Анонс


Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күнін атап өтті

Сәрсенбі, 20 Сәуір 2022 00:22
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күнін атап өтті KAZMUSEUM.KZ -  

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарын қорғау күніне арналған дәстүрлі мерекелік іс-шарасы өтті.

Мерекелік іс-шара «Есік» музей-қорығының директоры Гүлмира Райылқызының құттықтау сөзімен басталды. Музей-қорықпен жыл бойы белсенді әріптестік танытқан туризм саласындағы гид экскурсоводтарды музей ісіне қосқан үлестері үшін арнайы алғыс хатпен, естелік сыйлықтармен марапатталды.

«Атадан мал қалғанша тал қалсын» ұстанымын жалғастыру мақсатында жеке кәсіпкер Көкенов Нұрланның тарапынан сыйға тартылған шырша ағаштарын отырғызуға шараға келген қонақтар мен музей қызметкерлері қатысты.

Мереке аясында музей-қорықта Наурыз мейрамы да аталып өтті. Қонақтар Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырған ақындар айтысын тамашалады. Еліміздің рухани өмірімен ертеден біте қайнасып, бірге  жасап келе жатқан қайталанбас өнері айтыс қазақтың ұлттық мақтанышы екендігін ақындар тілге тиек етті. Бір-біріне өткір сұрақтар қойып, тұщымды жауап ала отырып айтыстың көркін қыздырды.

Студенттермен ойнатылған квест ойыны кезінде сақ мәдениетінен жеткен құнды жәдігерлердің сырын ашуға барын салған ойыншылар мереке шырайын кіргізе түсті.

Байдаралы отбасы қазақ халқының жауынгерлік өнеріне арналған қойылымда садақ, найза, қылыш, айбалта және пышақ сынды қаруларды қарсыласына сермеу, қолдану әдістерін көпшілікке көрсетті.

Сондай-ақ Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны саятшы Нұрасылхан Сейтханұлы құсбегілік өнердің қыры мен сырын көрсетіп, көпшілікті ерекше өнерімен таң қалдырды. 

Ғұмарбек Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің студенттері «Адай», «Балбырауын» күйлерін шертіп, мың бұралған бишілер қазақ биін билеп, ақиық ақын М.Мақатаевтың өлеңдерін оқып, мерекелік іс-шараны қыздырып, артынан қорғандар арасында флешмоб ұйымдастырылды.   

Музей қонақтарына «Есік» музей-қорығының экспозициялық залдарына экскурсиялар жүргізілді. Мерекелік іс-шараға қатысқан қонақтарға ақ дастархан жайылды. Музей-қорықтың қонақтары мерекелік шараның жақсы ұйымдастырылғанын айтып, музей ұжымына шығармашылық табыс тілеп, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс жасай беретіндіктерін білдірді.

 

Гүлмира ЖҰМАЙ, аға ғылыми қызметкер

2232 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper