Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды деген сенім болған. Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызының айтуынша, наурыз мерекесін көшпелілер ғана емес, бүкіл Орта Азия жұрты, Шығыс халықтарының көпшілігі және батыс пен Американың бірқатар жергілікті халықтары да жыл басы санағандығын айтады. Наурыздың исламмен немесе басқа дінмен тікелей байланысы болмағанымен, халықтық жыр-аңыздар әз-Наурызды топан су тартылып, Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған (қазақ аңызы бойынша Қазығұрт тауына тоқтаған) кезеңмен байланыстырады. «Құрғаққа шыққанда Нұқтың кемесінде әр азық-түлік түрінен бір-ақ уыстан қалған екен, солардың бәрін қосып, бір қазанға қайнатып ас пісіріпті. Наурыз көжені жеті түрлі дәмнен жасау содан қалыпты» дейді қазақ аңызы. Мұсылман шығыс жұртының бірқатарында наурыз көжеге ұқсас дәм бар. «Наурызнаманың» көне нұсқалары да көптеген мұсылман халықтарында кездеседі. Кез-келген жиын-тойды Алладан тілек тілемей бастамайтын да аяқтамайтын халқымыз Наурызда да өлілердің рухына құран бағыштап, Алладан тілек тілесіп, бұл мерекені мызғымас рухани дәстүрге айналдырған. Сондықтан болар, наурыз көжені оңтүстікте «құдайы көже» деп те атай береді. Наурыз көжеге ең кемі жеті түрлі дәм қосылады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді
Наурыз мейрамында халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады. Әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, жатқылықтардан өздерін аулақ ұстайды. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алатын болған (Қазақ энциклопедиясы, 7 том).
Наурыз мерекесіне хазірет Әли және Муауия сынды сахабалардың қарсы болмағандығы тарих кітаптарынан мәлім. Тарихшы әл-Хатыб әл-Бағдадидің атуынша, имам Әбу Ханифаның атасы Нұғман ибн Марзубан сахаба Әли ибн Әбу Талибке наурыз күні «фәлузаж» деп аталатын бір тәтті тағам ұсынған. Хазірет Әли «Бұл не?» деп сұрағанда Нұғман ибн Мәрзубан «наурыз күніне орай пісірілген тәтті тағам» деп жауап берген. Сонда сахаба Әли «Бізге күніге осындай наурыз тағамын әкеліп тұрыңдар» деген екен. Сахаба Әлиге наурыз тағамын бірнеше адам ұсынған.
Түйін. Наурыз – күллі түркі - мұсылман қауымына ортақ, бірлік пен достықтың мейрамы. Наурыз - адамзат қоғамына ата-баба дәстүрін ардақтауға, ұлттық мұрамызды ұлықтауға, ұлтаралық татулықты нығайтуға серпін беретін ұлық мереке. Сондықтан да түркі халықтарында «ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деген ұлағатты сөз бекер айтылмаған. Наурыз айында төрт түлік төлдеп, қоралары малға толып, көшеттер отырғызылып, тіршілік атауы жаңарып, әлем жаңа кейіпке енетін болған. Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мұсылман қазақ ұлтының рухани құндылыққа толы қастерлі мерекесі ретінде лайықты деңгейде аталып өтілуі тиіс деп санаймын.
Ерқожа АБДУАХИТОВ, Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ғылыми қызметкері, философия мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар магистрі