Анонс


«Атамұрадан» «Мәдени мұраға» дейін немесе Рысжан Ілиясқызы туралы үзік сыр

Сейсенбі, 06 Қазан 2020 16:19
«Атамұрадан» «Мәдени мұраға» дейін немесе Рысжан Ілиясқызы туралы үзік сыр KAZMUSEUM.KZ -  

Рысжан Ілиясова – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, Ырғыз ауданы мен Ақтөбе қаласының құрметті азаматы - өмір бойы ел үшін, ұлт үшін аянбай тер төгіп қызмет етіп келе жатыр. Музейді ұзақ жылдар бойы басқара отырып, халқымыздың тарихын тап басып танытатын құнды жәдігерлерді жинақтап, халыққа да насихаттай білді, табылған жәдігерлерді көрермендерге жеткізу үшін де  өз идеясымен игі жұмыстарды қолға алды.  «90 жылдардың басында қоғамдағы кереғар өзгерістер біздің санамызда да пайда болды деп айтуға болады. Өйткені біз коммунистік идеялогиямен қаруланып білім алып, тәрбиеленіп өскен адамдармыз. Өз ұлтымыздың мәдениетінен қашқақтап, көп құндылықтарымыз ұмыт болған, көп заттардың көзі жойылған. Шежірелерді, аңыздарды, әңгімелерді, өз жеріміздің тарихын көп оқымағандықтан, жалпы көрнекі мұрадан қол үзіп қалыппыз. Осы кезде біздің жаңару, сауығу, ойланудан «АТАМҰРАНЫҢ» туғаны рас. Біз өз жерімізде жатқан дүниелердің барлығын енді көріп, енді көзіміз ашылып жатқанда енді оны қалай біз халыққа жеткіземіз деген уақытта «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының «Атамұра» ақпараттық-танымдық хабары үлкен күш болды»,- дейді  «Атамұра» хабарының авторы Рысжан Ілиясқызы.

Рысжан Ілиясқызының тікелей бастамасымен осы телеарнаға сүйене отырып, табылған тарихи ескерткіштеріміз, жауһар жәдігерлеріміз көрермендерге жетті. Айтар болсақ, 1992 жылы Ырғыз ауданына мешіт ашылуына көптеген адамдар барған. Сол кезде Рысжан Ілиясқызы мен «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының түсірушілер режиссеры Бақыт Ешпаева бастаған тобы бірге барып жұмыс жасады. «Ырғызға барған сол сапарымыз сәтті болды. Біздер Ырғыздан қайтып бара жатқан жолымызда бірсыпыра ескерткіштерді түсіріп, халыққа көрсеткіміз келді. Соның бірі бұрын естісек те көзіміз көрмеген Алмат тамы еді. Алмат тамы кезінде күрделі құрылыс болған. Бұл бес күмбез, ортасында Алматқа арналған үлкен күмбез, кәдімгі жер асты пантеон тәсілімен салынған., тіпті бұл өңірде оған теңдес құрылыс жоқ. Бірақ бүгінде желмен-құзбен, қар – суменен, әрі мал жайылымы болып қоршалмағандықтан бес күмбезі де құлаған. Ортаңғы күмбезі де құлағанмен ортаңғыдан жоғары бөлігі сақталған. Ішкі құрылысы, - архитектуралық шешімі, әсемделуі, сыртқы он бір кірпіштен түрлі етіп өнерлеп салынуы керемет әсер қалдырды. Мұнан кейін Ырғыз жеріндегі алып метиорит құлаған Жаманшын кратері түсірілді. Жаманшың  маңы миллиондаған жыл бұрын теңіздің түбі болған. Ертеректе бұл тауды халық Жамантау деп атаған. Бұл жерді 30 жылдай бұрын Москваның ғалымдары келіп зерттеген, бірнеше кітаптар шыққан. Жаманшыңды, «Бөкенбай шоқысын» түсіруге бардық. Ол кезде Бөкенбайды аз білеміз, дегенмен бала кезімізден «Бөкенбай шоқысы» деген Шалқар мен Ырғыздың жолында кетіп бара жатқан кезде, келе жатқанымызда көлбеп шың болып көрініп тұратын еді. Түсіру тобымен келгенде көргеніміз ұшар басы бірнеше метр құлаған кішкентай ғана бір төбешік болып, қалған екен. Өкінгенмен амал жоқ. Ақтөбеге дейін осы жолдағының бәрін түсіруіміз керек. Жолда атақты Байғабыл, Тоқсанбайдың тамын, Ордан кейін Темірастай өңіріндегі ең алып құрылыс Жаныс бидің мавзолейін түсірдік. Мавзолейдің міні құрымай тұр екен. Басындағы шығыршық қана құлағаны сол күйінде. Өзі ауылдың іргесінде, қасында керемет қаптаған құлпытастар.

Бұдан кейін «Мәні әулие» қорымы түсірілді. Мәні әулие туралы аңыздар өте көп, әр ғасырда туған аңыздар болар. Бұл жерде созылып жатқан үлкен тас қаланы көрдік.  Тасқала зерттелмесе де талай боздақтар жерленгені көрініп тұр, Мәскеу жақтан ғалымдар бірнеше жыл  тексеріп  жүргенін естідік. Баяғы ордалы жыландары жоғалыпты.

Мәні әулиеге жақын жердегі Бөкенбай батырдың қарауыл қараған бес обасы туралы, сосын аңыз бойынша Бөкенбай батырдың үңгірі туралы керемет-керемет әңгімелер жазылып алынды. Бұл дүниелердің барлығы біз үшін үлкен қазына болды.

Әбілхайыр ханның аты   жаңа көтеріліп айтыла бастаған кезде Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» қорымына жеттік-ау.   «Бұрын үлкендеу төбе болған шығар, жалпақтау, биіктеу жер екен, бірақ хан моласы , ханның бейіті деп айтатындай онша белгіні байқамадық. Сонда да бес көкшіл тас жатыр екен, жазуы жоқ, өнері бар.   Бейіт осы шығар деп» ойладық . Ол кезде  жол қиын, барып-келу мың шақырымнан асады», - дейді. Рысжан Ілиясқызы.

«Атамұра» хабары телекөрерменнің сүйікті хабарына айналған кезде   Хромтау жеріндегі Ойсылқара әулие қорымы да телеарна тобымен бірлесе отырып түсірілді.  Рысжан Ілиясқызының айтуы бойынша керемет Ор өзенінің жиегінде екі төбенің басында, кейін ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар ортасынан бермен қарата тастан салынған, қайрақ тастармен қоршалған жағалбайлы руының қорымы болған екен. Өте ерте заманғы тарих болғандықтан көп деректер сақталмаған. Соған қарамастан   Рысжан Ілиясқызы телеарнадан  хабар жасауға, сол жерде ауыл қарттары Ойсылқара әулие туралы ата-бабадан қалған аңызға бергісіз әңгімелерді айтып берсе де,  құр аңызға сүйенбей тарихи маңызы зор хабар дайындау   үшін көп ізденді. Бірнеше ай бойы іздесе де архивтен материал табу мүмкін болмай, әдеби материалдардан Ойсылқара әулиенің ізін тауып, ақиқаты мол хабар дайындап көрсетуге көп күш салды. Сөйтіп Ойсылқара әулие туралы дайындалған хабар да көп көңілінен шығып жоғары бағасын алды.

 Жер – су мекен атаулары,  тарихи - мәдени ескерткіштердің тарихы зерттеліп, халық арасында насихатталуы бұдан әрі жалғасын тапты.

 80-ші жылдардан бері  көтеріп зерттеп жүрген үлкен бір жұмыс Абат-Байтақ болатын. Ол туралы да айтылған аңыздар өте көп. Абат-Байтақтың құрылысы, оның басындағы құлпытастардың  өзі ерекше бір дүние. Кезінде Астана қорым атанды, тегін емес. Абат-Байтақтың салынуында бұрынғы келіп кеткен жиһангерлердің еңбектерінің барлығын көтеріп, барлығын салыстырған уақытында осы «Абат-Байтақтың» сонау орта ғасырдың кезінде тіпті 11-13-ші ғасырларды салынған алып құрылыс екенін әлі мойындата алмай келеміз. Мұның құрылысының салынуының өзі үлкен күш. Аңыз бойынша айтылғанмен бұл дүнияның бітуі үлкен күштің, үлкен бір мемлекеттің қолынан келетін құрылыс. Өзі үш бөлімнен тұрады. Оның төбесінің өзі бірнеше қабаттан өрілген. Дегенмен де Рысжан Ілиясқызының ізденімпаздығы, еңбекқорлығы арқасында Абат – Байтақ  туралы әуелі музейде жинақталған аңыз әңгімелер, жиһангерлердің көріп тарихқа қалдырып кеткен деректері бойынша Абат –Байтақ хабары дайындалып эфирге шықты.

«Қиыл қырғыны» деп тарихта аты қалған Исатай батыр туралы зерттеу жүргізді. Ол жерлерде керемет құлпытастар,   бейіттер бар. Батыр Исатай мен баласы Оспанға тұрғызылған Кеңес үкіметі кезінде басын қарайтқан ескерткіш белгі бар. Исатай батыр  туралы да хабар дайындады.

 Рысжан Ілиясова бастаған топ сәулет өнерін түсірумен қатар, музейлерде сақталған керемет жәдігерлердің, зергерлік бұйымдардың небір көздің жауын алатын заттардың, оларды жасаған шеберлердің, зергерлердің еңбегін көрсету мақсатында да көптеген істер тындырды. Атақты ағаш шебері Айдос Мұратов (1881-1970) туралы халықтың есінде сақталған деректерді жазып алып,   оның қолынан шыққан дүниялар Шалқар өңірінде ғана емес батыс өңірінде, Қостанай, Торғай жеріне дейін таралып кеткенін анықтады.  Сөйтіп Шалқардың өзінде артына көп мұра қалдырған Айдос Мұратов туралы  көп материалдар жинақтап хабар түсіріп, телекөрермендерге тарту етті.

Байғанин өңірінен атақты 40 колхоздың ұстасы, дүйім елге «Әке» атанған зергер Құрманәлі Наурызалин шебер туралы, ол кісінің қолынан шыққан сақина, білезіктер осы кезге дейін «қайнағаның жасағаны», «атамыздың жасаған білезік-сақиналары» деп көзіндей көріп сақтап жүрген кісілердің қолынан көріп, материалдар жинақтады.

Якуда Жолмұрзаұлы (1908-1969) деген ұста арқаның жерінде Әйтеке би ауданының Ұзынкөл ауылында еңбек еткен.  Рысжан апай жалғыз баласы Сейтжанды тауып алып, әкесі туралы құнды деректерді, қолында қалған заттарды жинастырып, хабар дайындап, Ақтөбе өңірінің шеберлері туралы үлкен топтамалар жасады. 

Өзінің жүргізген жұмыстары туралы Рысжан Ілиясқызы: «Бұл бір жақсы дүния болды, өйткені біздің қолда бар дүнияларды музейге жинап, белгісіз шебердің дүниесі деп қоя салмай, осы топтамалар арқылы сол заттардың авторы табылып, кімнің зергер, кімнің ағаш шебері, кімнің ұста екенін жинап алдық. Осы кісілер туралы мәліметтерді жинап, таспаға түсіре жүріп, нақты, тың деректерге ие болдық. Былай қараған уақытта біз өзімізге –өзіміз жаңалық ашқандай болдық, өзімізге солай көрінді. Біздің жерімізде керемет атақты ұсталар көп болған. Жалпы өнер адамдары көп қасірет шеккен. Жалпы өнер адамдары көп қасірет шеккен. Ақыры тірі ұстаны көру арманға айналды. Сол тірі ұстаның соңғы буыны Әйтеке би ауданында Миялы деген жерінде жетпіске келген Ыбырайым деген ұстамен кездестік. Өзі бір сондай қарулы, мықты адам екен, әңгімесі де жақсы. Ол кісінің қолынан шыққан дүниялар: аттың жазғы және қысқы әбзелдері. Бірде-бір заты шашылып жатқан жоқ, тап-тұйнақтай. Бала кезімізде ұстаның дүкенінін көрдік қой, кейін олар талан-таражға түсті. Осы күнге жеткен тірі ұстаның дүкенін көргенде өз көзімізге өзіміз сенбедік. Үйінің айналасының бәрі көгал. Ауылды ұстап тұрған ақсақал. Монша салысқан, мектеп салысқан, бір үйдің шарбағы сынып жатса, барып шегелеп тастаған. Бір баланың шашы өсіп кетсе, баланы шақырып алып, шырағым, сен қазақтың баласысың мынадай болып жүргенің жарамайды деп, шашын алып беріп, бір ауылға ес болған Ыбырайым ұстаның жинаған дүниясы бір музейлік. Біз осы кісімен көзі тірісінде кездесіп, таспаға түсіріп, хабар дайындағанымызға қуандық. Біздің халқымыз ұсталық өнерді киелі санаған ғой. Ұстаның өзін киелі адам деп есептеген. Сондықтан да көпшілігінің үйлерінде сол ата-бабаларынан қалған төс, көрік т.б. сондай құралдарын ең бір қасиетті зат ретінде сақтап отырғанын көрдік. Осы киелі кәсіптің ең өкініштісі ұсталардың ұрпағының әрі қарай жалғастырып кете алмай отырғаны. Бұл бір. Екінші жағынан осы дүнияларды сақтап, бүгінгі күнге жеткізгеніне шүкірлік еттік. Осылардың бәрін зертей келгенде Байғанин, Ырғыз, Шалқар, Ойыл, Темір тіпті мына Қобдадан да бір ағаш шеберін кездейсоқ тауып алып,  сол кісінің қолынан шыққан затын қуалап жүріп, қолымызға шаққа түсірдік. Сөйтіп тек сәулет өнері ескерткіштерін ғана емес, сонымен қатар өнер адамдарының, оның ішінде ата кәсіп болып келген халықтың ардақтайтын, мақтанатын дүниясын жасаған, әрі бүтінші болған. Бір елді бір ұста ұстап тұрған.Ұсталы ел тозбайды деп айтқан ғой»,-деді.  Міне осындай киелі адамдар туралы хабарлар дайындалып, телеарна арқылы халыққа насихатталып отырды.

Соңғы жылдары 2000 жылдарға таянған уақытта Қобыланды батыр жатқан жеріне 1996 жылы Иманғали Тасмағанбетовтің келіп тас белгі қойып кеткен болатын. Ол кезде музейдің де көлігі  болмады. Рысжан Ілиясқызы азаматтардан, мекемелерден сұранып жүріп, көлік тауып алып, музейдің бірнеше қызметкерлерін алып, бірінші рет «Қобыланды батыр және жер-су атаулары» деген экспедиция ұйымдастырды, соның нәтижесінде «Атамұра» хабары берілді. Қобыландының қайрақтасы, бейіті, обалар туралы ауыл ақсақалдарының айтқан әңгімелері тың дерек болды. Қобыланды батыр туралы мақалаларды газет бетіне жариялап, теледидар арқылы Қобыланды батыр туралы ойларын ашық айтты. Ол туралы «Қобыланды батырдың екі тастың астында жатқаны елімізге сын, әрі ұят. Қобыландының осында жатқаны рас. Оған Қобыланды батыр жырындағы жер-су аттары дәлел. Нұрпейіс Байғанин мен Айса Байтабыновтың жырындағы жер аттарының бәрін көрдік.Ойымызға ой келіп, Қобыланды батырдың аты орталық стадионға берілсе, өзіне лайық басы қарайтылып, музей ашылса деп ойымызды айттық. Сонымен қатар бұл хабарды бірнеше дүркін теледидардан көрсеттік те. Мүмкін біздің басшыларымызға қозғау болды ма, мүмкін сәті түсті ме, бірақ алғашқы экспедицияның басында телевидение мен музей қызметкерлері тұрғаны анық. Сол кезде біз Қобыландының қайрақ тасын таптық. Бізге жеткен сол дәуірдегі Қобыландының көзін көрген бірден-бір зат Қобыландының қайрақ тасы. Қазіргі кезде қайрақ тас деуге келмейді. Артынан Қобыландыға  лайықты шаралар өткізілді ғой, осылардың басында экспедицияның тұрғанына көңіліміз марқайып қалды», деп өзінің бастаған істерінің осылайша жетістіктермен аяқталғанына қуанышын білдірді.

«Енді қазіргі заманның тарихымен есептелетін мынау қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Қазақстанда біздің елімізде, біздің жерімізде, соның ішінде біздің облысымызда бірінші болып, «Түйетөбеде» ескерткіш ашылып, қазір тарихқа айналды. Ескерткіштің ашылуы, боздақтарымыздың жерленуі, онан кейін осыншама халықтың жұмылып барып тағзым етуі бір төбе. Көрген көзде жазық жоқ, ескерткіштің күтіп-бапталуы, айналасының қоршалмауы, жалпы істелуінің өзі боздақтарға лайық емес. Жалпы Түйетөбе экскурсиялық объект болатын жер, әрі қаланың түбінде орналасқан. Ол жерге барған адам сол жерде боздақтардың сүйегі жатыр деп ойламайды. Осы бір қалай болса солай олақтау жасалған дүние деп өз ойын айтты. Ескерткіш деген мыңдаған жыл өтсе де міні құрымай тұрғанын  көргенде, кеше жасаған мына заттың қаусап тұрғанын кімде болса айтады ғой, бірақ біз жанашырлықпен айттық деп телехабар арқылы айтылған ойдың реттілігіне назар аударттық – деді Рысжын Ілиясқызы.

«Атамұра» түсіру тобының режиссері Бақыт Ешбаева: Шалқар ауданында болып,  таба алмай жүрген Балғасын мұнарасын көру арман болатын. Оның суретін Орынбор музейінен облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Ілиясова болатын. Балғасын мұнарасын көрейік деп елдің азаматарын, мұғалімдерді, телевидениенің, музей қызметкерлерін ертіп бардық. Мұнараның тұтас бір кірпішін таба алмадық, құлап қалған, кезінде 20 метрге жуық бетін глазурмен жапқан дүния ғой, суретінде тұр. Мазардың бір тұтас кірпішін таба алмай үйіндісіне тап болдық. Ал енді Шалқардың азаматтары көп ізденіп, көп жазып, тарихын мұқият жинаған ғой. Сонан келе сол жерде тұрған Оңалбек атаның мавзолейін мынау ғой Балғасын деді. Рысжан апай бұл Балғасын мұнарасы емес бұл мынадай болады деп суретті көрсетіп еді, жоқ, мынадай мазар болған жоқ деді. Олай болса, мына үйінді Балғасын мұнарасы. Ал Оңалбек ата кім дегенде ешкім Оңалбек ата біздің бабамыз деп айта алған жоқ, - деді.

Рысжан Ілиясқызы: «тіпті алыс емес жақын жерде жоғалтқан дүниеміз жетіп жатыр. Ақтөбе қаласына 45 шақырым жердегі Қарғалы су қоймасының бойындағы «Қызылтам» нағыз экскурсияға лайық жер. «Қызылтам» осыдан 10 жыл бұрын камерасыз барып көргенімізде едәуір бөлігі сақталған еді. Енді 10 жылдан кейін таспаға түсірейік деп келсек, опырылып құлаған, алдын 2 метрдей тереңдетіп қазған. Оған байланысты барлық аңыздарды журналистер, жиһангездер газеттерге жазып кеткен. Оның барлығын жинап алғанбыз. Бұл өте үлкен қорым,  жалпақ төбеге жайылып жатқан  көп құлпытастары бар. «Қызылтам» қараусыз қалған, тек бір метр, метр жарымдай ғана биіктікте біржарым жары ғана сақталып қалған» дей келе ауыл әкімдеріне де ренішін жасырмады: «Сақтау, қорғау деп айтамыз. Ауыл әкімдері ауылында не бар, не жоғын да білмейді. Елге, жерге ие болатын солар ғой, үкімет соларға тапсырып отыр ғой. Бұрынғыдай мал бағып, шөп шауып жатқан уақыт жоқ. Болмаса бабаларының қалдырып кеткен мұрасына көз қиығын салуға болады ғой». Әрине бұл  тарихи құндылықтардың бағалай білсе дегені.

Рысжан апайдың әрбір әңгімесін тыңдаған сайын тыңдағың келе береді.    Музейде  іздестіру, зерттеу, жинақтау жұмыстарын  нақты жүргізу нәтижесінде хабар түсіріліп отыр, дайындалып отыр. Ол барлық тарихи оқиғалар мен аңыздардың сырына қанық. «Мұғалжар ауданындағы Құмжарған деген жердегі тірі кезінде  аты аңызға айналған әйгілі жылқышы Еңбек Ері Балым Бірімовамен (1920-2002) көзі тірісінде кездесіп қалдық. Жасы сексенге келсе де қасы қалың, шашы қалың, өзі ақсары адам екен, келбетті, ұзын бойлы. Экспедиция мүшелерінің арнайы іздеп барғанына қатты қуанып қалды. Қырық жылдай жылқы баққан, жылқының академигі болған адам. Өзі ауру, өзі қартайған адамға жата-жастанып, бабы келген уақытта ұйқысын қандырып, шәйін ішкізіп, көңілденіп отырғанда небір әңгімелерді айтқызар ма еді. Асығыс жүріс. Біз болсақ бір шәй қайнатым уақытта әңгімесін жазып алдық» - дейді апай.

Ақтастыдағы Бекқұл әулиенің 90-шы жылдары құлпытасының қақ айрылып жерде жатқанын көріп, сол құлпытасты біріктіріп таспаға түсірдік.

Екі қаланың ортасында тұрған Есет батыр кесенесі туралы «Тархан Есет және қорым» айдарымен бейнехабар дайындалды.

«Атамұра» хабары қанша уақыт телекөрермендермен бірге болды дегенімде  Рысжан Ілиясқызы: «Бір жылдары телевидение басшылары жиі алмасып, түсінбеушілік туды, мін тағып «АТАМҰРА» хабарын түртпектеп жабуға айналдырды. Өздері тікелей келіп мынауың дұрыс емес деген жоқ, газетке жазып, тыныстары тарыла бастады. Ақыры «АТАМҰРА»-ны жауып тынды. Біз 15 жыл бойы үкіметке, не басшыларымызға салмақ салмай жұмыс жасадық.  Осы жылдары түсірілген кейбір хабарларымыз телевидениенің техникасының сапасының оның ішінде камераларының сапасының нашарлығынан қайталап көрсетуге жарамай қалды. «АТАМҰРА» хабарының қорында 100-ге жуық бейнефильмдер  түсірген. Бүгінде «алтын қорға» айналып, көрсетіліп тұрады. Сараптап келгенде сәулет өнері, тарихи-мәдени ескерткіштер, ұсталар мен өнер адамдары, жеке тұлғалар, жер-су атаулары. Өлкемізде табиғаттың да ерекше бізге қалдырып кеткен дүнияларын да түсіруге құлшыныс жасадық.  Ақтөбеден 45 шақырым жерде үш миллион жыл бұрын планетарлық маңызы бар Айдарлыашаға экспедициямен шықтық. Құрамында геолог ғалымдар, музей қызиметкерлері және «АТАМҰРА»-ның түсіру тобы болды «Айдарлыаша құпиясы» деген бейне фильм дайындадық. Бұл Айдарлы аша туралы  Америка мен Қытайда үлкен симпозиумдарда  айтып жатыр, біздер енді еске түсіріп жатырмыз. Хромтау жеріндегі атақты Азбар тасты екі рет іздеп барып таба алмай, соңғысында жаяу-жалпы, таулы-тасты жер ғой кеш бата шаққа таптық. Ауыл ақсақалдарына бала кезіндегі көргендерін айтқыздық. Азбар тас деген не зат өзі деп жағалай энциклопедиялардан, сөздіктерден тұшырымды айтатын ештеме табай алмай қиналдық. Азбар тас деген керемет табиғат құбылыс,  әйтсе де, оның тамыры тереңде жатыр екен. Анау Заратуштраның өмір сүрген киелі жері Мұғалжар тауы екен. Ғалым Несібелі Құрманованың астана газеттерінің бірінде шыққан мақаласында, ол өзі біздің жақтың тумасы болса керек. Азбартас сөзі туралы  былай айтыпты «Авестада»: АЗ» деген  сөз киелі деген мағына береді, ал «Bаr»  деген қазақ тілінде «босаға», қасиеттілік дегенді білдірсе сонда Азбар киелі орын дегенді білдіреді екен,  мағынасы  қайда кетіп жатыр. Тұрған жерінің өзі керемет. Алдының бәры бір заманда теңіз болған. Теңіздің шөгіндісімен кішкентай Ақшатау пайда болған, ақ бор. Теңіз шайқала-шайқала ортасында үйіліп қалған. Ар жағында Жамантау, Бәйментау, Жылантау тұрған жерінің өзін көруге көз керек. Енді Азбар тастың құпиясын жете білеміз деп айта алмаймыз. Деседе хабар дайындап халыққа көрсеттік.  Дегенмен жете алмай кеткен жеріміз әлі көп.   Байғанин ауданындағы ескерткіштерді түсіру үшін ең кемі  он бес күн керек, күні-түні жүргеннің өзінде. Ойыл, Қарғалы, Темір аудандары жатыр. Мұғалжардың кен байлығы зерттелгенмен, оның этнографиясы, тарихы зерттелген жоқ. Олардың бәрін зерттеу келешектің ісі ғой. Өз жерінде жатқан әулиелерді, әмбиелерді, тарихи оқиғаларды білмей, бірдеңе білем деу  әурешілік екеніне көзіміз жетті. Біздің жұмысымыздың бәрі бірдей бірегей деп айта алмаймыз. Басында тәжірибеміз де аз, түсіруімізде де кемістіктер болды. Мәтінін дайындауда да ғалым емеспіз, сценарийді жазғанмен тап басып ғылыми түрде жаздық деу  мүмкін емес.    

Тағы бір үлкен жұмыс бар. Ізгілік пен имандылықтың жолында көп қызмет көрсеткен  ишандар, хазіреттер, діни оқымысты кісілер аса үлкен қуғынға ұшырап репрессияда  қырылған, жер ауған. Солардың салдыртқан және бала оқытатын  мешіттері; Бөрте, Елек, Қарғалы, Қобда, Ор өзендерінің бойындағы сақталып қалғанын тауып, мешіттерді жағалай түсіріп әрқайсысына жеке-жеке хабарлар дайындадық.;

Олар: Бекпан хазірет мешіті Қараталда, Шәкен ишан мешіті Сартоғайда, Хусейн хазірет мешіті Ақырабта, Үсен хазірет мешіті Бөртеде, Сапа хазірет мешіті Қарғалыда, Самұрат мешіті   Жабасақта, Құлтас мешіті, Белқопада,  Ойыл және Темірдегі мешіттерді халыққа қайта табыстырдық.

«АТАМҰРА» хабарында өнер иелерін де ерекше атап, жеке-жеке көрсеттік. Өнер иелері- күйшілер: Бақыт Басығараев, Момын Байғанин, Жайлау Асылханов, шежірешілер: Зиғали , Жолан, Марат, Қалық жырау, сыр сүлейлерін зерттеуші Алмас Алматов, Қайдас сыбызғышы тағы басқалары. Қолөнер шеберлері Қуандық, Күлипа Жұбаниязовтар,  «Үкілі домбыра» Республикалық байқауының жүлдегері Құтым Қасенов, ағаш шебері Марат Мамытов т.б.

Көптеген ескерткіштердің, кейбір дүниялардың тарихы тереңде жатыр. Тереңге сүңгу үшін қаншама уақыт керек. Дегенмен де біз өзіміз көрген бар дүниені көрсеттік. Қай жерде не жатыр деген мақсатымыз орындалды, халық оң бағасын берді. Бірақ билік жағынан, идиологияны басқарып отырғандар жағынан мынау не дұрыс, не бұрыс болған екен деген ешкім болған жоқ. Өздері көріп қай жерде не жатқанын біліп отырса да бір қамқорлық жасайық осыларға, барсын осы түсірсін, бүкіл облыстың барлық аспан асты ескерткіштерін қамтысыншы деген де ешкім болмады.

Біздің жеріміз тұнып тұрған тарих қой. Осының бәрі мұрындық болар, елдің, жердің иесі аудан, округ әкімдерінің санасы оянар осыларды қамқорлыққа алар, ең болмағанда халық білсін қай жерде не жатқанын деген мақсат болар. Қол жетпей қалған заттар көп. Бір-екі адамның күшімен тындырып тастайтын жұмыс емес қой,  жер қашық. Бір де бір қызық жағдай болды. Әйтеке би ауданында Әбілқайыр ханның «Хан моласы» түсіруге барғанымызда Қалық жырау айтты: мынау жол былай шығады алдыңнан жалғыз жиде Жуғы көрінеді,- деді. Сөйтсек, ЖУҒЫ деген Марал Құрманұлы (1780-1841) ишанның Қостанай жақта қайтыс болып денесін сол  жерде түнетіп жуындырған, деп түсіндірді. Содан ол жерге жиде шығыпты. Халық қасиет тұтып, түнек болыпты. Оның бір шеті сонау Аққұмға ары қарай Нұраға дейін, Нұрадан Қармақщыға  дейін кете береді, жолда жеті қонған екен,- деді.  

Рысжан апайдан Жуғы туралы айтып беріңізші дегенімде: «Жуғыны қалай зерттейміз деп жүргенбіз. 2005 жылы Қармақшыда Марал ишанның 225 жылдық мерейтойы республикалық дәрежеде өтетін болды. Соған байланысты Ақтөбеде тұратын емші, қармақшылық Қадиша Сәденқызы үлкен экспедицияны ұйымдастырды. Бір машинаға үлкен бөшкелермен бензин құйып алдық., ешкімге салмақ салмайық дептамағымызды тиеп алып, екінші машинада өзіміз Жуғыны іздеп жолға шықтық. Жаңағы «Жуғы» дегеніміз үлкен кісінің басындағы бөрік сияқты., екі қайтара орлап тастаған бір метр тереңдіктегі сол ордың өзі. Ортасы бейіт сияқты, мола сияқты үлкен төмпешік томпайып жатыр. Осы жер Марал ишанның жолда келе жатқанда жан тапсырған жері болуы керек. Мынадай айналасын орлап қоюының өзі соның белгісі. Жуғының айналасына шыққан жиделерді де жуғы деп атайды екен. Сөйтіп естіген Жуғы алдымыздан шықты. Бір шұңқырда бір түп аққайыңдар ұйығып өскен ол жерді Марал ишанның жүгі, аты ауған деп айтады. Аққайыңдар туралы жазып алдық. Сөйтіп Жабасақ деген жерге келсек Марал ишанның көксауыр кебісін сақтаған үйге бардық. Келсек үй иелері жоқ. Соғыс кезінде білетін адамдар әскерге алынғанда кебістен бір-бір кесіп алып кетіп, соғыстан аман келгендерін айтты.  

Содан Марал ишанның 95 жастағы соңғы ұрпағына бардық, көзі тірісінде көріп қалайық деп, төсек тартып жатыр екен. Ол кісі осы уақытқа дейін Марал ишанның аса таяғының ұшын сақтап отыр екен. Қызылордадан Қармақшының орталығы Жосалыға келдік. Бұл жерде Марал ишанның оқыған кітаптарын, мөрлерін басқа да құндыдүниелерін сақтап отырған марқұм болып кеткен Әлиасқар дәрігер екен, соның үйіне барып, өтініш айтып, Әлиасқардың жесірі Шолпанға жолықтық. Ол да сандығын ашып небір құрым кітаптарды шығарды. Небір арабша қолдан көшірілген құрандардың көшірмесі, аса таяқтың басы, екі мөр, біреуі Омар ишанның мөрі, 30 жыл би болған екен. Екіншісі Қалқай ишандікі. Бұл деректер теңдесі жоқ құнды дүниелер ғой». «Атамұра» - дан «Үш жүздің пірі Марал ишан» деген бір сағаттық бейнефильм жасалған. Қармақшылықтар Марал ишанның 225 жылдық мерейтойына шақырғанда осы бейнефильмді тарту еткен. Тойға көрші облыстардан ғана емес Ресей, тіпті Түркиядан да қонақтар келген. Конференцияға Алматы, Астанадан бір топ ғалымдар оқыды. Осы конференцияда Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, «Атамұра» хабарының авторы Рысжан Ілиясова «Марал ишанның Ақтөбедегі іздері» деген тақырыпта баяндама жасамай, Марал ишанға Ақтөбенің қандай қатысы бар деген бірді-екілі адамның сұрағына жауап деп қолда ұстап тұрған үлкен-үлкен суреттерден жуғыны, кебісті т.б. көрсетті. Ал таспаға түсіріліп, жинап-теріп жасалған бір сағаттық бейнефильм Ақтөбедегі Марал ишанның іздері, таспаны Марал ишанның Қызылорда жеріндегі ұрпақтарына сый ретінде ұсынған. Сол жерде отырған ғалымдар орындарынан тұрып ризашылықтарын көрсетіпті. Ғалымдар «Атамұраны» ерекше атап өтіп, «тірі тарих» деп атады. Және бұл хабар жергілікті кинотеатрдан әр екі-үш сағатсайын халыққа қайта-қайта көрсетіліп отырған. Өлкенің тарихына деген үлкен қызығушылық, құрметтеу, бағалау бұл елде жоғары екен. Сол жерде «Атамұраның» түсіру тобына : авторы – Рысжан Ілиясоваға, режиссері – Бақыт Ешпаева, бейнеоператоры – Болат Аяпбергеновтерге ерекше құрмет көрсетілгенін айтып кеткенім жөн болар.

Рысжан Ілиясқызы: «Мыңдаған шақырым жер жүріп келсек те шаршадым демей, түсірген дүнияларымызды келген күні түнімен отырып екшеп, тездетіп эфирге шығарып халыққа таныстыруға асығатынбыз. Біздің топтың тарапынан игі іс болды» дейді.

Түсірілген бейнефильмдер Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде де сақтаулы.

«Атамұра» бағдарламасы 1992 жылдан басталып кетті.  Ол кезде музей де, телевидение де «Мәдени мұра» бағдарламасы болады деп ойламаған болар. Бұл игі іс. Алғашқы бастама Ақтөбеден басталды деп айтуға болады.

«Атамұра» бағдарламасы «Мәдени мұраға» жалғасты.  «Мәдени мұра» болашақ ұрпаққа керек. Өткенін білмеген ұрпақтың болашағы бұлыңғыр.

«Біз болашақ үшін еңбек еттік. Біз кейбір жағдайда аңыздарды жазып алып, оған сүйеніп хабар дайындадық. Ал қарап отырсақ қазіргі заманда аңыз айтатын адам да қалған жоқ», - дейді Рысжан Ілиясқызы.

Тарихтың келер ұрпақ үшін берер тағлымы мол. Рысжан Ілиясқызының атқарып отырған жұмыстарының бәрі соған негізделіп жасалған.

«Атамұра» хабары туралы айта отырып, Рысжан апай өз  ойларын айтты: «Тағы бір айта кететін жағдай кешегі «Абат-Байтақ» пен «Қобыланды» батырдың мавзолейлері жөнделіп, қалыпқа келтірілді. Ал соны кімдер дұрыстады, қандай жұмыстар істелінді, қандай ғалымдар еңбек етті, Қобыланды батырдың жерленуі, оның басының салынған тарихы – осының барлығы жылдар өткен сайын ұмыт болары анық. Осылардың жаңарған түрін қайтадан түсіріп, халыққа көрсетіліп жатса артық болар ма еді. Халықтың бәрі «Абат-Байтаққа», «Қобыланды батырдың» мавзолейіне бара бермейді. Ал хабар ұйымдастырылып теледидардан көрсетсе басқа әңгіме. Бұрынғы түсірілгеннің жалғасы деп елімізде «Мәдени мұраның» іске асырылып жатқаны болар еді.  Біздің облыста түсірілмеген тарихи жерлер өте көп.  Солардың бәрі жер бетінен жойылып кетпей тұрғанда, әлі де болса көптеген аспан астында жатқан ескеркіштерімізді бейне таспаға түсіріп, ең болмаса суретін ұстап қалсақ та үлкен олжа болар еді», - деп «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қандай жұмыстар жасау керектігіне де бағыт-бағдар берді.

Рысжан Ілиясқызы өлке тарихын зерттеу бойынша хабар ұйымдастырып қана қоймай өзінің «Қазына», «Арулар-аналар, даналар», «Далам тұнған шежіре» атты кітаптарын жарыққа шығарды. Ол кітаптар музей қызметкерлері, өлкетанушылар, жоғары оқу студенттері т.б. үшін таптырмас кітапқа айналды.

Қазіргі кезде телеарнадан «Атамұраны» алтын қордан қайталап көрсетіп жатыр. Барлық жоспарлы түрде жүргізілген зерттеулер «Мәдени мұра» аясында өз жалғасын тапты, енді ол жаңа құнды деректермен толықтырыла бермек.  Киелі қазынаны ұрпағына табыстауды парызым деп білген Рысжан Ілиясқызының  барлық жасаған істері келер ұрпақтар үшін құнды бір мұраға айналары сөзсіз.

 

Алмагүл САРЫБАЙ,  Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі

2214 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper