«Бірде Алматыдағы мұрағатқа барып «Сәкеннің қандай материалдары бар?» деп сұрадым. Сөйтсем, онда С.Сейфуллин халық комиссары болған кездегі барлық құжаттар сақталыпты. Ол ашылмаған, ешкім зерттемеген де. Сейділ Талжанов, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлиндер ғана қарап шығыпты. Осыдан кейін Орынборға барсам, ол жақта да Сәкенге қатысты құжаттар толып тұр. Жиналған құжаттар негізінде орыс тілінде «Сакен Сейфуллин - Председатель народных комиссаров Казахстана (г. Оренбург, 1922-1924 гг.)» деген кітапты 2-3 айдың ішінде жазып шықтым. Оны қазақша да жазып шығар едім, бірақ негізгі материалдар, халық комиссариатының барлық құжаттары, Ленинмен жазысқан хаттары орыс тілінде жазылған», - деді М.Әпсеметов.
Оның айтуынша, Грекияның ұлттық мұрағатынан да С.Сейфуллиннің 30-шы жылдары латын қарпімен жазған материалдары табылған.
«Мәселен, соғыс жылдары Мұстафа Шоқай Польшада «Прометей» деген журнал шығарған. Осы журналдың ең алғашқы нөмірлері Сәкеннің өлеңдерімен басталады. Міне, осы басылымдар алдағы уақытта қазақ тілінде аударылып, жарық көретініне сенемін», - деді ол.
Сондай-ақ кітап авторы 1922 жылы Орынбор қаласы зауыт, көпір салуға халық комиссариатынан қаржы сұрағанын, алайда С.Сейфуллин ең бірінші кезекте қаржыны Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жөндеуге бөлдіргенін атап өтті.
«Жалпы, С.Сейфуллиннің еңбектерін экономикадан, құқықтанудан сала-салаға бөліп, кітап қылып шығаруға болады», - деп түйіндеді ҚР Ұлттық мұрағатының басшысы.