Анонс


Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Наурыз шапағаты» атты мәдени-көпшілік шара өтті

Сәрсенбі, 16 Наурыз 2016 10:52
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Наурыз шапағаты» атты мәдени-көпшілік шара  өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстанның батыс өңірінің тұрғындар Наурыз мейрамын тойлауда. Бұл жақтағы жұрт бұл мерекені «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп атайды. Осыған орай Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Көрісу күніне арналған «Наурыз шапағаты» атты мәдени-көпшілік шара өтті.

Көрісу мерекесі — қазақтың үлкен мән-маңызға ие дәстүрі. Көпшілік мұны "Қауышу күні" деп те атайды. Көрісу айт негізінен еліміздің батыс аймақтарына тән әдет-ғұрып.

«Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді. Бүгінде жергілікті халық жыл сайын сағына күтетін бірден-бір салтқа айналды.

Таң атысымен «Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарханын қазақтың құрт, бауырсақ, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, сары май, уыз сынды дәстүрлі тағамдарымен көмкеріп, наурыз көжесін дайындап, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады. Оларға ерекше ілтипат көрсетіп, төріне шығарады, ас ұсынады. Бұл күні тұрғындар жасы үлкен адамдардың шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі. Жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын «Бір жасыңызбен!» деп құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық тілеседі.

Кішкентай балалар үшін де үлкен мейрам. Олар ауылдың барлық үйін аралап, үлкендерге көрісіп шығады. Олар қай үйге көрісуге кірсе де сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Бүгінгі музейдегі шара жас ұрпаққа Көрісу айт пен қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары туралы терең мағлұмат беру, сонымен қатар салт-дәстүрлерді айтып қана қоймай олардың орындалу барысын көрсету мақсатында өткізілді. «Әжелер сәлемі» халықтық-қоғамдық бірлестігі қонақ боп келген тағылымды шараны Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері тамашалады.

Шара барысында әжелер ең алдымен «Көрісу айттың» шығу тарихы туралы сөз қозғады. Одан кейін қазақтың ұлттық киімдерін киген музей қызметкерлері шағын қойылым қойып, әжелермен және залда отырған көрермендермен көрісіп, төс қағысты. Әжелерге, көрермендерге қазақтың ұлттық тағамы – наурыз көже ұсынылып, бауырсақтан ауыз тиді. Сонымен қатар әжелер қазақ халқының салт-дәстүрлерінің бірі - баланы бесікке бөлеу, тұсау кесу туралы әңгіме өрбітіп, ырымдарын жасады. Бала - отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі. Бүгінде жас сәбидің дүниеге келгенін атап өту рәсімге айналған. Мұның өзі үй ішіндегі отбасылық және адамдардың өзге де топтары арасындағы қарым-қатынастарды қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.

Шара әжелердің ән шашуларымен және дәстүрлі әнші А.Кемелханованың әнімен әрлене түсті. Шара соңында музей қабырғасында ұйымдастырылатын шараларға үнемі белсенді қатысушы «Әжелер сәлемі» халықтық-қоғамдық бірлестігіне «Алғыс хат» және сыйлықтар табыс етілді.

Көрісу күні құтты болсын! Айттан айтқа аман-есен жетейік, ағайын!

 

Мирболат ЕРСАЕВ,

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры

3333 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper