«Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейіне Жаңаарқа ауданына қарасты Жеңіс ауылының жанынан табылған палеонтологиялық табыстар - зілдің (мамонт) 2 азуы әкелінген. Табылған азуларды «АРМАН» ЖШС марганец өндіру бойынша карьерде жұмыс жүргізу барысында 6 метр тереңдіктен тапқан. Бірінші азудың ұзындығы 2,10 м., екіншісі – 2,0м құрайды. Шеңбері шамамен 50 см. Осы табыстың болжамды жасы, ғалымдардың пікірінше, 2 млн. жылдан 15 000 жылға дейін. Зілдің сүйектерін табу үшін жазда осы елді мекенді зерттеу бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған», - делінген хабарламада.
Айта өтейік, археологтар бұл жерде қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлауда. Ғалымдар ежелгі адамдардың қонысы болуы да мүмкін деп санайды.