Комсомол ұйымы болып еді біздің заманда. Жастарды жақсылыққа тәрбиелейтін, арғы жағында «Ұлы Отан соғысы аталатын» қан майданнан мүгедек болып оралған жарымжан адамдарға комсомол жастардың қамқор болу тікелей міндеті. Тіпті ешкім міндеттемесе де сабақтан соң, не сабаққа дейін оқушы балалар үйінің отын жағып, суын жеткізіп, малын жайғасыпғ қыста үйінің қарын күреп беруші едік. Өзімізді тимуршылармыз-деп атаймыз. Бәрі де Еңбек тәрбиесі екен. Бәрі де қоғам басына түскен қиындық, тіпті нәубетті қауымдасып жеңудің жолдары екен. Біз осы бір бала көңілімізге ерекше ыстық ұйымға мүше лікке өтерде «КИМ*-нің» жетекшісі Ғани Мұратбаев, Қазақстан комсомолы бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібек аты-жөні сұрақ болып алдымыздан шығар еді.
Жастар ұйымы жөнінде ұғым төмендеп кетті. Өкінішті. Ал, біздің жас шағымызда «октябрят», «пионер», «комсомол» қатарында болу мақтаныш еді. Енді, ойлап отырсақ, жастар ұйымының арына кір шалдырмай басқарған, жалын-жігер Ғани, Өзбекәлілер біздің мақтанышымыз, біздің жастығымыздың қорғаны екен ғой.
Ол кезде комсомол қатарында болу біздер үшін бақыт еді. Өмірін жас буын тәрбиесіне арнаған Ғани, Өзбекәлілер біздің бақытымыздың қайнар бұлағы, сараман сақшысы екен ғой.
Өзбекәлі Жәнібек - әрбір отырарлық өңір үшін Ғани секілді пірге айналған. Біз осындай аңыз Адам білім алған мектепте оқып жүргенімізге орынды мақтан ететінбіз. Кейін білдік, жетімдік қамытын сыпырып тастап, жастай жалындап жарқылдап жүрген Өзбекәлі Жәнібек біз ғана мақтаныш тұтар, біз ғана еліктейтін тұлға емес, бүкіл республика жастары мақтаныш тұтатын, дүйім жастар еліктейтін тұлға екен. Кезінде Одақпен тайталаса жүріп қазақ жастарына есе әперген Өзбекәлі Жәнібек. Республика Жастар ұйымы Одақта алдыңғы қатарға шығыпты. Оның бірінші хатшысы тұңғыш рет Одақта Жастар ұйымының Бюро мүшесі болыпты. Ұлттық ансамбльдер домбыраны алға ұстап шет елдерге шығыпты. Құйрықты жұлдыздай ағып түскен Ғаниға Мәскеуде ескерткіш қойдырыпты. Жастар ұйымына арнап Алматыда сәулетті ғимарат салдырыпты. Жастардан шопандар бригадасын ұйымдастырыңдар деген Мәскеу бұйрығын орынсыз деп тауып, қазақ жастарын өндіріске бастапты, өнер, білімге үндепті... Көп. Көп-ақ, жастар ұйымының бас жетекшісі, «Рух сардары» (Ә.Кекілбайұлы) ұйытқы болып атқарған игілікті істер көп-ақ!
1970 жылы Алматыға оқу іздеп келгенде республика жастарының кезекті бір съезі өтіп жатты. Сүйікті газетіміз «Лениншіл жасты» ашып кеп қалғанмын. Ішкі айқара бетте ауылда атын көп естіп өскен Өзбекәлі Жәнібектің бейнесі, екі бетте көсілген баяндама мәтіні беріліпті.
Оқыдым. Оқыдым. Бәрі де бізге арналған сөз. Шіркін, барып жолығып сөйлесер ме еді деп армандадым.
Ұзамай Өзбекєлі Жєнібекті жаңадан ашылған Торғай облысына облыстық партия комитетінің идеологиялық хатшысы етіп жібергенін естідік. Сөзге иланғыш студент кезіміз ғой, өтірік, расын кім білсін, ұлт намысына тиген Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысының бетіне бір стаќан шампан шарабын шашып жіберіпті, содан әлгі кісі кектесіп Өзекеңнің қыр соңынан қалмай, орталықтан жыраққа сырғытқаны екен деген сөзді де естідік. Санымызды соғып өкіндік. Жастар жетім қалғандай ішіміз уілдеді. Хош, деңіз.
Өзекеңнің Торғайда атқарған қызметін өз замандастары, тіпті біздің замандастарымыз аңызға айналдырып айта бастады сол кезде. Торғайда облыстық театр ұйымдастыру үшін Мәскеуде Щепкин атындағы театр-көркемсурет учелищесін тәмәмдағалы тұрған, алдын-ала Талдықорған облыстық театрына бөлініп қойған жерінен, киіп кетіп бір топ жасты Сарыарқаға бұрып алып кетеді. Ерсайын Тәпенов, Лидия Кәденова бастаған қыз-жігіттер қыс ауасында келіп жетіпті Торғай даласы – дала астанасы – Арқалық қаласына.
Көз көргендердің айтуынша, Торғайға түскен романтик жігіттер мен қыздардың лдынан бас-басына бір-бір тон, аяғына бір-бір пима алып, Өзекеңнің өзі ұшаққа шығады. Қақаған 40 градустық аязда Москвадан арнайы білегін сыбанып келе жатқан өнерпаз жастарды күтіп алу рәсімі сақырлаған сары аязда міне, осылай өтеді. Жас труппа күшімен бұрынғы атқорада Арқалық сазды-драма театрын жасақтап шығады. Сол жастар қатарында режиссер Ерсайын Тәпенов, актриса Лидия Каденова секілді сайып-қыран «шоқ асаған» асау дарындар бар еді.
Оларды Торғай театры дейтін. Торғайдың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен кейінгі бір дүрілдеп көтерілген, шарықтап шалқыған «ренессанстық» дәуірі 1970–75 жылдар. Ал, «ренессанс» дирижері өзін «өртеніп кеткен театрдың режиссерімін» деп атаған - Өзбекәлі Жәнібек! Торғай театры труппасымен көп жолығып, әңгімелестім. Алматыға гастрольдік сапармен барған апталығына Жастар газеті атынан қатысып, баспасөзде жазғанымды мақтаныш көремін.
Нақтылап айтсам, 1978–80 жылдар аралығында «Лениншіл жас» (Бүгінгі «Жас алаш» – Қ.Е.) әдебиет бөлімінде қызмет істеген кезде Торғай театры Алматыға гастрольдік сапармен келіп, біз спектакльдерін тамашаладық. Кісі сүйсінгендей еді. Менің бір таңқалғаным аншлаг- спектакль аяғында сәтті қойылымнан соң көрермен алдына сахнаға шыққан труппа «автор, автор», «режиссер, режиссер» - деп бәрі бір дауыспен шақырар еді. Ал, Торғай театры артистері спектакль аяғында «Өзеке, Өзеке» - деп өзеуреп қоя бермесі бар емес пе?!
Сөйтсек, олар Өзбекәлі Жәнібекті Торғай театрының «кіндік әкесі» санайды екен. Ғажап! Сол сәтті де көзімізбен көрдік. Ол күні, ол бір сәтте Өзбекәлі Жәнібек барынша бақытты еді. Сол Бақыттың кейін Торғай облысы тарап, Арқалық сазды-драма театры ту-талақайға түскен кезінде трагедиялық ахуалды айтыскер ақын Қонысбай Әбілев айырықша мақаммен тұздықтап домбырамен айтқанда Өзбекәлі Жәнібектің көзіне жас алғанын да есітіп, біліп отырдық. Қонысбай марқұм өз естелігінде жазды да бұл жайларды.
Торғайда 1916 жылға ұлт-азаттық көтеріліске бас болған Амангелді, жыршысы Омар Шепеұлы, сандаған сарбаздары тұтынған жорықтық һәм тұрмыстық бұйым-тайымды елден жинақтап экспонатқа айналдырып өңірдің тарихи-өлкетану музейін ашқан - Өзбекәлі Жәнібек!
Көне айтысты арқа өңірінде қайта тірілтіп қатарға қосқан, парторг Назарбековтен қарғадай Қонысбайға дейін тәрбиелеп ақындық мектеп бағын жандырған - Өзбекәлі Жәнібек!
Торғай төсінде Қазақстан Жазушылар Одағы бөлімшесін ашып, Қ. Салғараұлы, С. Кенжеахметов, С. Шүкіров секілді жанайын деп тұрған жас дарындарға дем берген - Өзбекәлі Жәнібек!
Радио, теле желісін желмен жарыстыра Торғайға жеткізген - Өзбекәлі Жәнібек!
Облыстық филармония жасақтаған – Өзбекәлі Жәнібек!
Облыста Жоғары мектеп ғимаратын соғып, Университет қалыптастрыған – Өзбекәлі Жәнібек! Ол жылдары сайын сары далада Жоғары оқу орнын ашу былай тұрсын, жоғары оқу орнын астанаң Алматыда ашу бір мұң болатын. Мәскеу бата бермей – қалай ашарсың жоғары мектепті?! Ұлт балалары оқиды, ұлт балалары оқыса – бодандығы есіне түспей ме?! Осындай ойдан қорқатын Мәскеу көп оқу орнын ашуға рұқсат етпейтін заман ол. Москваға қайта-қайта шауып барып жүріп, небір төрелердің табалдырығын тоздырып барып қол жеткізеді Өзекең қазақтың сайын даласынан, Арқалықтай қаласынан Жоғары оқу орнын ашуға. Россиялық Тверь облыстық педагогикалық институтпен «бауырластырып» жүріп ашқан Педагогикалық оқу орны бүгінде Тәуелсіз Қазақ республикасына жұмыс істеп тұр. Торғайдан Жоғары оқу орнын ашу үшін министрліктен сұрап алған Түркпенов Жалмұхан... жаңа облыстың жас басшысының ерен еңбегін күн айтып, түн айтып тауыса алмайды-ау, шіркін!
Жас шамасы өзі құралпы құрдас, ойы үндес досы, ғажайып композитор, бірақ республика тарапынан мойындалмайтын, мойындалуы өз алдына – сынаудан көз ашпайтын Шәмші Қалдаяқовты Оңтүстікте трактор айдап, тракторды тоқтатып қойып, капотына ақ қағазды жайып жіберіп, майлы қолымен карандаш уыстап жастардың жүрегін жұлып ала жаздайтын лирика жазатын Мұхтар Шаханов екеуін бірге шақырып «Арқалықтың ақ таңы» атап, түлеу үстіндегі Торғайдың гимнін жаздырады. Облыстың гимні болатынын кім білген ол кезде?! Торғайда домбыра тартып, ән сала алмаған жасшенеунік қыз жайында «Мен сол қыз үшін ұялдым...» - деп Мұхтар Шаханов өлең жазып оралды. Сапардан олжалы оралған Шәмші Әсет досына айтыпты: «Торғайға баруға ниетің болса, әніңді алдын-ала сайлап ал. Әйтпесе, ана Жәнібеков қашан ән шығарғаныңша қамап тастайды...»
Қойшы, әйтеуір көп-ақ, ауыз толтырып айтар игілікті істер көп-ақ.
Жазда ару Арқалық, қақаған қыста ақ қыраулы Арқалықта күннің ыстығына, күннің суығына қарамай – Бүкілодақтың комсомолдық екпінді құрылыс аяусыз жұмыс істер еді. Торғай өңірін Бүкілодақтық комсомол екпінді құрылыс аймағы етіп жариялатып жүрген де, С. Павлов, В. Тяжельников, Пастухов сынды өзінің бұрынғы басшысы, һәм достарына барып – Өзбекәлі Жәнібек!
Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде Сыртқы байланыс бөлімі ашылғанда, бөлім бастығы болып оралған Өзбекәлі Жәнібек, тәуелді Қазақстанды тәуелсіз сыртқы елдермен байланыстырып, атақты ақын, жазушы, ғалымдарды екі ел аралық достық қоғамына Президент етіп тың арна салған да Өзекең. Қазақстан сыртқы істер министрлігі жұмысының жандануы да – осы кезең! Қазақ туризмі жайында әңгіме көтеріліп, жолы Алматымен ғана шектелетін өмірдің осы бір аса кәделі, өркениетті сабағы Түркістанға дейін ілгерілеуі де Өзбекәлі Жәнібек атына тікелей байланысты еді. Өзекең қашандағыдай талапты қатты қойып, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары басшыларына «Туризм іргелеріңнен өтеді. Ол жақсылықтың нышаны. Бірақ, шет елдің туристері мың шақырымды «қыңқ» демей жүріп өтетін бітеу жандар емес. Сервиздік қызмет керек. Турасын айтқанда, туризм туалеттен басталады. Көне ізі сақталған «Ұлы Жібек жолы» бойына туалеттер тізбегін салдырыңдар» - дейді. Аталған екі облыстың басшысы бір-бірімен ақылдасып алғандай Қазақстан республикасының бірінші басшысына шығып «Димеке, мына комсомолың шаруашылықтан қолы тимей жүрген біздерге елсізге туалет соқ дейді... Не істейміз?»-деп шағынатын кезі. Бүгінгі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолына» қарап отырып, Өзбекәлі Жәнібектің жетпісінші жылдары талап еткен өркениеттік істері осылар еді ғой дегің келеді. Ойы озық, қоғамнан мойны озық іскер қайраткерді ортасы қайдан түсінсін?!
әл-Фараби атындағы Ұлттық универсиетті 1975 жылы бітірген басым мамандығым бойынша жұмысқа бармай, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы жетекшілігімен Ұлттық Ғылым академиясына орналасып, ұзамай қысқартуға түсіп, профессор Бағыбек Құндақбаевтың жәрдемімен «Республикалық халық творчествосы үйі» (РДНТ) аталатын мекемеге редактор – методист болып орналастым. Өзекең есіміне тағы да халық құлақ түріп, оның қайраткерлік істеріне куә бола бастаған кездерім міне, осы уақыттан басталады.
Ұмытпасам, 1976 жылы Өзбекәлі Жәнібек Қазақ ССР Мәдениет министрінің кезекті орынбасары болып төмендетілді. Республикалық Халық шығармашылығы үйінің сол кездегі директоры Тәжігүл Серікбаеваның «Өзбекәліге обал-ақ болды ғой» - деп басын шайқап отырғаны күні бүгінгідей көз алдымда. Мейілінше ажарлы әдемі кісінің келбеті әлемтапырақ.
Республикалық Халық шығармашылығы Үйінен ұзамай Сәбит Мұқановтың мемориальдық музей-үйіне аға ғылыми қызметкер болып ауысып байыз таптым. Аталған мекеменің екеуі де Өзбекәлі Жәнібекке тікелей қарайтын. «Жәнібеков олай депті, былай депті», «Жәнібеков ананы істепті, мынаны істепті», - деген сөз дүңк-дүңк етіп сәт сайын жетіп жататын. Ал, өзін кейде апталап, кейде айында бір рет жиында көретінбіз. (Ол айтқан сөздер, ол істеген істер жайында кейбір ойлар, кейбір пікірлер менің күнделіктерімде болуға тиісті). Халық шығармашылығы үйінде көп аялдамай, жаңа ұйымдастырылып жатқан «Сәбит Мұқановтың мемориальдық Музей-үйіне» қызметке ауыстым. Музей ісінен ада-күде «аманмын». Музей ісі иісі мұрныма бармайды. Бірақ, Мәдениет министрі тарапынан бұйрық берілген соң іске кірістім.
Музей ұйымдастыру – оңай шаруа емес. Мен музей ұйымдастыру қиямет қайым іс дер едім. Өзекең бұрын Торғайда музей жасап үйренген кісі. Өмірлік тәжірибесі өз алдына Өзекең басшылық жасаған саласын, қолға алған ісін тереңдеп барып зерттеп алатын ғылыми дүниетаным адамы. Кешкі сағат 18:00 ге дейін Министрдің орынбасары ретінде кабинетінде отыратын Өзекең сағат 18-00-ден кейін Төлебаев көшесі 125/129 үйдің 3 пәтеріне келеді. Күндіз материал жинаумен болатын біздер, енді қызу іске кірісеміз. Арамызда ақыл-кеңесін айтып Сәбеңнің жары - Мариям апай жүреді. Жұмыс түннің бір уағына дейін созылады.
Өзекең ғылыми қызметкер болып саналатын мені, музей безендірушісі, дизайнер Аманжол Найманбайды көрші республикаларға музей ісімен танысуға жіберіп алды. Өйткені, біз музей ісін білмейтін шикіөкпе едік.
Алғашқы әсеріме сенсем, ашылып сөйлемегенмен Өзбекәлі Жәнібек өте білімді кісі, музей ісіне жетік. Ара-тұра әңгімесінен аңғаратыным – шет ел музейлерін көп аралаған, ойға түйгені көп, өзін емес, істің пайдасын ойлайтын мемлекетшіл, тіпті ұлтшыл жетелі басшы.
Өзағаңның бір ерекшелігі өзім білгенді өзге де білсе деп ойлайды. Берген сұрағына жөндеп жауап берсең – қуанады, салыңқы қабағы ашылып жадырайды, жауап бере алмасаң қара түндей түнере түседі. Өзекеңді музей жасау барысында көбірек түнерттік-ау шамасы...
Бірде Өзекең мені Карабихадағы Некрасов музейін көріп қайтуға іс-сапарға жіберді. Берілген мерзім 5-ақ күн. Өте жедел жүріп кетуім керек. Менің барғым келмеді.
Министрдің орынбасарына телефон шалдым.
- Барып қайт – деді қатқыл дауыс.
- Өзеке, бес күнде ит арқасы қиянға қалай барамын? Бармаймын!
- Ей, сені де. Кешке сөйлесейік.
Өзекең жекіңкіреп телефон трубкасын орнына қойды.
Кешке әдеттегідей Өзекең музейге келді. Бәріміз аяғымыздың күшімен жүрміз. Суретшілер жасаған эскпозициясымақты (жобаны) алды да, ортасынан қақ бөліп жыртып, жерге тастады.
- «Сендер институтта не оқығансыңдар? Өнердің ұлттық сипатын білмейсіңдер! Ең болмаса Әлкей Марғұланның «Орталық Қазақстанның Бегазы Дәндібай мәдениеті» деген кітабын оқымайсыңдар ма? - деп біраз ұрсып алды. Суретшілердің күнемеге істеген еңбегі қоқыған қағазға айналды. Шешініп тастап, жұмысқа өзі кірісіп кетті білек сыбанып… Сурет өнерінен хабары мол еді. Бейне өнертанушы секілді. Бала жасында мектепте сурет өнерімен әуестенген ол экспозициялық зскиздерді әдемі сызатын... Сурет сұлбасын да қағазға жаман түсірмес еді.
Бір қалт еткенде маған қарап:
«- Немене, сен әкеңдей адамның бетінен алып - деді, - бес күнге іс-қағаздарыңды рәсімде. Уаќыт жетпей жатса бір-екі күн кешігерсің. Сол да мәселе болып па? Ал, іс сапарға бару, музейді көру - міндет. Соқыр қалыптарыңда қандай музей жасамақшысыңдар? Бүгінгі білімдеріңмен тәуір музей жасай алмайсыңдар! Музей ісі қазақта кенжелеп қалған. Музей ісінің де өзіне тән методикасы, методологиясы бар, қарағым...».
Министр орынбасары маған ұрсып бастап, аяғын ғылыми пікірге апарып тіреді. Мейірімін ішіне жасырып бүгіп ұстайтын министр орынбасары қарамағындағы қызметкерлерге қаталдау. Іс барысында тіпті зекіп, жекіп жібереді. Бірақ, қамқор. Тіпті министрдің «тепкісіне» бермейді оларды. Айналасында ығып жүретін қолөнер шеберлері, жаңғырту мамандары, сәулетші, суретші, әнші, биші, күйшінің ешқайсысы Өзбекәлі Жәнібекті жек көре алмайды, ішкі жан-дүниесін түсінген соң жақсы көреді. Ұстаз санайды.
Телефонда қаттырақ кетіп қалғанымды түсініп, көзімді төмен түсірдім. Айыбымды мойындағаным…
Сәбит Мұқановтың мемориалдық музей-үйін құру Өзбекәлі Жәнібекке оңайға түскен жоқ. Бақандай бір жылы кетті десе болады. Әрі Сәбең жарықтың тірлігінде жеке қарым-қатынасынан туындаған кедергі көп болды. Менің бір білгенім біз тіріні қойып, өлі әруақпен де тартысып кетуге бар халық екенбіз. Сәбең жарықтықтың, Торғайға сапарлаған сәтін әңгімелеп отыратын Өзекең сол кездің өзінде түбі торғайлық шыға беретін Алашорда қайраткерлерін біледі. Сәбеңнің оларға қиянатын да бір кісідей түсінеді. Бірақ, түсіністікпен қарайды. «Ей, жарықтық, тым белсенді болған ғой...» - дейтіні болмаса, халық жазушысы ғой. Бұл қазақ Сәкеңді жақсы көргендей, Сәкең шығармаларын қызыға оқығандай ешкімді де жақсы көрмеген, ешкімнің шығармаларын беріліп оқымаған. Ол бір жағы дүниетаным мәселесі» – деп қояды.
Ең алдымен – жоғары басшылық қазақ мәдениетіне енжар. Музейдің - ұлттық мәдениет үлгісі, рухани мол мүмкіндік, тарихи танымының көрінісі екенін ешкім біліп те, керек етіп те жатқан жоқ. Оның үстіне Сәбит жарықтық тірі кезінде Республика басшысы Димаш Қонаевтың бетіне келіп, екі-үш дүркін қатты сөз айтқан кісі. Жасырып керегі не, «Сәбит Мұқановтың мемориальдық музей үйі ашылсын» – деп Қаулы шығартқанымен, республика басшысы іштей салқындау. Жазушылар тегеурінінен аяқ тартып қана Қаулыға қол қойып отыр. «Үлкен кісінің» көзқарасын білетін бергі жақтағы шенеуніктер шыбындап бас изейді, көзге көлгірсиді. Шаруаға жаны күйіп кірісіп кетпейді бірақ. Қаулы бар. Музей - ұйымдаспайды, жазушы зиратының басы жалаңаш жатыр. Жүгіріп жүрген бір - Өзбекәлі Жәнібек.
Жоғарғы Кеңес төрағалығына ғайыптан – тайып Ғабит Мүсірепов сайланды. Сәбит Мұқановтың бала кезден әрі бірге өскен замандасы, әрі құдасы! Мұңын шағып Мариям апай барады. Ғабең ыңыранып ырғалып отырып:
– Әзір гүліңді қойып, суыңды құйып жүре тұрсайшы! - дейді жұмбақтап.
Жай – күйді аңғарып, істің жайын айтып Өзбекәлі Жәнібек идеологиялық хатшы – С.Н. Имашевќа барады:
– Ана кісінің көзқарасын білесің ғой. Жаныға бермесейші, - деп, бас бармағын арқасына қарай шошайтады, идеологиялық хатшы. Хатшының көлгірлігіне шыдай алмаған жігерлі Жәнібек:
– Қаулы шығармағай едіңіздер. Қаулы шығарған соң жақсы музей жасауымыз керек. Музей – Мұқановқа емес, қазаққа керек, - деп тіктенеді.
Хатшы жұмбақ жымияды.
Сонымен іс тамам.
О Сәбеңнің музейі үшін Өзбекәлі Жәнібек қанша мәрте отқа күйді, қанша мәрте суға түсті десеңші?! Мен жайлы мақаласында көрнекті жазушымыз Сафуан Шаймерденов «Сәбит Мұқанов музейінің негізін салушы біздің Құлбек» - деп жазғаны бар. Мойындау керек, Сәбең жарықтықтың музейі Өзбекәлі Жәнібектің тегеурінімен туған музей. Музейдің негізін салушы Мен емес, Өзбекәлі Жәнібек! Мен музейдің тұңғыш тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасаған, буклетін кітап етіп бастырған ғана қызметкермін. Оның өзін Өзекең мәтінен тартып, қаншама шимайлап, өңдеп, жөндеуінен кейін. Өзекең жазуда стилист болатын.
Музей экспозициясын жасақтау аяқталуға жақындап келеді. Аманжол суретші қаншама күн, қаншама түн музей ішінде түнеді? Өзекең суретшілерді, суретшілер Өзекеңді түсініп болды. Араларында толық түсіністік орнады. Өзекең ұстаздық биігінде, суретші-безендірушілер, экспозиция жасаушылар шәкірттер. С. Мұқанов музейін жасақтау жолында танысқан Өзекең және бейнелеу өнері өкілдері, Музейде табысып, сол күннен бастап бар шығармашылық тағдырын ұлт мәдениеті ұлықпаны – Өзбекәлі Жәнібек айналасына, шуақты жанына жинақтап қалыптасты. Өле-өлгенше Өзекеңнен іргелерін бір елі де ашқан жоқ олар. Кімдер олар? Аманжол Найманбаев, Дәркембай Шоқпаров, Қырым Алтынбеков т.б. саланың сирек мамандары, ұлттық мәдениет тұлғалары.
Ендігі кезек – терезелерге перде ілуге келген. Қарапайым кісілерде музей материалы неғұрлым қымбат материалдан болса, солғұрлым музей көрікті, көрнекті, бағалы болады деген жаңсақ ұғым жүреді. Әйелдер еркіне берілгендіктен, терезеге қымбат-қымбат перделік материалдан алынды. Ол тігілді. Кешке Өзекең келгенде бір қуансыншы деген оймен перде намаздыгер-намазшамда жанталаспен ілінді.
Әдеттегі уақытта Өзекең келді. (Келгенін Газ-24-тің есік алдына келіп, сәл тоқтап барып, қайта жүріп кетуінен аңғарып отырамыз) Iле қоңырау қағылады, есендесе Өзекең кіреді. Мәдениет министрінің бәленбайыншы орынбасары Өзбекәлі Жәнібектің күнделікті жұмыс ырғағы. Бүгін де солай. Кірді. Келді. Көзі жаңалыққа бірден түсті. Қабағы кіржиді:
– Ойбай-ай, мыналарыңыз не?
– Перде.
– Эскиз кімдікі?
– Менікі! Аманжол суретші батылсыздау міңгір етті тұтығып.
– Жаман қатынның ауындай салбыратып, осындай да перде бола ма? Бұл музей ғой, жарқындарым-ау.
Өзекең барды да қымбат материалдан тігілген пердені жұлқып қалып, жерге атып ұрды,- Үйлеріңе апарып іліңдер мұндай пердені... Бұл Музей!
Перденің бір шетін қолына ұстап тұрған Энгелия жеңгей Ғабит Мүсіреповтің қызы, Сәбит Мұқановтың келіні.
– Папама айтамын - деді жыламсырап, - жаман сөз айттыңыз.
– Жаман сөз? Жаман пердеден жаман болып па, бар айт, Ғабекеңе! – Сәбең жарықтықтың уақытында осындай мата болып па? Неге ойламайсыңдар?
Бұл - Өзекеңнің бір күні.
Сәбит Мұқанов жарықтықтың музей үйін ашу үшін Өзбекәлі Жәнібектей мәдениет қайраткерінің қаншама маңдай тері жұмсалды?!
Жасап жатқанымыз шағын музей. Оның өзін ашсаңдар - ашарсыңдар, ашпасаңдар - өздеріңнен қалсын деген кісіше республика басшылары енжарлық танытады. Осындайда бар жағдайды біле тұра Өзекең неге жанын салып, жанығады? Мен осы сұраққа жауап таппай қиналамын кейде. Бәрібір абырой алғалы тұрған жоқ. Қайта басшыларына жақпай қалуы бек мүмкін.
Кейін таптым шешімін, кейін шықтым ой ұштығына!
Ұлт мәселесінде ұсақ іс болмайды деп қарайды Өзбекәлі Жәнібек! Ұлттық мәдениетте майда мәселе болмайды деп қарайды Өзбекәлі Жәнібек! Музей кімге арналып жасалып жатыр, үлкен бе, кіші ме бәрі бір ол жазушы музейі. Жазушы музейі арқылы мыңдаған, миллиондаған отандастарды ұлттық рухта тәрбиелеуді ойлайды екен-ау мәдениет қайраткері.
Кейде ешкім естімесе де іштей ойлаған шарқы ой, шүбәлі сұрағыңа өзіңнен - өзің ұялатының болады. Әлгі күдікті ойыма мен де әлі күнге өлердей ұяламын.
Өзбекәлі Жәнібек сөздің емес, істің адамы, Атаның ұлы емес, Адамның ұлы! Іс барысында талай қатты ұрыс естідік. Бірақ, өкпелеген бір жан болған жоқ.
Сәбит Мұқановқа егер Өзбекәлі Жәнібек қолға алып, басшылық жасамағанда – Музей жасақталмасы анық. Музей ашқаны үшін Өзекең жоғары жақтан алғыс ала қойған жоқ. Қарғыс алса – алған-ақ шығар. Ал, халықтан алғыс алды.
Қолы қалт еткенде әңгіме айтар еді. Әңгімесінің дені музей мәдениеті жайында болып келеді. «Кішкентай ғана Венгрияда 614 музей бар» - дейтін ол. Содан әрі қарай қанша елде қанша музей бар, музейлерінің экспозицияланып жасалуы жайында, оның адамзат тарихында алатын орны жайында методологиялық дәріске бергісіз әңгімеге ұласады. Қоғамдық істе бір көсем, шешіліп бір сөйлеп берсе шешен жан еді, жарықтық.
Қазақ - музейін қастерлеген халықтан емес. Санаулы музейі бар. Барын ұқсата алмай келеді. Ұқсағанын көрсете алмай жүреді. Қонағына бар ас – суды ұқсатып қонақасы бере алмайтын тексіз келін секілдіміз ғой бұл мәселеде – дейді ол, жүдеп сөйлеп. Біз Өзекеңді іштей қостап тұрамыз. Сөйтіп, біз бәріміз Өзбекәлішіл болып алдық. Сәбит Мұқанов музейін Өзбекәлі Жәнібек басшылығымен, азаматтық жанашырлығымен ашқан едік.
Қазақстанда ғасырлар бойы жасақталған музей саны - небәрі 30 ғана болатын. Өзбекәлі Жәнібек министрдің орынбасары болып қызмет істеген жылдары Қазақстандағы музей саны 79-ға жетті. Филиалдары тіпті көбейді. Өзі Мәдениет министрінің орынбасары болып тұрғанда барлық облыстың «Тарихи-өлкетану музейлері» аты «қазақ», бірақ Қазақ тұрмысын көрсетуі тіпті олқы соғып жататын. Бейне, Ресей музейлерінің Қазақстандағы филиалдары секілді елестейтін. Мәселені министрліктің алқасына шығарып, этнограф ғалым, музейтанушылар, этнограф суретші-дизайнерлердің бәрін жинап осы мәселені ой, талқылады дейсің. Көпке мақұлдатып алып, барлық облыстық «Тарихи-өлкетану музейлері» экспозициясын қазақыландырып шықты. Онда «Прежевальский жылқысы» пародасы жоқ, жылқының бұл атаулары қазақтың байырғы атауларымен аталады. Өңірдің жер, су аттары байырғы қазақы атаулармен көрсетіледі. Мен әдейі сол бір қасіретті кезеңдерде орыстанып бара жатқан өңірлердегі музейлерді топонимикалық, ономастикалық тұрғыдан қалай жаңғыртқанын бір-ер штрихпен беріп отырмын. Бас-басына тоқталар болсаңыз, бұл дегеніңіз Қазақ Елінің қай қиырын да қалай музейлендіргенін, орысша экспозицияланған облыстық музейлерді қалай қазақыландырғаны жайында ұшығына шығып болмас хикая. Соның бәрін де бүкіл рухы қазақы қанмен суарылған Өзбекәлі Жәнібек қызмет, мансабын елі үшін, жұрты үшін құрбандыққа шала жүріп нартәуекелмен жасады. Қазақ музейлерін тарихпен демдеп, тарихи дүниетаныммен жемдеп қазақыландыру амалдары шаралары халықшыл қайраткердің қызметіне мықтап тұрып зияны тиді де. Ұлтшыл атандырып Мәдениет министрінің бәленбайыншы орынбасары болар-болмас лауазымынан да ығыстырылып, Алматы облысы атқару Комитетінің құрылыс жөніндегі бәленбайыншы орынбасары қызметіне ығыстырылды. «Құрылыс жөніндегі орынбасар...» Міне, осы логотиптегі бір ауыз сөзді ұстап алды да Ұзынағаш, Қапал, Жаркент... бар ауданды архитектуралық көне тарихи ескерткіштерді қайта жаңғырту (рестоврация), музейлерге айналдыру ісімен ілкімді айналысып, шұғыл шұғылданып жүре берді. Бір Ұзынағаш ауданында Жамбыл жыраудың Қабан жырау, Сүйінбай ақыннан тартып - алды, Үмбетәлі Кәрібаевқа дейінгі соңындағы ақындық мектебі түп-түгелімен музейге айналып, қайта тіріліп, ақындар шеруі қолдарына қайта домбырасын алып Музей төрінен жырлап қоя берді. Музейден халықтың, қазақтың жанын көретін музейтану қайраткерінің арқасы! Қазіргі таңда үлкен-кішіні тарих сабағымен сусындатып, халыққа қызмет істеп тұр. Алматыға жол түссе міндетті түрде Сәбит Мұқанов музей үйіне кіремін. Әрі қарай тарам-тарам жолдармен жаяу жортып, өңірдегі Музейлерді тағы бір рет көзіммен сүзіп, көңіліммен салмақтап шығамын. Жан рахатына бөленемін, рухым байыйды. Асылында бар өмірін Музей ісіне арнаған, саланың аса білгірі болып жасаған, ұлы А.С. Пушкиннің ат аялдатқан жерінің бәрін музейге айналдырумен даңқ биігінде өткен Сергей Гейченко дұрыс айтады: «Өлі жәдігерлік болмайды, тірі жүріп өлі тіршілік кешетін адамдар болады!»Өзбекәлі Жәнібек қаншама өлі саналған, «ескі-құсқыға» (Ф. Оңғарсынқызы) «бұйым-тайымға» (Өз. Жәнібек термині. Экспонат.) айналдырып, екінші өмір сыйлады десеңізші.
Қазақстан Музейлері Өзекең жарықтықты еске түсіреді.
Жалпы бір Алматы емес, Қазақстанның қай қиырына барып, музейлерге бас сұға қалсаң, Бас музейші Өзбекәлі Жәнібек қолтаңбасын көресің. Музей қызметкерімен тілдесе қалсаң «О, жарықтық Өзекең» - деп бастап, Жәнібек жөнінде жырлай жөнеледі музей қызметкерлері...
Бұл күнде Өзбекәлі Жәнібек айтқан әңгіме де сабақ. Бұл күнде Өзбекәлі Жәнібек қамқорлығымен экспозицияланған музей – өз алдына бір тарихи жәдігерлік, тарихи ескерткіш деуге болады. Қазақстан музейлері экспозициялық шешімдерінде Музей ісінің білгірі – Өзбекәлі Жәнібектің концепциясы жатыр. Музей экспозициясы методологиясы жайында Өзекеңнің тікелей тәрбиесін көрген Зәбира Жәкішева білімді екі кітап жазды. Екеуі де құнды музейтану еңбектері. Өзбекәлі Жәнібектің тәрбиесін көріп, алғауына ие болған реформатор музейші Зайцевті Шығыс Қазақстан облысы Әкімі болып барған Даниял Ахметов сірә дә түсінбеді. Түсінуі мүмкін де емес. Ақыры, бар өмірін музейге арнаған Зайцев бүгінде жалғыздық зардабын тартып қарттар үйінде жатыр... Музей методологиясы жайында Өзбекәлі Жәнібектің методологиясын меңгерген, музейтануда өзіндік көзқарасы бар – жетелі музейтанушы – Мәулен Садықбек! Ол Қ.А. Ясауйдің Мавзолейін – заманауи мәнердегі әлемдік биікке көтеріп келеді. ЮНЕСКО тізімі бойынша қорғалатын үш нысанның бірегейі – Қ.А. Ясауй Мавзолейі басына министр ауысқан сайын «күнтуатыны» бар. Мавзолейді қорғау қоғамдық қорымен бірге төніп келе жатқан қатерді байқап, зерттетіп, дабыл қаққан сәттері есте. Қаққан дабылы пайдасына емес, зиянға шығып бағзы бір министр «сырымызды сыртқа жайдың» деп қызметтен шеттеткенін де көзіміз көрді. Алты жыл бос жүріп, қызметіне қайта оралған бүгінгі Бас музейші дерлік Мәулен Сыдықбектің бүгінгі музейтану мәнері, методологиясы – республикаға үлгі болғандай!
Музей ісінде экспозициялық жоспар деген болады. Әдетте, Өзекең жасақталып жатқан музей қызметкерлерін сенбі, не жексенбіге шақыратын. Шақырған уақытында барамыз. Жазғанымызды алдына қоямыз. Ол кісі шимайлай бастайды. Біздің бастапқы жазуымыздан тамтық та қалмайды. Бізді қойшы, қызды-қыздымен өзі жазған беттерді де қайта шимайлауға кіріседі. «Өзімен бірге жасасып келе жатқан» (М. Жолдасбеков) ұзын қайшысы болады. Сонымен әлгі жазылған парақ-парақ жазуларды қырқады, желімдейді, машинкаға береді. Тасқа басылып қайта оралып келген мәтінді қайта жөндейді. “Апыр-ай, бұл кісі де шаршай ма екен?” деп ойлайтынбыз әрі-беріден соң…
Жамбыл музейі экспозициялық жоспарын осындай жөндеуден өткізіп отырмыз. Музей директоры – Мәулен Қожашев досым мені де бірге ала келген. Мәтін қараймыз. Өзекең қаламы қағазды жыртардай сытырлатып жазып, қайшымен қиып, қауырт іс үстінде. Тұмсығының астында екеуміз отырмыз. Таңертеңнен бері отырған біздер кешке қарай титықтап қажыдық.
– Мына сөзді кім жазды? деді, маған тіктеніп, - Осындай да сөйлем бола ма екен?
– Қане?
Қағазды менің алдыма ысырып жіберді. Байқаймын бұрынғы мәтінде жоқ.
– Өзіңіз жаздыңыз, Өзеке!
– Да, брось ты.
– Міне, бұрынғы мәтінмен салыстырыңыз.
– Кім жазса да жарамайды – деді де Өзекең, әлгі жамау –жамау парақты умаждап, қоқыс жәшігіне атып ұрды. «Қаћ» деп бір қақырынып, әлгі қағаздың үстіне түкіріп салды. Қолына қаламын алып, әлгі мәтінді қайта жаза бастады.
Өзекең қарамағында қызмет істеген кездері мұндай талай-талай қызықтар өтті ғой бастан. Бәрі де өнеге еді. Ол бізді қайтсем өсірем деп тәрбиелеп бақты. Қиын қылғанда біз Өзекең тәрбиесіне ілесе алмай шаршаттық қой, шаршаттық. Оның қайсы бірін айта берерсің?!
Қазақстандағы музейлер, оларды жасақтаушы музейшілердің қай-қайсысы да осылай Өзекең алдынан өтті, сабағын алды, тәрбиесін көрді. Өзекең оларды ерінбей-жалықпай қымбат уақытын қиып, сенбі, жексенбіге кабинетіне шақырып тәрбиелеп бақты. Адалынан тәрбиеледі. Станок жанына тұра қалып, ағаш сүргілеуге арланған жоқ, былғаушты бояу алып, батырып еденді сырлай жөнелуді өзіне мін санаған жоқ. Қазақстандағы ірі басты негізгі 30 музейдің 79 ірі басты музейге айналу жолы осындай жоғарыдан жақтырмаушылық, төменнен ілесе алмаушылыққа толы қапашылық жағдайда жүріп жүзеге асты десем артық айтқаным емес.
Өзекең жайында ойланамын.
Өзбекәлі Жәнібек, сөйтіп Мәдениет министрінің қатардағы орынбасары болып істеп жатты. Сонда бір қолға алған ісі - Арыстанбаб, Қожа Ахмет Иассауй кесенелерін қалпына келтіру. Ескіні жамағанның есі кетеді... Ұлы әруақтың зираты басына тұрғызылған ғажайып екі ескерткішті жөндеу Өзекеңе көп күшке түсті. Олай болатын себебі, бізде көне ескерткіштердің қадір-қасиетіне жетіп жатқан жан баласы болмайтын ол кездері. Балтық жағалауы елдеріне іссапармен барғанда бір жайға таңқалғаным бар. Оларда мәдениет саласына қаралатын қаржының 70%-көне ескерткіштерді жөндеуге жұмсалады екен. Жөнделген ескерткіштерді, оларды жөндеген сәулетшілерді одақтық ірі-ірі сыйлықтарға ұсыну олар үшін дағдылы іс. Кешегі кеңестік кезеңдегі жағдай осындай болса, ұлттың көне тарихи ескерткіштерін құрметтеу, ұлттық рухани байлық ретінде сақтау-ұлттық санаға байланысты демегенде не дейміз?! Егерде, ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары көне ескерткіштерге көзқарас біздің республикада өте төмен болса- оның бәрін орысқа жаба берудің реті жоқ, өзімізден, өзіміздің ұлт мәдениетіне керенау мінезімізден көруіміз жөн. Көне ескерткіштерді ұлттық байлық тұтына білмеген өзіміздің басшы орындарда отырған азаматтарда кенже ойы, кежегесі кейін тартқан енжарлығынан көруге тиістіміз. Тіпті ХХІ ғасырдың алғы ширегінде жасап отырған бүгінгі күні – Түркістанда 1918 жылы түрк (түркі емес. Қ.Е.) жұртын түгел көргісі келетін Мұстафа Шоқай Алашорданың Сырдария бөлімшесінің съезін өткізетін ғимарат қирандысын сүріп тастап орнына зәулім ғимарат салып «Түркістанды түлетіп» отырысымыз мынау. Жылайсың ба, күлесің бе?
Көне тарихи ескерткіштерді жөндеу, қалпына келтіру былай тұрсын, ХХ ғасырда жетпісінші жылдардың ортасына дейін оларды есепке алу да жүзеге асырылмаған еді... «..Өзі өнген түп тамырдың бар нәрін бойына жинай білген түс перзент» (Ә. Кекілбайұлы) Өзбекәлі Жәнібек министрдің орынбасары болып келген кезде тарихи ескерткіштердің жай-күйі жан шошырлық аянышты болатын. Бірде жазушы Баққожа Мұқай екеуміз Сауран тарихи кешеніне барып, алыс, жақыннан қарап тұрып, «Апыр-ай, қартайып шөккен нардай екен. Алладан медет, кейінгі ұрпақтан жәрдем күткендей мұңаяды-ау»- деп бірге мұңайысып қайтқан жайымыз бар еді. Ол бір ескерткіш тағдыры хақында бір сапардағы ой, бір ғана мұңды толғаныс қана. Ал, Қазақстанда барлық ескі тарихи орындар, тарихи ескерткіштерді сақтау көңілді бір көншітпейді-ау, көншітпейді.
Қызмет бабында Өзекеңде «мынау жақын», «мынау алыс» деген ұғым болмайды сірә дә! Кім іскер, кім ісмер - соны бауырына тартады. Кімнің қолынан іс келмейді – онымен созбақтамай жедел қоштасады. Қызмет бабында Өзекең үшін үлкен, кіші лауазым, атақ, мансап та өлшем бола алмайды. Министрдің орынбасары қызметінде. Сәбит Мұқановтай атақты қайын атасының беделін пайдаланып, «еркелегісі» келген бір сабазды қызметтен қуды да шықты. Тіпті өзінің інісі дерлік жігіт еді. Әлгі сабаз қайынатасының беделін салып көрді. Ештеңе шықпады. Өзбекәлі Жәнібек илікпеді. Хан артынан жұдырық. Әлгі ағай министрдің қатал орынбасарын жамандап, өсектеп баспасөзде мақала («Ескерткіштер – ел тарихы» («Е.Қ. N 40 (217) 27.02.1998») жариялап кеп жіберді. Өзекең оның өзіне телефондап жатыр: «Мақалаң дұрыс жазылған. Біздің саланың кемшілігін Сен дұрыс көрсетіп бердің. Біз енді ол кемшіліктерді жөндеуге тырысамыз. Рахмет, саған! Иә, сөйтіп, әлгі ағайға рахмет айтты. Бірақ, қызметі жөнінде бір ауыз сөз жоқ... Өзекең міне осындай бір бет адам еді.
1981 жыл. «Жан жылуы» аталатын шағын ғана кітабым жарық көрді. Музейде отырып, архив материалдарын пайдаланып жазған кітабым. Сәбит Мұқанов жазушылық шеберханасы туралы. (М. Мағауин, Р. Нұрғали бағалауына ие болған) Сол кітаптың жарық көргенін Өзекең есітіп қалады. Қарамағында істейтін қарапайым музей қызметкерінің кітап жазуы қызықтырған болуы керек. Әйтеуір сол кітапшаны сұратады. Мен, тапқан бір-екі ауыз жылы сөзімді жазып, апарып беруді ойладым. Бірақ, музей директоры «Мен апарып берейінші» – деп қиылып отырып алды. Еңбек демалысындағы, әскери мамандықты қарт кісі еді, жарықтық. Мен ол кісінің психологиясын түсіндім. Мен Өзекеңе бір жапырақ кітабымды апарып беремін, оңаша әнгімелесемін. Сол екі арада директорым қызметінен айырылады. Қарияның көзінен осындай ойларды оқыдым да, «жарайды» деп келістім. Қолтаңбасыз кітапты директордың қолына ұстаттым. Ол бортаңдап алып Өзекеңе жөнелді. Мен соңынан аяй қарап қала бердім.
Келесі күні Өзекең Жәнібек музей қызметкерлерін жинайды. Менің кішкентай кітабымды жоғары көтеріп тұрып «Бізде өмір бойы музейде қызмет істеп жалғыз жол жазбаған кісілер көп. Ал, мына университет қабырғасынан жаңа шыққан бала кітап жазады. Москвада, Ленинградта музей қызметкерлері көп енбектің авторы болып келеді. «Қараушының» (смотритель) өзі – кітап авторы. Сөйлесе қалсаңыз айызың қанады. Риза боласыз. «Эрмитаж» директоры Пиотровский академик. Ал, бізде талпыну жоқ. Бәріміз бір ғана міндетті – күзетші міндетін ғана атқарамыз…» деп сөйлейді.
Өзекең мақтағанынан маған келер-кетер ештеңе жоқ, әрине. Тіпті ол кісі менің кітабымды оқымаған да болуы мүмкін. Бұл жерде әңгіме мен туралы емес, Өзекең өзгенің еңбегіне өзінікіндей қуанатын. Қарамағымдағы қызметкерлер орындаушы ғана болып қалмай, әрбір іске шығармашылық ояу көзбен қараса, рухани түлеп, қанаттанып өссе - дейтін жаңашыл басшы! Менің әлгі шағын кітабым арқылы бүкіл музей қызметкерлерін жаңа міндетке бастағаны, музей қызметкерлеріне жаңа міндет жүктегені ғой деп ойлаймын. Сол коллегиядан кейін музейдегі әріптестерімнің кейбірі құрметпен қарайтын болды, енді кейбірі «жазғышбек» - деп бір түрлі жек көре қарағанын қайтерсің. Орталық мемлекеттік музей директоры Райхан Қосмамбетова «Сенің кітап жазғаның бізге бәле болды ғой. Ана Узбекали Джанибеков төбемізді ойып болды» - дегені бар бірде. Арманы – музейді ғылыми - мәдени орталыққа айналдырып, түрлі жинақтар, кітаптар шығару болатын, Өзекеңнің! Сан-салалы музей жасап, ұлт мәдениеті көрігіне айналдыру, ғылыми жабдықтап руспублика мәдени көркіне айналдырып, көрсету – бар арманы! «Музей – өлі дүниелер қоймасы болмауы керек, - дейді ол. Музей, әсіресе жас ұрпақты мынау жарық дүниеге ойлы көзбен қарауға үйрететін, ізгілікке баулитын, тәрбиесіне болысатын мәдени ағарту ошағы болуы керек!» Бұл музей педагогикасы жайында тәлімді ой деп білемін. Қазақстан музейлері музей ісіне әлі күнге педагогикалық мінез дарыта алмай келеді.
Мәдениетке ояу көз, ойлы дүниетаныммен қараған қайраткер еді Өзбекәлі Жәнібек! Ол – ел мәдениетінің өшкенін жандырып, өлгенін тірілтуге бар ғұмырын арнады, бар күш-қайратын жұмсады. Сол жолда жүріп этномәдениеттанушы болып қалыптасты. Ұлт мәдениетінің бар саласында із қалдырды.
Ол – ел мәдениеті жоғын іздеумен өткен еңсегей бойлы, ерен ойлы қоғам және мәдениет қайраткері!
Құлбек ЕРГӨБЕК, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан қаласы