Анонс


Қазақ археологиясында профессор Жәкен Таймағамбетовтың қолтаңбасы ерекше

Бейсенбі, 15 Қараша 2018 14:20
Қазақ археологиясында профессор Жәкен Таймағамбетовтың қолтаңбасы ерекше KAZMUSEUM.KZ -  

Тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты табылып жатқан жәдігерлер – халқымыздың асыл мұрасы. Осы тұрғыда ұлттық археология саласының дамуына зор үлес қосып, осы салада көп жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан тарих ғылымдарының докторы, профессор, Таймағамбетов Жәкен Кожахметұлының ашқан тарихи жаңалықтары тек елімізде ғана емес, әлемдік маңызға да ие болуда. Қазақстанда Жәкен Қожахметұлының жетекшілігімен Семізбұғы, Қызылтау,  Қосқорған, Шоқтас, Мұғалжар, Жаңаөзен, Майбұлақ, Үшбұлақ тәрізді ескерткіштер ашылды.

Осындай тарихи ескерткіштердің ашылуына жетекшілік етіп жүрген Жәкен Қожахметұлының есімі қазақ жерінде ғана емес, шет мемлекеттерде де палеолит дәуірін зерттеуші ғалым археолог ретінде белгілі. Ұстаз 1979 жылы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетін тәмамдағаннан соң,  КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Новосібір қаласындағы тарих факультетін бітіріп, еңбек жолын тағылымгер - зерттеуші болып бастайды. 1984 жылы «Оңтүстік Қазақстандағы палеолит дәуірлерінің бөлінуі», 1993 жылы «Қазақстандағы палеолит» тақырыбында докторлық диссертация қорғайды. Осы жылдардан бері 450-ден астам ғылыми жарияланымдар мен саны 50-ге жуық монография, оқулықтардың авторы болды. Шетелдерде 100-ден астам ғылыми мақалалары жарық көрді. Жәкен  ағаның жетекшілігімен халықаралық археологиялық экспедициялар да өткізіліп келеді. Соның бірі, 1991 жылы Қытай елінде ЮНЕСКО шеңберінде халықаралық экспедицияға жетекшілік етсе, Қазақстан - Ресей (1992 жылдардан бастап қазіргі кезге дейін), Қазақстан  - АҚШ (2008ж), Қазақстан - Германия  (2014 жылдан бастап қазіргі кезге дейін), Қазақстан - Жапония (2017 жылдан қазіргі кезге дейін) сияқты халықаралық ғылыми экспедицияларды айтуға болады.

Биылғы жылы Жәкен Қожахметұлының жетекшілігімен үшінші жыл Қазақстан - Ресей Біріккен халықаралық экспедициясы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Шілікті өңіріндегі Үшбұлақ тұрағын зерттеу жұмыстарын қыркүйек айында аяқтады. Зайсан жерінде тұңғыш рет ашылған  аталмыш палеолиттік тұрақты зерттеу жұмыстары тамыз айының ортасында басталып, бір жарым айға созылды. Бұл халықаралық  археологиялық экспедицияның құрамы екі жақ мемлекеттің зерттеуші ғалымдарынан, ғылыми қызметкерлерінен  құралды. Дәл осы экспедицияға қатысу мүмкіндігі туған кезде, өз тарапымнан көп ойланбай келісімімді бердім. Оның себебі кіндік қаным тамған жер Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан жерінің жәдігерлерін зерттеуге атсалысуға өз үлесімді қосу болды. Зайсан ауданы еліміздің тарихына қатысты барлық дәуірдің мұрасына бай десем артық айтпаспын. Тас дәуірінен бастап, тарихи-мәдени ескерткіштер тізбесі, қола дәуірі, сақтар, ғұндар, ежелгі түркілер мен қыпшақтар, қазақ хандығы кезеңі, кеңестік заманнан тәуелсіздігімізді алғанға дейін жалғасады. Зайсан өңірінде 6 тарихи, 21 мәдени - архитектуралық, 8 археологиялық ескерткіштер тіркелген. Бұған дейін де Зайсан жерінің мәртебесі республикалық «Алтын адам» табылған өңірдің қатарына қосылғандығымен елімізге белгілі.

 

Үшбұлақ тұрағында биылғы жүргізілген қазба жұмыстары жалпы алаңы 12 квадрат метр, 2 учаскелік қазба жұмыстарына бөлінді. Тұрақ зарарсыздандырылған өзара 8 мәдени қабатты қамтыды. Артефактілерге ең бай қабат бұлақ арнасына жақын мәдени қабат болды. Бұлақ арнасына жақын мәдени қабаттан алдымен жіңішке тас пластиналары және түрлі қару-жараққа  жасауға негіз болған – қырғыш, кескіш, пышақ, өткір ұшты пластиналар табылды. Жәкен Қожахметұлының айтуынша, табылған тас құралдардың техникалық - типологиялық сараптамасы Алтай жерінің  жәдігерлерімен байланысы тығыз. Қазба жұмыстарының қорытындысына сай саны 2500 - ге  жуық экземпляр тас дәуірінің артефактілері табылды. Табылған әрбір артефакт нөмірленіп, тіркеліп, лагерь аясында алдын ала камералық өңдеу жұмыстарынан өткізілді. Қазбадан кейін де, топырақ өңделіп, мұқият жуылып, електен өткізіліп, нәтижесінде тас микропластиналары, жаңқалар, аңдардың сүйектерінің қалдықтары да табылды. Өз тарапымнан далалық экспедицияға қатысу алғаш рет болғандықтан тек қана археология ғылымының қыр – сырымен танысып қана қоймай, таулық климаттың күрт құбылмалы ауа - райына төзімделіп, физикалық тұрғыда шыңдалып қайтуыма де септігін тигізді. Жәкен ағадай ел ағаларымен қатар жұмыс жасау, біз, шәкірттері үшін, еңбек жолымда тағылымы мол тәжірибе болды.

 

Тас дәуірлік тұрақты зерттеуші Қазақстан – Ресей археологиялық экспедицияның жұмыстары 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі және Ресей ғылым академиясының археология және этнография институты арасындағы бекітілген меморандум негізінде жүргізілді.

Алдағы уақытта тұрақты зерттеу жұмыстары 2020 жылға дейін жалғастырылатын болады.

 

Ботагөз Абдрахманова,

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің

ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистры

 

4578 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper