Анонс


Ұлттық музейде «ЕХРО-2017 – болашақ энергиясы» жобасы таныстырылады

Сейсенбі, 30 Маусым 2015 15:24
Ұлттық музейде «ЕХРО-2017 – болашақ энергиясы» жобасы таныстырылады KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 2 шілде күні сағат 16.00-де Астана күніне орай «Астана сәулеті: бүгін, ертең» атты дөңгелек үстел өтеді.

Шара шеңберінде Ұлттық музейдің залдарына  экскурсия ұйымдастырылады. Жиын Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбайдың алғы сөзімен ашылады.

 Дөңгелек үстелге ҚР еңбек сіңірген және құрметті архитекторы, академик Серік Рустембеков, ҚР мемлекеттік елтаңбасының авторы, архитектор Жандарбек Мәлібеков, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті, құрылысшы Сапар Ысқақов, Премьер-министрдің жеке фотосуретшісі, фотожурналист Шүкір Шахай, Ұлттық музейдің сәулетшісі, архитектура докторы, Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі, Мәскеу университетінің профессоры Владимир Лаптев,«Алғашқы Астаналықтар» жобасының авторы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Астана қаласының бірінші баспасөз хатшысы Сәдібек Түгел қатысады.

Тақырыпты талқылау, сұрақтарға жауап беру, пікір алмасу түрінде өтетін дөңгелек үстелде Астана қаласының Бас жоспары ғылыми-зерттеу институты, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы өкілдерінің пікірлері тыңдалады.

Басқосу барысында Еуразия континентінде пайда болған жас Астананың әлемдік архитектурадан алатын орны, құрылыс кешендерінің өзіне тән ерекшеліктері және қаланың болашақтағы даму жоспары талқыланады. Сонымен қатар Еуропа мен Азияны тоғыстырып қана қоймай, Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің үндестік алаңына айналып отырған шаһардың әлеуметтік һәм рухани өміріндегі ілкімді ізденістер сөз болады.

Бұған қоса уақыт пен талғамның, сын мен төзімнің тезінде шыңдалған жас қаланың «Орталық Азияның жауһары» деген атаққа ие болу жолындағы батыл бастамалары мен тыңға түрен салған идеялары ой елегінен өткізіледі.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Астананы феномен ретінде қарастырып, оның әлем қауымдастығының рухани, діни және экономикалық орталығына айналып отырғандығын айтады.

Жиында «ЕХРО-2017 – болашақ энергиясы» жобасы  таныстырылып, көрме кешендері жайлы жан-жақты мәлімет беріледі және Астананың қазіргі мәртебесі мен деңгейі оған тарихи, саяси, экономикалық,  мәдени, рухани, танымдық тұрғыдан алғанда зор жауапкершілік жүктейтіндігі баяндалады. 

 
2653 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper