Анонс


М.Әшімбаев: Өңірлердегі театр мен музейлер жүйелі жұмыс істеп тұр деп айту қиын

Бейсенбі, 25 Қыркүйек 2014 06:00
М.Әшімбаев: Өңірлердегі театр мен музейлер жүйелі жұмыс істеп тұр деп айту қиын KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнер мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау, Павлодар және Ақмола облыстары өкілдерінің қатысуымен «Өңірлердегі мәдениет ошақтарының жай-күйі және мәдени саясатты жүзеге асыру мәселелері» тақырыбындағы кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев төрағалық еткен отырысқа ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Парламенті депутаттары, қоғам және өнер қайраткерлері, сондай-ақ республиканың бес облысының мәдениет саласына жауапты өкілдері қатысты. 

2014 жылдың басынан бері кеңестің бірнеше отырысы өтті. Олардың ішіндегі қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасын көтерген және Қазақстанның ұзақ мерзімді мәдени саясаты тұжырымдамасының жобасын талқылаған отырыстары кең қоғамдық талқыға түсті. Кеңес мүшелерін биылғы жылға бесінші рет жинап отырған кеңес отырысы алғаш рет бейнебайланыс желісі арқылы өткізіліп отыр. 

«Нұр Отан» партиясы республика аумағында өнер мен мәдениетті дамытудың өңірлерге тән өзіндік ерекшеліктері мен проблемаларын ескере келе, 2014 жылғы мамыр айында партия жанынан өңірлердегі мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңестерін құрды. Осыған сәйкес, бүгінде Қазақстанның әр өңірінде он алты «Мирас» аймақтық кеңестері жұмыс істейді, олардың жергілікті зиялы қауым өкілдерінен құралған 344 мүшесі бар.

 

«Кеңестің алдына қойылған үлкен мәселе – еліміздегі мәдени саясаттың дамуына үн қосу. Мәдени саясат мәселесін республиканың алыс аудандары мен ауылдарындағы түрлі мәдениет ошақтарынан бөліп-жаруға болмайды. Өңірлердегі кітапхана, театр, музей, мәдениет үйлері, клубтар жүйелі жұмыс істеп тұр деп айту қиындау. Сондықтан еліміздегі мәдениет нысандарын, соның ішінде өңірлердегі мәдениет нысандарын дамытуға бағытталған бірыңғай жүйе құруымыз керек», - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

 

Басқосуда Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау, Павлодар және Ақмола облыстарындағы мәдениет ошақтарының жай-күйі мен проблемалары жергілікті атқарушы билік өкілдерімен кеңінен талқыланды. Көтерілген мәселе бойынша кеңес мүшелері тарапынан ұсыныстар дайындалып, тиесілі мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.

4778 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper