Анонс


Этнографиялық жәдігерлерді зерттеу және олардың мұралық маңызы

Дүйсенбі, 05 Ақпан 2024 06:05
Этнографиялық жәдігерлерді зерттеу және олардың мұралық маңызы KAZMUSEUM.KZ -  

Мақалада этнографиялық жәдігерлердің тұрмыстық және ақпараттық қасиеттері қарастырылады. Сонымен қатар, қолөнер туындыларына талдау жасалып, этнографиялық жәдігерлердің этностың өміріндегі қажеттіліктерді өтеу деңгейін көрсетеді. Ұлттық құндылықтың санаға сіңуінің негізінде жүзеге асып жатқан қолөнер туындыларының тарихи мұралық маңызы тереңінен қамтылған. Зерттеу нәтижесінде қазақтың дәстүрлі қолөнер бұйымдары мен жәдігерлерін этнографиялық дерек ретінде қарастырып, арнайы ұйымдастырылған этнографиялық экспедиция жұмыстарының материалдары беріледі.

Кілт сөздер: этнография, қолөнер, рухани байлық, мұра, мәдениет, жәдігер.

Музей қорындағы этнографиялық жәдігерлер этнология және этнография ғылымының деректік базасы, қоры ретінде ғана емес, деректану нысаны ретінде қызықты. Бұл жәдігерлерді зерттеуде тарихи деректану мен музейлік деректану салалары бір-бірімен тығыз байланыста қарастырылады.

Жалпы, этнографиялық деректерге этностың баспанасы, киім-кешегі, ыдыс-аяғы, сәндік әшекей бұйымдар, құрал-жабдықтары, өнері, наным-сенімдік бұйымдары жатады десек. Осы аталған бұйымдардың көпшілігі Отырар мемлекеттік қорық-музейінде жинақталған.

Ғылымда этнографиялық жәдігерге халықтың «дәстүрлі тұрмыстық салт-дәстүрінің этникалық белгілерін толықтай көрсете білетін зат» деп анықтама беріледі [1, c. 164]. Сондықтан, этнографиялық жәдігер ең бірінші белгілі бір этносқа тән бұйым, не зат ретінде қарастырылады.

Кез келген этнографиялық жәдігер ең алдымен екі түрлі ақпараттық дерек береді; біріншіден, жәдігердің өзі «этнографиялық мәтін» болып табылады, яғни белгілі бір этностың мәдениет элементі ретінде этникалық ортаны, мәдениетті сипаттай алуымен қатар, музей жәдігері этнографиялық қолданыста болған, тұрмыстық ортадан алынған зат ретінде «өне бойы» деректік ақпаратқа толы болады, екіншіден, сол этностың тек мәдениеті ғана емес, бүкіл тарихи-әлеуметтік, экономикалық, шаруашылық, саяси өмірінен ақпарат бере алатын мүмкіншілігі бар тарихи-мәдени мұра болып табылады. Осы деректік ақпарат көзін анықтағаннан кейін ғана жәдігер музейдің жинақтау (комплектование) үрдісіне қатыса алады және жәдігердің мән-маңызы анықталып, құжатталады [2, 60-б.].

Жалпы, этнографиялық зерттеудің негізгі міндеті өткен кезеңнің оқиғаларын өзгертпей баяндау, сонымен қатар қандай жаңа өзгерістер келді соны айту. Сонда, халықтың тұмыс-тіршілігі этнографиялық зерттеудің басты объектісі болып табылады. Этнография саласы басқа тарихи пәндермен, әсіресе археологиямен, антрапологиямен, мәдениетанумен, географиямен архитектурамен және этнолингвистикамен байланысады. Бұдан басқа да ол жазбаша және графикалық құжаттарды, заттық және тұрмыстық материалдарды пайдаланады. Ал осының өзі этнографияны басқа тарихи ғылымдардан ерекшелейді. 

Қазақ халқы – өзінің ұлан байтақ жеріндегі ежелден қалыптасқан көне мәдениеттің мұрагері және сол дәстүрді жалғастырып дамытушы ел деп айтамыз. Себебі, ол өзінің рухани және материалдық мәдениеті болып табылатын асыл мұраларын дүниеге келтіріп, жоғалтпай жаңғыртып ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Оған әр кезеңде жан-жақтан келген рулар мен ұлыстардың, сондай-ақ Сібір және Орта Азия халықтары мәдениетінің де ықпалы болды. Сондықтан өзіндік мәдениет сырттан келген мәдениет элементтерінің сан түрлілігін бойына сіңіріп, үнемі жаңарып, толысып, ерекшеленіп отырған.

Қазіргі кезеңде еліміздің ертеден дәріптеп, қастерлеп келген ұлттық мәдениет пен өнеріміздің тегін тектеу, болмысын тану, оның асылын тарихтың рухани көш-керуеніне ілестіріп отыру өскелең өмір талабы болып отыр. Халқымыздың жақсы дәстүрлері мен тағылымдарын, ата-бабалардың қалдырып кеткен қолтаңбасы - тарихи мұраларымызды өнеге тұтпай, жастарды ізгілікке, парасаттылыққа баулу мүмкін емес. Сондай-ақ, өмірдің құндылыққа айналған бір бөлігі - тарихи ескерткіштердің қоғам үшін маңызы өте зор. Олардың ішіндегі заманына сай мәдениет деңгейін көрсететін этнографиялық жәдігерлердің өзіндік ерекшеліктері бар. Кең өріс алған материалдық мәдени мұралардың алғашқы белгілері ағаш ұқсату, сүйек ұқсату, көркем құйма секілді қолөнер бұйымдары халық шығармашылығынан бой көрсетті.

Этнографиялық зерттеу жүргізілетін аймақ жөнінде мәліметтер жинау ең маңызды іс болып табылады. Гуманитарлық ғылымдардың өзге салаларының ішінде этнографияның өзгешелігі ең алдымен бастапқы фундаменталды дайындығын, яғни нақты тақырыпты анықтап алу, зерттеудің бағдарламасы мен әдістемесін құрастырып алу, теориялық білімді игерген болуы керек. Ал, этнографиялық тарихи мұраларды жинақтаудың негізгі формасы этнографиялық экспедицияларды ұйымдастыру болып табылады. Осы этнографиялық экспедицияның нәтижесінде жергілікті халықтың киімі, тұрғын үйі, материалдық мәдениеттің өзге де заттарын жинақтау және тіркеу үшін үлкен жұмыстар атқарылады. Этнографиялық тарихи мұралар – жәдігерлер жиынтығын құрайды.

Этнографиялық жәдігерлердің басты өлшемі: техникалық жағы емес, оның этникалық жағы, яғни халықтың тәжірибесін көрсете білу, мәдениетінен тұтастай дерек бере алу қасиеті. Бұл жайында музейтанушы Е.Л. Галкина «музейдегі этнографиялық жәдігерлер кем дегенде бес түрлі аспектіден этнографиялық жәдігер ретінде қызықты дерек бере алады» дейді.

Біріншіден, этнографиялық жәдігерлер заттай мәдениет ескерткіші ретінде; екіншіден, халықтың тұрмысынан, өмір сүру қабілетінен дерек беруші зат ретінде; үшіншіден, халықтың рухани мәдениетінен дерек көзі ретінде; төртіншіден, қоғамдағы өзгерістерден дерек беруші жәдігер ретінде; бесіншіден, символ, образдардың, идеялардың квитэссенциясы (бір нәрсенің нағыз мазмұны) ретінде дерек бере алады деп тұжырымдайды [1, c. 164].

Жалпы, қолөнер кәсібінің ел қажетін өтейтін тамаша үлгілері өте көп. Солардың танылмай жатқан түрлері баршылық, осындай этнографиялық қолөнер мұралары әлі де болса анықтауды, саралауды қажет етеді. Халық арсында үй жиһаздарын жасаудың алуан тәсілдері бар, ал олардың кейбір түрлері қазіргі заманға дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ [3, 94-б.].

Қазақтардың темір ұсталығы, тұрғындарды шаруашылық және тұрмыстық бағытта қамтамасыз етіп отырды [4, c. 71]. Қолөнерінің әсемдігін айғақтауда кәсіпқой шеберлер мен ісмерлердің еңбегі ерекше екендігі белгілі. Олардың халық шығармашылығы болып есептелетін қазақ өнерін байытқан қайталанбас бұйымдық заттары бүгінге дейін жетті.

Заманымыз жаңғырып, салт-дәстүрімізге елеулі өзгерістер ене бастады, оны жасаушы шеберлердің де саны сиреп бара жатыр. Қолөнер бұйымдарының сапасын аттыру бүгінгі күнгі игілікті іс болмақ, осы негізде біздер бірнеше этнографиялық экспедиция ұйымдастырдық. Осындай іс-сапарлар нәтижесінде, ел арасында күні бүгінге дейін сақталып келген зергерлік, тұрмыстық бұйымдар, ағаштан жасалған ұлттық қолөнеріміздің озық үлгілері және тағы басқада құнды жәдігерлер біздің Отырар мемлекеттік археологиялық музей қорығының қорын толықтыруда. 

Ұлтымыз өзінің тұрмыс-тіршілігін, қоршаған дүниені, ерекше әсемдікті, өздерінің табиғатпен біте қайнасқан заманнан келе жатқан қарым-қатынасын бөлінбес бірлігін қолөнерінде көрсете білген. Қолөнер ескіден келе жатқан өнер. Дегенмен, қазақ қолөнерінің ерекшелігі оның өзіндік өрнегінде.

Бүгінгі таңда қазақ қолөнерін қайта жаңғырту үшін қолөнер өнімдерінің қазақ мәдениеті тарихындағы орнын көрсету, ХХ ғасырдағы деректермен толықтыру халық санасымен, тарихымен тығыз байланыстылығын нақтылау керек [5, 11-б.].

Ал осы ХХ ғасырдағы ғажайып қолөнердің этнографиялық тарихын анықтау жоғарыда атап өткеніміздей ұсыныстардың негізгі шарты болып табылады. Алдағы кезеңдерде келешек ұрпаққа бай да өнегелі өнеріміздің бір үлгісі этнографиялық жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап болашаққа жеткізу игілікті іс, міндетті парыз. Сондықтан халқымыздың тағылымды тарихы мен жоғары мәдениетімізді көрсететін асыл мұраларымызды мирас ете отырып, оны әрқашан терең түйсініп, зерттей беруіміз тиіс. Ұлттық этнографиялық жәдігерлерді зерттеудің мұралық маңызы қазіргі таңдағы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі.

Отандық музейлерде тарихи деректер де, ғылыми қосымша материалдар да жеткілікті. Соның ішінде, әсіресе, этнографиялық жәдігерлердің молдығы болашақта оларды тарихи деректану тұрғысынан кеңінен зерттеуге мүмкіншілік береді.

 

Қалипа КЕМЕЛОВА, Отырар мемлекеттік археологиялық музей- қорығы

 

 

Әдебиеттер:

  1. Галкина Е.Л. Этнографические источники в музее; проблемы интерпретации. – М.: РИК, 1998. – 164 с.
  2. Райымхан К. Этнографиялық жәдігерлерді зерттеу мәселелері // Қазақ тарихы. – 2006. – №4. – 60-б.
  3. Шаңырақ. (қысқаша үй-тұрмысы энциклопедиясы). – Алматы: Қаз. Сов.энцикл. Бас редакциясы,1990. – 94-б.
  4. Казахи / Историко-этнографические исследование. – Алматы: Қазақстан, 1995. – С.71.
  5. Ісләмов О. Қазақ қолөнері қалай зерттелуде? // Қазақ тарихы. – 2001. – №4. – 10–11-бб.

 

930 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper