«Абай бейнесі біздің Ұлттық музейді жасақтау барысында «Тарих» залындағы «Тұғыры биік тұлғалар» экспозициясының төрінен орын алғанын да мақтанышпен айтар едік. Экспозицияға Семей қаласындағы Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінен сыйға берілген ақынның қолының табы қалған құтысы және 1909 жылы Петерборда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан шығармаларының түпнұсқасы сынды жәдігерлер қойылды. Абай құтысының тарихына мән бере кеткім келеді: 1883 жылы Абайдың орыс достары Н. И. Долгополов пен Н. М. Лобановский Семей қаласында тұңғыш «Өлкетану музейін» ұйымдастырады. Осы музейдің негізін салуға Абай да бір кісідей құлшына атсалысады. 1885 жылы ақын қазақ этнографиясын насихаттау мақсатында осы құтыны өлкетану музейіне өз қолымен апарып тапсырады. Сондай-ақ аталған музейге қазақтың киіз үйінен бастап барлық жиыны 60-тан астам тұрмыстық құнды дүниелерді сыйға тартады. Қазіргі күнде Ұлттық музей төрінен орын алған «Абай құтысының» қысқаша осындай тарихы бар», - деді Д.Мыңбай.
Қазақ музей ісіндегі Абайдың рөлін атап көрсеткен музей директоры ұлы ақынның адамзаттың рухани әлеміне сіңірген еңбегіне тоқталып өтті.
«Абай – қазақтың төлқұжаты. Ол – рухани деңгейіміздің барометрі. Ол – ел парасатының әрі рәмізі, әрі бақылаушысы. Сондықтан Ұлттық музей классикалық музейлердің дәстүрін сақтап, Абайдай даналардың мұрасын материалдық дүниемен ғана емес, білім-ағарту-таным жүйесімен таныта беруді мақсат тұтады. Біріншіден, Абай мұрасы білім жүйесі оқулығынан өмір жүйесі оқулығына ауысты. Екіншіден, Абай даналығы – ұлт даналығының эталонына айналып, Абай биігінің – ел биігі екенін айқындап, ұлттанудың міндетін атқарып келеді. Үшіншіден, Абай жолы «ел!» деп біріккен, «ұлт!» деп ұйысқан азаматтарымыздың жаңғыруға, сапаға ұмтылған жолы болып бекітілді. Біз осыған қуанамыз. Біз осындай жақсылықтың баяндылығына сенеміз», - деді Д.Мыңбай.