Музей өзінің Білім беру қызметінің шеңберінде «Отбасында, мектепте және басқа да әлеуметтік институттарда лидерлік қасиетті дамыту» ғылыми жобасымен жұмыс істеп келеді. Жобаның мақсаты Мемлекет басшысының өмірбаянын тереңдетіп зерттеу мен оның тұлғалық және саяси ұстанымын өскелең ұрпаққа насихаттау болып табылады.
Жастар еңбек пен қоғамдық өмірге араласа отырып, әлеуметтік-экономикалық, саяси-идеялық, отбасылық үрдістерге толық кіріге алмайды. Әлеуметтік институттар қалыптастыратын лидерлікке ұмтылыс басқа адамдармен қарым-қатынасында өзін-өзі көрсете алуына, өз пікірін білдіруіне ықпалын тигізеді. Шығармашылық әлеуеті мен мықты мінезі бар лидер-адам қоршаған ортаны қайта жаңғыртатын қызықты істермен тартымды оқиғаларды іздеумен болады. Лидер болу – уақыт талабы. Лидерлік қасиетті дамытуда қоршаған ортаның әсері зор. Лидерлік тұлғаның инновациялық қызметі – қоғамның дамуына шығармашылық үлесінің негізі болып табылады.
Осыған орай, ғылыми жоба аясында «Елбасытану», «Жастардың бойында лидерлік қасиетті дамыту жағдайлары» атты элективті курстары ұйымдастырылып, оған бірқатар белсенді жастар, мектеп оқушылары қатысып келеді. Курс шеңберінде белгілі тұлғалармен кездесу ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. «Елбасы жолы» фильмінде басты рөл – Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының тұлғасын сомдаған Нұрлан Әлімжанмен кездесу Елбасымыздың көшбасшылық қасиетін үлгі ете отырып, оқушылардың бойында лидерлік қасиетті дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, қатысушылар актер, әнші әрі сазгер Нұрлан Әлімжанмен тікелей пікір алмасып, өздерін толғандырған ой-толғамдары және сұрақтарымен бөлісуге мүмкіндік алады.
Кездесу 2015 жылдың 28 қазаны күні сағат 15.00-де өтеді.
Фото: nurotan.kz