Анонс


Б.Оразымбетова: Р.Ердоғанға Қызылорданы көрсету керек еді

Бейсенбі, 14 Мамыр 2015 09:26
Б.Оразымбетова: Р.Ердоғанға Қызылорданы көрсету керек еді KAZMUSEUM.KZ -  

Еліміздегі түрлі мерейтойлар мен облыстардың орналасуы мен қалыптасу тарихын музейлік туризм жобасына қосу керек. Бұл пікірді белгілі музейтанушы ғалым Бақытхан Оразымбетова айтты.

«Биыл Жамбыл облысының аумағында өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығы музей туризміне сұранып тұрған елеулі оқиға. Әлемде көлемі жағынан 9-шы орынды иеленетін мемлекет кешегі өткен хандар, билер және батырлар институтына құрметпен қарауы тиіс. Осы үш институтты кеңінен насихаттау үшін музейлерге мүмкіндік жасауымыз керек. Біздің жер көлеміміз кімді де болмасын қызықтырады. Аз ғана халықтың ұлан-ғайыр даланы қалай сақтап қалғанын осы өңірдегі музейлер кеңінен көрсете алады деп ойлаймын. Сонымен қатар, осы мерейтой аясында Оңтүстік Қазақстан облысы да қала мәдениеті туризміне сұранып тұр. Облыстағы көне қалалар мен бүгінгі қалалардың дамуы осының айғағы», - деді Б.Камалқызы.

Музей туризмінің түрлі жолдарын терең зерттеген ғалым Алматы қаласы мен Қызылорда облысына қатысты пікірлерімен де бөлісті.

«Алматы қаласында  ОҚО тәрізді қала мәдениетінің туризмін дамытуға болады. Алматының Ұлы Отан соғысына дейінгі және соғыстан кейінгі дамуы туристерді қатты қызықтырады. Біз осыны көрсете алмай отырмыз», - деді ол.

Оның айтуынша, Қызылорда облысының тарихы бүкіл түркі дүниесін біріктіруге әсер ете алады.

«Қызылорда облысы жайлы айтатын болсақ, өткен айда Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Президенті Реджеп Ердоған мырзаны Қызылорда облысына алып бару керек еді. Қызылорда облысының тарихы - бүкіл түркі дүниесіне ортақ тарих. Біз мәдени туризмді дамыту үшін тек ерекшелігімізді ғана көрсете бермей, өзге халықтармен ортақ дүниелерімізді де көрсетуіміз керек. Ердоған мырзаға өздерінің шыққан тегін, жерін көрсеткенде тамаша болатын еді», - дейді Б.Камалқызы.

Ол сондай-ақ, көрші мемлекеттермен де музей туризмінің маршруттарын әзірлеген дұрыс деп санайды.

«Ортақ тарихымызды көрсету кезінде Өзбекстанмен байланысты дамыта түсуіміз керек. Қазақтың көптеген Жалаңтөс, Төле би, Әйтеке би тәрізді тұлғалары өзбек жерінде жерленген. Бекет ата өзбек жерінде діни сауатын жетілдіргені белгілі. Демек, өзбек пен қазаққа ортақ тарихи дүниелер көп. Сондықтан көрші елдермен де бірлескен музей туризміне қатысты маршруттар дайындауымыз керек», - деп сөзін түйіндеді Б.Камалқызы.  

 

Фото: altyn-orda.kz

2762 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper