Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) – қазақ халқының ұлы ақыны, философы және қоғам қайраткері. Ақын шығармашылығы әлем және қазақ халқының жазба әдебиеті мен мәдениетінде ерекше орын алатыны тарихта мәлім. Сондықтан қазақ халқының біртуар һәм бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай оның өмірі мен шығармашылығын ҚР Ұлттық орталық музейі қорында сақталынып отырған материалдары негізінде көрсету әрі дәріптеу тек оның есімін еске алу ғана емес, хакімнің рухани мұрасын қайта жаңғыртып, қазіргі қоғамға, әсіресе жастарға жеткізу аталмыш көрменің басты мақсаты болды.
Абай Құнанбайұлының шығармалары – ұлтымыздың рухани дүниесіндегі шоқтығы биік қайталанбас дара туындылар. Абай шығармаларын оқу, білу, тану, жаңғырту, насихаттау – берісі исі қазақ баласы, арысы түрік тектес ұлыстар үшін де тарихи борыш. Абайдың артына қалдырған мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын тағылымы мол сарқылмас бай қазынасы.
Көрмеде ҚР ҰОМ қорында сақтаулы Абай Құнанбайұлына қатысты қолжазбалар, кітап басылымдар және ол туралы шығармалар насихатталады.Солардың ішінде бүгінгі күні ғалымдар тарапынан Абайдың өзінікі деп танылып отырған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты бірегей туындысын, ақын шығармашылығы жинақталған Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) қолжазбасын, Тұрағұл Абайұлының (1875-1934) «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» деген қолжазбасын, Кәкітай мен Тұрағұл 1909 жылы Санкт-Петербургте бастырып шығарған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай оғылының өлеңі» сынды басылымды ерекше атап өткен жөн.
«Алашорда» партиясы өкілдерінің ұйымдастыруымен 1918 жылы Семейде жарық көрген «Абай» журналын, Мұхтар Әуезовтің (1897-1961) «Қилы заман» романын, Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің (1900-1984) араб жазуынан кирилл жазуына көшірілген қолжазбасының машинкамен жазылған нұсқасын да көрме төрінен көруге болады.
Аталмыш көрмеге қазақ тілінде латын әріптерімен жазылған «Abaidıŋ ças kuninde çazqan өleŋi» (Абайдың жас күнінде жазған өлеңі), «Musirali aqsaqaldiŋ aitunca» (Мүсірәлі ақсақалдың айтуынша), «Abaj Qunanbai ulь. Taŋdaulь өlender» басылымын (Абай Құнанбайұлы. Таңдамалы өлеңдер) сынды қолжазбалар мен басылымдар да қойылып отыр.
Ақынның бейбішесі Ділдәнің домбырасын, бүркітінің балдағы мен тоғызқұмалағын, інісі Ысқақтың бөрігін, кіші інісі Оспанның асырап алған қызы Мансураның камзолын, қос білезігін және ұрпағы Азат Әрхамұлы Ысқақов, Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-музейі, Ә.М. Жиреншин тараптарынан құрастырылған Абай әулеті мен туысқандары жөнінде шежірелерді, бірнеше тың тарихи фотосуреттерді осы көрмеден тамашалай аласыздар.
Хакімнің әулеті, балалық шағы, қоршаған ортасы және жалпы өмірбаянымен таныстыратын арнайы стендтер, фотоматериалдар, мұрағат құжаттары, атап айтқанда, Абайдың ұлы Мағауияға 1896 жылы жазған хаты, Абай қол қойған құжаттар, 1903 жылы ақынға берілген мінездеме, өмір деректеріне қатысты көшірмелер, кітаптар, ақын дәуірінің бет-бейнесін көрсететін этнографиялық жәдігерлер бұл көрмеден орын алды.
Көрменің тақырыптық-көркемдік мән-мазмұнын, композоциялық ерекшеліктерін толықтыра түсетін портреттер, фотосуреттер, мүсіндер, кілемшелер, мерейтойлық төсбелгілер, қағаз ақшалар, монеталар, маркалар, керамикалық бұйымдарды және ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын, артында қалған мол мұрасын зерттеген жазушы-ғалымдардың еңбектерін де осы көрмеден көре аласыздар. Сондай-ақ, шет тілдеріндегі аударма кітаптар, кейінгі кезде жарық көрген тың басылымдар да жұрт назарына ұсынылды.
Көрмеге еліміздің ЖОО-ның, ғылыми мекемелерінің ғалымдары мен ұстаздары келіп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенқызы

Философия, саясаттану және дінтану институты бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Меңлібекұлы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылымир қызметкері Ләйлә Мұсалы

Иран Ислам Республикасы Бас консулдығының мәдени атташесі Хоссейн Ағазаде

Мыңмен жалғыз алысқан Абай өмірі мен мұрасы кейінгі ұрпақ үшін өр әділеттілік пен зор адамгершілікті және асқақ рух мен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің әрқашанда жарқын үлгісі бола бермек.
Көрмеге факультет магистранттары, докторанттар, сондай-ақ қала қонақтары белсене қатысты.
Б.М. САТЕРШИНОВ, философ. ғ.д., профессор;
М.Р. БАЛТЫМОВА, философ. ғ.к., қауымдастырылған профессор;
Ж.М. БЕЛТЕНОВ, 8D02216 Қазіргі заманғы исламтанулық зерттеулер бағдарламасы бойынша 2 курс докторанты.
https://www.kaznu.kz/kz
