Анонс


Нәзір Төреқұлов музейі жайында

Бейсенбі, 25 Наурыз 2021 00:48
Нәзір Төреқұлов музейі жайында KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақтан шыққан тұңғыш дипломатқа арналған Нәзір Төреқұлов музейі 2006 жылғы қараша айында қоғамдық негізде Нұрмахан Назаровтың басшылығымен Түркістан қаласындағы Саттар Ерубаев музейінде арнайы бөлме болып ашылған.

2008 жылы музей жеке ғимаратқа көшіріліп, 25 наурыздан бастап Шымкент қаласындағы «Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің филиалы болып бекітілді. Музейдің ашылу салтанатына алыс-жақын шетелдерден ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Сол жылы музейге сол кездегі ҚР Сыртқы істер министрі, қазіргі ҚР Президенті Қасымжомарт Тоқаев арнайы келді. Музейдің ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының (сол кездегі) әкімі Өмірзақ Шөкеев, Солтүстік Қазақстан облысының (сол кездегі) әкімі Тайыр Мансұров, Қызылорда облысының (сол кездегі) әкімі Бердібек Сапарбаев, сол уақыттағы Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов қатысты. Музейдің экспозициясын жасаған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері, дизайнер Аманжол Найманбай.

2018 жылдың тамыз айынан бастап Нәзір Төреқұлов музейі Түркістан облыстық Тарихи-мәдени-этнографиялық орталыққа қарасты музей филиалы болып бекітілді.

Музей үш экспозициялық залдан тұрады:

  1. Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметінің белестері;
  2. Нәзір Төреқұлов - дипломатия көшбасшысы;
  3. Кино зал.

Музей экспозициясын Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметі жайындағы мұрағат құжаттары, суреттері, қол қойған бұйрықтары, баспасөз бетіне жарияланған мақалалары толықтырып тұр. Сонымен қатар Нәзір Төреқұловтың қызы Әнел Нәзірқызының музейге арнайы тапсырған әкесінің жеке заттары: жұмыс столы мен орындығы, жұмыс кабинетінде қолданған сиясауыты, патефоны, қол сандығы және әкесі Төреқұлдың ұстаған жез құманы сияқты экспонаттарымен бірге Нәзір Төреқұловтың өз қолымен салған суреттерінің көшірмесі де бар.

Нәзір Төреқұлов музейінде ай сайын Нәзір Төреқұловты насихаттау, жастарға таныстыру мақсатында түрлі іс-шаралар мен көрмелер өтіп тұрады. Музейге ай сайын мектеп оқушылары мен колледж студенттері, қала қонақтары келіп тұратын, бірақ қазіргі таңда бүкіл әлемде болып жатқан келеңсіз жағдайға байланысты музей өз жұмысын онлайн форматта жүргізіп отыр. Дегенмен де музейге келген қонақтарға карантин талаптарына сай қызмет көрсетіліп тұрады. Музейге экскурсия жасауға келген қонақтарға музей қызметкерлерінің қызметі қашанда әзір. Сондықтан барлықтарыңызды Нәзір Төреқұлов музейіне қонаққа шақырамыз!

Нәзір Төреқұлов музейінің мекен-жайы: Түркістан қаласы, Ғ.Мүсірепов көшесі №3, телефон: 8-72-53-33-18-28.

 

Роза НЫШАНБАЕВА,

Нәзір Төреқұлов музейінің қызметкері

 

 

2325 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper