Музейге тапсырылған «Аманат» сандығында еліміздегі бірқатар музейлердің қорындағы жәдігерлердің фотосуреттері мен сипаттамалары жинақталған.
Атап айтқанда, XVII-XVIII ғасырдағы батыр сауыты, Ілияс Есенберлиннің қолжазбасы, Абылай хан тағы, Бөгенбай батырдың дулығасы, Ақан серінің адалбақаны тәрізді жәдігерлер туралы мәліметтер жинақталған.
Сонымен қатар, Алматы облысынан табылған айбалта мен Ақтөбе облыстық музейінің қорындағы Бұжыр батырдың сауыты, Атырау музейінен алынған қайрақ тас пен Жамбыл облысынан табылған сақ дәуіріндегі батыр дулығасы туралы қызықты мәліметтер енгізілген.
«Аманат» сандығын ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің директоры Алма Сағынғалиқызына Ақмола облыстық мәдениет басқармасының бастығы Сәуле Бөкейханқызы салтанатты түрде тапсырды.
Айта өтейік, бүгін ҚР Тұңғыш Президенті Музейінде «Ғасырлар аманаты» атты республикалық акциясының қорытындысы жарияланды. Акция қорытындысы кезінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған деректі фильмдер көрсетіліп, көпшілік қауымға арнайы көрме ұсынылды.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС