«Ғасырлар аманаты» республикалық акциясы жыл басында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде басталып, еліміздің 14 облысы мен республикалық мәртебесі бар 2 қаласында өтті. Акция кезінде Қазақ хандығының қоғам қайраткерлерінің тұлғасы мен тарих саласында қалам тербеген бірнеше жазушылардың еңбектері насихатталды.
Акция қорытындысы Тұңғыш Президент Музейі мен Ақмола облыстық тарихи өлкетану музейінің өзара әріптестік негізінде ұйымдастырылды.
Республикалық көлемде өткен бұл акцияға 90-нан астам қолөнер шебері, театр мен мәдениет қайраткерлері қатысып, ұлттық жәдігерлерімізді насихаттау үшін ерекше еңбек сіңірді.
Салтанатты рәсімде сөз алған ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің директоры Алма Сағынғалиқызы акцияның маңызы мен ұрпаққа берер тәрбиесіне тоқталып өтті.
- Акцияға қатысқан барлық қатысушыларға ризашылығымзды білдіреміз. Республикалық көлемде өткен бұл шара еліміздің тарихын насихаттауға ерекше үлес қосты. Бұл музейлер арасындағы өзара тиімді әріптестіктің жемісі болып саналады. Шараны өткізу кезінде музейлер тиімді байланыстар орнатып, Қазақ хандығының 550 жылдығын лайықты түрде атап өтуге барынша атсалысты. Ұрпаққа берер тәрбиесі зор маңызды шара алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдемін, - деді А.Сағынғалиқызы.
Акция аясында Ақмола облыстық мәдениет басқармасы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қысқаметражды деректі фильмдер дайындап, көпшілік назарына ұсынды.
Алғашқы деректі фильмде Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи романын жазу сәті бейнелеп, жазушының өміріне қатысты жәдігер көрсетілді. Абылай ханның өмірі мен саяси тұлғасына арналған екінші фильм Ақмола облыстық театрының әртістерімен бірігіп түсірілген. Фильмде Бурабайдағы «Хан тағы» тарихи орнының маңызы мен мәні суреттелген. Көкшетау қаласындағы әдебиет пен өнер музейі түсірген «Ақан сері» деп аталатын үшінші деректі фильм қазақтың ән өнері мен этнографиясына арналған. Фильмде Ақан серіге қатысты тарихи экспонаттар пайдаланылған. Деректі фильмдер желісін қорытындылайтын «Бөгенбай батыр» фильмінде батырдың ұрпақтарының жеке мұрағатында сақтаулы тұрған дулыға негізгі жәдігер ретінде қолданылған.
Сонымен қатар, шара аясында көрме ұйымдастырылып, Алматы, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының музей қорындағы жәдігерлер көпшілікке ұсынылды.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС