«Мәдени мұра» және «Тарих толқынындағы халық» мемлекеттік бағдарламалары тарихшыларға Керей мен Жәнібек хандық құрған 1465 жылдардағы оқиғаларға ғана емес, сонымен қатар дәстүрдің қалыптасуы, ақша саясаты, заң, тіпті этностың қалай пайда болғанына қатысты мыңдаған мәліметтерді там-тұмдап жинауға мүмкіндік берді. Тәуелсіз Қазақстанның орта ғасырлардан бүгінгі күнге дейінгі жолын нақты құжаттармен, табылған археологиялық экспонаттармен негіздеуге мүмкіндік бар. Ғалымдардың пікірінше, бұл мәліметтер оқырмандарға жетуі тиіс.
Меруерт Әбусейітова, тарихи материалдарды зерттеу республикалық орталығының директоры:
- Біз тарихымызды, мәдениетімізді таныту үшін еңбектеніп жатырмыз. Сондықтан соңғы уақытта табылған тың тарихи деректер, нақты құжаттар балабақша оқулықтарына енгізілуі тиіс. Тарих мектеп қабырғасынан бастап емес, балабақшадан бастап оқытылуы керек.