Шараның ашылуында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов Қазақстандағы ынтымақ пен ел бірлігінің маңыздылығына тоқталып, ары қарай да осы бағытта жұмыстарды жалғастыра беру керектігін айтты.
- Биыл мемлекетіміз үшін өте ерекше жыл. Себебі, ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Біз үшін Тәуелсіздіктен қымбат құндылық жоқ. Демек, оның қадіріне де жете білуіміз керек. Бүгінгі іс-шарамыздың басты мақсаты – қазіргі бірлігімізді одан әрі нығайту болып табылады. Бірлік, достық, келісім болған жерде өркендеу де, даму да болады, - деді Е.Тоғжанов.
Сонымен қатар, жиынға «Жайық-Орал» экспедициясының ардагерлері мен қатысушылары, Парламент депутаттары, ғылым және шығармашыл зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында экспедицияның 20 жылдық тарихын қамтитын «Жайық – достық өзені» атты фотосурет көрмесі өтті.
Айта кетейік, экспедицияның 20 жылдық тарихы бар. Алғашқы экспедиция 1997 жылы жасалды. 2001 жылдан бастап экспедицияның халықаралық мәртебесі бар. Ол жыл сайын ресейлік тараппен бірге өткізіледі.
Экспедиция біздің өңірлеріміз үшін өте маңызды. Себебі Жайық өзені бассейнінің экожүйесін, бай тарихи-мәдени құндылықтарды сақтап қалу проблемаларын, патриоттық тәрбие беруді өз миссиясы ретінде айқындайды.