Анонс


Н.Назарбаевтың ұлт руханиятына қатысты мақаласы музей саласына қандай міндеттер жүктейді?

Бейсенбі, 13 Сәуір 2017 02:33
Н.Назарбаевтың ұлт руханиятына қатысты мақаласы музей саласына қандай міндеттер жүктейді? KAZMUSEUM.KZ -  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамның рухани-мәдени жаңғыруын көздейтін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Назарларыңызға мақаладағы өзге салалармен қатар музей саласына да қатысты міндеттерді ықшамдап жариялағанды жөн көрдік.

«Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым.

Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңыз­ды екі процесі – саяси реформа мен эко­номи­калық жаңғыруды қолға алдық.

Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу», - деп мақаласының алғы сөзін бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рухани жаңғыру мәселесіне кеңінен тоқталып өткен.

«Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес.

Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық.

2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық.

2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік.

Енді осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз», - деген Мемлекет басшысы жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс екенін де атап көрсетті.

Нұсұлтан Әбішұлының пікірінше, керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.

«Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.

Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы.  

Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын.

Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қа­зақ­стан­дықтың санасын жаңғыртудың бір­неше бағы­тын атап өтер едім», - дейді Елбасы.

Мақаланың музей мамандары үшін ерекше бөліп қарастыратын тұстары да жетерлік. Терең мазмұнға толы мақалада Мемлекет басшысы ерекше әрі қызықты идеяны ұсынды.

«Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.

Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.

Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі.

Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.

Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.

Туған жерге деген сүйіспеншілік нені біл­діреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?

Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді  абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді», -деген Нұрсұлтан Әбішұлы «патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» деген тілегін де білдірген.

Елбасының айтуынша, «Туған жер» бағ­дар­ламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек.

«Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек.

Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.

Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі.

Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген.

Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз.

Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.  

Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мав­золейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жеті­судың киелі мекендерін және басқа да жерлер­ді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді», - деп тарихи ескерткіштердің ұрпақ тәрбиелеудегі рөлін атап көрсеткен.

«Биыл Үкімет жұртшылықпен ақылдаса отырып, жобаны әзірлеуі керек.  Онда үш мәселе қамтылғаны жөн. Нақтырақ айтқанда:

1. Аталған «Мәдени-географиялық бел­деу­дің» рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу қажет.

2. БАҚ осыдан туындайтын ұлттық ақпараттық жобалармен жүйелі түрде, мықтап айналысуы керек.

3. Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқы­мыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс. Мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түр­­кістан немесе Алтай – ұлттық немесе құр­лықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құн­дылықтар», - деген Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған жобасының негізгі мақсаттарының біріне де тоқлатып өткен.

«Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек.

Бұл жоба нені көздейді?

Бірінші, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт.

Екінші, ол бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс.

Үшінші, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек.  

Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал.

Төртінші, бұған ауқымды мемлекеттік қол­дау жасалуы қажет. Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар министр­ліктері жүйелі түрде, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек.

Бесінші, бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиіс.

Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкіл­дері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анық­тап алуымыз керек.  

Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін ірік­теп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныс­тыру рәсімдерін өткіземіз.  

2017 жыл жер жүзіне мәдениет саласындағы қай жетістіктерімізді көрсете алатынымызды ай­қындап алу тұрғысынан шешуші жыл болмақ. Содан соң бірегей бағдарламаны 5-7 жылда тың­ғылықты жүзеге асырамыз.  

Осылайша, мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құр­лық­тарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтін болады.

Алтыншыдан, ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс.

Мен бүгінгі замандастарымыздың жетіс­тік­терінің тарихына да назар аударуды ұсынамын.

Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн.  

Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ.

Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы.

Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады», - деп пікірін білдірген Елбасы ұсынған жобасының қандай мәселелерді шешу керектігін де айтқан.   

«Бұл жоба үш мәселені шешуге бағытталғаны жөн.  

1. Ақылымен, қолымен, дарынымен за­манауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адам­дар­ды қоғамға таныту.

2. Оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал ету­­дің жаңа мультимедиалық алаңын қалып­тас­тыру.

3. «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс», - дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мақаланың қорытындысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспеттігін айтып, ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керектігін алға тартқан.

«Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр.

Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жал­ғаса беретін процесс.

Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр.

Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңы­зын терең түсінеді деп сенемін.

Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарих­тың шаңына көміліп қала береді», - деп мақаласын түйіндеген.

 

 

Елбасының мақаласын музей қызметкерлері өздерінің жұмыстарына бағыт-бағдар ретінде пайдалануы үшін ықшамдап берілді. Мақаланың толық нұсқасын Ақорда сайтынан оқуға болады.

 

3202 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper