Анонс


Ә.Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі жаңғырту жұмыстарынан кейін қайта ашылады

Дүйсенбі, 19 Қаңтар 2026 09:47
Ә.Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі жаңғырту жұмыстарынан кейін қайта ашылады KAZMUSEUM.KZ -  

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін қайта ашылады. Жөндеу жұмыстары аяқталған музей ғимаратын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы барып көрді, деп хабарлайды kazmuseum,kz сайты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының қолдауымен қысқа мерзімде жүргізілген кешенді жаңғырту жұмыстары өнер туындыларын сақтау және экспозициялау үшін заманауи жағдай жасауға бағытталды.

Аида Балаева жөндеу жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Музейдің ішкі бөлмелері мен шатыры жаңартылып, еден жабындары ауыстырылды, сондай-ақ инженерлік жүйелер жаңғыртылып, климаттық бақылау жүйесі орнатылды. Нәтижесінде елдегі басты көркем галерея заманауи халықаралық стандарттарға сай, халықаралық деңгейдегі көрме жобаларын іске асыруға толық дайын.

Жөндеу жұмыстарымен қатар музей мамандары экспозицияларды да жаңартты. Көрерменге бұрыннан таныс қазақстандық және әлемдік өнер жауһарларымен бірге жаңа бөлімдер ұсынылды. Атап айтсақ, график-суретші Евгений Сидоркиннің туындылары, «Қазақ өнеріндегі әйел бейнесі» экспозициясы, Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі өнер бөлімі, сондай-ақ ХХ ғасырдың соңы – ХХІ ғасырдың басындағы шетелдік өнердің жаңа туындыларына арналған бөлім бар.

Айта кетсек, өнер ордасының қайта ашылуы музейдің 90 жылдығы мен 1976 жылдан бері орналасқан ғимараттың 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Жаңғырту жобасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Жөндеу жұмыстары мемлекеттік органдардың, музей ұжымының және серіктестердің, соның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Senim Qogamy» қоғамдық қорының өзара ынтымақтастығының арқасында жасалды.

209 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper