Домбыра сырт нұсқасына, бөлшектері мен ішек сандарына, дыбыс ерекшеліктеріне, дыбыс ауқымына және басқа да қосымша ерекшеліктеріне қарай жиырмадан астам түрге бөлінеді. Мысалы: ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шынақты, балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер, оркестр домбыралары және т.б.
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында көненің көзі болып бүгінгі күні сақталып тұрған домбыраларға тоқталып өтсек:
Этнография залындағы экспозицияда шебер Жилибаевтың қолынан шыққан туынды сүйектелген домбыра бар. Мұны 1968 жылдың 12 мамырында музей қорына Ойыл ауылының тұрғыны Несібелі Жилибаева тапсырған.
Бұған жалғасып Этнография залында Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлт-аспаптар музейі қорында сақталған күйші, композитор Қазанғап Тілепбергенұлы қолданған домбыраның көшірмесі ілулі тұр. Түсі қоңыр, бетқақпағы ағаш шегелермен біріктірілген. 2019 жылы музей қызметкерлері Алматы қаласындағы музыка аспаптарының шебері, жеке кәсіпкер Бақытжан Дильманов Алиевечке арнайы тапсырыспен жасатып, алып келген.
Аталмыш экспозицияны бала домбыра да толықтырып тұр. Бұл аспап 1972 жылы шебер Қарамұхан Басшинның қолынан шыққан. 1984 жылдың 16 қазанында Байғанин ауданының тұрғыны Шырынбай Карамухановтан сатып алынған.
Музейдің Ерлік пен даңқ залының экспозициясында еліміздің белгілі әскери қайраткері, генерал-лейтенант Жансен Кереев қолданған домбыра бар. Жансен ағамыз қайда жүрсе де қолынан домбырасын тастамаған. Генерал Кереев сүйіп айтатын бір ән «Кіндігімнің жас қаны тамған жерім ауылым» деп басталатын «Ауылым» әні екен. Сонымен қатар, Абай әндерін жаны сүйіп шырқаған.
Сондай-ақ, қазақтың ұлттық брендіне айналған бұл аспаптың музей қорында сақталып келе жатқан келесідей үлгілеріне тоқталсақ:
Қорымызды домбырашы, халық ақыны, жырау Нұрпейіс Байғаниннің ұлы Момын Байғанинның домбырасы толықтырып тұр. Бұл — 2018 жылдың 1 шілдесінде, яғни Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай құттықтаумен барған Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаевтың сыйлығы. «Ұлттық домбыра күніне орай Момын Байғанинге облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтан 1 шілде 2018 жылы табысталған» деген жазуы бар. Өңір басшысының ілтипатына риза болған Момын Байғанин қонақтарына осы домбырамен Құрманғазы мен Дина Нұрпейісованың күйлерін орындап беріп, аспап сапасына жоғары баға берген екен.
Сонымен бірге, күйші, Қазанғап күйлерінің керемет орындаушысы, Ойыл ауданының тумасы Айса Шәріпов жеке өзі пайдаланған киелі домбыра бар. Ол сары түсті, домбыра басы, құлақтары, 19 пернесі, шанағы, бет қақпағы слюдадан, қос ішегі, тиегі пластмассадан, шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалған екен. Музей қорына 2013 жылдың 15 желтоқсанында Шәріповтың жиеншары Ақмарал Естілеуова тапсырған.
Келесі киелі аспапты күйші, Қазақстанға еңбек сіңірген қызметкер, Қазанғап күйлерін жеткізуші Бақыт Басығараев қолданған. Бұл домбыра музей қорына 2006 жылдың 18 қарашасында қабылданған.
Сондай-ақ, аталмыш жәдігерлердің қатарын көп жылдар бойы музыкалық драма театрына еңбегін сіңірген, он саусағынан күй төгілген күйші апамыз Балтұрсын Сарыбаеваның жеке өзі тұтынған домбырасы толықтырып тұр.
Келесі домбыраны сатирик Үмбетбай Уайдин тұтынған. 2008 жылдың 8 қыркүйегінде музей қорына аманаттаған. Сарғыш-қоңыр түсті, 2 ішекті, 12 пернелі. «60 жыл Үмбетпай Уайдинге Республикалық мектеп-интернат» деген жазуы бар.
Мұндай құнды жәдігерлер қатарында ақын Жұбан Молдағалиевтың немере інісі, журналист Төлеуғали Бисенов жеке өзі тұтынған домбыра да бар. Аспаптың беті ойылып, оюланып, ілгекпен әшекейленген, шашақ тағылған. 2007 жылдың 11 шілдесінде музейге тапсырылған екен.
«Білгің келсе біздің жайды содан сұра тек қана, Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана» демекші, бұл домбыраның әрқайсысы өз алдына тұнып тұрған шежіре. Сондықтан музей қызметкерлері мұндай киелі әр экспонатты қадірлеп ұстап, қастерлеп келеді.
Гүлжан ШОҚҚАРИНА,
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі Қорларды ғылыми-зерттеу бөлімінің есепке алу секторының мұрағатшысы