Анонс


Музейлік затты зерттеу мен насихаттау: кезеңдері, әдістері (ҚР МОМ тәжірибесінен)

Сенбі, 14 Қыркүйек 2024 01:33
Музейлік затты зерттеу мен насихаттау: кезеңдері, әдістері (ҚР МОМ тәжірибесінен) KAZMUSEUM.KZ -  

Мақаланың басында, көп жағдайда, тіпті, музей мамандары шатастырып қолданатын музейлік мәні бар зат, музейлік зат, экспонат ұғымдарының аражігін ажыратып алуды жөн деп санаймын. Сонымен, музейлік мәні бар зат дегеніміз тарихи-мәдени, музейлік құндылығы бар, музей затының қасиеттеріне жауап беретін, белгілі бір тарихи кезеңге тиісті, шынайы өмірде қолданыста болған, зерттеу немесе ғылыми жинақтау барысында алынған, бірақ әлі музей жинағының құрамына енбеген бұйым немесе зат. Осы алынған музейлік мәні бар зат немесе бұйым «Мемлекеттік музейлерде қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясын құру қағидаларына» сай құрылған Қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясының (әрі қарай – комиссия) қарауына ұсынылып, комиссияның ұсыныстары негізінде іріктеліп, қажетті өңдеуден (камералдық, ғылыми) өтіп, музей жинағына енгеннен кейін нағыз «музейлік зат» статусына ие болады. Осыдан кейін, яғни, құжатталғаннан кейін кеңейтілген ғылыми сипаттама жасалады және оның ғылыми, көркемдік, тарихи, мемориалдық құндылығы жан-жақты зерттеледі. Ал экспонат дегеніміз экспозицияға қойылған музейлік зат. Ол латынның «экспонатус» сөзі, яғни, «көруге қойылған» деген мағынаны береді. Бұл жерден түйетініміз, музейдің экспозициялық залдарында, көрмелерге қойылған музейлік құндылықтардан өзге, қор сақтау қоймаларындағы музейлік заттарға экспонат термині қолданылмайды.

Музей ісіне арналған әдебиеттерде музейлік затты зерттеудің атрибуциялау (ғылыми сипаттау), жіктеу және жүйелеу, интерпретация (түсіндіру) сияқты үш кезеңмен жүретінін көрсетеді, дегенмен, аталғандарға ғылыми төлқұжаттау, каталогтау кезеңін қосып қарастыруға болады. Бұл музейлік затты немесе коллекцияны жан-жақты зерттегеннен кейін оны насихаттау қажеттігінен туындайды. Музейлер қорында бейінді және бейінсіз музейлік заттар сақталатындықтан оларды атрибуциялау, ғылыми сипаттау, жіктеу және жүйелеу, жалпы алғанда зерттеу барысында музейдің профиліне сәйкес пәндердің әдістемелері қолданылады. Мәселен, өнер туындыларын зерттеуде – өнертану, археологиялық материалдар үшін – археология, жаратылыстану нысандары үшін сәйкесінше жаратылыстану ғылымының әдістемелері қолданылады.

Жалпы музейлік затты зерттеуде қарапайым құралдар (микроскоп, микро және макрофото жасау, бинокулярлы ұлғайтқыш әйнек) пайдалану арқылы жүргізілетін сынама алуды қажет етпейтін әдіс және заттың құрылымын, материалдың сапалық құрамын анықтаумен байланысты сынама алуды қажет ететін әдіс қолданылады. Соңғысы арнайы зертханаларда физикалық, химиялық немесе микрохимиялық талдаулар жасау негізінде жүзеге асады. Аталған әдіс түрі Қазақстан музейлері тәжірибесінде ішінара болмаса (осы саладағы шетелдік мамандарды тарту немесе сынама палатасы арқылы) қолданылмайды деуге болады. Осы тұста айта кетерлік жайт, ҚР МОМ алғашқылардың бірі болып археологиялық артефактілерге талдаулар мен сараптамалар жасау жұмыстарын жолға қойған бірден-бір музей.

Музейлік затты атрибуциялау

Музейлік затты атрибуциялау (ғылыми негізде анықтау) – заттың, бұйымның мән-мазмұнын ашу үшін оның өзіне тән белгілерін анықтау болып табылады. Мұндай белгілерге заттың материалы, пошымы, өлшемі, салмағы, түсі, тақырыбы, сюжеті, техникасы, авторы, жасалған уақыты мен орны, қолданылу аймағы, белгілі бір адамға, жағдайға немесе құбылысқа тиістілігі сияқты белгілері, жалпы алғанда, морфологиясы, материалы мен технологиясы, функциясы қарастырылады (Каулен, Косова, Сундиева, 2010, с.303). Музейлік затты зерттеу, дәлірек айтқанда ғылыми анықтау зерттеліп отырған бұйымның немесе заттың белгілі бір құбылысқа немесе жағдайға тиістілігіне, сол жағдайды зерттеу барысында алынғандығы немесе бірнеше жылдан кейін сол орыннан басқа заттар кешенімен табылғандығы сияқты жағдайларға тікелей байланысты. Сонымен қатар затты (бұйымды) ұсынушының айтуы бойынша музей тарапынан қабылдаушы қалдырған «зат туралы әпсананың» болуы да аса маңызды. Ескере кетерлігі, әпсананың шынайлық деңгейі көз жеткізуді қажет етеді.

Әдетте, музейлік затты атрибуциялау оның жеңіл анықталатын белгілерінен басталады. Сондықтан музейлік затты зерттеуді оның атауы, материалы, жасалу әдісі, өлшемі мен көлемі, құрамынан бастаған абзал. Әдетте, металл, ағаш, керамика, әйнек, мата, пластмасса, қағаз, пергамент сияқты материалдарды жазбай тануға болады. Ал ағаштың түрін, қағаздың сұрыпын, талшықтың, әрлегіштің құрамын анықтау үшін арнайы білім, ізденіс қажет. Табиғи кездесетін (тас, минерал, ағаш, сүйек т.б.) материалдарды анықтауда ботаника, зоология, минералогияға жүгінсек, жасанды жолмен алынатын (түрлі металл, қыш), сондай-ақ пластмасса, синтетикалық талшық, бояуларды анықтауда химия, технология саласы бойынша білім қажеттілік тудырады. Материалдың физикалық-химиялық қасиетін анықтау үшін арнайы жабдықталған зертханаларда талдаулар (химиялық, спектралды т.б.) жасау нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады. Өкінішке орай, бұл қазіргі қазақстандық музейлердің өзекті әрі негізгі мәселелерінің бірі.

Көп жағдайда музей маманы музейлік затты зерттеуде күрделі құрамды материалды анықтауға тиіс болады. Бұл әсіресе бейнелеу өнері туындыларын, киім-кешектерді зерттеуде кездеседі. Мәселен, кескіндеме мен графика туындыларына қолданылған бояуды (атап айтқанда, майлы бояу, темпера, гуашь, акварель, пастель, қарындаш т.с.с.) және ол салынған негізгі материалды (кенеп, қағаз, картон, ағаш) анықтауды қажет етеді. Мұндай күрделі құрамды материалды анықтауда музей қызметкері арнайы мамандарға жүгінуге тиіс болады немесе органолептикалық әдістерді (заттың сапалық көрсеткіштерін сезім мүшелері (көру, ұстау, есту, дәмін тату) арқылы қабылдап, талдау) қолданады.

Музейлік затты сипаттау барысында оның жасалу әдісін анықтаудың маңыздылығы зор. Негізінен заттар қолдан және механикалық әдіспен жасалады. Мәселен, қолдан жасалған бұйымдар қарабайыр, симметрия сақталмаған (ассиметриялы) болса, станокта жасалған немесе арнайы құрылғыда өндірілген өнімдер пошымының дәлдігі мен симметрияның сақталуы, бірдейлігімен ерекшеленеді.

Музейлік заттарды зерттеуде өлшемі, пішіні мен құрылымын анықтау оның функционалдық қызметін көрсетуге жәрдемдеседі. Бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер саласы бойынша зерттеулерде стильдік ерекшеліктер маңызды рөл атқарады. Стиль ұғымы авторлық жұмыстарға да тікелей қатысты (мыс., жазушының, суретшінің жазу мәнері немесе стиль ерекшеліктері). Стильдік ерекшеліктерді айқындау арқылы заттың жасалған уақытын, орнын, қолданылу ортасы мен авторын анықтауға болады. Авторы анықталған зат тарихи шындыққа бір табан жақындай түседі. Ал материалы мен жасалу әдісін зерттеу нәтижесінде сәкесінше, уақыты мен орындалған орнын дәлірек көрсетуге мүмкіндік туындайды (Левыкина, Хербста, 1988, с. 98-99). Бейнелеу өнері, жазба деректер, фотосуреттер мен фоножазбалардың уақытын анықтауда олардың тақырыбы мен желісі айырықша мәнге ие. Себебі, тақырыпқа қарай тарихи оқиғаның уақытын байланыстырып анықтауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар бейнелеу өнері туындылары мен фотосуреттердің уақытын анықтауда бейнеленген немесе сипатталған сюжеттегі жағдай, адамдардың киім үлгісі және кейіпкердің түрлі айырым (ерекшелік) белгілеріне талдау жасау арқылы қол жеткізуге болады (қараңыз: визуалды антропология). Фотодеректерді ғылыми сипаттаудың жалпы әдістемесіндегі негізгі қадам оларды жіктеуден басталады. Сондықтан дәстүрлі түрде фотодеректердің негізгі белгілеріне қарай төмендегідей жіктеуге болады:

- Функциясына және қолданылуына байланысты (документалды, көркем, қолданбалы фотосурет);

- Жанрына байланысты (оқиғалық, көріністік, портрет);

- Түріне байланысты (дагерротип, негатив, позитив, слайд т.б.);

- Түпнұсқалық деңгейіне байланысты (түпнұсқа, көшірме) (Кучеренко, 2009, с.5-6).

Сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары және утилитарлық заттарды анықтауда стильдік, құрылымдық ерекшеліктерге ден қойып, жасалу тәсілдерін анықтау қажет. Тақырыбы, материалы, уақыты, жасалған орны белгілі болғаннан кейін оның әлеуметтік, этникалық тиістілігі белгіленеді. Мәселен, матаның морфологиялық белгілері, киімнің пішілу үлгісі, сәндік сипаттары, стильдік ерекшелігі, жасалған уақыты мен орны оның қай әлеуметтік ортаның немесе топтың арасында тұрмыстанғандығын ажыратуға мүмкіндік береді. Көнеден қалған заттар немесе архаикалық белгілерін сақтаған бұйымдарды анықтауда этникалық тиістілік мәселесі зор мәнге ие.

Музейлік заттағы жазба, таңба (клеймо), геральдикалық белгілер оның қолданылу аясын, тақырыбы мен сюжетін, жасалу уақытын, тіпті авторын немесе иесін анықтауға болады.

Атрибуция соңында музейлік заттарды зерттеу барысында алынған мәліметтер сол затқа ұқсас, «туыстас» заттармен баламаланып, салыстырылады. Бұл жағдайда ғылыми және анықтамалық басылымдар, әсіресе, коллекциялық каталогтар үлкен көмек көрсетеді. Ғылыми және анықтамалық әдебиеттер, каталогтарды пайдалану арқылы толық сипатталып, музейлік заттардағы белгі, жазба және бейнелерді зерттей отырып кеңейтілген ғылыми сипаттамалы карточка (инвентарлық карточка) толтырылады.

Музейлік затты жіктеу және жүйелеу

Жүйелеу ғылыми операциялардың ең маңыздысы болып табылады. Ғылыми жүйелеу барысында топтау (затты немесе құбылысты бір немесе бірнеше ортақ белгілеріне қарай бөлу), жіктеу (классификация) (топтар арасында шекара қою мақсатында белгілердің айырушы қызметін тереңдету), типтеу (тип құру, топтауға сай тиісті белгілерді сипаттаудың жүйелік кодын құру) ғылыми жүйелеудің негізгі операцияларды болып табылады. Жіктеу тұтасты топтарға бөлуге, ал типтеу топтарға біріктіруге бағытталған (Дмитриев, 2006, с.7). Яғни, музейлік затты жіктеу – заттардың ұқсас немесе айырым белгілеріне байланысты бөлу болып табылады. Музей ісінде музейлік затты жіктеу, ең алдымен, оларды сақтауды қамтамасыз ету жүйесі үшін аса қажет. Жіктеу әр музейдің профиліне сай жолға қойылған схема негізінде жүзеге асады. Музейлік заттарды оның анықтаушы белгілеріне қарай бірнеше негізгі жіктерге (ортақ жіктеу және дара жіктеу) бөлуге болады:

- материалына байланысты;

- уақытына байланысты, яғни жасалған немесе қолданыста болған уақыты;  

- қолданылу аймағы (географиясына) байланысты, яғни жасалған орны мен қолданыста болған аймағы;

- этникалық тиістілігіне байланысты, яғни топтарға бөлу;

- әлеуметтік, яғни қай ортада қолданылғанына байланысты;

- тұлғалық тиістілігіне (бір адамға тиесілі заттар, әсіресе, мемориалдық музейлер үшін аса маңызды);

- заттық, яғни қолданылуы, сюжеті, материалы ұқсас заттар тобы;

- тақырыптық (әсіресе, тарихи музейлер үшін маңызды) және т.б.

Ғылыми-қор жұмысында қалыптасқан жүйелеу картотекалар (алфавиттік, заттық, атаулық, түгендеу, тақырыптық, реттік) жүргізу немесе заманауи автоматтандырылған жүйені (мыс.: АС-Музей, КАМИС, АИС т.б.) қолдану арқылы жүзеге асады. Қазіргі таңда қазақстандық музейлерде дәстүрлі картотекалар жүргізумен қатар автоматтандырылған жүйе арқылы электронды база қалыптастыру енгізіліп келеді. Бұл «Музей дерекқорын жүргізу қағидалары» негізінде жүзеге асады. Музей дерекқоры – музейлік заттар мен музей коллекцияларының мемлекеттік есепке алынуын қамтамасыз ететін, музей жинағына кіретін және Қазақстан Республикасының музейлерінің ұлттық қорына енгізілген әрбір музейлік зат пен музей коллекциясы туралы мәліметтердің жиынтығы.

Интерпретация

Музейлік затты ғылыми өңдеудің басты мақсаты – заттың музейлік маңыздылығын анықтау, мәліметтерді толықтыру, тереңдету, нақтылау және ғылыми пайымдау болып табылады. Яғни, атрибуциялау мен жүйелеу нәтижесінде музейлік заттың түпнұсқалығы, шынайылығы, көрнекілігі, ақпараттылығы, сондай-ақ аттрактивті (музейлік заттың пошымының көңіл аударуға тұрарлығы, яғни көз тартарлығы), экспрессивті (музей затының эмоция тудыруы) және коммуникативті (заттың көрнекі сыртқы белгілерінің ақпарат беруі), репрезентативті қасиеттері анықталып, бірегей немесе типтік тиістілігі белгіленіп, музейлік құндылығы бекітіледі.

Музейлік затты ғылыми төлқұжаттау

Музейлік затты толық әрі жан-жақты зерттеп, оның кеңейтілген сипаттамасын жасағаннан кейін күрделі құрылымды ғылыми төлқұжат толтырылады. Ғылыми төлқұжат – музейлік зат туралы мәліметтер толық қамтылған ақпараттық тасымалдаушы болып табылады. Музейлік заттың ғылыми төлқұжатында есепке алу-сақтау құжаттарында көрсетілген мәліметтермен қатар зерттеу жұмыстары барысында жасалған ғылыми атрибуция қорытындыланады. Ескерте кетерлік жайт, музейлік заттың төлқұжатына енгізілген мәліметтер нақты дәлелденген болуы тиіс және анық (сызбай, өшіріп қайта жазбай) жазылуы шарт (Дубов, Шангина, с.10). Ғылыми төлқұжатта музей затының түсім кітабы бойынша есептік белгісі (шифры), түсім құжаты мен уақыты, атауы, типі, саны, топографиясы, түсім көзі, бағасы (сатып алынған жағдайда), қабылдау актісінің нөмірі, қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясының хаттамасы, этникалық тегі, тақырыптық тегі, материалы, техникасы, суреті, сипаттамасы, жазбалар мен белгілер, таңбалар, мөртаңбалар және басқа да белгілер, жасаушы (автор), жасалу орны мен уақыты, тарихы, тұрмыстануы, түсім сипаты, сақталуы, қалпына келтіруге ұсыныстар, тасымалдау мүмкіндігі, көрнектеу, жарияланым, ғылыми-музейлік мәні сияқты мәліметтер толтырылып, төлқұжат түзушінің және төлқұжатты тексерушінің аты-жөні жазылады. Ең соңында зерттеу нәтижесі қорытындыланып музейлік заттың типтік (типовой), сирек кездесетін (раритет) немесе бірегей (уникум) екендігі көрсетілген музейлік, ғылыми мәні нақтыланады. Ғылыми төлқұжат тек негізгі қордағы музейлік заттарға толтырылады (Дубов, 1999, с. 20-21). Ғылыми төлқұжаттың әр бағанына енгізілген ақпараттың толықтық деңгейі зерттеу нысанына алынған музейлік заттың қаншалықты дәрежеде ғылыми өңделгендігін (зерттелгендігін) аңғартады.

Ғылыми төлқұжатты түзу сөздік, классификаторлар автоматтандырылған есепке алу жүйесі және электронды каталогтау бағдарламалары үшін база болып табылады. Мұндай жүйелі жұмыстар жүргізу арқылы музейдің есепке алу-сақтау, ғылыми-зерттеу және көрме-экспозиция жұмыстарының тиімділігі артады.

Осы тұста айта кетерлік жайт музейлік затты анықтауды сапалы әрі нақты орындау үшін музей маманы сол саладағы түсініктер, ұғымдар мен терминдер, белгілер мен символдар, яғни, «ғылым тілін» (язык науки) меңгерген және зерттеуге алынып отырған нысанның құрамдас бөліктерінің атауларын білуі тиіс. Қарапайым мысал: балтаны сипаттауда «...сабы ағаштан жасалған, басы болаттан құйылған, бір жүзді» деп келетін жалаң сипаттамалар кездеседі, алайда әр бөліктің: сабы, басы, жалманы, шүйдесі, сағағы, бүлдіргісі, бекіткіш темірі сияқты атауы бар екенін де қаперге алған жөн. Сондықтан әрбір музей маманында өз коллекциясына байланысты терминдер, атаулар сөздігінің болуы зерттеудің сапасын, тиімділігін арттырып, уақытты үнемді әрі мақсатты пайдаланудың алғышартын қалыптастырады.

Каталогтау: кітаптық және электрондық

Қазіргі таңда мәдени мұраны сақтау, насихаттау, ғылыми айналымға енгізу үшін музейлік заттардың немесе коллекцияның каталогын жасақтау өзекті мәселелердің бірі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «... мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек. Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал» (Егемен Қазақстан, 2017) деген жолдар кездеседі. Осы ретте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі республика музейлерінің арасында 2003 жылдан бастап музей қорындағы коллекцияларды каталогтау ісімен айналысып, көш бастап тұрғандығын ерекше екшеп айтқан абзал. Орталық музейдің қордағы коллекцияларды каталогтау жұмыстары екі бағытта жүргізіледі: кітаптық және электрондық.

Каталогтау музей ресурстарын тиімді басқарудың әрі насихаттаудың жетекші бағыттарының және негізгі түрлерінің бірі, сондай-ақ музейдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңызды бөлігі. Музейлік заттарды, коллекцияларды жүйелеу, зерделеу және каталог ретінде жариялаудың ғылыми-тәжірибелік және танымдық маңызы зор. Каталогтау музей қорында жинақталған артефактілерді ғылыми айналымға енгізуге жол ашады.

Соңғы жылдары музей ісінде компьютерлік техниканы пайдалану жаппай үрдіске айналды. Әсіресе, есепке алу және каталогтау жұмыстарында компьютерлік бағдарламалардың тиімділігі артуда. Орталық музей тәжірибесінде электронды каталогтау «Museolog» электронды бағдарламасын қолдану негізінде жүзеге асып отыр. Қор коллекцияларын сақтау мен насихаттау – музей қорының базасында электронды ресурс құру арқылы есептік және ғылыми құжаттарды жүргізуге, музей ісін жетілдіруге және сапалы жаңа дәрежеге көтеруге мүмкіндік береді. «Музеолог» – музей коллекцияларының электронды каталогтарын құруға арналған компьютерлік бағдарлама, басқаша айтқанда виртуалды түгендеу карточкалары бар электронды каталог (Мишар, 2001, с. 38). 2005 жылдан бастап «Музеолог» электронды каталогының мәліметтер базасына археологиялық, этнографиялық, жаратылыстанулық сипаттағы 23 мыңнан астам музейлік зат енгізілді.

Қандай формадағы каталог болса да ондағы мәліметтер толық әрі нақты зерттелген, реттелген, топтастырылған, ғылыми екшелген, жүйеленген әрі талапқа сай рәсімделген болуы тиіс. Сонда ғана оның ғылыми парқы мен танымдық тағылымы артып, қазіргі заманғы ақпараттық қажеттілікті қанағаттандырады (Щурина, 2011, с.10).

Бүгінгі таңда Орталық музей еліміздің өзге де жетекші ғылыми-зерттеу мекемелерімен тең дәрежеде іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулермен айналысуға мүмкіндік беретін зор ғылыми әлеуетке ие. Бұған музейдің отандық музей ісі тарихында тұңғыш 2005 жылы ғылыми-зерттеу мекемесі ресми мәртебесіне ие болып, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде мерзімді түрде аккредиттелуі дәлел бола алады. Бұл мәртебе ғылыми-зерттеу, ғылыми-қор жұмысы және мәдени-білім беру қызметін жетілдіру мен тиімді дамытуға тың серпіліс берді. Сонымен қатар ғылым мен мәдениет саласына ерекше пәрмен берген «Мәдени мұра» стратегиялық бағдарламасы негізінде бірқатар ғылыми басылымдар жариялады. Осы орайда музейлік құндылықтарды тарихи, тарихи-этнографиялық, археологиялық, антропологиялық, нумизматикалық, деректанулық тұрғыдан зерттеу, ғылыми каталогтау, жарыққа шығару ісін отандық музейлер арасында алғаш рет тәжірибеден өткізіп, жүзеге асырған ҚР МОМ ұжымы екенін баса айтқан жөн.

Орталық музей өз қорындағы коллекцияларды зерттеумен қатар, қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты Ресей музейлерінде сақталған музейлік құндылықтарды анықтау, жүйелеу, каталогтау жұмыстарын әріптестік ынтымақтастық аясында жүргізіліп келеді. Орайы келгенде айта кеткен жөн, қазіргі таңда музей қабырғасында Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты 20-дан аса ғылыми-қолданбалы жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар этнограф-ғалым, музейтанушы, профессор Нұрсан Әлімбайдың жетекшілігі әрі ғылыми редакторлығымен орындалып, он мыңнан астам этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларды қамтыған, деректік негіздемесі шынайы дәйектелген ғылыми зерттеу – 5 томдық іргелі этнографиялық энциклопедияны ерекше атап өту керек (Толығырақ: «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». Энциклопедия. 1-5 т. – Алматы: «Әлем. Даму. Интеграция», 2017. (Толықтырылып, өңделіп екінші басылуы). Аталмыш энциклопедия ұлттық мәдениеттің болмыс-бітімін зерделеуге арқау болатын, танымдық тағылымы өлшеусіз деректерге негізделген. Шетел ғалымдары тарапынан жоғары бағасын алған. Музейлік басылымдардың ғылыми және ғылыми-танымдық тағылымымен қатар, тәжірибелік маңызы да ерекше. Музейлік ғылыми-зерттеу жұмыстарының бастамашысы Нұрсан Әлімбай: «Өкінішке орай, күні бүгінге дейін Қазақстан тарихшылары, шығыстанушылары, фольклортанушылары, этнологтары және тілшілері өз еңбектерінде музей материалдарын ғылыми дерек ретінде пайдаланбай келеді. Ал шетелдік ғалымдар үшін музейлік деректерді жан-жақты пайдалану ғылыми еңбектің теориялық-методологиялық өресін қамтамасыз ететін қажетті алғышарттардың бірі болып табылады» (Нұрсан Әлімбай, 2011, 13 б.), - деген пікірін білдіреді. Мұны халықаралық музейлер тәжірибесі де айқындай түседі.

Мақала барысында сөз болған атрибуциялау, ғылыми төлқұжаттау, оның негізінде ғылыми каталогқа енгізу сияқты дәстүрлі немесе ағымдық деп саналатын жұмыстар, шынтуайтына келгенде, өзіндік әдістемелік негіздемесі мен әдіс-тәсілдер арқылы, ізденіс арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асатын күрделі ғылыми жосық.

 

Үміт АШИМОВА, ҚР Мемлекеттік орталық музейі

 

 

ӘДЕБИЕТТЕР

Атрибуция музейного памятника: классификация, терминология, методика. Серия «Мир культуры, истории и философии». Под ред. И.В. Дубова. – СПб, 1999. – 352 с.

Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // Егемен Қазақстан. 26 сәуір, 2017 ж. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // Егемен Қазақстан. 26 сәуір, 2017 ж.

Дмитриев В.А. О методологии музейной систематики в этнографии / Проблемы классификации, типологии, систематизации в этнографической науке: Материалы Пятых Санкт-Петербургских этнографических чтений. – СПб.: РГПУ им. А.И. Герцена, 2006.

Кучеренко М.Е. Атрибуция фотоисточников в музее. 4-е доп. издание. – Москва, 2009. – 31 с.

Музейное дело России. 3-е изд., испр. и доп. / Под ред. Каулен М.Е., Косовой И.М., Сундиевой А.А. – М.: ВК, 2010. – 676 с.

Музееведение. Под ред. К.Г. Левыкина, В.Хербста. – Москва: Высшая школа, 1988. – 431 с. Мишар А. «Museolog».

Методология создания цифрового каталога музейной коллекции. – 2001.

Система научного описания музейного предмета: классификация, методика, терминология. Науч. ред. И.В. Дубов, И.И. Шангина. СПб, 2003. – 408 с.; илл.125.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорындағы бірегей қолжазбалар мен басылымдар. Ғылыми каталог. Жоба жетекшісі және ғылыми редакторы Нұрсан Әлімбай. Иллюстрацияланған, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде. – Алматы: Өнер, 2011. – 328 б.

Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. 1-5 т. Жоба жетекшісі және ғылыми редакторы Нұрсан Әлімбай. – Алматы: «Әлем. Даму. Интеграция», 2017. (Толықтырылып, өңделіп екінші басылуы).

Щурина Е.Г. Каталогизация музейного собрания. Система музейных каталогов. Подготовка к изданию каталогов музейных собраний / Вестник Кирилло-Белозерского музея. - №21. – 2011. (Электронды ресурс: http://www.kirmuseum.ru)

116 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper