Анонс


Музей қорындағы палеонтологиялық коллекция ерекшеліктері

Сәрсенбі, 19 Мамыр 2021 00:34
Музей қорындағы палеонтологиялық коллекция ерекшеліктері KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қайта жасақталған Табиғат залы экспозициясындағы өлке аумағында табылған палеонтологиялық қазба байлықтарының маңызы өте зор. Әлемдік музейлер тәжірибесінде палеонтологиялық жәдігерлер есебінен келушілер саның арттыра елдің туристік имиджін көтеру жұмыстары кеңге қойылған.

Музей қорындағы ботаникалық, зоология, геологиялық жинақтармен бірге  түпнұсқалығы және құндылығымен ерекше саналатын палеонтологиялық топтамасының толығуына атақты геолог-барлаушы Р.А.Сегедин көп еңбек сіңірген, оның тапсырған құнды коллекциясы қорда сақтаулы.

    Палеонтология ғылымы жойылып кеткен өсімдіктер мен жануарлардың даму тарихын зерттейтіні мәлім. Жердің геологиялық даму кезеңінен бастап жалпы палеозой дәуірінде Ақтөбе облысының аумағы тұтасымен теңіз астында болып, пермь кезеңінде (282 млн жыл) құрғайды. Архей заманының биологиялық өмірін анықтау мүмкін емес, мәрмәр тасты қазбалардан табылған строматолиттер - алғашқы қарапайым әкті балдырларды тіршілік иелеріне жатқызуға болады (Сегедин, 2002, 23,50 бб). Кен жыныстарында сақталған протерозойлық органикалық тіршіліктің іздері - қанқасыз түрлердің орнын қатты қанқалы (моллюск, буынаяқтылар) түрлер басты. Палеозойлық қабаттың 6 жүйесінің әрқайсысына тән өз тіршілік иелері бар: кембрийде буынаяқтылар - трилобиттер көп таралса, девон «балықтар кезеңі» аталды. Карбон көмір кен орындарымен және қосмекенділер қалдықтарымен ерекшеленсе, пермде шөлейтті жерлер мен алғашқы бауырымен жорғалаушылардың іздері сақталған қабаттармен ерекшеленеді. Мезозойлық түзілімдерде шиыршық тәрізді моллюск - аммониттер басым болғанымен бұл дәуір динозаврлар дәуірі деген атаумен танымал. Стратиграфиялық шкаланың соңы - кайнозойлық қабатта түрлі сүтқоректілердің қанқа қалдықтары табылды (Лаломов, 2018).

    Орал таулары аумағында кембрийлік ағзалардың қалдықтары кездеспесе де Ор-Елек үстіртінде археоциат, брахиопода, трилобит іздері кездеседі. Ордовик дәуірінде Ақтөбе облысының жері түгелімен теңіз түбінде болып, бұл жерде басаяқтылар, трилобиттер мен ішекқуысты маржан: табуляттар, төртсәулелі ругоза, ежелгі тікентерілілер көбейген. Әлімбет және Медес, Ақсу өзендері бастауларында Ortis ортис тобындағы құлыпты және  Obolus оболюс тобындағы құлыпсыз брахиоподалар кездессе, ірі трилобиттер қалдығы Әлімбет өзеніне тән. Девон кезеңінде ортапалеозойлық ағзалар толығымен жойылып, олардың орнына Spirifer спирифер және Rhynchonella ринхонелла тобының иықаяқтылары көбейеді, иірімді бақалшақты Goniatitida гониатиттер пайда болып, трилобиттердің орнын жәндіктер басады. Девондық теңіздерде сауытты, акулатәрізді және қостынысты балықтар өмір сүріп, осы кезеңнің соңында саусаққанаттылардан алғашқы қосмекенді жануар - Stegocephalia стегоцефалдар пайда болды. Таскөмір кезеңі әкті кедертас - маржандар, мшанкалар, теңіз лалагүлі мен иықақтылар дәуірі болса да құрсақаяқты, тақта желбізекті ұлулар, өрмекшітәрізділер де кең таралған. Пермь кезеңінде тұщысулы қосжақтаулы ұлулар Pelecypoda және ұсақбақалшақты шаяндар Ostracoda, сүйекті балықтар мен амфибийлер, ірілі бауырымен жорғалаушылар (рептилий) көбейеді.

    Эоцен кезеңі соңында теңіз жайылуы тоқтап, тартыла бастағандықтан Мұғалжар тауы аумағында жоғарыборлы қабаттарда малта тастармен қатар фосфорланған губкалар, бақалшақтар, белемнит сауыты мен акула тістері сақталған. Теңіз жағалауында субтропикті жалпақжапырақты ағаш түрлері: шамшат, талшын, магнолия, мирта, дриандра, құрма, шеңгел, қызыл тал жайқалып өскен. Ор өзенінің сол жағалауы Романкөл және Қарақобданың оң жағалауында бұталы субтропиктік өсімдіктер - камфорлы лавр, фикус, грек жаңғағы, сабаль пальма тәріздестердің қалдықтары табылды. Олигоцен кезеңінде теңіз біржолата құрғап, жалпақжапырақты өсімдіктер - шегіршін, қайың, үйеңкі, терек, орман жаңғағы, таксодиум, қамыс, қылқанжапырақтылар кең етек жайды (Сегедин, 2002, 80-б).

    1912 жылы Тау институтының студенті И.Я.Гайлит Жыланшық өзені бойынан мастодонт және мүйізтұмсық қалдықтарын, ал 1913 жылы орта олигоцен кезеңінде Торғай даласында өмір сүрген мүйізсіз мүйізтұмсық - индрикотерийдің сүйектерін тапты. 1926 жылы М.В.Баярунас экспедициясы Нұра өзені бойынан ірі шошқатәріздес - энтеледон, ұсақ кеміргіштер, қорқаутәріздес саркастодон және эндрьюсархи сүйектерін қазып алған. (Ефремов, 2018). Неоген дәуірінің плиоцен кезеңінде тұмсықтылардан - мастодонт, жыртқыштардан - азулы жолбарыс, тұяқтылардан - гиппариондар әлі де сақталып, Ақтөбе жерінде төрттік кезеңдегі мұз басу дәуірінің тіршілік иелері мамонт, алып бұғы мүйіздері мен сүйек қалдықтары табылды (Сегедин, 2002, 86-б) мастодонттың туысы динотерий де үштік кезеннің ең алып жануарларының бірі саналды (Общая биология, 1967, 83-б). Суық тундра-далалық жағдайда мамонттық фауна өкілдері - жүндес мамонт (Mammuthusprimigenius), жүндес мүйізтұмсық (Coelodontaatiquitatis), ұсақ өгіз (Bisonpriscusmediator), жабайы өгіз (Bosprimigenius), Кноблох түйесі (Camelusknoblochi), жылқылар Equuscaballus, E (hemionus) hemionus, E. (Asinus) hydruntinus), киік (Saiga tatarica), алып бұғы (Cervuselaphus), арқар (Ovisammon), жабайы қой, үңгір (Ursus (Spelaearctos) rossicuss) және қоңыр аю, үңгір қорқау қасқыры (Crocutaspelea), үңгір арыстаны (Panthera (Leo) spelaea), қасқыр, түлкі және басқалары да өмір сүрді (Заселение Казахстана, 2018).

    Музей қорының табиғи-биологиялық топтамасындағы ерекше палеонтологиялық коллекцияны құрайтын Палеозой дәуірінің Ордовик кезеңіне жататын – буынаяқтылар түрінін трилобит азафус Asaphus (№4077), брахиопода түрінен – брахиопода пфамбонитэс (№4078), карнеитирис брахиопода ядросы Carneithyris (№4384), құлыпсыз брахиопода (№4391) болса, Силур кезеңіне ішекқуыстылар түрінен табулет Сирингопора тобындағы коралл Syringopora (№4079), жартыхордалы Граптолит Graptolithina (№4080, 4389) жатады. Девон кезеңінен Строматопорат коралы Stromatoporo (№4081), ішекқуыстылар түрі – Циатофиллум Cyatophyllum (№4082), гониатит Goniatitida және климения Clymenia (№4084) басаяқты моллюсктер, брахиопода Карпинский Karpinskia (№4083), брахиопода спирифер Spirifer (№4390) түрлері бар. Таскөмір кезеңінен ішекқуыстылар түрі – хэтетес коралы Сhaetetes (№4085), әктастағы брахиоподалар (4086), продуктус брахиоподасы Productus (№4087), амплексус коралы Amplexus (№4088), зафрентис Zaphrentis, ботрофиллум коралдары Bothrophyllum және продуктус (№4089); лепидодендрон іздері Lepidodendron (№4090), әктастағы коралдар (№4392), мшанка фенестелла Fenestella (№15010/151-158). Пермь кезеңіне ішекқуысты сирингопора коралы (№4091), әктастағы фузулиндер (№4092), басаяқты моллюсктер (№4093), имитоцерас аммониты Imitoceras пен климения гониатиттері (№4094), мшанка тамнискус Tamniscus (№15010/141-145) жатады. Мезозой дәуірінің Юра кезеңіндегілер – тастағы аммонит – кардиоцерас Cardioceras (№4095), макроцифалитес аммониты (№4096), аммонит ішкі ядросы перисфинктес (№4097), пахитеутис, цилиндротеутис белемниттері Cylindroteuthis (№4098, 4099, 4399), басаяқты моллюск (№4100, 4131), тақжелбезекті грифея (№4101, 4394), хламис (№4102), жапырақ ізі (№4103), ірі аммонит (№4104), аммонит ядросының қалдықтары (№4371), аммонит кадоцерас Cadoceras (№4380), аммонит ядросы Chamonssettia (№4381), аммонит Иловайский Соколова Ilovaiskya sokolova (№4382, 4411), аммонит виргатитес Virgatites quenstedti (№4386), аммонит перисфинктес Perisphinctes (№4387), аммонит виргатитес виргатус Virgatites virgatus (№4388), тақжелбезекті моллюск амфиданта Amphidanta (№4395), брахиопода теребратула Terebratula (№4397), триас кезеңіндегі Serpula серпула құрттың әкті түтігі (№4402), аммонит кардиоцерас экскаватум Cardioceras exavatum (№4404), тақжелбезекті моллюск алектриония Alectryonia (№4406). Бор кезеңінен вентрикулитес губкасы (№4105, 4374, 15010/49-60), этериджия (№4106), фенестелла (№4107), теңіз кірпісі эхинодея Echinoidea (№4108), бакулитес аммониті (№4109), белемнителла мен белемнелла (№4110,4111, 4400, 4407), гониокамакс (№4112), грифея (№4113), тас ағаш (№4114), кесіртке омыртқасы (№4115, 4373), балық омыртқасы (№4116), Анокоракс, акула тісі (№4117, 4408), тасқа айналған ағаш (№4160), необелемнелла Neobelemnella Kazimirviensis (№4396), басаяқты моллюск актинокамекс Actinocamix verns (№4398), басаяқты моллюск парактинокамекс Paractinocamex (№4401), ринхонелла, корнеитирис брахиоподалары Rhynchonella, Carneithyris (№15010/4-9), моллюск иноцерамус Inoceramus (№15010/11), моллюск экзогира Exogyra (№15010/16,17). Палеогендік кезеңге тақжелбезекті моллюск глиценерис (№4118), құрсақаяқты моллюск туррителла (№4119), аммонит циприна Cyprina islandica (№4120), кендегі брахиопода (№4121), шамшат жапырақ ізі (№4122), әктастағы нумулиттер Nummulites (№4385), панапея моллюск Pelecypoda panapaea (№15010/1), остреа моллюск Ostrea (№15010/2), кардиопсис моллюск Cardiopsis (№15010/3), красателла моллюск Crasatella (№15010/10) жатады. Неоген кезеңінен тақжелбезекті моллюск кардиум (№4123), құрсақаяқты мурекс (№4124), құрсақаяқты палюдина (№4125), шынар жапырақ ізі (№4126), тақжелбезекті моллюск кaрбула Carbula humersens (№4393) бар. Антропоген кезеңіне мамонт тісі (№4127, 4364), жылқы тісі (№4128, 4361, 4369, 4372), мамонт омыртқасы (№4129), тақжелбезекті моллюск перловица (№4130), кендегі пелеципода мен гастропода (№4132), акула тісі (№4133, 4368), мамонт азуы (№4134, 4139), эласмотерий сүйегі (№4135), мамонттың мойын, төс сүйегі, жіліншігі, қабырғасы (№4136, 4138, 4144), ежелгі піл тісі (№4137), жүнді мүйізтұмсық жауырыны, жіліншігі (№4140, 4141), алғашқы күдір мүйізі (№4142), мегалоцерас мүйізі (№4143), бұғы мүйізі (№4145), коралл колониясы (№4362), теңіз кірпісі (№4363), бизон жіліншігі (№4366), түйе білікомыртқасы (№4367), құлан жағы мен тістері Equus hemionus (№15010/185-192), үңгір жолбарысының сүйек қалдығы Panthera spelaea (№15010/198), фораминиферлер (ҚҚТ-4587/1-101) - В.И.Гладкова коллекциясынан (Екінші есептік тіркеу кітабы).

    Музей қорында сақталған палеонтологиялық мұраның толық зерттелуі болашақтың еншісінде және жас ғалымдардың ізденістері үшін облыстық тарихи-өлкетану музейімен ынтамақтастық қатынас орнату басталғаны құптарлық іс.                       

 

Ләззат НҰРКЕЕВА,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкері

 

 

Резюме 

    Мақалада әйгілі геолог-барлаушы Р.А.Сегединнің деректеріне сәйкес Ақтөбе өлкесінің геологиялық кезеңділігі және музей қорындағы палеонтологиялық коллекция мәліметтері берілген. Автор коллекциядағы тасқа айналған тіршілік иелері мен алғашқы сүтқоректілердің сүйек қалдықтары негізінде палеозой дәуірінен бастап кайнозой кезеңінің жануарлар әлемін сипаттайды.

Summary 

    The article presents geological period of Aktobe region according to the data of honored explorer Segedin R.A. and paleontological collection from museum holdings. The author also describes the animal world from the Paleozoic to the Cenozoic era on the basis of fossils and bones of the first mammals.   

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі мен сілтемелер: 

1 Екінші есептік тіркеу кітабы. АОТӨМ қоры. 

2 Ефремов И. Тургайские раскопки https://biography.wikireading.ru/44561  19.06.2018

3 Заселение Казахстана представителями человеческого рода. https://e-history.kz/ru/history-of-kazakhstan/show/9063/  19.06.2018

4 Лаломов А.В. Пешком в прошлое или прогулка по залам Палеонтологического музея https://www.kazedu.kz/referat/68098  19.06.2018 

5 Общая биология. Под редакцией профессора Ю.И.Полянского. – М.: 1967.

6 Сегедин Р.А. Рассказ о геологии Актюбинской области и богатствах ее недр. – Актобе.: 2002. 

  

 

 

 

 

 

 

720 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper