Анонс


Ғани Мұратбаев - алаш ардақтысы

Жұма, 07 Ақпан 2025 01:04
Ғани Мұратбаев - алаш ардақтысы KAZMUSEUM.KZ -  

Ұлт азаттығы үшін күрескен ұлы тұлғаларымыз бен зұлмат жылдар турасында айтылмаған, жазылмаған дүние көп. Алаш тақырыбының кейбір тұстары зерттеушілердің өзіне әлі күнге дейін беймәлім күйінде қалып отыр. Кеңес қоғамындағы өзгерістер өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары қалыптасқан әкімшілік-әміршілдік жүйенің қыспағымен, халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы іске асырылды.

Бүгінгі Тәуелсіздік заманында өткен тарихымызды зерделеп, зейіндеу кезек күттірмейтін іс. Соның ішінде қазақ халқының басынан өткен небір зұлматты хатқа түсіріп, сақтаған мұрағаттың маңызы ерекше. Мұрағаттарда сақталатын ақпараттар мемлекеттің қоғамдық-саяси, экономикалық-мәдени дамуында ерекше орын алатын ұлттық стратегиялық байлық болып саналады. Бірақ, өкінішке қарай, сол кезеңдегі мұрағат қызметкерлері мұрағат қорларының сақталуына немқұрайды қараған, соның салдарынан қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты біраз құжат жоғалып кеткен. Бұл жөнінде ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатының  544-қорында  сан алуан  мәлімет жинақталған. Мұрағат материалдары буда-будасымен-отқа жағылған. Қазақ байларын тәркілеуге қатысты 32 іс ізім-қайым жоғалған. Олардың Ішкі істер министрлігінің сұрауы бойынша алдырылып, содан қолды болып кетуі де әбден мүмкін. 1929 жылы ел астанасы Қызылордадан Алматыға көшірілген кезде он жәшік іс-құжат ұрланған. Орынбордан Қызылордаға апара жатқан кезде де жүздеген мұрағат құжаты ғайып болған. Одан кейін де мұрағат қорларындағы материалдардың сақталуы қатаң бақылауға алына қоймаған. Бұған мұрағаттық жол көрсеткіштерін зерттегендер біраз құжаттың жанындағы «изъято» деген ескертулермен көп кездескендерін  айтады. Демек,  Алаш  арыстарына  қатысты шындықтар әлі де «құпия  грифімен»  сақталуда. Алаш арыстарының  қатарынан  ойып тұрып  орын алған  Шығыс жастарының  жарық  жұлдызы  Ғани  Мұратбаев  туралы архив деректері  әлі де толық  зерттелмеген. Орта Азия мемлекеттері жастарының  жетекшісі ретінде Ғани Мұратбаев туралы  Орынбор, Ташкент, Хиуа, Хорезм, Бішкек, Душанбе  архивтері  өз зерттеушісін  күтіп тұр. Себебі, Ғани  Мұратбаев жоғарыдағы  Республикаларды  қызмет бабымен  көп аралап, түрлі  жиындарға  қатысқан.  Жас Ғани бір өзі бірнеше  қызметтер атқара жүріп, ұлттық мектептерді  ашу  ісімен  айналысқан. Ашыла бастаған ұлттық мектептерге  оқулық  жазу ісін  ұйымдастыруды  қолға  алған. Ол   жер-жерлерде  ұлт тіліндегі әдебиет пен мәдениет тарихына қатысты  материалдар жинауға  өзгелерді жұмылдыра білген. Ашаршылық  жайлаған  аудандарды бірін-біріне  жалғап, халықты  барынша аман  алып  қалудың  жолын  ұйымдастырған. Әр халықтың  жергілікті  ерекшелігін  есепке ала отырып, бұл науқанды   асыра сілтеусіз, үгіт-насихат  жұмыстармен  жүргізуге атсалысуға араласқан. Қырғыз, Өзбек,  Түркімен, Тәжікстан  республикаларында шығынсыз коллективизация қайшылықтарын жеңе білуге атсалысқан. Сырдария мен  Әмудария бойында  ашыққан елдерді  аралап, бір үзім нанға  зар болған  халықты  Арал теңізі  арқылы екі тарапқа тасымалдау  жұмыстарына белсене  араласқан. Оған  «Құрметті  теңізші»   атағы  сол  үшін  берілді. Ғани Мұратбаев – жас кезінен-ақ, ұлтшыл, жинаған білім қазынасын халыққа таратуды өзіне борыш санаған һәм  сол пікірін іспен көрсете бастаған қазақтың болашағынан үміт күткен  ұлы қайраткері болды. Ұлт қайраткері аумалы-төкпелі заманда  мұң мен зардың, айтыс пен  тартыстың, өмір мен  өлімнің  бел ортасында жүрсе де  азаматтық тұлғасына  дақ түсірмеген Алаш қайраткерлерінің бірі  бола білді. Орынбор  қаласында өткен Жалпы қазақ-қырғыз  съезінде Қазақ-Қырғыз  өлкелік  автономиясы  жарияланғанын, Алашорда өкіметі  құрылғанын көзімен  көріп, оның  істеріне  белсене  араласқан. Бұл туралы  әрине,  ешжерде айтылмайды. Әйтсе де,  Алаш  көсемдері  оның жастығын ескеріп, саяси  жұмыстарға тартуға сақтанған сияқты. Себебі,  жас Ғани  Алаш қайраткерлері  Сұлтанбек  Қожановпен  бір аулада тұрып, Мәскеуде  Нәзір  Төреқұловпен және  сол тұстары Мәскеуде,   Ташкентте жауапты қызметтерде  жүрген  Алаштың  өзге де қайраткерлерімен  жақсы  араласқаны  белгілі. Егер оның  шын зерттеушілері  болса, архивтерде шаң басып  жатқан құжаттардан табуға  болатынына  көңіл сенеді.    

1922 жылы Ғани Мұратбаев Ресей комсомолы Орталық комитетінің тапсырмасымен өз алдына дербес республикалар – Бұқара мен Хиуа республикалары комсомол ұйымдарының қызметін үйлестіруші болады. Оның сол тұста Ташкенттегі Алаш қайраткерлері – Сұлтанбек Қожанов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Нәзір Төреқұловтармен идеялас болғаны да көп айтыла бермейді.

Көрнекті ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың естелігінде Ғанидың Сұлтанбек Қожанұлымен емін-еркін байланыста болғанын және керек жерінде оған сөзін өткізе білгенін растайтын бір эпизод бар. Ташкентке білім іздеп келіп, аштықтың зардабын тартқан жастарға талғажау ететін қорек тауып бере алмай қиналған Ғани ақырында Түркістан республикасында тұтқалы қызметте отырған Сұлтанбек Қожанұлының алдына барып жүгініп: «Әскер паегіне қол салсаңызда бізге нан тауып беріңіз»- деп өтініш айтады.  

Сұлтанбек Қожанұлы өз мақаласында: «... ұлт теңдігі шынымен орнап, жалпы еңбекшілер бірлігі, еңбек жұртшылығы жолына құрмет қылуға қашан жол ашылады деп сусаған ер – біздің Ғани емес пе еді?», «Ғани қарасын үзіп, топтан жеке шығып кеткен жүйріктерден болып, бәрін біліп қойған, бәрін бұрын болжап көріп қойған ірі даналардан болмаса да, қазақ еңбекші жастарының қозғалысынан қайнап туып һәм бірге аяқтанып келе жатқан жас талап, жас қыран еді», «Қазақстан тарихында толқынды белінен асып, жаңа орталық кіндігіне көшіп, шекарасын жинақтап жатқан барлық ел-жұртын біріктіріп, жаңа жол темірдей қызып, екпінді істеуде тұрғанда Ғанидай жас қыранның бағасы қымбат, Ғани бізге керек еді», «...іске кім бас болуының, жұмыстың кімнің қолымен істелуінің Қазақстан шарттарында үлкен мәнісі бар. Жығылған үстіне жұдырық болып, Ғанидай жолдастың өлуі біз үшін орны толмайтын шығын», - деп, өмірден ерте озған жалынды қайраткердің орнын күйзеле жоқтайды. Әлбетте, Ғаниды жақсы білмесе, басын қадірлемесе,  Сұлтанбек Қожанұлы оның қазасына соншалықты тебірене, толғана үн қатпас еді. Сұлтанбек әлі қабырғасы қатаймаған жас азаматтың алып-ұшпа мінезіндегі ерекшеліктерді де бүкпесіз айтады. «Ғани кей мәселелерде үстіртін, кей жерлерде жаңылыс кететіні де болушы еді. Кей уақытта айғаймен аңғырттау шауып кететіні де болушы еді. Бірақ Ғанидың еш уақытта иманы саязданып, ниеті былғанып көрген емес», «Ғаниды итермелеген күш, қиқулап қыздырған жел – төңкеріс толқынынан туған жас жұртшылық еді» деген жолдар – соның бұлжымас  айғағы. Сұлтанбек «Ғанидың мінездеріндегі орқаштар, қылығындағы өлгенше басылмай кеткен, баяуламайтын, екпініндегі бір іске кіріссе, шын пейілімен шешіліп істейтін ақ көңілдігін» айта отырып, оның бойындағы айрықша қасиеттерін жеке қарым-қатынасы арқылы да аша түседі. Мысалы, «1922 жылы Ғанимен бір сөйлескенімде, «Қазақ, қазақ дей бересің, жалпы еңбекшілер қамы жөнінен түк айтпайсың» деп, мені біраз кимелегені әлі есімде бар», «1923-1924-інші жылдары Түркістанда ұлт арасы арпалысы күшейіп кетіп, шекара таласы, енші алу үлесі таласы қозып тұрғанда, «Қазақ еңбекшілерінің ақысы кете бере ме? Ұлт саясаты нашарға қорған болуда болып, қазақ жастары пайдасына ол саясат неге жүрмей қалады?» деп Ғани қыза қайнап, сөйлеп шешіліп, мені неше рет алқымдаған», - дейді. Тағы да өзіне келіп, «неше рет долданған» осыған ұқсас сәттерін есіне алады. Бірақ, «осы қылықтың барлығы Ғаниға лайық» деп ой түйеді. Берілген мінездемеден Ғанидың үлкен ерлік пен шыдамдылықтың иесі екенін байқаймыз. Өзіңді билей отырып, өзгелерді билеуге қол жеткізетініне сенген. Қолайлы сәтке жету үшін уақыттың  ұзақ жолымен келуіне тура келген. Сабырмен қимылдаған  уақытта болашақ сәттіліктер мен құпия ойлардың пісіп-жетілетініне сенім артқан. Геркулестің  кісендеулі күрзісінен гөрі  балдақпен-ақ, алысқа  жететініне сенген.

Ғани өмірден жастай кетті. Егер ол 1937 жылға дейін өмір сүргенде кешегі байдың баласы ретінде саяси репрессияның машинасына түсер еді.

Қазақ баспасөзін зерттеуші, профессор Темірбек Қожакеевтің келтірген бір  дерегінде  «Қазақстан комсомолының 1921 жылы шілдеде өткізілген І съезіне Түркістаннан өкіл болып Ғ.Мұратбаев келген. Сонда Қазақ АССР-і жастарының баспасөзін шығару туралы сөз болғанда Ғани «Қазақ өлкесінде бөлек газет шығарайық, «Жас Алаш» Қазақ өлкесі мен Түркістан жастарының тілі болсын» деп ұсыныс жасаған. Қазақстан делегаттары Ғанидың ұсынысына қосылып, «Уақытша бірігейік, одан кейін жеке газет шығарамыз» дескен. Тек газеттің «Жас Алаш» атынан ұлтшылдық лебі еседі, оны өзгертейік» деп ұсыныс жасаушылар да табылған. Ғани оған көнбейді, сол атауды қалдыра беруді жақтайды. Бірсыпыра делегаттар «Жас Алаштың» мазмұны, бағыты таза емес деп тауып, оны өздерінің орталық органы деуге қарсы болады. («ЖА», 1991жыл, 5мамыр). Бұл деректен біз Ғанидың «Алаш» сөзінен қорықпай, өз ойын бүкпесіз жеткізіп, жастар газетін «Жас Алаш» атандыруының астарында  алашына деген ақиқат, ұлтына деген да үлкен махаббат барын  көреміз.

Ғ.Мұратбаев кеңестік социалистік идеологияға қызмет етіп, сол мұрат жолында күрессе де, оның сол тұстағы батыл іс-әрекеттері, атқарған шаруалары Қазақ елінің бостандығы мен еркіндігіне, тәуелсіз ел болып, әлемдік қоғамдастыққа қазақ деген жұрттың бар екендігін танытуға, сауатсыздықты жоюға, жастардың білім алуына қол жеткізуге қызмет етті. Елдің даңқын шығарған, ұлттың мүддесін көздеген Ғанидың қысқа да жарқын өмірінің бар асыл құндылығы, міне, осы болып табылады. Ғани өз дәуірінің дара тұлғасы бола алды. Ұрпақтар ұлағатын ұран етті. Алаш атын асқақтатуға, ұлт намысын жанып, оятуға орасан зор қызмет жасап, соған үлесін қосты.

Ғанидың өмір жолдарына зер сала отырып, оның жылдың 365 күнінде бір дамыл таппағанын көреміз. Ол қаза болған кезінде Алаш арысы Нәзір Төреқұловтың «Біздің тынымсыз Ғани өлді дегенге сенбейсің, сенгің де келмейді…», – деуі сондықтан болса керек.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың   «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы  Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», -деген сөзін жандандыра отырып, бүкіл өмірі күрестен тұратын,  жүрегі «Алаш» деп соққан  біз білетін Ғани Мұратбаевтың өткен өмір жолында, қайраткерлік тұлғасында   үлгі етер ізгі істер бар екенін айту бүгінгі ұрпақтары бізге парыз.

 

Роза АСАНОВА, Ғани Мұратбаев музейінің меңгерушісі

 

                                                        

Пайдаланылған  әдебиеттер:

1. Архив  Президента  Республики Казахстан. «Это  память  моя, это вера  моя – комсомол, комсомол,  комсомол!». (К 100-летию ВЛКСМ). Алматы,  Издательство «Арыс», 2018.

2. Николай  Зенькович «Элита» энциклопедия  комсомольских  карьер. «Самые  румяные  вожди». Москва,  «Олма  Медиа  групп.  2008 год.

3.  «Жас  Алаш»  газеті. 5 мамыр, 1991 жыл

4. «Жас  Алаш»  газеті. №22-23, 18 наурыз,  2021 жыл. «Біздің  Ғани»  Ермек  Жұмахметұлы.

5. «Егемен  Қазақстан» газеті. 31 мамыр 2021 жыл. «Қаһармандарымызды  толық ақтай  алмай жүрген  халықпыз».

6.  «Түркістан»  газеті. 22  мамыр,  2009.

150 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper