Анонс


Кейкі батырдың бас сүйегін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды

Сенбі, 26 Қараша 2016 03:16
Кейкі батырдың бас сүйегін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды KAZMUSEUM.KZ -  

Белгілі антрополог Андраш Жолт Биро аты аңызға айналған Кейкі батырдың бас сүйегін қалпына келтіру жұмыстары жөнінде айтып берді, деп хабарлады tengrinews.kz тілшісі. Естеріңізге салайық, Кейкі батырдың бас сүйегі осы жылдың 13 қазанында Будапешт қаласына зерттеуге жіберіліп, кейіннен Алматыға жеткізілген болатын.

«Бұл жоба Алматыдағы Орталық музейге тиесілі. Біздің институтқа осы жобаны тапсырғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Мажарстанда бас сүйекті зерттеуге арналған заманауи технология мен қалыпқа келтіруге маманданған ғалымдар бар», - деді Биро.

Оның айтуынша, Кейкі батырдың бас сүйегі қазақтардың басым көпшілігіне тән ортаазиялық топқа жататындығы анықталған.

«Қазіргі уақытта бас сүйектің 95 пайызы қалыпқа келтірілді. Ғылыми антропологиялық зерттеулер аяқталды. Мұрты, сақалы, шашы мен құлағын анықтау жұмыстары ғана қалды. Бұл жұмыстар алдағы желтоқсан айында аяқталады», - деді Биро.

Ғалымның айтуынша, мажарстандық институттың еуропалықтардан басқа, ғұндар мен аварларға және басқа да көшпелі халықтарға тиесілі сүйектерді қайтадан қалпына келтіру тәжірибесі бар. Кейкінің бас сүйегін қалпына келтірумен Әбілхайыр ханның сүйегін зерттеген тәжірибелі маман Агнеш Куштар айналысқан.

Сондай-ақ, зерттеу кезінде Кейкінің жасы мен қайтыс болған уақыты, алған жарақаты туралы да зерттеулер жүргізілген.

«Сараптама қорытындысына сүйенсек, кемінде жеті рет күрек немесе балға, кетпен тәрізді темір затпен ұрған. Бұл өте ауыр жарақат. Рентген арқылы зерттегенде үш жерден кесілгені де белгілі болды. Нақтырақ ғылыми арктильде бәрін көрсететін боламыз. Кейкінің бас сүйегінің сараптамасынан өте мығым, тістерінің өте жақсы болғанын, жасының 40-50 шамасында екенін білдік», - деді ғалым.

Оның сөзіне қарағанда, желтоқсан айында қазақстандық делегация Мажарстанға барып, зерттеу қорытындысымен танысатын болады. 

 

Фото: tengrinews.kz 

5187 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper