Анонс


Ақтөбе облыстық музейінде театр майталманын еске алды

Сейсенбі, 10 Шілде 2018 03:04
Ақтөбе облыстық музейінде театр майталманын еске алды KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі Байғанин ауданының 90 жылдығына орай өңірдің перзенті, Қазақстанның халық артисі, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген актрисасы Алтын Ибрагимқызы Ружеваның туғанына 90 жыл толуына арналған «Театр өнерінің майталманы» атты тарихи-мәдени-танымдық шара ұйымдастырып өткізді. Бұл шараны ұйымдастырып өткізудегі басты мақсат - Алтын Ружеваның өмір жолы мен шығармашылығымен таныстыру. Театр өнеріне сіңірген зор еңбегін, жақсы қырларын насихаттау.

Шара барысында ҚР мәдениет қайраткері, Құрметті профессор,мәдениеттанушы  Құрманбек Еркін Жолмырзаұлы Байғанин ауданының 90 жылдығы аясында киелі өнерді өміріне өзек етіп, саналы ғұмырын театр сахнасында өткерген қазақтың ғажап актрисаларының бірі Алтын Ружеваның туғанына 90 жыл толуына орай еске алу баршамызға парыз екендігін айтып, Алтын Ибрагимқызының өмір жолын еске салды.

Алтын Ружева 1928 жылы 28 ақпанда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының Оймауыт ауылында туған. Өнер жолына ерте ден қойып, өмірінің мазмұны мен мақсаты осы деп білген Алтын соғыстан кейінгі 1946 жылы Алматыдағы киноактерлер даярлайтын мектепті бітіреді. Еңбек жолын Ақтөбенің  музыка драма театрында бастайды. Ақтөбе театрының жабылуына байланысты 1947 жылы Жамбыл қаласындағы Абай атындағы облыстық қазақ драма театрына актриса болып ауысады. Аталмыш театрда Алтын Ибрагимқызы 1979 жылға дейін жұмыс істейді. Осы отыз жыл ішінде талант иесі мол тәжірибе жинақтап, өнерін жетілдіреді, шеберлігін шыңдайды. Абай атындағы драма театрындағы қызметі еңбегінің ерекше жылдары, өмірінің мазмұнды, нәтижелі, жемісті уақыты болды. Егер Алтын Ибрагимқызы сахнада 180 образ жасағанын айтсақ, оның көбі әрі тұшымдылары, Жамбылдың «Сәбирасы» деген халық берген атағы да осы Абай атындағы театрда жасалды.

 Ол А.Островскийдің «Жазықсыздан жапа» спектакліндегі Кручининаны – қазақ сахнасына бірінші болып шығарды. М.Әуезовтің «Айман – Шолпанында» – Айман, «Еңлік – Кебегінде» – Еңлік, «Қара қыпшақ Қобыландыда» – Қарлыға, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» – Ақтоқты, С.Мұқановтың «Ботагөзінде» – Ботагөз образдарын асқан шеберлікпен орындады.  Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» спектакліндегі Толғанай образын тамаша ойнап, лауреат  атағына ие болды.  М. Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Айманды сахналағанында да көрермендер актрисаның өнеріне, орындаушылық шеберлігіне  тәнті болады. К.Треневтің «Любовь Яровая» пьесасындағы басты кейіпкер-қарапайым оқытушы Любовь Яроваяның сырлы сезімдерге толы образын, екі жүзділік пен сатқындыққа жирене қарайтын адал әйел бейнесін Ружева нанымды да әсерлі сомдай алды. 
  Алтын Ибрагимқызы әрбір жаңа рольді орындаған сайын ол жаңа қырынан көрініп, өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Т.Ахтанов  атындағы  облыстық  драма театрының режиссері Бақытжанов Мағзом Сәпиұлы өз әңгімесін былай деп өрбітті:  «Әуезов театры жанындағы студияда бір курста оқыған 9 баланы сол кезде Жамбыл облыстық театрында жұмыс істеп жатқан режиссер Жақып Омаров сол театрға қызметке алып кетті, алдында бізді басқа облысқа бөліп қойған еді. Абай атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры деген ұзақ жылдық тарихы бар, өзіндік дәстүрі бар бар керемет ұжым болатын.   Театрға келгенімізде ақтөбелік жерлесіміз, сол кезде атағы дүркіреп тұрған Қазақстанның халық артисі Алтын Ружева апамыз ерекше қуанып, бауырмалдық танытты.

         Алтын апамыздың театр өнерін дамытуда еңбегі зор болды. Ол кісі бізді өз өнерімен қашанда тәнті ететін. Өзі ірілеу, сұлуша келген, сондай бір әдемі кісі болатын. Ол кісі қыздарды қасына жинамайтын, қыздар қасына өздері баратын. «Тұқымы өскірден» басқа ештеме айтпайтын. Қасында бір термосы болатын содан шәй ішіп қойып отыратын. Өздеріңіз білетін ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, актер Болат Әбділманов Оразғали екеуінің бірінші көрген тұңғыштары. Болаты «Қос шынар» деген кітап жазып шығарған, ішінде өнерде де, өмірде де жұптары жазылмаған сахна өнерінің саңлақтары апай мен ағайдың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы жазылған.

          Алтын апамыз 1978 – 1982 жылдары Атыраудағы Махамбет атындағы облыстық драма театрында директор болып 4 жыл қызмет атқарды. 1982 жылы Орекеңнің еліне Талдықорғанға кетті. Талдықорған облыстық драма театрында жұмыс істеді.Жұбайым Шалқия Талдықорғанның қызы. Ол жаққа демалыс алған кезімізде барамыз. Бір барсам апам сырқаттанып жатыр екен. Ол кісіге соқпай кетпейтін едік. «Әй, Мағзом-ау! Мен Жамбылдан кетерімде әулие-әмбиелердін кешірім сұрап кетіп едім ғой, солардың рұқсатымен кетіп едім ғой» деп ауырып жатырғанда өкінді.  Мен айттым, апай енді болып жатырғанның бәрін де өзіміз көрдік қой, куә болдық деп. Менің ойымша ол елден кетіп қалдым-ау деп өкінді. Ертең өлсем сүйегім қай жерде қалады деген ой ғой. Адам есейген сайын, туған жеріне, кіндік қаны тамған жеріне тартады екен. Кейін апам соны бекерден бекер айтпады-ау деп ойладым. Бір жылдан соң апам өмірден озып кетті. Одан көпке бармай, жетпіс жасын атап өтем деп жүргенде жетпіс жасқа толуға бір жыл қалғанда Орекең де өмірден кетті.

          Бұл екі жанды өнерге келген бір жұп деу керек. Олардың ойындарын айту үшін, тіпті бір ойынын айту үшін бір кітап жазу керек. Мен Орекеңмен көп әріптес болдым. Ол әсіресе «Тынық Донда». Маман аға келіп «Тынық Донға» дайындады. Екі күн бойы, екі серия қылып «Тынық Донды» түгел қою, ол өмірде, тіпті тарихта болмаған оқиға. Шолохов қанша том жазса, соны түгел сахнаға әкеліп қою тек Маман ағаның ғана қолынан келеді.  Сол қойылымда Әкесі Мелеховты Орекең ойнады. Мелехов ақсақ адам ғой. Орекең шойнаң-шойнаң етеді, біз аяғымызды бассақ түзеліп кетеміз ғой, ол бір өзі етікті киіп алып шойнаңдайды да жүреді. Не құпиясы бар осының деп аңдимын жаңағы кісіні. Аңдумен өттім. Бірдеңе тауып алады қарап жүрмей. Сөйтсем өкшесіне ағаш қойып қойыпты. Ақсақты солай ойнау керек деп. Сөйтіп ол кісі әдісін ойлап тапқан. Осы рөлді ойнағанда оның ізденгіштігі, тапқырлығы әлі көз алдымда. Рөлді соншалықты беріле ойнайтын. Әлі күнге дейін Жамбыл облыстық театрының музейінде қолына ұстаған таяғы бар. Соны кеміре берген ғой сондай бір сәттер бар ғой рөлді ойнағанда, таяқта тісінің ізіне дейін бар Орекеңнің. Орекең көп рольде ойнады.

         Апамыз «Қайын ене мен келінде» ойнады.  «Досымның үйленуі» сияқты пьеса. Маман ағамен мінездері көп келе қоймады. Бұл кісі де көкірегі бар, актерлығы бар. Сосын «Қайын ене мен келінді»  алып берді. «Досымның үйленуінде» Сәбира апамыз Биғайшаны ойнады ғой, соған ұқсап апамыз сахнаның ана жағынан да шығады секіріп, мына жағынан да шығады секіріп, келінімен қылыштасады да, өзіміз таң қалдық апамыздың соншалықты жеңіл болып кеткеніне. Сонда Маман ағаны бір таң қалдырған болатын. Содан Маман аға қол қойып Алтын апамызға Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуде» Ананың рөлін берді. Сөйтіп Жамбыл театрында көп еңбек сіңірді, сосын басшы қызметке ауысып кетті. Осы жандардан алған іскерлік тәжірибемізді бүгінде өзімізден кейінгілерге үйретіп келеміз».

        «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Бақытжанова Шалқия Ауғанбайқызы жас кездерінде Алтын апаймен қызметтес болғандығын, ол кісінің қамқорлығын, өнерге баулып, ақыл-кеңестер бергендігін ерекше ілтипатпен еске алды:

          Көрмеден Жамбылда гастрольдегі суреттерді көріп көп нәрсе есміе түсті.   Алтын апам бізді қанатының астына алды, сол кісінің үлгісімен тәрбиелендік. Апаймен бірге рөлде ойнаған қойылымдарым да болды.

         Ең бірінші рөлім - «Қобыланды батырдағы»  Қарлығаны ойнадым. Алтын апам Анасының рөлін сомдады. Ол кезде жап-жаспыз театрдың оқуын бітіріп келсек те театрдың не екенін білмейміз, қорқа-қорқа ойнаймыз. Ана кісінің көзінің қарағанынан-ақ қорқамыз. Бірақ қорықсақ та сол кісіден үйренгіміз келіп, «сол кісінің ойнағанындай ойнасам» деп ішімізден армандап, жүретінбіз. Сол кісінің қол астында жұмыс істедік. Апам Атырау театрына басшы болып барған кезде Мағзомды   қоярда қоймай  Атырау облыстық театрына жұмысқа шақырды. Ол жерде алты ай ғана жұмыс жасадық.  Үйрене алмадық, бірақ Алтын апамның көңіліне қарап жұмыс істедік. Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар», Бәкір Тәжібаевтың «Ақтау әні» деген спектаклдерінде ойнадық. Осы қойылымдарды Оймауытқа, Алтын апамыздың туған жеріне барып  қойып, ел ықыласына бөлендік.

          Жұмысқа алғашқы келген кезде жас актер  - бізде сақина да, білезік те жоқ, Алтын апа сахнаға шығарда сақинаны да сырғаны да беріп, ойнайтын рөлге сай етіп мені өзі киіндіреді, үкісін тағып береді.   Алтын апам сырға да берді, алқа да берді, белдік те берді,  «осыны тастама» дейтін маған. Қазір бәрі де сол кездегідей көз алдымда.  Ол алуан қырлы шеберлігі арқасында көбінесе басты рөлдерді ойнап, қайталанбас мол мұра қалдырды.Театрымыздың көп әртістері Алтын апамызды білмейді екен, енді таныс болып жатыр. Енді осылай ұрпақтан-ұрпаққа айтылып, насихаттала берсе деп ойлаймын».

         Шара барысында Шалқия апай «Қобыланды батыр» жырынан Аналықтың монологін, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Ильясова Майра Сидағұлқызы «Ана – Жер ана» қойылымынан Толғанай монологын оқыды.                                          

          ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір Алтын Ружева туралы бала күніндегі  есте қалғандарын  айтып берді. Алтын апай ауылға қойылым қойып келгенде мен 5-6 жастағы баламын. Алтын апай келді дегенде ауыл клубының іші аузы-мұрнынан шығып толатын. Біз де ауылдың кішкентай балалары қойылымнан қалмайтынбыз. Ауыл адамдарының құрметі ол кісіге ерекше болатын. Сол ерекшелігімен де есімде сақталып қалды.

      Орал Байсеңгір Ақтөбе көпсалалы АГУ «Тарлан» колледжінде Алтын Ружеваның туғанына 90 жыл толуына орай «Алтын Ружева кабинеті» ашылатындығын айтып, көпшілікті бір қуантып тастады. Оның жас актерлерді дайындауда маңызы зор болмақ деді. Мұнан кейін колледжден келген  актер мамандығының 1 курс студенттері өлеңдер оқыды.    

       Күйші, домбырашы Асылханов Жайлау Жаншаұлы Алтын апаймен екеуі бір атадан, аты аңызға айналған киік сауған Саяқ әулие бабадан тараған ұрпақ екендігін айтып, тыңдармандарына «Асау-Барақ» күйін орындап берді.

       Байғанин аудандық  музейінің қор сақтаушысы Сәрсен Гүлзада Аймұратқызы Байғанин ауданының 90 жылдығы мен Алтын Ружеваның туғанына 90 жыл толуына орай Байғанин ауданында ұйымдастырылып өткізілген шараларға тоқталып, музей қорында сақталған жәдігер – аудандық музей директоры Ләззәт Жаулинаның Алтын Ружеваның баласы Болат Әбділмановпен болған сұхбатынан үзінді көрсетілді.

        Алтын апамызмен қызметтес болған  Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры артистерінің апай туралы естеліктері бейнетаспадан көрсетілді. Мәдениет саласының үздігі Тоқымтаев Базарбек Сләмбекұлы былай деп еске алды: «Уақыт емші дейміз. Өмір өткен сайын бірге жұмыс істескен апаларымызды, ағаларымызды еске аламыз. Солардың ішінде ең үлкені де, бірегей, биігі де Алтын апамыз еді. Өмірде де, өнерде де үлкен, ірі тұлға болатын. Апамызға қарап еліктейтінбіз. Сол кісінің алдында бала болдық. Апамыз Абайдың бүкіл қара сөзін жатқа білетін.  Қазір алтын қорда болуы тиіс, болу керек. Ұлылардың туатыны осындай аналардан шығар деп ойлаймын.Ұлжан, Айғаным, Зере, Ұлпандай ұлы аналар болмаса, кешегі Абай, Шоқандар болар ма еді?! Кейде өмірдің күнделікті қызығымен жүреміз. Кейде қиындығы тап болса, Алтын апамыз бар болса кедергіге тап болсақ не деп айтар еді, қалай түсіндірер еді деп ойлаймыз. Сол кісіге еліктегіміз де келеді. Алған тәрбиемізді артымызда келе жатқан іні-қарындастарымызға, болашақтарға үйреткіміз келеді. Бірде гастролдік сапарда жүргенбіз. Ақтөбе облысына бардық, апамның ауылына бара жатқан  кезіміз. Қараңғы. Бір уақытта апам ән бастады. Бұрын ондайы жоқ еді. Біз бәріміз үнсіз апамның әнін тыңдап келе жатырмыз. Орысша да, қазақша да ұзақ айтылды.  Бір кезде жүргізуші көлікті тоқтатты да, автобустың ішіндегі жарығын жаққанда қарасам апамның қатарында отыр едім. Байқағаным апамның бетін жас жуып отыр екен. Бірақ сездірмейді. Манадан ән тыңдап отырған менің көңілім басқаша ойға кетті.  Неге жылады? Ненің көз жасы? Бұл туған жерге деген сағыныш па, бала махаббаты ма, бірге өскен құрбыларын еске алды ма? Әркімге де туған жер ыстық қой! Осының өзі образ. Апамның дауысына ештеңе жетпейді. Ән айтып отыр жақсы, ал бірақ көзінде жас. Апамыз көп рөлдерді ойнады, биік-биік белестерде болды. Соның ішінде ерекше тұлға еді. Ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтін. Тек бір жері ұнамай қалса, тек ақырын бір ғана жөткірініп қалатын. Бәрімізге сол жеткілікті, үнсіз тып-тыныш болып қалатынбыз. Үлкен бір мектеп еді апамыз. Дәріптеп отырған елі бар, ағайын туысы бар апамыз бақытты. Осындай бақытқа жеткізген апамыздың еңбегі».

        Қазақстанның Халық артисі Кенжебекова Алмахан Нүрпейісқызының айтқан естеліктері тыңдаушыларды үлкен әсерге бөледі.

         «1982 жылдың  көктемінде,   Талдықорған облысы едік ол кезде біздің облыс, қазір екі облыс қосылып, Алматы облысы болды, сонда Алтын апам Оразғали ағам екеуі Атыраудан келіп жатты. Есімде қалған ғажап нәрсе сол жылы Алтын апамдар келгенде сәуірде  біздің театрға жеті жыл болып еді. Жас театрға атақ береміз деп құжаттарды алып кеткен. Тілек Әбжәлелов пен маған ҚР еңбек сіңірген әртісі деген атақ келіп жатты. Оразғали ағам мен Алтын апам да келіп жатты, атақ та келіп жатты, Сондай бір мерекелі, театрда қуанышты, біздің ең көңілді, абыройлы күнімізде ол кісілер біздің театрға қадам басты. Сол күн мәңгі есімде қалды. Апамдар қандай қуанышты күнде келді, содан 1992 жылға дейінгі он жыл ішінде,  театрға жанымызды салып, бәріміздің қазақ өнеріне деген еткен еңбегіміздің жемісті, театр өнерінің ең бір деңгейі көтерілген кезеңінде жұмыс жасадық деп есептеймін. Он жыл ішінде бірге сахнада ойнадық, партнер болдық. «Ай тұтылған түнді» қойдық, апамыздың 50 жасқа толған кезі. Апам Таңқабикені ойнады, мен Шабақты ойнадым. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласын» қойғанда, Апам енемді ойнады, мен  Жәмиланы ойнадым. Алтын апам Жер-ананы ойнады, мен Толғанайды ойнап шақтым. Апам Толғанайды Жамбыл театрында ойнаған екен. Алтын апам бүкіл жастық шағының сүбелі кезеңін Жамбылда өткізді. Одан кейін азаматтық тұлғасы көтерілген кезде біздің театрда жұмыс істеді.  Алтын апамыздың алдынан қия өтпейтінбіз. Өзінің болмысы солай болатын. Ол кісінің парасаттылығы, бір сөзділігі, мінезі жақсы еді. Артық сөз, артық-кем дүниеге бармайтын. Көзбен-ақ, бір ауыз сөзбен-ақ тоқтататын. Сондай қайратты, үлкен апамыз болды.  Ол кісілерден жастау болдық. Үлкеніміз деп сыйладық. Сондай бір жақсы күндерді Алтын апаммен бірге өткіздік.

          Менің есімде қалғаны елі - Ақтөбеге гастрольге өзі басқарып барды. Ақтөбенің құмына, туған жеріне, келдік. Байғанин ауданында болдық.  Түйелі, тарылы жер екен. Қызыл шәйді ішіп, апам терлеп-тепшіп, еліне келіп бір рахаттанып жүргені әлі есімде. Әрине мен таудың қызымын, Нарынқолдың. Адамдар құмның арасында қалай өмір сүреді деп таңқалған едім. Құмның даласына, халқына, түйесіне, сары тарысына сондай қанағаттанып, кешкі салқыны, түнгі жұлдыздары қандай жамыраған. Сөйтіп тарысын жеп, шұбатын ішіп рахаттанып жүргенде, әр ауылына тоқтап қойылым қойып жүргенде Алтын апамның артынан «үлкен ұлың дүниеден өтті» деген суық хабар келді. Алтын апамның ерлігін айтайын деп отырмын. Сахнада  өр тұлғалы адамдарды қалай сомдаса, өмірде де сондай қайратты екен. Ауыл азаматтары келіп, бәріміз үрпейіп,  не істейміз деп, жанымызды шүберекке түйдік.Біз Ақтөбеде жұрміз, ол кісі Жамбылға бару керек.  Апамыз үнсіз отырып, бір кезде «ух» деді. Көп дүние ішінде толғаны - бәрі көрініп тұрды.  Еңіреп, талып, жылап ештеңе істемеді. Ауыл азаматтары билетін алып қойған екен. Жамбылға шығарып салдық. Апамның басына ең ауыр іс түскенде қайраттылығын көрдім.    

        Көбіне апам екеуіміз жүрдік. Өзбекстаннан  бір купеде келе жатырмыз. Жамбылдан өтіп бара жатырмыз. Апаммен бір ұқсастығымыз болды. Сондықтан да апам мені жақсы көруші еді. Сөйтіп   апам Жамбылға  жетпей терезеге қарап отырып, ақырын ыңыранып, бір әуезді әуенді бастады. Сөйтіп Жамбылдан өттік. Сол жерде апам Жамбылда өткен бүкіл өмірін, Жамбылдың даласын, қаласын, бірге жұмыс жасап, бірге жүргендерін еске алып, сағынып  еске алып келе жатырғаны әлі күнге дейін есімде. Алтын апамды қазақ өнерінің үлкен азаматы, өнердің қайталанбас тұлғасы ретінде Талдықорған халқы құрмет жасады. Алтын  Ружева деп көшенің атын берді, біз соған мақтанамыз. Азаматтарға рахмет айтамыз.  Оразғали ағам мен Алтын апамның соңында  Болат Әбділманов сияқты өнердің тұлғалық азаматы өнерін жалғастырды.  Өнердің мұндай өр тұлғалары тарихтың жадында қалады, тарихта өз орындары бар деп есептеймін». 

          Шараға апайдың туыстары Бикешова Клара Атағұлақызы, Мұқашева Жанна Даниялқызы т.б. інілері, сіңлілері келіп қатысты. Апаларымен кездескен кездерін еске алып, естеліктер айтты. 

         Орал-Қосай Байсеңгірдің орындаған «Біздің ауыл тамаша», «Байғанин маршы» әндері шараға қатысушылардың көңіл күйлерін көтерумен қатар, жігерлердіріп отырды.         

         Шара соңында музейдің экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Алмагүл Сүндетқызы шара қонақтарына гүл сыйлап, «Ақтөбе өңірінің атақты тұлғалары» кітаптарын тарту етті.

         Сонымен қатар Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен С.Бәйішев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасы жасақтаған «Байғанин ауданына 90 жыл», «Алтын Ружеваның туғанына 90 жыл» атты әдебиеттер көрмесі шараның мазмұнын арттырып, келушілерге мол мағлұмат берді.               

           Алтын апамыздың өзі болмағанымен оның өнерін әспеттейтін, атын өшірмейтін халқы бар.

Бүгінде Тараз қаласындағы Абай атындағы облыстық драма театры музейінде Алтын Ружеваның майлы бояумен салынған әдемі үлкен портреті және құжаттары сақталған.  Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде А. Ружеваға арналған экспозиция жасақталған. Талдықорғанда актриса атында көше бар. Оразғали аға мен Алтын апамыздың баласы Болат Әбділманов жазған «Қос шынар» кітабы – ұрпаққа  шығармашылық мұра.

 

Алмагүл САРЫБАЙ,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің

экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар

бөлімінің меңгерушісі 

 

 

 

 

 

3294 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper