Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай шетелдік қонаққа музейдің екі залын, атап айтсақ, "Алтын" залы мен этнография залын аралатып көрсетті. Өз кезегінде Акие Абэ ханым тарихы бай, ерекше салт-дəстүрі бар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, Алтын адамның тарихымен танысқанына қуанышты екенін жеткізді.
"Ұлттық музей ғимаратының өзі өте ерекше əдемі салынған екен. Мені əсерге қалдырған жайт - Қазақстанда тұратын көп ұлттар бір шаңыраққа жиналған екен. Бұл өте жақсы. Жапон халқы мен қазақ халқының салт-дəстүрі екі бөлек əлем, яғни, айырмашылығы көп. Сондықтан, қазақ халқының салт-дəстүрімен танысу, киіз үйіне кіріп көру ( Ұлттық музейдің этнография залындағы киіз үй) мен үшін таңсық əрі қызық болды. Тек бір ұқсастық- қазақ халқы сияқты біз де отбасымызбен түгелдей бір дастарқанға жиналып, жерге отырып тамақ ішеміз. Мен музейге тағы келіп көргім келеді",-деді музейдегі экскурсия аяқталғаннан кейін Акие ханым.
Сондай-ақ Жапония премьер-министрінің зайыбы Ұлттық музейдің сыйлығын қабылдай отырып, музейдің сыйлы қонақтары кітабына тілегі мен қолтаңбасын жазып қалдырды.