Анонс


Музей қорларының пайда болуы мен қалыптасуы

Жұма, 02 Ақпан 2024 00:31
Музей қорларының пайда болуы мен қалыптасуы KAZMUSEUM.KZ -  

Мақалада музей жәдігерлерін деректік маңызы мен ерекшеліктері, пайда болуының обьективтілігі мен сыныпталуы, музейлік заттарды тарихи дереккөз ретінде зерттеудің теориялық-метологиялық негіздері мен тәсілдері қарастырылған.

Кілт сөздер: музейлік эвристика, экспозиция, раритет, музейлік деректану.

Музей қорларының басты байлығы музей жәдігерлері болып табылады. Музей қорларын жинақтау, қор сақтау мәселесі, музейдің барлық атқаратын қызметіне тікелей ықпал ететін маңызды бағытына жатады. Бүгінде бұл мәселенің де зерттелмей жатқан қырлары жеткілікті. Әсіресе музей қорларын ғылыми жинақтау мәселесі өзекті. Себебі, музей қорына тарихи құнды зат жинау музей қорының мазмұнын байытады. Музей қорларындағы деректерді зерттеу музей ісінің тарихымен тығыз байланыста қарастырылатыны сөзсіз. Қазақстанда алғашқы құрылған музейлердің дені тарихи-өлкетану музейлері болып табылады және музей қорларындағы деректердің басым көпшілігін заттай және көркемөнерлік деректер құрайды. Кеңес заманы тұсында музей «еркіндік үшін пролетариат күресін» көрсететін мақсатты бірінші орынға қойды. Кеңестік заманның алғашқы күндерінен бастап музейлер идеологиялық міндеттермен жүктелді, ғылыми методологияның принциптері өзгеріп, музей ісі прагматикалық, қолданбалы сипат ала бастады [1, с. 4]. Оның бүгінге дейін музей ісі саласында теориялық-методологиялық проблемалардың қордалануына, шешімін табу жолдарына кері әсері тиді.

Қор музейдің негізгі қызметі нысанына жатады. Музей қоры деп музей саласы бойынша мемлекеттік ережелерге, нұсқауларға сәйкес ғылыми ұйымдастырылған, үнемі сақтауға алынған бүкіл музейлік заттар мен коллекциялардың жиынтығын атайды.

Музей қорлары тарихи деректерді жинақтайтын, сақтайтын орын болып табылады. Ғылыми қор жұмысы – музейдің дербес қызмет бағыты. Оның мақсаты – ғылыми негізделген музей жинағын қалыптастыру және сол жинақты сақтау, зерттеу, көрсету, бір сөзбен айтқанда қоғамда кеңінен пайдалануға мүмкіншілік жасау. Қор-музейдің ғылыми-зерттеу, мәдени білім мекеме ретінде құрылып, ерекше әлеуметтік функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қорға арнайы заңдық құқықтық құжаттар, нұсқаулар негізінде қабылданған музейдің барлық материалдары жатады. Олар қор сақтау бөлімдерінде, экспозицияда, реставрацияда, экспертизада, басқа мекемелерде уақытша сақтауда болуы мүмкін.

Музейлердегі ғылыми қорды ұйымдастыру - болашақ музейлік деректердің қалыптасуының басты кепілі болып табылады. Ғылыми-қор жұмысының басты сатысы – жинақтау. Қорды ғылыми ұйымдастыру қорға жәдігер жинаудан басталады. Қорға дерек жинау мақсатты, тіпті жоспарланған, жан-жақты ойластырылған ғылыми таңдаулар мен сұрыптаулар арқылы жүргізіледі. Бұл кезеңде музей затының ғылыми, тарихи-мәдени құндылығы анықталады. Музейлік, деректанулық талдаулар нәтижесінде музей жәдігері семантикалық, коммуникативтік, аттрактивтік қасиеттерінің синтезі арқылы музей жәдігеріне айналады.

ҚР ОММ «Положение о Центральном краевом музее КССР» атты құжаттың қабылдануы және оның мазмұны Орталық өлкелік музейдің өткен тарихи ғасыр кезеңдерінен қазіргі уақыт аралығындағы мәдени құндылықтарды жинайтын басты мекеме екенін, музейдің «бүкіл қазақ халқының, сонымен бірге республиканың территориясын мекендейтін барлық басқа халықтардың затын жинайды, табиғи байлықтар туралы мәліметтер жиналады» деген ережелері еліміздегі тарихи өлкетанушылық бағыттағы музей қорларының жиналуына себепші [2, с. 10].

Алматыдағы алғашқы музей 1931 жылы Алматы қаласындағы бұрынғы Кафедралық собордың ғимаратына орналасты. Сәулетші А.П. Зенковтың жобасы бойынша 1904-07 жылдары салынған бұл бірегей сәулет кешені – 1911 жылғы жер сілкінісінен аман қалған ғимараттардың бірі. Музейдің қазіргі ғимараты сәулетшілер Ю. Ратушный, З. Мустафина және Б. Рзалиевтің жобасы бойынша 1985 жылы салынды. Музей ғимаратының жалпы көлемі 17557 шаршы метрден құралған. Оның үш қабатында көрме галереялары және 4 экспозициялық зал орналасқан [3, с. 51].

1949 жылы Алматыда музей қызметкерлерінің республикалық семинары өтеді. Семинардың негізгі тақырыбы Қазақстандағы өлкетану музейлерінің міндеттеріне арналды [4, с. 3]. Семинарда өлкетану музейлерінің жұмысы қатты сынға алынады. Басты кемшілік «өлкетану музейлеріндегі  кеңес дәуірінің жаңа өзгерістерін көрсете алмау, тематикалық экспозициялық жоспарлардың, көріністердің әлсіздігі» деп аталынды. Семинарда музейлердегі идеологиялық жұмыстарды күшейтуге баса назар аударылды. Кеңес дәуіріне арналған бөлім музейлердің жетекші бөліміне айналды. Музей жабдықтары, қорлары анда санда халық жауы заттарынан да тексеріліп, тазартылып отырды. Тоталитарлық режим кезінде музейдегі кадр мәселесіне де қатты көңіл бөлінді. 1920-1930 жылдары мемлекет барлық салада жаңа кадр тәрбиелеуді жолға қойды. Кеңес дәуірінің музей саласындағы кадрларының дені коммунистерден, жұмысшы табы өкілдерінен тұрды. Қоғамдағы өтірік пен халық деп ұрандау жаулай бастады. Кадрлардың шыққан тегіне аса ыждағаттылықпен қаралды. Сталиннің тұлғасын, мемлекеттегі рөлін дұрыс ашпағаны үшін жазаланған да музей қызметкерлері болды [5, 303]. XXI ғасырдың музейі жайында Ресей зерттеушілері: «Өкінішке қарай, қазіргі кезде де музейдің басы қасында бұрынғы партия қызметкерлері отыруда»,- деп жазады [6, с. 14]. Әсіресе, шалғай музейлерде, аудандық деңгейдегі музейлерде кадрлар мәселесі бар екені рас.

Музейлер тарихы, музейлік жинақтардың қорларға жиналу саясаты мемлекеттің саяси-экономикалық жағдайымен тығыз байланыста болғандықтан, кеңестік дәуір кезеңінің мәдени құрылысының да сипатына тығыз байланыста қарастыру қажет. Музейлер көбінесе мәдени мекемелер қатарына саналып, басқару жағынан мәдениет мекемелерінің құрылымына енді. Қазақстандағы мәдени құрылыс тақырыбына арналған зерттеулер біраз жазылды. Олардың қатарында М.К.Тілеужанованың, Е.Ш. Қуандықовтың, Л.Ш. Башированың, К.Ш. Керейбаевтың, А.Т. Капаеваның зерттеу еңбектері бар. Алайда бұл еңбектерде музей тақырыбы, музейлік заттардың тарихи қамтылуы аздау. Сол себепті кеңестік дәуірдегі музей саясатының тарихы да толық зерттелмеген, өз бағасын ала алмаған салаға жатады. Музей тарихына байланысты материалдардың басым көпшілігі мұрағаттарда сақталған. Бұл материалдар да зерттеуді, жүйелеуді ғылыми айналысқа түсіруді аса қажет.

Қазақстандағы музейлердің тарихын музейлік дерек арқылы зерттеу – қазіргі таңда өзекті мәселердің бірі. Қазақстандағы мемлекеттік музей жүйесінің қалыптасуы, өткен тарихи тәжірибесі, музейлік деректердің қалыптасу тарихы білім мен ғылым кеңістігінде өте қажетті сұраныс тудырып отыр. Бұл қазіргі және болашақ музейлердің құрылымының принциптерін құру үшін, қазіргі музейлерді Қазақстанның мәдениет саласының ажырамас құрамдас бөлігі ретінде қарастыруға мүмкіншілік береді.

Қазақстан музейлерінде археологиялық деректер көп сақталады. 1936 жылы Қазақстан археологиясының дамуында жаңа кезең бастады. Археологиялық зерттеулер нәтижесі музей қорларынан кеңінен орын алады.

Осы жоғарыда айтылған үрдістердің барлығы кеңес өкіметінің қарамағында болған Қазақстандағы музейлер мен музей ісінің тарихына да қатысты. Еліміздің тәуелсіздік алуымен музей саласына да жаңа леп келді. Музейдің бүкіл отандық тарихтың мұраларын сақтайтын орын, тарихи сананы қалыптастыратын орта екендігін, музейдегі барымызды төл тарихымызды оқытуда пайдалану, зерттеу қажеттігін жастарымыздың тарихи ұлттық болмысын мәдениетін қалыптастыруға да әсері көп екендігінде дау жоқ. Музей тарихы отандық тарихтың, мәдениеттің, ғылымның ажырамас бөлігі болып табылады. Музейлердің даму тарихы мемлекеттің саяси өмірімен, әлеуметтік экономикалық дамуымен де өте тығыз байланысты сала екендігі тарихтан белгілі. Тарихсыз музей ісінің, музей заттарының теориясы да болмайды. Ал музей ілімінсіз музей тарихын қалыптастыру да қиын. Музей тарихы отандық тарихпен ұштасып жатыр. Ал бүгінгі күні музей теориясы мен практикасын дамыту, зерделеу өткен күннің тарихынсыз, тәжірибесінсіз саралау мүмкін емес. Әсіресе кеңес дәуірінде музейлерді дамыту ісінде тарихи емес, саяси пайым жасалынып, музей ісі саяси категорияға айналды. Музейлер тарихын саралауда негізгі акцент музейлердегі мемлекеттің идеологияның қалыптасуына бөлінді. Осы жоғарыдағы айтылған мәселелерді зерттеу, музей тарихын шынайы, ақтаңдақ беттерінсіз оқыту үшін де, музейлердің білім кеңістігіндегі интеллектуалдық-хабарламалық рөлінің зор екенін көрсету үшін де қажет.

Қазақстандағы музей ісінің қалыптасуы мен даму мәселелері де теориялық-методологиялық тұрғыдан терең зерттелмеген. Деректанудағы хронологиялық мәселе бүгінгі күні музей тарихына қатысты жаңа пікірлер тудыруда. Музей ісінің тарихын, музей коллекциялары мен заттарының қалыптасуы мен дамуының эволюциясын, даму кезеңдерін, тарихи кезеңдеу мәселелерін қарастырады. Кезеңдеудің өзі тарихи білімді алуды жүйелеуге ықпал етеді. Музей ісіндегі қалыптасқан ұғымдар мен түсініктер арқылы ғылымдағы танымдық жетістіктері көрінеді, Ал кезеңдеу арқылы осы ұғымдардың жүйелілігі мен иерархиясы көрініс табады [7, с. 12].

Музейлердегі музейлік құндылықтарды жаңа ғылыми, теориялық-методологиялық принциптерге сүйеніп зерделеу, оларға сүйіспеншілікпен қарау, тарихи ой елегінен өткізу, жаңаша тану, қор жұмысының жандануына ықпал етері сөзсіз. Тарихшы ғалым Х.М. Әбжановтың «...азаттықтың арқасында орныққан құндылықтардың маңдай алдысы – адамдардың санасы мен танымындағы сұранысы мен өмір салтындағы оңтайлы ілгерілеулер, ғылыми танымның бірегейі – тарих зердесі теориялық-методологиялық ойтолғақтың тоталитарлық қасаң догмаларынан арылып, жаңарып, артта қалған кезеңдердің, оқиғалардың, тапқанымыз бен жоғалтқанымыздың бастау көздеріне, табиғатына, парқы мен нарқына, әлемдік аймақтық, отандық кеңістікке және өркениеттерге салған олжасы мен тигізген ықпалына ақиқат өлшемімен баға беруде» [9, с. 81-90]. деуі қор жинау мен зерттеудің өзекті мәселелерін шешудің маңыздылығын көрсетеді. Музей қорларындағы жиналған тарихи-мәдени мұраға ақиқат баға, тарихи танымдық деңгей керек екені анық. Бұл мәселенің бүгінгі күні дұрыс шешімі ертеңгі музей қорының жинағына тікелей әсер ететіні даусыз.

Музейге құнды коллекциялар мен заттарды жинау теориясымен, методологиясымен айналысатын ғылыми сала «музейлік эвристика» деп аталады. Музейлік эвристиканың міндеті – ақпарат көзі бола білетін, музейлік мәні бар заттарды табу мен оларды қорға алу болып табылады. Музейге қор жинақтау барысында маңызды факторға музейлік мәні бар затты таңдау критерийлерін анықтап алу. Жалпы музейлік құнды заттарды таңдауда заттың ақпараттылық, аттрактивтік, репрезентативтік қасиеттері басты орында тұрады. Бұл мәселеге келгенде еліміздегі музейлердің жұмысы жандана бастады. Алайда бұл сала музейлік деректанудың ғылыми-теориялық тұрғыдан толыққанды қалыптаспаған саласының біріне жатады деуге болады. Музейге өте құнды, артефактік, мемориалдық құндылығы жоғары тарихи дереккөздерді анықтау, жинақтау мәселесі тек музейлік эвристикамен ғана емес, қор жинақтау, музей заттарын мемлекеттік есепке алу және сақтау мәселелерімен де тығыз байланыста қарастырылады. Өйткені табылған затқа музей жәдігері деп атау үшін музейдің барлық функциялары атсалысады.

Қор жинақтау мақсаты – затты қоршаған ортасынан алып, музейлік қасиетін анықтау және оны музей жинағына тарихи үрдісті, үдерістерді құжаттайтын тарихи дерек ретінде қосу. Музейлік жинақтауға тек заттай емес, рухани мәдениет мұралары да енеді. Жинақтаудың басты мақсаты – тарихи ақиқатты, болмысты, қоғамдық дамуды құжаттау. Музей заттарын құжаттау тек жай ғана музей затының жиынтығын құрауға емес, жүйелі музей коллекцияларын қалыптастыруға, сыныптауға ықпал етеді. Жинақтау арқылы музейдің деректік қоры құралады. Жинақтау зерттеу жұмысына жатады және ол музейлік деректану саласының аясына жатады, себебі жинақтау кезінде зат ізделеді, табылады, алғашқы өңдеуден өтеді, сипаттау мен сыныптаудан өткізіледі. Жинақтау бірнеше кезеңнен тұрады: мәселені бөліп қарау, зерттеу обьектісін анықтау, музейлік мәні бар заттарды табу, музейге алу және музейлік затқа айналдыру. Музей заты ретінде танылмас бұрын кез келген заттың тарихи мәдени құндылығы, музей затына сай қасиеттері анықталып, сараптамалардан өтіп барып, музей жәдігері деген мәртебеге ие болады.

Музейлік қорлардағы деректерді зерттеу музей ісінің тарихымен  тығыз байланыста қарастырылады. Өйткені, музейлерде жиналған қор деректері 2-3 ғасырды артқа тастағандары, тіпті содан бері «жарық» көрмей жатқандары бар.

Негізгі қор ол музей жинағының негізін, ядросын құрайды. Негізгі қорға тарихтың, материалдық және рухани мәдениеттің, ғылыми, саяси, тарихи көркемөнерлік мәні бар түпнұсқа заттар жатады.Олар тарихи кезеңдердің куәсі, білімнің алғашқы дерек берушілері, ғылыми зерттеулер нысаны және адамзат баласының дамуы, табиғи үдерістерін зерттеуге дерек болып табылады [10, с. 8]. Негізгі қордың ішінен коллекиялық қор бөлінеді. Негізгі қор мәнділігіне қарай өте бағалы коллекциялар қатарына жатқызылады. Заттардың қай қорға жататыны есепке алу құжаттары арқылы , картотекалар арқылы белгіленіп отырады. Қымбат бағалы заттар мен алтын бұйымдары, кейбір өнер туындылары, жазба деректері арнайы есепке алынады және ерекше қорғауға алынып, сейфте сақталынады.

Ғылыми-қосалқы қор-негізгі қор заттарын зерттеуге және қолдануға қажетті қосымша материалдар мен заттардың жиынтығынан тұрады. Оған муляждар, көшірмелер, ғылыми реконструкциялар, схемалар, карталар, таблицалар жатады [10, с. 13-14].

Музей қызметінің барысында ғылыми кітапхана, ғылыми мұрағат қор қалыптасады. Онда музей тарихы туралы, тұжырымдамалары туралы, есептер, методикалық құралдар, ғылыми кітаптар сақталады. Музейлік кітапхана қоры ғылыми және арнайы қорларды біріктіреді. Арнайы қорға сирек кітаптар, қолжазбалар афтографтар коллекциясы, ғылыми кітаптар, музейлік құндылығы бар жеке адамдардың саясаткерлердің, өнер адамдарының  жеке кітаптары жатады. Ғылыми қорға музей қызметкерлерінің ғылыми қызметін қамтамасыз етуге арналған кітаптар, басылымдар, ғылыми еңбектер, энциклопедиялар сөздіктер жатады.

Жинақтау жұмысының негізгі үш түрі – жүйелі, тақырыптық, кешенді түрлері бар. Жинақтау барысында музей қызметкерлері суретшілермен, мекемелермен және коллекционерлермен қарым-қатынас орнатады. Қор жинақтау формалары да әр түрлі. Оған сатып алу, сыйлыққа берілген заттар, арнайы тапсырыстар, алмасулар, экспедиция ұйымдастыру, күнделікті жинау істерін атқару, әр түрлі оқиғаларға қатысты жинау, т.б. жоспарлы алдын ала ойластырылған шаралар өткізіледі.

Қазіргі музей саласында туындап жатқан көптеген проблемалар мен дағдарыстардың бастауын музейлердің қалыптасу тарихынан, кеңестік кезеңнің музейлік тәжірибелерінен де іздеу қажет. Барлық мәдениет мекемелері ішінен кеңестік идеологияның ең дендеп кірген саласы музей болды. Бүгінде музей экспозицияларынан, көрмелерінен ұлы зиялыларымыздың шығармашылығы кеңінен орын алуда. Саяси үстемдікпен басқару, оның халық алдындағы зардабының ауқымды болғанынан қарамастан, қазақ халқы ерекше ұстамдылық пен шыдамдылық танытты. Қазақстан жеріне тағдыр тауқіметімен  келген барлық ұлт өкілдерінің тарихына, тағдырына, мәдениетіне, әдет-ғұрпына құрмет, қонақжайлылық көрсетті. Х.Әбжановтың «...ұлт тарихына ежелгі дәуірден күні бүгінге дейін айрықша көзге түсетін азаматтығымызды баянды етуге мән-маңызды ерекше қасиеттерді, мәнді белгілерді зерттеу ұстанымына айналдыру қажет. Тарихты жасайтын халық болғандықтан, оның айрықша қасиеттерін тани, ұлықтай білсек, зерттеулеріміз ұлт болмысының тарихта айшықталуын қолмен қойғандай ұстата алар еді» деген пікірінде тәуелсіз Қазақстанның тарихын, этнографиясын, жазуын, мемлекеттік рәміздерін паш ететін музей жәдігерлерін ғылыми айналымға енгізудің маңызды екені белгілі.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланған 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бергі уақытта музей саласы құрылымдық, саяси-идеологиялық, ұйымдық, түбегейлі өзгерістерді бастан өткерді. Біріншіден, музейлер партиялық идеологиялық өктемдік пен сыңаржақтылықтан қол үзіп, іс-шаралардың тақырыптық, мазмұндық, танымдық әлеуетін кеңейтті, ең бастысы – ел мүддесіне қызмет ететін мақсатқа жұмылды. Екіншіден, отарлаудың қиянатын, тоталитаризмнің қылмыстарын әшкерелейтін, оң тарихи сананы қалыптастыратын, ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» жоюға септігін тигізетін жаңа сипаттағы музейлер шаңырақ көтерді. Үшіншіден, музейлер жүйесін басқару мен ұйымдастыруда қолданылған орталықтандыру орнына жариялылық, жергілікті бастамаға өріс ашу, нарықтық қатынастарға бейімделу ұстанымдары келді. Сондықтан, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан үшін музейлер тек ғылыми-зерттеу, мәдени-білім мекемесі ғана емес, ол ұлттың ұлттылығын айғақтайтын ерекше мәнді символ, мемлекеттік атрибуттардың бірі болып табылады.

Еліміздің егемендігі Қазақстанның тәуелсіздік тарихын насихаттайтын, жаңа тарих беттерін айқындайтын жаңа музейлік дереккөздері жаңа музейлердің құрылып, музейлік экспозициялардың қалыптасуына жол ашты.

Музейдің бүкіл отандық тарихтың, мәдениеттің мұраларын сақтайтын орын, тарих сананы қалыптастыратын орта екендігін ескерсек, музей құндылықтарын тарихи-мәдени дереккөз ретінде танып білудің қазіргі күні маңызы арта түскендігі, оның маңыздылығының тереңде екені белгілі. Бүгінгі таңда музейге құнды жәдігерлерді жинау, оларды қорда сақтау мен қорғау музейлердің қоғамдық, әлеуметтік, мәдени институт ретіндегі рөлінің артуына тікелей ықпал етеді. Музейлердегі қор қызметі ұлттық мемлекеттік ұстанымдар арасында дами бастады. Музей қорлары жұмысы идеологиялық құрсаудан босады. Көптеген музейлердің қор жинау қызметінде еркіндік, ғылымилық негіз пайда болды.

Қорыта келгенде, бүгінгі күні отандық музей ісі саласында музейлік деректанудың қалыптасуы музей қорларындағы деректердің мазмұны мен сипатын кеңінен ашып, ұрпаққа білім мен тәрбие беруде оң ықпал етеді. Музей қорындағы заттардың ғылымның әр саласынан тарихи білім, мол ақпараттық дерек бере алатын мүмкіндіктері зор. Музей қорларының, музейлік тарихи деректердің сыныпталуына деректану ғылымының методогиясының енуі, музей қорларындағы деректердің ғылыми жариялануы, теориялық тұрғыдан зерттелуі – тарихи деректерді тану, насихаттау, зерттеу үшін өте қажет іс. Болашақта еліміздің музей ісінде мемориалдық музейлердің маңызы жоғарылайтыны сөзсіз. Бұрығыдай тарих ғылымы саясатқа емес, қоғамға тарихқа ұлтқа қызмет ету ұстанымына қарай, төл тарихымызды ұлттық идеологиялық негізде зерделеу-міндетіміз.

Болашақ музейтанушыларға деректану ғылымының негіздерін, бүгінгі өзгерістері мен бағыттарын, методогиялық талаптарын тереңдетіп оқытудың маңызы зор.

Музейлік басылымдардың көбеюі мен насихатталуы ғылым мен білім, музей қызметінің дамуы, музейлік тарихи деректерді насихаттау өте маңызды екені сөзсіз. Әсіресе қазақ тіліндегі музейлік жарияланымдардың жоқтығы музей мамандарымен қоса, жоғары оқу орындарында студенттер мен магистранттардың білім алуында қиындық туғызуда.

Тағы да ұсыныс ретінде айтарым музей каталогтарының шығарылуы барлық музей материалдарын қамтитын болса, салыстырмалы зерттеу жүргізудің мүмкіншілігі артар еді.

Бүгінгі күні музейлік мамандар даярлауда тарихшы музейтанушы, мәдениет тарихшысы өнер тарихшысы, өлкетанушы туризм маманы, экономика тарихшысы, белгілі бір өндіріс саласының тарихшысы ретінде арнайы мамандар даярлау қажет.

Музей қорларында сақталған мұраларға қол жеткізу қиындығы туындап жатады. Сондықтан музей туралы заңның қабылдануы мен музейлік деректерді зерттеуші ғалымдарға қор материалдарымен жұмыс жасауға қол жеткізуге мүмкіндік беретін баптар енгізілуі керек.

Музей қорларының құрылымына шектеу болмауы тиіс. Таза тарихи жазба өнер туындыларын жеке жинайтын музейлердің қатары көбейсе деректерді сақтау мамандандырылған зерттеу мәселесі де шешіліп жататыны сөзсіз.

Музейлік деректердің тарихи құндылығының шынайылығын арттыру мақсатында ғылыми зерттеу зертханаларын ұйымдастыру.

Отандық музейлерде қазақ халқының рухани мәдениетіне, әсіресе дініне байланысты материалдардың көлемі өте аз. Сол себепті елімізде  ғылыми кәсіби бағыттағы музейлер, мысалы қолөнер тарихы музейі т.б. құрылса, ұтымды және жекелеген ғылыми салалардың дамуына ықпалын тигізер еді.

Елімізде бүкіл қазақ халқының рухани және материалдық мәдениет мұраларын жинайтын этнографиялық музей құрылса, болашақта этнографиялық жәдігерлерді тарихи дерек ретінде зерттеуге мол мүмкіндіктер туары сөзсіз.

 

С.Е. Құдайбергенов, мәдениеттану магистрі

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Шляхтина Л.М., Мастенина Е.Н. Музеология и ее методы в системе социально-гуманитарных наук. Факты и версии: Историко-культурологический альманах. Исследования и материалы. Методология. Символика. Семантика / гл.ред. и сост. В. Ю. Жуков. СПб.: ИМИСП, 2005. – Кн. 4. – С. 23-24.
  2. Положение о Центральном кревом музее // ҚР ОММ 81 қ., 1 т., 437 іс, 10 п.
  3. Райымхан К.Н. Тарихи өлкетану. – Алматы, 2004. – 184 б.
  4. Задачи краеведческих музеев Казахстана // Сборникметодических материалов по музейно-краеведческой работе. – Алма-Ата, 1950. -3 с.
  5. Юренева Т.Ю. Музееведение: Учебник для высшей школы. – М.: Академический Проект, 2003. -560 с.
  6. Музееведение. На пути к музею 21 века// Сборникнаучных трудов НИИ культуры. М.: Министерство культуры РСФСР, 1989.
  7. Музейное дело Росии. – М., 2006. – 565 с.
  8. Ибраева А.Ғ. Тәуелсіз Қазақстан көрнектемесін құрудың теориялық-әдістемелік негіздері// Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері. Ғылыми бюллетень – Астана, 2009. -№2. – 120-127 бб.
  9. Лашкеевич Л. В. Фонды музея // Актуальные проблемы фондовой работы музеев. / Сборникнауч. тр. НИИ культуры РСФСР. Труды 63. – М., 1978. –С. 8-21.
576 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper