Анонс


Белгілі актер Азамат Сатыбалды музейлік жобаны қолға алды

Сейсенбі, 12 Қыркүйек 2017 19:28
Белгілі актер Азамат Сатыбалды музейлік жобаны қолға алды KAZMUSEUM.KZ -  

Алматы музейінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласының 1001 жылдығы аясында ұйымдастырылған  «Музей маусымы» жобасының салтанатты түрде ашылуы өтті.

«Музей маусымы» - танымал өнер адамдарының барлық алматылықтар мен қала қонақтары назарын музейге аударып, музейге келушілер көлемін арттыру, сол арқылы қала мәдениетінің дамуына үлес қосу, келушілерді отан тарихын құрметтеуге шақыру мақсатында жасаған жобасы болып табылады. Идея авторы - Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды.

Жыл соңына дейін жоспарланған жоба тікелей Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.  «Музей маусымы» жобасының  осы уақыт көлеміне алдын-ала дайындалған жоспары бойынша:

- «Жұлдызбен музейде» - әр апта сайын Қазақстан өнер жұлдыздары музей экспозициясы бойынша экскурсовод қызметін атқарады;

- Музейге келушілер арасында «Үздік селфи», мектеп оқушылары арасында музей туралы «Үздік шығарма», Алматыдағы фототілшілерге арналған «Фотосессия» конкурстары ұйымдастырылып, сыйлықтар табыс етіледі;

- Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Суретшілер Одағының қолдауымен шығармашылық кештер ұйымдастырылады;

- «Мен Алматының бөлшегімін» акциясы бойынша қала тұрғындары өз үйлеріндегі тарихи құндылығы бар жәдігерлерді музей қорына тарту етеді. Желтоқсан айында ең жақсы жәдігер тарту еткен адам Алматы қаласы әкімінің алғыс хаты мен бағалы сыйлықтармен марапатталады.

 Ашылу салтанаты баспасөз конференциясымен басталып, өнер жұлдыздарының ашық аспан астындағы концертіне ұласты. Ашылу салтанатына  Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды, Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мулюкова Найля Ахатовна, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы ҚР Суретшілер Одағы басқармасының жауапты хатшысы Жанарбек Берістен Таниғазыұлы , т.б. қатысты.

 А. Сатыбалды баспасөз конференциясында сөйлеген сөзінде: «Алматы қаласында тұрып, өзін алматылық санайтын әрбір жан, қалаға келген әрбір қонақ қаламыздың 1000 жылдық тарихын көрсететін Алматы музейін келіп көруге тиіс. Сол үшін де музейді таныту баршамыздың міндетіміз. Бүгін маусымды салтанатты түрде ашып отырмыз. Ертеңнен бастап жоба жойынша жұмыстар басталады. Қала мәдениетін дамытуға теңізге құйған тамшыдай болсын үлесімді қосуды Отан алдындағы борышым деп санаймын» деді.     Сонымен қатар, ол «Мен Алматының бөлшегімін» акциясының алғашқы қатысушысы ретінде өзінің отбасылық жәдігері 1958 жылы жасалған сағатты музейге салтанатты түрде табыстады.

Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Н.М. Дүкенбаев: «Бұл жоба музей аудиториясын қалыптастырудың дәстүрлі үлгісінен бөлек ерекше тәсіл, деп атап өтті. Сондай-ақ, «Мен Алматының бөлшегімін» акциясы бойынша жыл соңына дейін музей қорына өткізілген жәдігерлерден уақытша көрме ұйымдастыратын боламыз» деді.

 

 Толғанай Махамбетәлі

 

2864 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper