Анонс


Жеңіс туының көшірмесі салтанатты түрде Ұлттық музейге тапсырылды (ФОТО) Таңдаулы

Жұма, 11 Желтоқсан 2015 22:26
Жеңіс туының көшірмесі салтанатты түрде Ұлттық музейге тапсырылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде  «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы аясында жиналған жәдігерлерден құралған көрме ашылды. Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 70 жылдығы шеңберінде «Хабар» Агенттігі ұйымдастырған «Жеңіске құрмет!» акциясының және «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының биылғы жылғы қортындылары ретінде Жеңіс туының көшірмесін музейге тапсыру салтанаты өтті.

Жиында сөз алған Қазақстан Республикасының Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай:

Қазір Ұлттық музей қасиетті орынға айналып келе жатыр. Себебі мұнда өткенді қастерлейтін, бүгінгіні бағалайтын, болашаққа деген сенімді күшейтетін  үлкен-үлкен жәдігерлер жиналып жатыр. Бұл жәдігерлер біздің халқымыздың рухын оятады. Сонымен қатар бүгін біздің музейге жеңіс туының көшірмесі салтанатты түрде табысталып отыр. Мұндай үлкен символдық мәні бар жәдігердің маңызы айырықша деп білеміз, - деді.

Салтанатты іс-шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ҚР Парламенті депутаттары, Астана қаласының қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты. 

«Біз жастарға патриоттық тәрбие беру жөнінде жиі айтамыз. Бірақ оның өзіндік салалары, нақты бағыты болу керек. Сондай жақсы іс-шараның біріне бүгінгі мынау Жеңіс туының көшірмесін Ұлттық музейге салтанатты түрде табыстау рәсімін атауға болады. Бұл рәсім арқылы біз арғы-бергі аталарымыздың қолдарынан туларын түсірмегенін байқауға болады,» – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Абай Тасболатов.

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясының биылғы жылғы қорытынды жиынына келген Тасболатов мырза Ұлттық музейге жез самауыр, жазушы Сұлтан Оразалин өзінің жеке кітапханасынан 1500-дей кітап пен журналдарды музей кітапханасына сыйға тартты.

  «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы биылғы жылғы 18 наурызда Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде салтанатты түрде бастау алған болатын. Шараға ҚР премьер-министрінің сол кездегі орынбасары Бердібек Сапарбаев, Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Әзірбаев, Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин, «Қадыр Мырзалиев» қорының төрағасы Донеділ Қажымов, Олимпиада ойындарының чемпиондары – Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев, Юрий Мельниченко сынды елге белгілі азаматтар, коллекционерлер, танымал тұлғалардың ұрпақтары, спортшылар, жеке адамдар қатысқан еді.

Шара Алматы, Қызылорда қалаларында жалғасты.  Акция нәтижесінде Ұлттық музейге осы уақытқа дейін 1100-ден астам тарихи тұлғаларға қатысты құнды жәдігер жиналды. Олардың қатарында Кенен Әзірбаевтың домбырасы, Қасым Қайсеновтің кездігі,Жұмабек Тәшеновтің дипломатиялық төлқұжаты мен ордендері, Шәмші Қалдаяқовтың пианиносы, күлсалғышы мен қаракөл бөрігі, Жұмекен Нәжімеденовтің дипломаты мен портсигары, Гүлфайруз Ысмайылованың қыл қаламдары мен сәнді сөмкелері, Қадыр Мырза Әлінің қаламсабы мен қолсағаты сынды өзіндік маңызы әрі құны бар дүниелер жиналды. Сонымен қатар қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров өзінің алтын медальдары мен жарыстарға киген киімдерін, Дулат Иманқажы Меккеге жаяу алып барған көк туымызды, Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин тастан, қоладан, темірден жасалған жебелер жиынтығын, Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым бидің төс белгісін, спорт саңлақтары Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев, Юрий Мельниченко жеке спорттық заттарын, медальдарын Ұлттық музейге аманаттады.

Акция келесі жылы да жалғаса береді. Ұлттық музей бұл  іс-шараны еліміздің барлық өңірінде өткізуді жоспарлап отыр.

5045 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper