытындағы талаптарға сай дайындалып, келушілерді өңірдің тарихын ұғынатындай, танымдық жағынан мол ақпарат беретін және қараған сайын қызығушылықтары арта түсетіндей етіп дайындалды.  Жылдар өткен сайын музей қызметкерлерінің шығармашылық табысты жұмыстары мен алға қойған мақсат-міндеттерді орындаудағы қажырлы қайраттарының арқасында музей қоры жаңа экспонаттармен толыға түсті. 1966-1967 жылдары музей ұжымымен аудандарға 19 іс-сапарлар ұйымдастырылған. Табиғат бөлімінің ғылыми қызметкері Л.Чичаева музейдің аға ғылыми қызметкері Р.Ілиясовамен бірге аудандарға және облыс орталығындағы мекемелерге іс-сапармен шығып, өлке тарихына қатысты экспонаттар жинақтап әкелген. Табиғат бөліміне қатысты Мәскеудің «Агро пособие» фабрикасынан облыс территориясында өсірілетін жеміс-жидек және көкөністердің муляждары, Воронежден аңдардың тұлыптары әкелінді. Нәтижесінде, тіркеу кітабына 4769 дана экспонат тіркелсе, оның 2769-ы тақырыптық экспозицияда орналасқан.  Музей ұжымы өңірдегі тарихи оқиғалардың куәгерлері, сол кезде әр салада қызмет еткен Ақтөбе жерінің азаматтарымен кездесулер өткізіп тұрды. Ақтөбенің алғашқы комсомол жастары И.И.Бойко-Татариев, И.Г.Гуреев, Шалқар қызыл гвардиялық отрядының командирі И.Р.Доценко, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қалалық әскери комиссариат комиссары В.Ф.Уткин және т.б. шараларға қатысып, өткен оқиғалар жөнінде айтып беріп отыратын. Өткізіліп жатқан іс-шараларда халық жадында сақталған тұлғалардың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметтері кеңінен насихатталды. Мысалға, музей ұжымымен ұйымдастырылған «Жәдігерлер сыр шертеді» телебағдарламасында қорындағы сақталған экспонаттар кеңінен айтылса, жергілікті баспасөзде Ақтөбе жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары кеңесінің төрағасы В.Ф.Зинченко, Дала төтенше комиссары Ә.Т.Жангелдин, уездік атқару комитетінің мүшесі К.У.Горячко, Қазақстанға және облысқа танымал әйелдер З.Базилевская, С.Есова, А.Оразбаева, Х.Әбілева, Б.Салбаева, У.Аманбаева, Ш.Құрманиязова және т.б. азаматтардың еңбектерін ұлықтау жалғасын тапты.

  Облыстық тарихи-өлкетану музейінде  тақырыптық-экспозицияға қажетті мол деректер көзін игеру үшін ғылыми қызметкерлер мен тақырыптарға сәйкес көркемдеу-безендіру жұмыстарын жүргізетін суретшінің болмауы да қиындықтар туғызды. Қарқын алған жұмыстарды орындау үшін Орынбор суретшілерінің араласуы біршама жұмыстарды жеңілдете түсті. Келушілерді қызықтыруда, әсіресе, қосымша жарықтың түсірілуі, түрлі-түсті бояуларды таңдау, жәдігер мен сурет кескіндемелерінің арасындағы байланыс орнату қосымша ізденістерді қажет етті. Республика музейлерімен тәжірбие алмасу арқылы осы саладағы жетістіктер ескеріліп, енгізіліп отырды. Бұдан бөлек тақырыптарды толықтырып тұратын қосымша композициялар, диорамалар, фриздер мен электрленген техникалардың макеттері, атап айтсақ, конвертор, центрифуга, темір жолдың макеті, электрлендірілген карта, Ферсман сағаты, қырықтық және басқаларының тақырыппен үндестігін анықтау басты жұмыстардың бірі болатын.

  КСРО Министрлер Кеңесіңнің 1948 жылғы 14 қазанындағы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1949 жылдың 17 ақпанындағы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1965 жылдың 30 тамызындағы шешімдеріне сәйкес Қазақстанда және облыс жеріндегі ескерткіштерді тіркеу және қорғау жұмыстары ұйымдастырылды. Облыстағы тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштерді қорғау бөлімі өлкетану музейінің құрамында 1967 жылдың мамыр айынан бастап қызмет ете бастады. Қала және облыс территориясындағы 72 ескерткіш тіркеліп, паспорттары дайындалған. Тіркеу жұмыстары барысында 56 ескерткіш суретке түсірілді. Олардың қатарында социалистік құрылыс тарихынан сыр шертетін тарихи-мәдени нысандар, облыс территориясындағы халықтық сәулет ескерткіштері мен ерте көшпелілер мәдениетіне тиесілі қорғандар бар. Архив құжаттарында бірсыпыра ескерткіштерге қатысты, әсіресе, жел мен судың әсерінен бүлінген халықтық сәулет ескерткіштерінің жағдайына қатысты алаңдаушылықты байқауға болады. Мысалға, Сүндет, Мырзамұрын, Қарасақал қорымдарындағы ескерткіштер жағдайының нашарлығы, бірте-бірте бұзылып бара жатқандығы хабарланса, 1974 жылдың тамызында Шалқар ауданына ұйымдастырылған кешенді экспедициядан кейіңн Тоқпан және Есет-Дәрібай кесенелері біршама уақыттан кейін түбегейлі жойылып кету қаупінің бар екендігі есепке енді.

 Ұжымның музей саласындағы қажырлы еңбектер билік өкілдерімен жоғары бағаланып отырды. 1967 жылы Ұлы Октябрь Социалистік революциясын атап өту жөніндегі Бүкілодақтық байқаудың қорытындысы бойынша облыстық тарихи-өлкетану музейі КСРО Мәдениет министрлігінің ІІ дәрежелі дипломымен, ал 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған Бүкілодақтық байқаудың қорытындысы бойынша облыстық музей КСРО және Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің Құрмет дипломымен, Қазақстан Компартиясы облыстық комитеті, облыстық атқару комитеті мен облыстық кәсіптік Одағының Құрмет вымпелдарымен марапатталған.

 Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Қазақстанда археология ғылымы жаңа табыстарға қол жеткізіп, жергілікті жерлердегі музейлердің қоры өлке тарихының ежелгі кезеңінен сыр шертетін жәдігерлермен толыға түсті. Қызметкерлердің белсенділігі мен тұрғындардың қызығушылығы арқасында өңірлерде құрып кету қаупі бар және ғылым үшін маңызды ескерткіштер кәсіби мамандармен зерттеле бастады.

 70-жылдардың басында ерте темір дәуіріне қатысты көлемді ғылыми-зерттеу жұмыстарын Қазақ КСР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы ТАЭИ Оңтүстік Қазақстан кешенді экспедициясының Қаратау тобы (жетекшісі т.ғ.к. М.Қ.Қадырбаев) үш маусымда жүргізді. Жұмыс қорытындысы бойынша Бесоба, Сынтас, Жалғыз оба, Камыссай қорғандарынан сармат шеберлерінің қолынан шыққан алтын бұйымдар мен тұрмыстық заттар табылып, ескерткіштерді зерттеген сайын Батыс Қазақстан жеріндегі ежелгі тайпалар мәдениетінің әлемдік тарихқа өзіндік із қалдырып кеткендігі дәлелдене түсті. Кейінгі далалық қазба маусымында (1973 жылдың маусым-шілде айлары) Хлебодар ауылы маңындағы ежелгі көшпелілер мәдениетіне тиесілі жерлеу қорымдары зерттелді. Барлығы Қамыссай және Бесоба тобына жататын 6 қорған ашылды. Қорғандардан табылған бұйымдар мамандармен жан-жақты зерттеліп болғаннан кейін облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырылады. Келесі жылы Сынтас және Бесоба жеріндегі ірі қорғандарды зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, бұдан бөлек Ақтөбе қаласынан 2 шақырым жердегі құм карьерінен  біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдық аяғына жататын жерлеу қабірі қазылды.

 Өз кезегінде облыстық музей қызметкерлері табылып жатқан археологиялық ескерткіштер туралы оқушылар мен еңбекшілер арасында дәрістер оқып, ескерткіштердің маңызы мен оларды қорғау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Табылған археологиялық заттарға қатысты қызығушылықтың артуына байланысты 1974 жылдың желтоқсан айынан бастап облыстық тарихи-өлкетану музейінде қаладағы мектеп оқушыларының қатысуымен «Жас археолог» үйірмесі құрылады. Үйірменің жетекшісі облыстық музейдің Ғылыми кеңесінің мүшесі, КСРО геология саласының үздігі В.В.Родионовтың басшылығымен оқушылар В.С.Сорокин және И.А.Кастанье маршруттары барысында тіркелген археологиялық ескерткіштермен танысу және бүліну қаупі туындаған ескерткіштердің аман сақталуын қадағалау, әсіресе, салынып жатқан Қарғалы су қоймасы маңындағы ескерткіштерді анықтауға көмек беру, жинақталған материалдарды өңдеу, баяндамалар дайындау, т.б. іс-шараларын жүргізді.

 1974 жылдың мамыр айынан музей директоры қызметіне Н.П.Петров тағайындалады. Музейді кеңейту мақсатында негізгі  ғимаратқа жалғастырып, қосымша бөлмелер жалғанып салынды. Музейде «Жас экскурсовод» үйірмесі ұйымдастырылып, республикалық және облыстық деңгейдегі атаулы даталарға қатысты көрмелер тұрғындардың ерекше ықыласына бөленді. Бұл табыстар шығармашыл, ізденімпаз әрі еңбекқор қызметкерлер С.Қ.Айниязова, К.Қ.Хайдулина, Ғ.Х.Төлеуішова, И.Н.Степнова, Н.А.Ворошило және Л.А.Блинникова сынды азаматтардың еңбектері деп білеміз.

 Әр жылдары музей қызметкерлері облыс әкімшілігімен ұйымдастырған үгіт-насихат пойызының құрамында жасақталған вагон-музей арқылы теміржол бойында орналасқан станция, разъездерге колхоз, совхоз тұрғындарымен кездесіп, экскурсиялар өткізіп тұрды. Мысалға, 1969 жылдың 19 сәуір және 18 мамыр аралығында өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлері «Ленин жолымен» тақырыбындағы үгіт-насихат вагон-музейдегі көрменің жасақталуына қатысты. Ол Ақтөбе-Сексеуіл стансаларының арасындағы қызмет етіп, осы аралықтағы елді-мекендер тұрғындарына қоғамдағы КОКП-ның тарихи рөлі және В.И.Лениннің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы жан-жақты түсіндіріп берді. Вагон-музейдегі көрмеге тек қана жазба материалдары ғана емес, азамат соғысына байланысты қару-жарақтар, карталар, суреттер, электрленген «Қысқы сарайды алу» макеті, Ақтөбе облысының қазба байлықтары картасы және геологиялық үлгілер қойылған витриналар келушілердің қызығушылығын арттыра түсті. Вагон-музей Азамат соғысы өткен елді мекендерге аялдап, темір жол бойында қаза болған жауынгерлердің бауырластар зираттарына зиярат етті. Келушілер қатарында Азамат және Ұлы Отан соғыстарының ардагерлері, кеңестік халық шаруашылығын қалпына келтіруге белсенді қатысқан өңір тыл ардагерлері, оқушылар, жұмысшылар мен ауыл еңбекшілері бар болатын. Вагон музейдің жұмысын ұйымдастыру іс-сапарына облыстық музейден ғылыми қызметкерлер, экскурсия жүргізушісі мен зал қараушы жіберілді. Осы іс-сапарға музей жанындағы ардагерлер клубының атынан Кеңес Одағының Батыры В.Г.Козенковтың әкесі Г.С.Козенков қатысты.

 Облыстық музей жанында 1958 жылы құрылған ардагерлер клубы да музей саласының дамуына өзіндік үлес қосып келді. Бейбіт кезеңде әр салада еңбек еткен Азамат және Ұлы Отан соғысының ардагерлері музей ұжымы ұйымдастырған қоғамдық-саяси маңызы бар шараларға белсенді араласты. Әсіресе, жас ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу іс-шараларына «Даңқ» орденінің толық кавалері А.А.Гришин, ардагер И.С.Оразбаева, В.С.Рязанов, бұрынғы қалалық әскери комиссариат комиссары В.Ф.Уткин, Азамат және Ұлы Отан соғысының ардагері М.А.Панквиченко, Кеңес Одағының Батыры М.Бөкенбаев, М.С.Прохоров, «Даңқ» орденінің толық кавалері Н.Г.Папилов, Кеңес Одағының Батыры В.Г.Козенковтың әкесі Г.С.Козенков, ардагер А.Ф.Агафонова сынды азаматтар өткен аға буын өкілдерінің өнегелі істерін қатысушыларға түсіндіріп отырды.

 Музей қызметкерлері Ақтөбедегі Қазақ КСР БЛКЖО жанынан құрылған «Спутник» жастар туризмі бюросында бірнеше тақырыптық дәрістер өткізіп тұрды, өлкенің ежелгі тарихына қатысты табылған деректермен таныстырды. Тұрғындар арасында өлкедегі тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштермен таныстыру мақсатында радио, теледидар және жергілікті басылымдар арқылы насихат жұмыстары үзбей жүрді. Мысалға, теледидар арқылы өлкетану музейі қызметкерлерінің қатысуымен «Ежелгі қорғандар құпиясы» бағдарламасы түсірілсе, бұдан бөлек өңірдегі тарихи-революциялық маңызға ие ескерткіштерге қатысты түсірілімдер дайындалды. Музейдің қызметшілерімен тығыз қарым-қатынасы арқылы өлке тарихының «ақтаңдақтарын» толықтыруда есімдері ұмытылып бара жатқан азаматтар мен олардың еңбектеріне қатысты деректер жинақталды. Музей қызметкерлері облыстағы іргелі өндіріс ошақтары мен білім беру-ағарту мекемелерімен байланыстарын үзген емес. Музейдегі тақырыптық экспозиция материалдарын пайдалана отырып, оқытушылар мен мұғалімдер өз дәрістерін музейде өткізіп отырды. Мысалға, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының оқытушылары А.Мамырбаев, А.Федорова, К.Ищенко, Жұманғарин, Субботин, Кузнецова осы оқу мекемесінің 1 және ІІ курс студенттеріне КСРО тарихы мен философиясынан дәрістер оқыса, кооператив техникумының оқытушысы Қартаубаева, мәдени-ағарту училищесінің оқытушылары О.Сарбасов, В.Надыкто, №1 мектеп мұғалімі И.Фролова, С.Моисеев, №15 мектеп мұғалімі Н.Масянова ежелгі дүние тарихы пәнінен сабақты музейде ұйымдастырып, өткізіп отырды. 1973 жылы КОКП ОК-нің «Еңбекшілерді коммунистік тәрбиелеудегі музейлердің ролін күшейту» шешімін орындау мақсатында 1974 жылдың 24 сәуірінде Қазақстан Компартиясы Ақтөбе облыстық комитетімен мәдениет басқармасы мен облыстық музейдің ұжымына социалистік қоғамның құндылықтарын насихаттау бағытында алға қойылған ғылыми-зерттеу, жинақтау мен көпшілікке насихаттауды күшейту тапсырылады. Бұл ретте 1967 жылы жасақталған тақырыптық экспозицияға өзгерістер енгізіліп, «Өлкедегі Кеңес билігінің орнауы», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ақтөбе» залдарында «КСРО-ның құрылуы», «Ұлы Қазан социалистік революциясы және өлкедегі азамат соғысы», «1941-1945 ж. ж. Ұлы Отан соғысы» экспозициялары жаңа экспонаттармен, тарихи оқиғаларға қатысты құжаттармен және мәліметтермен толыға түсті. «Өлкедегі коммунистік құрылыстың нығаюы» тақырыбында экспозиция жасақталып, КОКП-ның ХХІ-ші, ХХІІ-ші, ХХІІІ және ХХІV съездерін орындау, коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасақтау, жергілікті партия ұйымдарының қызметі, халық шаруашылығының  даму жетістіктері мен осы бағытта еңбек еткен ұжымдар мен азаматтар ұлықталды. Халықтар достығы мен көпұлтты Қазақстанның жеткен табыстары арналған көрмелер және музейішілік шаралар ұйымдастырылды.

 1980 жылдың тамызында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры болып Рысжан Ілиясова тағайындалды. Рысжан Ілиясқызы музейге келгеннен кейін мәдениет ордасына жаңа дем берді. Ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек етіп келген апайдың өмірінде қара шаңырақ — Ақтөбе музейінің алар орны ерекше. Музей ісінің қыры мен сырын жете білген басшы мәдениет ордасына табалдырығын аттағаннан бастап, алдына қойған мақсаттарды орындау үшін жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті.

 Өз естеліктерінде келген бойда музейдің материалдық жағдайы мен ұйымдастыру жұмыстарындағы олқылықтарды көргенде қынжылыс білдіріп, қатты ренжігендігін және кезек күттірмес мәселелерді шешуде шапшаң қимылдай бастағандығын келтіреді. Қор бөліміндегі есепке алынған экспонаттарды қайта тіркеу жұмыстары  қордаланған мәселелердің бірі болатын. Келушілерді заман талабына сай жасақталған музейде қабылдау үшін  киелі шаңыраққа жөндеу жұмыстары қажет етілді. Бұл уақыт сынынан да музей ұжымы жаңа басшының іскерлігінің арқасында сүрінбей өтті.

 1981 жылдың 10 қыркүйегінде облыстық музей күрделі жөндеу жұмыстарына жабылып, 1985 жылдың 5 шілдесінде табиғат және Кеңестік кезеңге дейінгі бөлім залдары ашылды. Бір жылдан кейін Кеңестік қоғам залы келушілерді қабылдай бастады. Жөндеу жұмыстары барысында жылу, су және кәріз жүйелері алмастырылып, музей ішіндегі электр желілері жаңартылды. Арнайы қор сақтау бөлмелеріне жаңа стелаждар мен сейфтер орналастырылды. Музей ауданы, 1974 жылы салынған құрылыспен бірге есептегенде, 1700 шаршы метрді құраса, қор бөлімінің ауданы 220 шаршы метрге дейін кеңейді. 1983 жылы музейдегі жөндеу жұмыстары аяқталып, РСФСР Көркем өнер қоры Свердловск шығармашылық-өндірістік комбинатының қызметкерлері 1-қабатта көркемдеу-безендіру жұмыстарын бастап кетеді. Музейде жөндеу жұмыстары жүріп жатса да қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсету тоқтамады. Ғылыми қызметкерлердің ізденімпаздығы мен шығармашылығы арқасында өлке мен еліміздің тарихындағы атаулы күндер мен тақырыптарға байланысты көрмелер мен жоспарға сәйкес іс-шаралар музей ғимаратының екінші қабатында ұйымдастырылып отырды. Орын алған уақытша қиындықтарға қарамастан 1981 және 1985 жылдар аралығында жылжымалы және тұрақты көрмелерге 483220 тұрғындар келсе, музей қызметкерлерімен оларға 1044 экскурсия және 445 лекция ұйымдастырылған. Қамтылған тақырыптардың қатарындағы халық шаруашылығына үлес қосып келе жатқан озат ұжымдар мен азаматтар, Кеңестік партия және комсомол ұйымдарының қалыптасуы мен социалистік құрылысты дамыту, шаруашылық салаларындағы КСРО Мемлекеттік және Қазақ КСР сыйлықтарының лауреаттары, Кеңестік партия тарихы, Кеңес Одағының батырлары, Ақтөбенің кешегісі мен бүгіні, Ақтөбе облысының сәулет ескерткіштері, Орынбор-Ташкент темір жолы бойындағы Ақтөбе станциясының тарихы және т.б. жылжымалы және тұрақты көрмелер ұйымдастырылды. Халықаралық музейлер күні мен тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының ІІІ республикалық сьездіне (1981 ж.) орай музей қорындағы құнды экспонаттардан жасақталған көрме республиканың түкпір-түкпірінен келген делегаттар мен жергілікті тұрғындардың бірнеше мыңжылдық өлке тарихымен танысуына мүмкіндік берді. Экспонаттардың қатарында қазба жұмыстары барысында табылған ерте көшпелілер мәдениетінен сыр шертетін қыш ыдыстар, сүйектен жасалған қасық, әшекейлер, жаңа және қазіргі замандағы халық шеберлерінің қолынан шыққан тұрмыстық-шаруашылық бұйымдар, музыкалық аспаптар келушілерді қызықтыра түсті.

 Ақтөбе жерінде жергілікті тұрғындардың дүниетанымы мен қоғамдық құрылысына сай құрылыс салу шеберлігі мен архитектуралық ілімдерін кеңінен таныта білген тамаша сәулет ескерткіштері орналасқан. 1982 жылдың қаңтарында облыстық музейде «Ақтөбе облысының архитектуралық ескерткіштері. 1980-1981 жылдардағы «Казпроектреставрацияның» архитектуралық-өнер ескерткіштерін зерттеу экспедициясының материалдары негізінде» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Арал-Каспий даласының солтүстігіне жататын халықтық сәулет ескерткіштеріне қатысты материалдар қойылып, аңыз әңгімелерде аталатын тұлғалар мен тарихи оқиғалар айнасы болған нысандарға жаңаша ғылыми-танымдық көзқарастың қалыптаса бастағандығын байқаймыз. Дала төсінде көнеден сыр шертетін ортағасырлық Абат Байтақ кесенесі ғалымдармен жан-жақты зерттеліп, көрме барысында түсірілген суреттерден бөлек макеті дайындалды. Ақтөбе даласында жиі ұшырасатын тас қашау өнерінің үлгілері  ХVІІІ және ХХ ғасырларға жататын құлпытастардың суреттері келушілер назарына ұсынылды.

 Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры Орынбор архиві мен Орынбор облыстық музейі қорынан алынған құжаттар көшірмелерімен де толыға түсті. Қор бөліміне түскен материалдар негізінде ХVІІІ ғасырдағы тарихи тұлғалар мен оқиғаларға жаңаша бағалауға мүмкіндік берген «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғанына 250 жыл» тақырыбында дәріс дайындалды. Атаулы датаға байланысты облыстық музеймен КСРО Суретшілер Одағының мүшесі Н.И.Кононенкодан Әбілқайыр хан және Бөкенбай батыр суреттері алынды.

 Музейдің ғылыми қызметкерлері «Союз-11» ғарыш кемесі мен басқарылатын орбиталды «Салют» станциясының ұшырылуына 10 жыл толуына орай жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры, ғарышкер  Виктор Пацаевтың өміріне қатысты жаңа деректер іздестіруді жалғастырып, Жұлдызды қалашықтағы музейде, ғарышкердің алғаш рет қызмет ете бастаған Долгопрудный қаласындағы Орталық аэрологиялық обсерваториясында, космонавтика музейінде және оның отбасында болып қайтты. Музей қоры ғарышкер тұтынған саквояж, берет, шалбар, галстук, жең түйреуіштер, лагорифмикалық сызғыш, «Салют» станциясының бортында түсірілген «Балқаш маңы-Алтай» рельефті картасы, №1791 кіші планетаға ғарышкер есімін беру туралы құжатпен және басқа да материалдармен толықты.

 Ғылыми кеңес мүшесі В.Родионов және музейдің ғылыми қызметкерлері Қазақ КСР Ғылыми академиясы тарих, археология және этнография институтымен жасақталған экспедиция құрамында біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдыққа жататын Нагорный ауылы маңындағы қазба жұмыстарына қатысты (1982 ж.). Экспедициямен ерте көшпелілер мәдениетіне тиесілі 8 қорған және 44 жерлеу құрылыстарына зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы маусымда сондай-ақ, қала маңындағы құрылысы жүріп жатқан Ақтөбе су қоймасының жерінде қазба жұмыстары ұйымдастырылып, неолит дәуірінің тұрағы мен қола дәуіріне қатысты жерлеу құрылысы анықталып, зерттелді. Осындай археологиялық экспедицияның қазба жұмыстарына қатысқан музей ардагері О.С.Өтепова «біздің жерімізден табылған археологиялық олжалардың куәсі болып, көп нәрсені үйренгенімді мақтан етемін»,— деп еске алады.

 Музей жанында құрылған «Жас археолог» үйірмесінің жетекшісі В.Родионовтың басшылығымен қаламыздағы №3,19, 25, 63 мектеп оқушылары және қалалық Пионерлер сарайындағы үйірме оқушылары Ақтөбе облысының территориясында жүргізілген барлау және қазба жұмыстарына қатысып отырды. Тек қана 1983 жылдың өзінде оқушылардың қатысуымен ұйымдастырылған маршрут барысында Новоресей ауданы (Сухиновский селолық кеңесінің жерінен), Алға ауданы («Коммунист» колхозының жерінен), Ақтөбе ауданы (Пацаев атындағы совхоздың және Қурайлы селолық кеңесінің жерінен), Ленин ауданы («Красное поле» колхозының жерінен), Исатай ауданы («Қазақстанның 15 жылдығы» совхозының жерінен), Комсомол ауданы территориясында бірнеше ежелгі көшпелілер мәдениетіне тиесілі ескерткіштер тіркелді.

 1984 жылы В.Родионов және кіші ғылыми қызметкер С.Гуцаловтың басшылығымен музей жанынан құрылған археологиялық ғылыми-зерттеу тобы облысымыздағы Сары Қобда, Үлкен Қобда, Қобда және ішінара Елек өзенінің бойынан Ақтөбе облысының солтүстік-батыс шекарасына дейін барлау жұмыстарын ұйымдастыру арқылы әлі де өлкемізде тіркеуге алынбаған, зерттеуді қажет етіп отырған ескерткіштерді анықтады. Барлау жұмыстарының нәтижесінде ерте көшпелілер мен монғол шапқыншылығына дейінгі кезеңге жататын, бұрын белгісіз болып келген 36 ескерткіш тізімге алынды, оның ішінде 243 жерлеу үйінділер мен 5 діни ғұрыптық ғибадатхананы қамтыған 33 қорым бар болатын. Зерттеу тобы Исатай ауданы Жиренқопа ауылы маңындағы ірі обаларды тіркеуге алса, Алға ауданы Болгарка ауылы жанындағы 2 обаға қазба жұмыстары жүргізілді.

 Сондай-ақ, геолог В.Коробковтың ұсынысымен Новоресей ауданы Черкасск ауылы маңындағы Бақай өзені бойында қола дәуіріне жататын құрбандық орны зерттеліп, 430-ға жуық керамикалық ыдыстардың қалдықтары,  сүйек және тастан жасалған еңбек құралдары, қоладан құйылған пышақ, ірі қара мен ұсақ малдардың сүйектері анықталды. Облыстық музей қызметкерлерімен ғылыми ізденіс жұмыстарының нәтижесінде майдан даласында Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан 101-ұлттық атқыштар бригадасы мен 312-атқыштар дивизиясының құрылуы мен ерліктерін насихаттаған экспозиция бөлімі қайта жасақталса, қорға түскен Кеңес Одағының Батыры В.И.Пацаевтың жеке тұтынған заттарымен тақырыптық экспозициясы кеңейтілді. Ғылыми қызметкерлермен экспонат жинақтау жұмыстары жалғасын тапты. Музей қызметкерлері Л.Блинникова, Б.Қалиева, К.Теңізбаева, Г.Төлеушева, Л.Чичаева, К.Хайдуллина, С.Айниязова, Р.Болдығарина, Р.Досова аудандарға арнайы экспедициялар немесе ұйымдастырылған апталық іс-сапарларға шығу арқылы тұрғындар арасынан экспонат жинақтауды қарқынды жүргізе білді. Өлке мен аудандардың мәдени-шаруашылық дамуына үлес қосқан жаңа есімдер қағаз бетіне түсірілді. Мысалға, 1982 жылы Шалқар ауданына ұйымдастырылған экспедиция барысында халық шебері А.Мұратовтың қолынан шыққан сандық, адалбақан, шебердің құрал-саймандары, марапаттары, наградалары облыстық музей қорына тапсырылды. Халық арасында қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары мен оларға қатысты деректер жинақтау жалғасын тапты. Байғанин ауданына ұйымдастырылған кезекті экспедиция барысында халық шебері Қ.Басшиннің баласы әкесінің қолынан шыққан сүйектелген ерді, домбыраны, қолданған заттарын музейге тапсырды. Осы аудан жерінде экспедиция жұмысы барысында шеберлер Б.Оразымбетов, И.Есенқұлова және Д.Тәжіғұлованың қолынан шыққан бұйымдары қорға тапсырылып, тіркеуге алынды. Кейінгі жылдары да халық арасындағы қолөнер шеберлерін анықтау мен оларға қатысты деректер жинақтау жалғасын тапты. Музейдің ғылыми қызметкерлерінің ізденістерімен шеберлер Ш.Әмиев, Қ.Наурызалин, К.Орынбаев, Қ.Оразов, Б.Оразымбетов, Я.Жолмырзин, Қ.Басшин, О.Қарамұқанов, Н.Белан және О.Кнотьконың жеке заттары қормен тіркеліп алынды. Мемлекеттік тіркеуге алынған сандықтар, текеметтер, баулар, басқұрлар, кимешек, ұсталардың қолданған заттары және т.б. қазақ халқының этнографиясы тақырыбында жасақталған экспозициядан көрнекті орын алды. Талант иелерін қолдау мақсатында облыстық музейде Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының доценті, әуесқой суретші А.Корваттың Ақтөбенің көрікті табиғат сұлулығын жеткізген «Пою тебя, мой край родной» тақырыбында сурет көрмесі өтті. Көрме барысында суретші өз қылқаламынан шыққан туындылары туралы келушілерге баяндап берді. Облыстық музей қорына облыс және республикаға жылқы өсіруде табыстарға қол жеткізген ауыл шаруашылығының маманы, №52 жылқы зауытының директоры К.Ф.Полтинников, Ұлы Отан соғысы жылдары Мәртөк ауданының «Крестянин» колхозын басқарған Социалистік Еңбек Ері Е.Н.Иващенко, генерал-лейтенант Ж.Кереевтің өмірі мен қызметіне қатысты деректер жинақталды.

 Республикадан және шетелден келген қонақтар музейге соқпай кетпейтін. Жергілікті жердің мәдениеті мен қол жеткен табыстары шетелдік делегация өкілдерін де қызықтыратын. Мысалға, Польша халық республикасы воеводствосынан делегация, Болгарияның эстрада әншісі Стояна Николова, Әжірбайжан КСР-ның Сумгайыт қаласынан, Қарағанды және Қаражал қалаларынан келген хоккей командалары, КСРО-ның түкпір-түкпірінен келген дәрігерлер, заңгерлер, ауыл шаруашылығының мамандары құрметті қонақ ретінде музей залдарын тамашалады. Өзара келісім арқылы облыстық музей Ақтөбе қаласындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери, ішкі істер басқармасына қарасты бөлімдер мен Мемлекеттік Авиация Ақтөбе жоғарғы ұшқыштар училищесінде революциялық және әскери Даңқ декадаларына қатысып отырды. Жаңа буын өкілдерін отаншылдыққа тәрбиелеу мен жастар арасында аға буын өкілдерінің ерлік істерін насихаттауда музей жанынан құрылған 101- атқыштар бригадасы мен 312-атқыштар дивизиясының ардагерлерінен тұратын Кеңес жұмыс жасады. Ардагерлердің қатысуымен мемлекеттік және жергілікті маңызы бар іс-шаралар ұйымдастырылып өткізіліп отырды. Музейге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында 1990 жылы оның фойесі қазақы киізбен қапталып, ежелгі сақ-сарматтар тайпаларының жануарлар стиліне негізделіп, ағаштан ойылып жасалған тұтас композициямен  безендірілді. Бұл композицияны шығармашылық еңбекпен жасап шыққан Қазақстан өнеріне еңбегі сіңген қайраткер Б.Н.Пак болатын.

 Еліміздің тәуелсіздік жариялағаннан кейін ұлттық тарихы қайта зерделеніп, зерттеле бастады. Ежелгі және жаңа замандарда өмір сүрген бабаларымыздың ерліктері мен қазақ қоғамының өркендеуіне қосқан үлестері кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деген мақсатта насихаттала бастады. Ұлттық тарихтың «ақтаңдарына» жаңаша баға беру арқылы болашақ қазақ ұлтының тарих толқынындағы орынын ғылыми әрі дәйекті деректер арқылы дәлелдей бастадық. Тарихи тұлғалардың есімдері қайтадан халқымен қауышты, ал олардың есімдерін халыққа, елге танытуда музейдің алатын орны ерекше.

 1992 жылы Тама Есет Көкіұлының 325 жылдығы қарсаңында облыстық музейдің экспозициясына өзгерістер енгізіліп, жаңадан құрылымдық жоспары жасалды. Осы жылы алғашқы жасақталған «Дулығалы дала перзенттері» залы ашылды. Музей қызметкерлерінің ғылыми-шығармашылық ізденістері нәтижесінде өлкеміздегі Ұлт-азаттық қозғалыстары мен көтерілістерінің тарихы, қолбасшылары мен батырларына қатысты деректер жинақталып, экспозицияға қойылады. Залдың ашылуына жазушылар Т.Ахтанов, А.Нұрпейісов, этнограф, профессор Н.Бекмаханова, ғалымдар Х.Арғынбаев, Е.Уәлиханов, композитор І.Жақанов, Есет батыр ұрпағы С.Нұрмағамбетов және қала қонақтары қатысты. Сол жылдары музей залдарын жасақтап, қорын толықтыруға өңіріміздің білікті суретшілері, мүсіншілері, қолөнер шеберлері өзіндік үлестерін қосты. Олардың қатарында Ә.Өтеген-Тана, Ж.Кенбаев, С.Әлімбетов, А.Құрманалин, В.Щукин, О.Хайруллин, А.Верещагин, М.Телеушов, Қ.Жұбаниязовтар әулеті, ағайынды Құлмантегі, Б.Пак және басқа да өнер адамдары бар болатын.

 Ақтөбе  облыстық  тарихи-өлкетану музейінің дамып, өркендеуіне  сүбелі үлес қосқан, Қазақстан музейлері арасында алдыңғы қатардағы мәдениет ордасына айналдырған, өмірінің 40 жылын осы салаға арнаған музей  директоры Рысжан Ілиясқызының орны ерекше. Рысжан Ілиясқызы 1963 жылы киелі шаңырақ — облыстық тарихи-өлкетану музейінде еңбек ете бастады. Ізденімпаз әрі еңбекқор жан өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы Ақтөбеде музей ісінің өркендеуіне күш салды. Жинақталған материалдар мен экспонаттардың негізінде ғылымилығы мен деректік базасы толық сауатты тақырыптық экспозицияның қалыптасуына жағдай жасады. Өлкетану бағытындағы ізденістері арқасында өңірдің тарихы мен мәдениетіне қатысты оқиғалар мен тұлғалардың есімдері жинақталды. Республикадағы музей қызметкерлеріне үлгі болатындай музей ісіне қатысты «Қазына», «Арулар — аналар, даналар», «Далам тұнған шежіре», «Ел иесі, жер киесі...», «Музей — мәдениет ғибадатханасы, таным мен тарихтың қайнар көзі», «Шежірелі Ақтөбе» еңбектері жарық көрді. Көп жылдық еңбегі үшін Рысжан Ілиясқызы «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы, «Құрмет» орденінің және басқа да мемлекеттік наградалардың иегері. Бүгінде Р.Ілиясова жарты ғасыр еңбек жолын аяқтағанымен өлке тарихын зерттеуді тоқтаусыз жалғастыруда.

 Осы жылдары музейде ұйымдастырылған танымдық шараларға қатысып, экспозициялардың ғылыми бағытта жасақталуына ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсеткен музейдің шынайы жанашыр досына айналған тарих ғылымдарының  кандидаты, профессор З.Байдосов, археолог-ғалымдар С.Гуцалов, Р.Бекназаров, В.Ткачев, А.Бисембаев, Т.Мамиров. Өлкетанушылар Қ.Еламанов, Б.Мырзабай, Б.Хасанов, В.Сотников, Р.Сегедин, Р.Арынғазиевалардың  алатын орны ерекше. Ақтөбе жеріне келген алыс-жақын шет ел қонақтарының өңіріміздің тарихи-этнографиялық, рухани құндылықтарымен, заттай мәдениетімен танысатын бірден-бір мекеме музей болды. Музейде көптеген ақын-жазушылармен қатар өнер, ғылым-білім саласының көрнекті азаматтарының қолтаңбасы қалды. Олар: А.Сейдімбеков, А.Райымбергенов, Қ.Ахмедияров, Т.Бегелдинов, Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, Қ.Сұлтанов, Н.К.Блиев, М.Аджи, О.Сүлейменов, С.Абдрахманов және т.б. Ақтөбе облысы мен Орынбор облыстары арасындағы мәдени  байланыс негізінде жиырма жылға жуық уақыт Орынбор бейнелеу өнері музейі қорынан «Орынбор түбіт шәлісі» көрмесі  ұйымдастырылып келеді.  

 Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі 1999 жылы Красноярскідегі «Открытый музей» Халықаралық ассоциясының 2003 жылы «Қазақстан ИКОМ-ы» Халықаралық музейлер кеңесінің мүшесі атанды. Бүгінгі күні музей қала мен  облысымыздың рухани орталығы ретінде, өткеннің жақсы дәстүрлерін бүгінгі күнмен жалғастырып, жаңашылдықпен жұмыс жасап отырған болашақтың музейі. 2003-2010 жылдар аралығында облыстық музейге ұзақ жылдар  облыстың мәдениеті мен өнер мекемелерін басқарған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Әйтеке би облыстық мейірімділік қорының төрағасы, білікті де парасатты Еркін Құрманбеков басшылық етті. Музейде еңбек еткен жылдары  жас қызметкерлерді музей ісіне бейімдеп, тарихтан орын алған ұлы тұлғаларды ұлықтауға арналған танымдық шаралар, ғылыми конференциялар, экспедициялар ұйымдастырып, кеңінен насихаттауды жолға қойды. Еркін Жолмырзаұлының бастамасымен Әл-Фараби, Шоқан, Абай, Махмұд Қашқари, Жалаңтөс, Бейбарыс, Ахмет Яссауи, Әбілқайыр хан, Әйтеке би, Исатай Тайманұлы, Қызыл Тұрдалыұлы, Молдабай, Қазанғап, Б.Қаратаев, А.Бірімжанова, А.Қалменов және басқа да тұлғалардың есімдері ұрпақ жадында сақталу үшін есімдері көшелерге берілді. Оларға байланысты халықаралық және республикалық деңгейлерде қоғамдық маңызы шаралар өткізілді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры жаңа экспонаттармен толығып, ғылыми маңызы бар деректер музей қорына тіркелді. 2010-2011 жылдар аралығында музейдің директоры болып ақын, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, халықаралық «Пен» клуб мүшесі  Амантай Өтегенов қызмет етті. Осы жылы музейде алғашқы рет Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Халықаралық музейлер күні қарсаңында  «Музейдегі түн — 2011» акциясы ұйымдастырылды. Бұл шара ақтөбеліктер үшін тосын жаңалық болып, музейдегі әр бөлім  қызметкерлерінің қатысуымен үлкен мәдени шаралар бағдарламасы дайындалып ұсынылды.

 2012 жылы ұзақ жылдар «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының бас режиссері қызметін атқарған, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Мәдени мұра» Мемелекеттік бағдарламасы бойынша «Атмұра» хабарын  ұйымдастырып, музей қызметкерлерімен бірге аудан, ауылдарды аралап, тарихи ескерткіштерді түсіріп, көпшілік назарына ұсынған, музей қорына экспонаттар жинауда, облыс мәдениетінің дамуына елеулі үлесін қосқан Бақытжан Ешбай басқарды. Музей қызметкерлері Қазақстан музейлері арасында мәдени байланыс  орнатып, іс-тәжірибе алмасу мақсатында  жылжымалы көрмелер ұйымдастырып келеді. 2009 жылы музей қорынан «Ақтөбе ғасырлар биігіне көз салғанда...» атты жылжымалы көрмесі Нұр-Сұлтан (Астана) қаласындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінде көрсетілді. Жылжымалы көрме жалғасын тауып, Ақтөбе өңірінен шыққан тарихта ізі қалған елі мен жерін қорғаған батырларды, ақын-жырауларды және ғылым, білім, өнер мәдениет саласына үлес қосқан атақты тұлғаларды насихаттау мақсатында «Құтты  мекен — Арайлы  Ақтөбем!» көрмесі Түркістан, Ақтау, Қызылорда музейлерінде өткізілді. 2013 жылы облыстық тарих, этнография және археология орталығы музейге қосылды. Осындай өзгерістер, музей қызметкерлерінің ғылыми бағыттағы ізденіс жұмыстарын одан әрі дамыта түсті.

 2013 жылы музей басшылығына білімді, іскер, музей саласын дамытуға күш салып келе жатқан, іскер азамат Мейрам Нұрланұлы Дүйсенғали келді. Көп жылдардан бері облыстық тарихи-өлкетану музейінің басты мәселелерінің бірі ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысын жасау болатын. Өкінішке орай 2014 жылдың 18 желтоқсанында ауданаралық экономикалық соттың шешімімен музей уақытша келушілерді қабылдамай, музей ғимаратын пайдалану тоқтатылады. Облыс әкімшілігінің тікелей араласуымен қаланың жаңа ауданында музей ісіне қатысты заманауи құрылыс талаптарын ескере отырып жаңа зәулім ғимараттың негізі қаланады.

 Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі алыс-жақын шетелдердің музейлері, ғылыми-зерттеу, оқу және мәдени мекемелерімен ғылыми ынтымақтастықты дамытуда.  Музейде отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығынаарналған «Қазақ  хандығының дамуы: дәуір, оқиғалар және тұлғалар» атты халықаралық ғылыми конференциясын ұйымдастырылса, 2016 жылы «1916 жылғы көтеріліс: себептері, барысы, тарихи маңызы» облыстық ғылыми-практикалық конференциясы, «Қадырбаев — 2016» V Халықаралық ғылыми конференциясы, «Ұзақбай Құлымбетов және Қазақстанның мемлекеттілігі» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді. 2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш қозғалысы: тарихы, зерттелуі және жаңа ізденістер» тақырыбындағы республикалық ғылыми-теориялық конференциясы, Есет батыр Көкіұлының 350 жылдығына арналған «XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ-жоңғар қақтығыстарындағы халық батырларының ролі: қазақ бірегейлігінің қалыптасуы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференциясы, ал 2018 жылы «Марғұлан оқулары — 2018. Рухани жаңғыру және археологиялық мұра» атты халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылып, Отан тарихының өзекті мәселелеріне қатысты шетелдік және қазақстандық ғалымдар өзара ой-пікірлермен алмасты.

 Облыстық тарихи-өлкетану музейі еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысты қоғамдық маңызы бар шараларға белсене қатысып, мәдениет мекемелерімен бірлесе отырып көрмелер ұйымдастырды. Атап айтсақ, 2015 жылы Астанада өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Мәңгілік ел» монументі жанындағы этноауылда Ақтөбе облысының «Ақтөбе жері — батырлар елі»,  2016 жылы «Қуатты өңірлер — қуатты Қазақстан» атты Ақтөбе облысының Нұр-Сұлтан қаласындағы күндері аясында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейінде «Ақтөбе жері— қаһармандық дастаны» және «Хан шатыр» ОСО алаңында «Ақтөбе өңірінің жауһарлары», «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы «Хас санат» өнер галереясында «Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері», ҚРҚК Әскери-тарихи музейінде «Дулығалы дала перзенттері» және «Ақтөбе зергерлерінің ізімен», Ресейдің Орск қаласында «Теплые традиции Актюбинской земли» көрмелері жоғары деңгейде өтті. Дәстүрге айналған «Музейдегі түн», «Жәдігер жерде қалмасын» акцияларын өткізу арқылы келушілерді музей ісін құрметтеу мен оның негізгі бағыт-бағдары туралы мәлімет беру қамтылған. Музейде «Керқұлан», «Жас археолог», «Руханият» және «Шолпы» үйірмелері жұмыс істеп келеді.

 Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты 2018 жылдың 14 қарашасы күні ресми ашылды. Еңселі ғимараттың ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының кітапханасының ұйымдастыруымен «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің тұсаукесерімен өз қызметін бастап кетеді. Еліміз үшін маңызды көрме жұмысына және облыстық тарихи-өлкетану музейі ұжымына Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және музей саласының ардагері Рысжан Ілиясова сәттілік тілеп, ашып берді. 

 Қазіргі уақытта музейде 10 зал бар. Жаңа музейде шеберханалар, ғылыми кітапхана, арнайы қор экспонатын сақтау бөлмелері, шығармашылық бөлмелері, т.б. бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз және ыңғайлы жағдайлар қарастырылған. 2018 жылы Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бес көрме залында тақырыптық-экспозициялық жұмыстар жүргізіле бастады. Бөлінген қаражат негізінде уақытша көрме залы, табиғат, археология, құнды және сирек экспонаттар және Қазақ хандығы залдары ашылды. Көркемдеу безендіру жұмыстарын «Заман-Ту» ЖШС (басшысы Ш.Қожаханов) жүргізді. 2019 жылдың 10 шілдесінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің «1869-1940 ж. ж. өлке тарихы» залы, «Ерлік пен Даңқ» залы, «1945-1991 ж. ж. Ақтөбе өлкесінің тарихы» залы, «Тәуелсіздік жолымен» залы және «Этнография» залы өз қызметіне көшті.

  Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлерінің ғылыми-шығармашылық ізденістері мен жинақталған тәжірибелерінің арқасында музей тақырыптық-экспозициясына жаңаша рең берді. Бұдан бұрынғы осы салада еңбек еткен ардагерлердің қолдауымен тақырыптық жспарлар талданып, талқыланды. Арнайы құрылған Ғылыми кеңес мүшелерінің қолдауымен жаңа экспонаттар сатып алынды немесе шеберлерге жасатылды. «Заман-Ту» ЖШС атынан осы жобаға қатысып жүрген, бас суретші Е.Қырықбаев, суретшілер Ә.Абылаев, Т.Адырбеков және басқа да көркемдеу-безендіру жұмыстарына қатысқан мамандар музейдің ғылыми қызметкерлері М.Буханова, Қ.Шахуова, Л.Нуркеева, А.Ертеміров, Р.Битурин, А.Шалманова, А.Қызылбаева, Б.Есіркепов, А.Мақсатқызы, А.Бисембаев, Н.Баиров, В.Амелин және Ә.Уразовамен бірлесе отырып жұмыс жасады.

 Тақырыптық-экспозициялық жұмыстардың жоспарына сәйкес табиғат залында Ақтөбенің табиғатына қатысты, оның ішінде, Ырғыз-Торғай резерваты мен даласы диорамалары, ғарыш кеңістігіндегі орналасқан тоғыз планета, Ақтөбе облысының геологиясы, флорасы мен фаунасына қатысты мәлімет беретін экспонаттар қойылды. Бұдан бөлек Ақтөбе облысының ХХ ғасырдағы Қазақстан геологиясы мен өңірдегі тау-кен өндірісі тарихына қатысты материалдық заттар, салада еңбек еңбек еткен ғалымдар, мамандарға қатысты фото-жазба деректер қойылды. Қазақ халқының этнографиясына қатысты музей қызметкерлері халық шеберлері туралы мәліметтер, қолданған заттарын, қазақ жауынгерінің қару-жарақтары, ат әбзелдері, саятшылыққа қатысты, ұлттық аспаптар түрлері, қолөнер бұйымдары мен киіз үй мен мал шаруашылығына қатысты экспонаттар қойылды.

 ХХ ғасырдағы өлке тарихы залында Ақтөбе жерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, демократиялық қозғалыстар мен оқу-ағарту ісінің дамуы, мемлекеттік құрылысты қалыптастыру мен кеңестендіру саясаты, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл мен майдандағы ақтөбеліктер, соғыстан кейінгі жылдардағы Ақтөбе облысының шаруашылығы мен мәдениетінің дамуы, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі облыстың дамуы қатысты заттай және жазбаша деректер экспозициядан орын алды. Ғимарат залдарының ауқымдылығына қарай жаңадан археология, этнография, құнды және сирек экспонаттар мен уақытша көрме залдары ашылып, тақырып аясында келушілер кеңінен мәліметтер алуына мүмкіндіктер туды.

 Музей суретшілері О.Төлегенов, Д.Жұмахметов, және Р.Нұрғалиев қорда сақталған материалдарды өңдеп берсе, бағдарламашы А.Қоңырбаев ұсыныс есебінде берілген материалдарды компьютерлік өңдеуден кейін жинақтап, басылымға дайындап отырды. Музейдің жаңа тақырыптық-экспозициясының жасақталуына қор бөлімінің қызметкерлері Б.Тұрлыбаева, Ж.Данабаева, Л.Нуркеева, Қ.Талжанов, С.Абишева, К.Сейітхан, Б.Отарбай, А.Сәрсенова экспонаттардың тақырыпқа сәйкес жинақталуы мен жеткізілуіне жауапкершілікпен қарады. Жаңа материалдарды игеру мен келушілерге ғылыми-танымдық сапалы мәліметтерді экскурсия барысында жеткізу әрі тақырыптар бойынша насихат жұмыстарын ұйымдастыру экскурсиялық-бұқаралық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлері А.Сарыбай, Ж.Шайманова, Ә.Рамазанов, А.Сәмен және Д.Әзімге жүктеліп отыр. Бүгінде келушілердің басым көпшілігі бөлім қызметкерлерінің қысқа уақыт ішінде ауқымды тақырыптар бойынша қызықты экскурсиялар ұйымдастырып келе жатқандарына дән риза. Музей ісіндегі әдіс-тәсілдерді жетілдіру, қоғамдық маңызы бар шараларға қатысты ғылыми-әдістемелік бағытта аудандық музейлерге көмек беру бағытында қызметкерлер Қ.Ермұқан, Н.Ғаббасов, Н.Сансызбай, А.Отарбаев жемісті еңбек етуде.

 Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратының салынуына байланысты тақырыптық-экспозициялық жоспарға сәйкес озық технология үлгілері ұсынылды. Көрме залдарында көлемді LED экрандар, интерактивті виртуалды кітап, мультимедиялық жабдықтар, виртуалды голографиялық,  бағдарламалық кешені бар ақпараттық дүңгіршек, металл детекторы, АR-карта және т.б. технологиялар қосылып қызмет көрсетуде.

 Қазіргі уақытта облыстық тарихи-өлкетану музейі білікті әрі білімді музей қызметкерлері еңбек етіп келе жатқан, қор сақтау, көрмелік, ғылыми-ізденіс жұмыстарын жолға қойған, республикадағы іргелі мәдениет мекемелерінің бірі болып табылады.

 

Арман ЕРЖАНОВ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қазіргі заман тарихы ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің аға ғылыми қызметкері

Сағымбек  ҰЛЫҚПАНОВ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі көпшілікпен жұмыс және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің менеджері.

2571 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper