Диалог алаңы Қазақстан музейлерінің проблемаларын анықтау және оны шешу жолдарын қарастыру, ғылыми әлеуетін арттыруға нақты қадам жасау және цифрландыру мәселелеріне арналды.
Кәсіби алаңға модераторлық еткен Қазақстан музейлерін ақпараттық-әдістемелік қолдауға арналған «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс музей мамандарын дайындау және қайта даярлау мәселелеріне тоқталды.
«Еліміздегі музейлердің штат кестелерін қайта қарастыру қажет. Музейлер өздерінің функциясын толық атқару үшін заманауи мамандардың қызметін талап етеді. Қазіргі уақытта музейлерге психологтар, социологтар, дизайнерлер мен медиаторлар, пресс хатшылар, маркетологтар, заңгерлер, ІТ мамандары, кураторлар қажет. Бүгінгі күні қолданыстағы кейбір лауазымдар/қызмет түрлері алдағы уақытта қажетке жарамай қалуы мүмкін. Олардың қатарында экскурсовод мамандар бар. Біз осы уақыттан бастап экскурсовод мамандарды қайта даярлап, қоғам талабына сай маман болуына жағдай жасау керекпіз. Экскурсоводтардың қызметі алдағы жылдары толығымен өзгереді. Бұл өзгеріске қоғамның экскурсия қызметіне жаңа талап қоюы мен заманауи техологияның дамуы өз әсерін тигізіп отыр», - деді музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс.
Музей қызметкерлері тарапынан музейлердің рейтингі, музей қорындағы экспонаттарды музейлік шараларға қатыстыру мәселелері, экспонаттардың көшірмесін жасау және жергілікті әкімдіктер тарапынан орынсыз берілетін көрме ұйымдастыру, концерт қою, музейде ретсіз жиындар өткізу сияқты проблемалар да айтылды. Бұл сұрақтарға музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс жауап берді.
"Музейлер рейтингінің біздің елімізде нақты бір әдістемесі жасалмаған. Бұл мәселе тіпті осы уақытқа дейін қолға да алынбады. Елімізде алғаш рет музей рейтингін "Kazmuseum.kz" қоры жасады. Дегенмен бұл рейтингті министрлік мамандарымен ақылдаса отырып, әдістемесін жетілдіруді көздеп отырмыз.
Музей қорындағы экспонаттарды музейлік шараларға қолдану мәселесіне келсек, бұл жерде абай болғанымыз жөн.
Ал, экспонаттардың көшірмесін жасау кезінде кәсіби мамандардың кеңесіне сүйенген дұрыс. Оның өзінде аса маңызды жағдайда ғана. Жалпы, экспонаттардың көшірмесін жасау және музейге көшірме экспонаттарды қою әлемдік тәжірибеде құпталмайтын іс.
Сіздер айтып отырған тағы бір проблемаға тоқталып өтейін. Әкімдіктер тарапынан музейлерге көрме ұйымдастыру, концерттерге қатысу, музейде тақырыпқа сай келмейтін жиындар өткізу туралы тапсырма берілетіні жиі айтылады. Тіпті, осындай кәсіби емес дүниелерді музей мамандарына әлеуметтік желіде мәжбүрлікпен жарнамалату жағдайлары да кездеседі. Осы мәселеге Мәдениет және спорт министрлігі әкімдіктерге хат дайындап, арнайы ұсынымдар берсе дейміз", - деп атап өтті Нұрсерік Жолбарыс.
Диалог алаңының күн тәртібіне сәйкес, музей сайтын құру және оны жүргізу тәжірибесі бойынша Маңғыстау тарихи-өлкетану музейінің директоры Тамара Жұмалиева баяндама жасады (Баяндаманың электронды нұсқасын жақын күндері сайттан жүктеп алуға болады).
Сондай-ақ, Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінде цифрландыру жұмыстарын жүргізіп жатқан Космос технологиясы және техникасы институтының директоры Дәулет Ахмедов баяндама жасады (Баяндама жақын күндері осы жерге салынады).
Диалог алаңына қатысқан Ы.Дүкенұлы атындағы халық аспаптары музейінің директоры Ұлжан Байбусынова өзі басқарып отырған ұжымның жетістіктерге жету әдістерімен бөлісті.
Сонымен қатар, диалог алаңында БҚО тарихи-өлкетану музейі, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі, ШҚО, Торғай музейлерінің қызметкерлері пікірлерін білдіріп, сұрақтарын қойды. Мамандар сұрақтарға жауап беріп, диалог алаңының хаттамасы негізінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне ұсыныс әзірлейтінін жеткізді.