Отандық гидтердің Астанадағы Ұлттық музейге әр жолы билет сатып алуы жөніндегі мәселені KazGuides гидтер қауымдастығы өкілдері бірнеше рет кездесулер мен дөңгелек үстелдерде көтерген болатын. Бір гид күніне бірнеше туристік топты ертіп әкелуі мүмкін, бірақ әр кірген сайын жаңа билет алуға мәжбүр. Оның үстіне әр залға кіру бөлек төленеді – толық экскурсия шамамен 6 мың теңгеге дейін жетеді.
Осы себепті көптеген гидтер Ұлттық музейді өз бағыттарынан алып тастайды, бұл туристер легі мен музейге қызығушылықтың төмендеуіне әкелді.
Қазіргі таңда Ұлттық музей бір туркомпаниямен меморандум жасасқан, сол компанияның гидтері тегін кіре алады.
Respublica партиясынан Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова мен Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғали кездесу барысында келісімге қол жеткізді: енді туристік топтарды ертіп жүретін басқа гидтер мен компанияларға да тегін кіру мүмкіндігі қарастырылатын болады.
«Егер музейлер туристік бағыттардың бір бөлігіне айналсын десек, гидтер мен туроператорлар үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек. Бұл – бизнесті қолдауға және ішкі туризмді дамытуға бағытталған нақты қадам», - деді Екатерина Смолякова.
Сонымен қатар гидтерге топпен келген жағдайда тегін кіруге мүмкіндік беретін арнайы бейдждер жасау ұсынылды. Тараптар музейдің жабдықтарын жаңарту, коммерцияландыру және қызметкерлердің жалақысын арттыру мәселелерін де талқылады.
Екатерина Смолякова музейлердің мәртебесін арттыру және олардың туризмді дамытудағы рөлін күшейту жұмыстары депутаттық деңгейде жалғасатынын атап өтті.
